РАХМЕТ СIЗГЕ, ҰСТАЗ!

РАХМЕТ СIЗГЕ, ҰСТАЗ!

РАХМЕТ СIЗГЕ, ҰСТАЗ!
ашық дереккөзі

Түрлi себептермен үлкен оқуға мен қатар-құрбыларымнан кеш қамдандым. 1960 жылы қазiргi әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттiң филология факультетi, журналистика бөлiмiне құжат тапсырып, жолым болды. Студентпiн!

Жаңа орта, жаңа тәртiп, қатты талап.

Пәннiң қалай аталатыны жадымда жоқ, бiрiншi курста баспаханамен байланысты бiр сабақ өттi. Дәрiс оқыған Шериаздан Елеукенов ұстаз. Бiр күнi ұстаз бiздi университет баспаханасына бастап барды. Баспаханада мен Шалқарда үш жылдай сартылдатқан «Ейск» машинасын көрiп, басқа бiр жақта танысын кездестiрген адамдай үнсiз тұрып қалдым. Ұстаз анадай жерде бiреумен әңгiмелесiп тұр едi, мен «Ейскiнi» сартылдатып тұрған жiгiтке «ананы тоқтата тұршы» дегендей ым қақтым. Жiгiт машинаны тоқтатып, «Не?» деп маған қарай иегiн сiлiктi. «Бұл мүлiк маған аудандық баспаханадан таныс, рұхсат ет», деп едiм, ол елп ете қалды. Сөйтiп «Ейскiнi» ендi сартылдата бергенiмде, ұстаз қарсы бетке келiп кiдiрiп, әлде не дегендей болды. Бес-он бет қағаз жiберiп, машинаны тоқтаттым.

Ұстаз:

– Ай, сенiң… мынандай өнерiң бар ма едi? Мынауың дұрыс екен, – деп басын изедi.

Жаспын ғой, ұстаздың сол бiр ауыз бағасы тұлабойымды жылытып, мәз боп қалдым. Емтиханда «4-ке» жауап бердiм. Бiрақ, ұстаз «Ейскiнi» айтып, бағамды «5-ке» түзеттi. Тағы да жылу!

Өмiр бойы естiген, көргеннiң бәрi есте қала бере ме, қалатыны қалады ғой. Шериаздан ұстаз дәрiстiң олай-былай жүрiп оқитын. Бiр дәрiсiнде: «Сәбит Мұқанов мол құшағын ашып келе жатты» дедi.

Ол уақыт, ол қызық дәрiстер алыста қалды!

Бұлтты да, бұлтсыз өттi күн,

Көнердiң көйлек көптеген.

Тым ұзап кеттiк көктемнен,

Көрiнбей қалды Көктөбе!

Иа, ұстаздың бiр кездегi шәкiрттерiнiң алды – бiздер бүгiнде жетпiстен астық. Кездесiп қалғанда ұстаз «шал шәкiрт» деп еркелетедi. Қандай жарасымды. Бұл да – жылу.

Мен өзiм Темiрбек Қожакеев пен Шериаздан Елеукеновтей ұстаздардан жақсы сөз естiп қанаттанған, олардың шарапатын көрген шәкiрттердiң бiрiмiн. Шериаздан Елеукенов ұстаздың 70 жылдығы тұсында (1929 жылдың 3-қыркүйегiнде туған) ол кiсiнiң бiраз жақсылығын халыққа «Жас Алаш» басылымы арқылы жеткiзiп-ем. «Жақсылықты жаңғыртып тұрғанның айыбы жоқ» дейдi ғой, оқырмандардың назарына сол сезiмiмдi тағы да сол қаз-қалпында ұсынғанды жөн көрдiм.

Жақсылыққа – жақсылық.

Түрлi жағдайлармен, әнi-мiнемен жүрiп, кейде адамдарға алғыс айтуды не кешiгiп, не кешiктiрiп жатамыз ғой. Бiр үлкен қатемiз сол!

– Сiз осы семья құрдыңыз ба, қалқам? – деп сұрады профессор-ұстаз Белгiбай Шалабаев сонау студент кезiмде бiр дәрiстiң соңғы жағына таман менен.

– Иә, ағай, семья құрдым.

– Мұныңыз бiр тынған шаруа екен, ендеше. Үйлерiң бар ма, қайда тұрып жатырсыңдар?

– Жатақханада. Жақында пәтерге шықсақ деймiз.

– «Пәтерге шықсақ деймiз?» Шет жақ демесеңдер, бiздiң бiр танысымыздың үйi бар едi, мен бiлейiншi, – деп, ұстаз елп ете қалды.

Келесi күнi өзi бастап, бiздi сол танысының үйiне ертiп барды…

Үлкен басымен, ұстаз басымен, әне, шәкiртiне қызмет еттi. Осындай кiшiпейiлдiк қазiр бiрiмiзде бар, бiрiмiзде жоқ. Ол жақсылығы үшiн сол ұстазға көзiнiң тiрiсiнде «рахмет, ұстаз Сiзге» демеппiн. Қандай ағаттық жiбергенмiн!

Отбасымнан бiрнеше адам шығыны болып, одан кейiн өзiм сырқаттанып омақата құлап, жетпiсiншi-сексенiншi жылдары тағдыр менi қатты шырмады. Баспаларда қолжазбаларым ұзақ ұйқыға кеттi. Бiр күнi баспа, полиграфия және кiтап саудасы комитетiнiң төрағасы Шериаздан Елеукенов ұстазым есiме түсiп, қызмет орнына iздеп барсам, ол кiсi бiр жаққа шығып кеткен екен.

– Кiм келдi деп айтайын? – дедi кабинет алдындағы қызметшi қыз.

– Шәкiртi едiм, – деп, аты-жөнiмдi айттым.

Үйге келсем, балдызым:

– Саған Елеукенов деген кiсi звондады, – дедi. – Мынау телефон нөмiрi. Хабарластым.

– Не шаруамен келiп едiң? – деп сұрады ұстазым қысқа амандық-саулықтың артынша.

Айттым.

– Осы айтқандарыңды қорытып, бiр бет қағазға түсiр де, менiң өзiме бер, – деп, ұстазым жылы-жылы сөздерiмен қанаттандырып, төбемдi көкке жеткiзiп тастады. Қат-қабат тiршiлiгiнiң арасында (шәкiртi жалғыз мен бе!) уақыт тауып, көңiл бөлгенiне, шынымды айтсам, қатты сергiп қалдым.

Рахмет айтып орнымнан тұра бергенiмде «кiшкене кiдiре тұр» дегендей ұстаз ишарат бiлдiрiп, шкафтан бiр кiтап алды да бетiне жылдам-жылдам жаза бастады. Бұл – «Замандас парасаты» атты өзiнiң кiтабы екен. Былай деп жазыпты. «Қанша қиыншылық көрсе де жарқын жазудан жаңылмайтын, көп үмiт күттiретiн шәкiртiм Үмбетбай Уайдинге зор тiлеулестiкпен автор» 25.VII.1980 ж.

Кейiн баспалардан кiтаптарым («Жалын»: «Быды-быды», «Жазушы»: «Нанайын ба, нанбайын ба», «Особая столичная простокваша») бiрiнен кейiн бiрi шықты.

«Өмiрге құштарлық» деп аталатын кiтабымда ондаған ұстаздарымның аты-жөнi жүр. Жоғарыдағы жолдар сол кiтаптан.

Рахмет Сiзге, Ұстаз!

Үмбетбай Уәйдаұлы (Уайдин)