ОЙДЫ ОЙ ҚОЗҒАЙДЫ, ТАСТЫ СУ ҚОЗҒАЙДЫ

ОЙДЫ ОЙ ҚОЗҒАЙДЫ, ТАСТЫ СУ ҚОЗҒАЙДЫ

ОЙДЫ ОЙ ҚОЗҒАЙДЫ, ТАСТЫ СУ ҚОЗҒАЙДЫ
ашық дереккөзі

Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының "Түркiстан" газетiне берген сұхбатына орай

Құметтi Бексұлтан Нұржекеұлы!

Мен бұған дейiн де бiрнеше мақалаңызды оқығаным бар. Соның бiрi 2005 жылдың 3 қыркүйегiнде "Жас Алаш" газетiнде жарық көрген "Қазақ мемлекетiнiң тұңғыш ханы кiм?" атты мақалаңыз. Сол мақалада сiз ондаған тарихи деректерге сүйене отырып, өз пiкiрiңiздi ортаға салыпсыз. Ал Г.Бектасоваға берген сұқбатыңызда ("Түркiстан" газетi 9.01.09) тiл ережелерiне сүйенiп, "ұлтшыл" деген сөздiң мағынасын түсiндiрiп: "өз ұлтын сүю әрбiр азаматтың парызы" дейсiз. Сонда сiз "әрбiр азамат" дегенде кiмдi түсiнiп, кiмдi түсiнбеуiңiз керек? Егер азамат деген сөз барлығымызға ортақ болса, неге сiз сол орталықтан ауытқисыз?

Сұхбатыңызда менiң "Егемен Қазақстан", "Ұйғыр авази", "Жас Алаш", "Ана тiлi" газеттерi мен "Жұлдыз" журналындағы мақалаларымның бiразын оқыдым депсiз. Сонда мен не жазыппын? Ұйғырды мақтаппын ба? Әлде барлық түркi халықтарына ортақ мәселелердi көтерiп, соның iшiнде ұйғыр-қазақ бiрлiгiн жазбаппын ба?

Қ.Масими үш кiтап жазыпты, мен тек екiншi кiтабын оқыдым деп менi қатты сынға алыпсыз. Бұл қалай? Сөздiң не басы, не аяғы жоқ немесе бiрiншi, үшiншi кiтапты оқымай, тисе терекке, тимесе бұтаққа деп, онды-солды сiлтей бергенiңiз не? Менiңше сiздей өнегелi, үлгiлi адамға мұндай асығыстық жараспайды. Асыққаныңыз соншалықты тiптi кiтаптың мұқабасында тұрған көк бөрiнiң бас суретiн, ал кiтап болса Көк түрiк қағанатының 1450 жылдығына бағышталғанын байқамағансыз. Таң қаларлығы да сол, сiз "ұлтшыл" деген сөздi талдайсыз. Ал менiң тiл ережелерiне сүйенiп, барлығымызға ортақ "сақ", "тұран" т.б. сөздердi талдағаныма мән бермей: "Қ.Масими тұран, сақ массагет, үйсiн деген сөздердiң бәрiн еш дәлелсiз ұйғыр деген сөзбен алмастыра салады" дейсiз. Менiңше сiзде басқа бiр ой бар сияқты, ол ой, сiздiң сұхбатыңызда былай өтедi:

"…С.Е. Маловтың ұсынысымен қазiр жаңа ұйғыр тiлiнде сөйлеушi ұлысқа жалпы халықтың атауы ретiнде ежелгi "ұйғыр" атауы тiркелген" дейсiз. Жарайды, ұйғырды Малов-ақ айтсын, ал "киргиз-кайсак" деп бүкiл қазақты орыстың саясаткерлерi, ғалымдары, саяхатшылары т.б. айтпады ма? Сонда қазақ деген бұрын болмаған ба? Ал сiздiң "Қазақ мемлекетiнiң тұнғыш ханы кiм?" деген мақалаңыз қайдан шықты?. Жарайды, сөзiмдi ұзартпай, көпшiлiк оқырманға түсiнiктi болу үшiн "ұйғыр" атауының шығуы мен Ұйғыр мемлекетiнiң құрылуына тоқталайын.

Дүниежүзiнiң барлық шығыстанушы ғалымдары өз еңбектерiнде Хун1 патшасы Түменнiң Модэ атты ұлы болған дейдi.

1Хун – ерте заманда, көшпендiлердiң көпшiлiгi күнге табынатын. Ұйғырлар бұрын күндi – һунн, ал күнге табынушыларда "һунндар" деген. Бұл отауды қытайлар "Хунн", "Сюнн" деген таңбалармен жазса, европалықтар – "Гунн" деген. Күнi бүгiнге дейiн, түрiктер, түркiмендер, әзiрбайжандар күндi гунн дейдi. Һунн, Хунн, Сюнн, Гунн деген ру, тайпа, аты емес, ол мұсылман", "христиан" дегендей дiни атау. Осы күнге дейiн кейбiр азаматтар дiни атаудың мәртебесiн көтеру үшiн балаларының есiмiн Христиан, Христос т.с.с десе мұсылмандар: Ислам, Исламжан, Муслим, Исламбек т.с.с. десе, ұйғырлар: Тохтахун, Саутахун, Палахун т.с.с есiмдердi берген.

Қытай тiлiн жетiк бiлiп, шетелдiктерден бiрiншi болып қытай жылнамаларын оқып, орысшаға аударған Н.Я.Бичурин былай деп жазады: (қазақшаға ауд. Қ.Масими).

"…Оғузхан деген — Модэ (Модехан), оның әкесiнiң аты — Тумен (Томан). Азия халықтарының тарихшылары Оғызханның әкесiн Қарахан деп те жазады. Қарахан бiздiң жыл санауымыздан 220 жыл бұрын қытайлардан жеңiлiп Ордос өлкесiнен ауып, Халахға (қазiргi Моңғолия жерi — Қ.М.) кеткен.

Көне қытай шежiресiн орысшаға аударған В.Таскин өз еңбегiнде (қаз. аударған — Қ.М.). "…Хундардың патшасы (шаньюйi) Тумен едi. Оның екi әйелi болатын. Патша тоқалынан туылған баланы хан тағына сайлау үшiн бәйбiшесiнен туылған Маодунды өзiменен бақталасып жүрген юэчжи (йавчи) тайпасына кепiлдiкке бердi. Көп ұзамай Тумен йавчиларға шабуылға шықты. (Келiсiм-шарт бойынша йавчилар Маодунды өлтiруi керек едi. — Қ.М.). Бiрақ Маодун амал тауып, "жаудың" қолына түспей, әкесiнiң жанына қашып келдi…."

Қытайдың жылнамасын бiрiншi болып жазған Сыма Цзян (б.д.д. 145-86 жылдары өмiр сүрген) былай дейдi: "… Модэ, — Хун патшалығын құрған адам, ол Қытайда Хань әулетiнiң негiзiн қалаған Любанмен соғыс жүргiзген…"

Дүние тарихы жазылған кiтапта: "Гунн әулетiнiң көтерiлуi, қытай еңбектерiнде Түменнiң баласы Модэнiң патшалық дәуiрiнен басталады" дейдi…

Модэ, Қараханның — Туменнiң баласы екендiгiне ешқандай күмәнiмiз жоқ екендiгiне көзiмiз жеттi. Ендi қытай таңбаларының ерекшелiктерiн ескере отырып Модэ, Маодунь, шаньюй деген таңбалар сырын анықтайық. Модэ деген таңба қытайдың көне шежiресiнде (Шицзыда) Маодунь таңбасымен жазылған. Қытай тарихшысы Любочжун бiздiң жыл санауымыздан 201 жыл бұрын Маодун деген таңбаны көпшiлiк қытайлар Модэ деп оқиды десе, көне қытай тiлiнiң маманы, филология ғылымының докторы Ф.Хирт өз еңбегiнде Маодунь деген таңба бахадур деген сөздiң қытайша аудармасы деп қорытынды шығарған. Сонымен бахадур деген есiмдi, әскери мәртебенi көне дәуiрде қытайлар Модэ — Маодунь деген таңбалармен жазған. Ал ендi шаньюй таңбасына келсек шань — тау, шың, аспан болып, юй — жоғарғы мәртебелi, құдiреттi билеушi патша, адам деген ұғымды берген. Сонымен Модэ шаньюй деген сөз өз тiлiмiзде — Батур Тәңрикут деген мәртебенi бiлдiредi. Бiрiншi Ұйғыр мемлекетiн құрған Оғузханның тақтық мәртебесi Батыр Тәңрикут болған. Бұл пiкiр қытайдың басқа да таңбаларымен айқындалынады. Мысалы: Хан жылнамасында Модэнiң тақтық мәртебесi Ченли хуту болып өтедi. Ченли таңбасы — аспан, тәңiрi деген мағына берсе, хуту таңбасы — ұл (құт) деген де мән берген. Мысалы, үйдiң құты, берекесi — ұл бала. Сонда Ченли хуту деген Тәңрикут — Тәңрiнiң баласы деген мән бередi. Қытай таңбаларының сырын ашып, мәнiсiн бiлгеннен кейiн, бiз ендi ұйғыр патшасының атын, мәртебесiн қытай тiлiнде емес, ұйғырша Оғызхан немесе Батур Тәңрикут деп жазамыз. Бұл жөнiнде зерттеу жүргiзген ғалым А.Бернштам былай деп жазған: "…Осыменен бiзге көп жыл күмән туғызған деректердiң сыры ашылды. Бiз ендi шынайы шындыққа ие болдық. Оғыз Қаған — Гунн әулетiнiң баласы, оның Модэменен ұқсастығы екеуiнiң бiр адам екендiгiн бiлдiредi. Бiздiң ұйғыр, оғыз атауының бiр екендiгiне көзiмiз жеттi. Ұйғыр деген есiм Оғыз деген атаудан бұрынырақ шыққан, бiрақ оларды бiр-бiрiнен ажыратудың қажетi жоқ, екеуiнiң де ұғымы бiр"… Оғыз-нама кiтабында Батур Тәңiрiнiң қытай императорына жазған жолдамасында: "Мен ұйғыр қағаны, дүниенiң шартарабына билiгiмдi жүргiземiн, сендердiң маған бағынышты болуларыңды талап етемiн. Кiмде-кiм менiң билiгiмдi мойындап, маған сый-сыяпат жасаса, оны дос тұтамын, кiмде-кiм маған бағынбаса, ол менiң дұшпаным болады…" деген.

Қытайлар Оғызхан құрған Ұйғыр мемлекетiн Ху деген таңбамен жазған. Бiрiншi болып ұйғыр мемлекетiн дүниеге танытқан Батур Тәңрикут ата-бабаларын аспанға, Жерге, Күнге, Айға табынғандығын ескере отырып, қытай императорына жазған хаттарының басында: "Аспан менен Жерден жаратылған, Күн менен Айдан қойылған құдiреттi Ұйғыр (қыт. Ху — Қ.М.) қағаны құрметпенен император Вэньдиге зор денсаулық тiлейдi…" деп бастаған.

Батур Тәңрикут бiздiң жыл санауымыздан 176 жыл бұрын қытай императорына жазған хатында олардың келiсiм-шартты бұзғандығын, соның салдарынан шекара аймақтарында қарулы қақтығыстардың шыққанын тiлге тиек етiп: "Мен жақында Батыстағы жорықтан қайтып келдiм. Бұл жорық бiздерге сәттi аяқталып, барлығы 26 тайпаны өзiме бағынышты еттiм. Олар менiң билiгiмдi мойындады. Менiң батыстағы шекарам Абесхун (Каспий) теңiзiне дейiн барды, ал, оңтүстiгi Иран мемлекетiмен шекараласты. Бұл өлкенiң адамдары менiң әскерiмнiң санын толықтырып, бiр ортаға жұмылдырылып, Ұйғыр мемлекетiнiң құрамына кiрдi. Шығыстағы менiң үмiтiм, арамыздағы алауыздықты тоқтатып, бiр-бiрiмiзге деген өкпемiздi ұмытсақ деймiн. Бейбiт өмiр сүремiз десек, бұрынғы келiсiм-шартты орындап, туысқаншылдығымызды қалпына келтiрсек болар едi деген". Хаттың соңында Оғызхан императорға: "Мен сiзге өзiмнiң көмекшiмдi жiберiп, сiзге бiр түйе және де төрт ат жегiлген арбаны сыйға тарттым" деп аяқтаған.

Хатты алған император төмендегi жауапты қайтарған. "..Вэньди құрметпенен Батур Тәңрикутқа зор денсаулық тiлейдi. Сiздiң хатыңызды маған Ланужун Сидуциян табыстады. Батыс бегi Чжуни сiзбенен ақылдаспай Илу-хэу Наньждiң бұйрығыменен келiсiм-шартты бұзып, екi туысқан халықты бiр-бiрiне қақтығыстырды. Бiздiң мемлекетiмiздi сiздiң алдыңызда қиын жағдайда душар еткiздi. Сiз кейбiр бектердiң жiберген олқылықтарын көрiп, оларға жаза берiпсiз. Чжуниде жауапқа тартылыпты. Ол қазiр, өз жазасын Батыс өлкенiң жерiнде өтеп жатқан көрiнедi.

Құрметтi Тәңрикут, сiз адамдарыңызды ендi жауапқа тартпаңыз, бiз олардың кiнәсiн кештiк. Қате жiбергендер төменгi дәрежелi Орда қызметкерлерi болғандықтан, бiз олардан кек сұрамаймыз. Қақтығыстар тоқтатылсын, соғыс аттары демалсын, семiрсiн. Өткен iске оралмайық, бұрынғы келiсiм-шартты жандандырайық. Шекара аймағындағы адамдар демалсын, жастар өсiп, кәрiлер өз өмiрiн аяғына дейiн сүрсiн. Хань мемлекетiмен Ұйғыр (Ху) мемлекетi терезесi тең мемлекеттер, сондықтан мен сiзге көптеген сыйлықтарды жiберiп отырмын" деп аяқтаған.

Ұлы далада көшпендiлердiң басын қосқан Ұйғыр мемлекетi б.д.д. I ғасырда Қытай бикешiнен туылған ханзада Юйбидiң азғыруыменен екiге бөлiнiп, бiр-бiрiменен тартысты. Ханзада Құддус (қыт. Чжичжихан) өз жақтаушылармен Батыс өлкеге ауып, қазiргi Талас өзенiнiң бойында көне Тараз қаласының iргесiн қалап, өз үлесiне (хандығы) Оғыздар деген атау бередi. Туған iнiсi Қоғушар (қыт. Хуханье) Шығыста қалып, мемлекеттiң Ұйғыр есiмiн сақтап қалды. Б.д.д. 36 жылы Қоғушар елдi қайта бiрiктiргенде, Құддустың кейбiр әулеттерi мен жақындары қайтадан Халхыға — (қазiргi Моңғолия жерi — Қ.М.) келiп, өз үлестерiн алды. Тұрғылықты рулар қайтып келгендердi " Оғуздар" десе, кейбiреулерi "ұйғыр" деп те атады.

Бiздiң жыл санауымыздың II-III ғасырларында Ұлы далаға келiп жүз жылға созылған құрғақшылық, суды азайтып, бұлақтарды құрғатып, даланы ұшықиыры жоқ шөлге айналдырды.

Жетекшi рулардың бiрсыпырасы малын айдап, өрiс (жайылым, су) iздеп жан-жаққа кеттi. Олар көршi қытай, парсы, еуропалықтармен араласып, олардың дiнiн қабылдады. Бұл Ұйғыр мемлекетiнiң бөлшектенiп кетуiне себепкер болды.

Үшiншi ғасырдың аяғында Ұлы далаға қайта оралған ылғалды ауа (муссон) кең байтақ даланы қайта құлпыртты. Қаңсыған далада бұлақтар шығып, жер көгердi. Шөп желкiлдеп, орман алқаптары пайда болды. Өз үлестерiнен кеткен ру, тайпалардың бiр бөлiгi ата-баба жерiне қайта оралып, өздерiнен бұрынырақ келiп орналасқан қандастарымен жер, жайылым дауын көтерiп, араз болды. Даудың аяғы қарулы қақтығысқа айналып, жетекшi рулар жiк-жiкке бөлiнiп бiр-бiрiмен қақтығысты. Осындай қиын-қыстау заманда Оғызханның әулеттерiнен тараған "Ашна" (достық — Қ.М.) ру бiрлестiгi елдi қайта бiрiктiрiп, Халқыда Орда құрып, елдi билеп тұрған "Авар" әулетiмен тартысты. Елдiң көбi Ашна бiрлестiгiнiң жетекшiлерi Бумын мен Естеми бектрдi қолдап, олар 552 жылы жоғарғы билiктi қолына алып, құрылған мемлекетке, барлығына немесе әртүрлi дiндегi ру, тайпаларға ортақ болатын Түрiк деген атау алды. Бұмын өлiп, әке орнын басқан Қарайсықхан 553 жылы көзiн жұмды. Мұрагер Ниеттiң жас болғандықтан таққа Қарайссықханның туған iнiсi Муганхан отырды. Ол 19 жыл ел басқарып, Түрiк мемлекетiн Азиядағы құдiреттi күшке айналдырғанда ауырып, төсек тартып жатып қалды. Бәйбiшесiн, баласы — Төремендi, iнiсi -Тобаханды шақыртты: (тарихи құжаттардан алынған мәлiметтердi қазақшаға аударған — Қ.М.)

" Менiң күнiм аз қалды, елде тыныштық жоқ. Өлсем сен менiң орныма басшы бол, бiрақ балам Төремен ержеткенде, билiктi балама бер" деп iнiсiнен өтiндi. Тобахан уәдесiн бердi".

572 жылы таққа отырған Тобахан (Арысланхан) 580 жылы ауырып өлерiн сезгенде баласы Амраққа (Яңьло): "Балам, мен марқұм Мутанхан бауырыма тақтың мұрагерлiгiне оның баласы — сенiң ағаң Төремендi (Абоханды) сайлаймын деп уәде бергем. Мен өлсем, сен билiктi таласпай бауырыңа бер, деп өтiндi. Өтiнiш қабыл алынды. Көп ұзамай Арысланхан дүниеден өттi. Орда қызметкерлерi Төремендi қағанның орнына сайлаймыз деп құрылтай ашты. Жиналысқа кешiгiп келген Ниет (Қарайссықханның баласы. — Қ.М.) есiктен кiрiп, жоғарғы лауазымды аталастарына қарап: "Егер сендер Төремендi қаған орнына сайласаңдар, мен оны өткiр қылыш, ұшты найзамен өз үлесiмнiң шекарасында күтемiн, егер көпшiлiк Амрақты сайласа мен оған қызмет iстеп құлшылық етемiн. Менiң Төременге келiспейтiнiм, оның туған шешесi Орда қызметкерлерiнiң iшiнде iрiткi салушылардың бiрi болып жүр. Кемпiр тобгачтардың жетекшiсi Янцзянды қолдап, олардың түркiлерден бөлiнiп шығуына көмектесуде, бұндай түсiнбеушiлiктi тек төменгi нәсiлден шыққан адамдар ғана жасайды. Мен сондықтан Төрмендi қолдамаймын дедi". Ниеттiң өжеттiлiгiн, қайсарлығын, айтқанынан қайтпайтындығын жақсы бiлетiн көпшiлiк Амрақты қаған тағына көтердi. Қайынiнiлерiне ренжiген бәйбiше (Төремендi шешесi) Амраққа: "Сен әкеңе берген уәдеңде тұрмадың, жiгiтшiлiк намысыңды сақтамадың, мәнсапқа қызықтың" деп айыптады. Мiнезi жұмсақ, адамгершiлiгi мол, мәнсапқорлықтан аулақ Амраққа бұл сөз ауыр тидi. Ол бiраз билiк жүргiзiп, тақтан бас тартып, өз орнына Ниеттi ұсынды, Ниет таққа Ышбарахан (Шаболиохн) мәртебесiмен отырды.

Төременнiң тақтан тағы да қалғаны оның шешесiн отқа май құйғандай қайтадан өршiттi. Түрiк Ордасындағы алауыздық Ышбара қағанның қайын атасы (тоқалының әкесi) Янцзянға, бүкiл Қытайдағы хандықтары мен бектiктердi бiрiктiрiп Суй әулетiн құруға мүмкiншiлiк жаратты. Янцзян ханзадаларының iшiндегi қайшылықты тереңдетуге адамдарын жiберiп, Ордадағы бiрлiктi бұзып тұрған алжыған кемпiр деп, Төременнiң шешесiн азғырып, оның көзiн жоюды өтiндi. Ханзаданың жорықта жүргенiн пайдаланған Ышбараның адамдары Төременнiң шешесiн өлтiредi. Ышбараның iсiне қатты күйзелген Төремен Ашна әулетiнде екiншi болып тұрған Естемидiң мұрагерi: Қара-чорин (Датуханға) арызданады. Ашу кернеген Қара-Чорин Төременге өзiнен 100 мың әскер берiп, Ышбараға аттануға бұйрық бередi. Ел жиналып соғысқа дайындалды.

Келтiрiлген бұл тарихи деректер, менiң шындықты иеленуге ұмтылғандығым емес, шындықтың жолындағы ғылыми iзденуге үн қосуым болып табылды. "Ойды ой қозғайды, тасты су қозғайды" деп бабаларымыз бекер айтпаса керек. Сондықтан көптеген ғалымдардың еңбегiне сүйенiп жазылған пiкiрге атүстi баға бермей, оған ғылыми жолменен қарағанымыз жөн болар.

Құрметпен, шығыстанушы бауырыңыз — Қасым Масими