ЕРТЕГI АЙТАТЫН ҚАРИЯ ҚАЛДЫ МА?

ЕРТЕГI АЙТАТЫН ҚАРИЯ ҚАЛДЫ МА?

ЕРТЕГI АЙТАТЫН ҚАРИЯ ҚАЛДЫ МА?
ашық дереккөзі

Жақында "Таразы" бағдарламасын қарап отырсам, "Атамекен" одағы" ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев жүргiзушiнiң "Өмiрде өтiрiк айтып көрдiңiз бе?" деген сұрағына, "Балаларыма ертегi айтқан кезде өтiрiк айтуым мүмкiн" деп жауап берiп едi. Саясаттанушылар да өтiрiк болсын, ертегi айтады екен-ау, деп iштей ризашылық таныттым. Шынында да, осы үлкендер әр айтқан сайын жаңа ертегiнi қайдан шығарып алады?

Бәрiмiз де апамыздың бауырында өстiк. Даладан ойнап келгенде апамыздың құшағына ентелей тығылатынбыз. Аяқ-қолымыз тоңып, денемiз бүрсең қақса ыстық алақанымен ысқылап, кезек-кезек жылытатын едi ерiнбей. Енесiн емуге таласқан кiшкентай күшiктер сияқты бiз де жан-жақтан еркелеп, апамыздың бетiнен шөлп-шөлп сүйiп, мәре-сәре боламыз. Сонда "Құдайдың берген құлыншақтары сол!" деп немерелерiнiң басынан сипалап, ыстық пештiң жанында әдемi аяқталатын ертегiсiн бастайтын байыппен. "Ерте, ерте, ертеде, ешкi жүнi бөртеде, пәленше деген бай бопты" деп келетiн мәтiн жолы апамның кез келген ертегiсiнiң кiрiспесi болатын. Тек iшiндегi оқиғасының өрбуi ғана басқаша. Бiрде байдың жалғыз ұлы болады, бiрде жалғыз қызы болады, ал кейде үш бiрдей батыр ертегiнiң кейiпкерi ретiнде суреттеледi. Қайсыбiр ертегiсiн алсаң да, соңында мақсат-мұратына жетiп, жақсылықпен, жеңiспен бiтедi. Үш тұстан ентелеген үш немересi ертегi немен бiтедi екен деп апамыздың аузынан шыққан сөздi аңдап, елiген күйi маужырап кететiнбiз. Кейде ертегiнi аяғына дейiн тыңдап, кейде оған жетпей тәттi ұйқыға бататын едiк. Ертесiне төсектен тұра сала, "Апа, кешегi ертегi немен бiттi, ұйықтап қалыппын" деп сұрап жатқанымыз жамырап. Мұнымызға балаша қуанып, мырс-мырс күлетiн апамыз әп-сәтте шешiмiн айтып, бiздiң өрекпiген бала көңiлiмiздi басуға тырысатын. "Е, әйтеуiр, арманына жетiп, бақытты ғұмыр кешiптi ғой" дейтiн бала жүрегiмiз одан әрi тебiренiп сала беретiн. Апам да риза, бiз де шат-шадыман. Егер де сол ертегi жаман оқиғамен бiтсе, бiз де мазасыз күй кешер ме едiк, кiм бiлсiн?! Бiр бiлетiнiм, апам үнемi жақсылықтың нышанын себе отырып, тәрбиелейтiн. Ол кезде буыны ендi ғана бекiп жатқан баламыз. Уақыт өте келе, жасымыз өсе келе "Апам осыншама ертегiнi қайдан бiлген?" деп таңқалдық та. Бәлкiм, күнiне екi-үш ертегi айтудан жалықпайтын апамыз саясаттанушы Азат Перуашев сияқты бәрiн ойынан құрастырған болар. Әлде, өзiнiң көрген-бiлгенi мен көңiлiне түйгенiн әдемi ертегi арқылы жеткiзген шығар. Қалай десем де, бiз апамның ертегiсiне сусындап, өмiрдiң тек жақсы жағын ғана бағалап, қадiрлейтiн боп өстiк.

Қазiр ата-әже институтын қайта дамытуды қолға алу керек деген ұранды сөздер әр жерде айтылып қалады. Бiрақ қалай? Бүгiнде немересiне ертегi айтатын ата-әже бар ма? Бар болса, ол ата-әже кiмнiң, қай халықтың ертегiсiн сатып алуда? Өзi орыс тiлiнде шүлдiрлесе, баласы қос тiлде мiңгiрлесе, ата-әже институты деген осы ма? Қандай кiтап дүкенiне бас сұқпаңыз, басқа тiлдегi балалар әдебиетi самсап тұр. Қазақ тiлiнде аса көп болмаса да, там-тұм дүние жоқ емес, бар. Бiрақ неге екенiн қайдам, қолына немересiн жетектеген әжемiз тура тартқан күйi әлгi орыс тiлiндегi, тiптi, ағылшын тiлiндегi кiтаптарды қос-қостан сатып алып жатқаны. Әрине, ресейлiк баспалардың бояуы қанық, көздiң жауын аларлық кiтаптары арзан бағаға сатылмайтыны рас. Соған қарамастан, баланың бойына басқа халықтың ертегiсiн сiңiргiсi келген қазақ әжесi табандап тұрып соны алады. Сонда ойлаңызшы, тiлi жаңадан шыққан екi-үш жасар бала өз ұлты – қазақтың хан-батырлары, шешендерi һәм жыраулары туралы ертегi мен дастандарға қанбай өседi ме? Есесiне, орыстың "Василиса прекрасняя", "Колобок", "Иванушка", сол секiлдi толып жатқан ертегiсiн санамызда қайта жаңғыртып жатырмыз. Өз ана тiлiне сусындамаған бала өскенде де өз елiнiң өжет ұлы болатыны екi бастан бұлыңғыр. "Баланы бастан…" деген сөздiң бей-жай айтылмағаны да осыдан аңғарылса керек-тi.

ҚАЛАНЫҢ АТА-ӘЖЕСI ҚАЙДА ЖҮР ДЕСЕҢIЗ…

Осыдан бiраз уақыт бұрын газетiмiздiң бетiнде "Ертегi естiмеген баланың ертеңi қандай болады?" (№16, 20 сәуiр 2006 ж.) деген мақала жазып едiк. Сөз мәйегiн терген от тiлдi, орақ ауызды ата-баба дәстүрiнiң үзiлiп қалғандығы, бүгiнде бүлдiршiнге ертегi айтатын ата-әжелердiң азайып кеткендiгi ойлы адамдардың көбiсiнiң жанына бататын-ақ жайт. Расында, қиял әлемiне қанат бiтiрiп, немересiн ертегiге ұйытатын қариялар қайда жүр? Әрине, бұл сауал ауылдың ата-әжесiне онша қатысты емес. Халықтың салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпы сақталып келетiн алтын бесiк — ауылдың баласы ертегiге зәру емес. Кең жазиралы даланың саф ауасымен тыныстап, еркiн өскен ауыл баласы баяғысынша апа-атасының алдына жайғасып ертегi тыңдайды. Бiр ойнап кетiп, қайта сұрайды. Оған әжесi де қабақ шытпайды, келген жерiнен жалғастыра бередi. Әлбетте, бұдан баланың дүниетанымы кеңейiп, өмiрде жақсылық пен жамандықтың қатар жүретiнiнен хабардар болады. Салт-дәстүр, ата-баба сабақтастығы деген осы.

Ал, қаланың балалар мен жастарға үлгi боларлық қариялары не бiтiрiп жүр? Оларды осы мәселе толғандыра ма, болашақ алдында, ең әуелi өздерiн көгенкөз немерелерiнiң болашағы алдында зор жауапкер екенiн сезiне ме? Жуырда тiс емханасына бардым. Тiс емдеушi дәрiгер әйелдiң жасы 45-50-лер шамасында. Жанында өзi құралыптас "подругасы" бар. Ақ әжелiк жасқа жеткен кiсi екенi көзге ұрып тұр. Әуелгiде кезек күтiп тұрған адам болар деп топшыласам, "Кел, отыра бер, бұл менiң құрбым ғой" дедi тiс дәрiгерi досын таныстырған балаша. Содан тiс емдейтiн креслоға жайғасқаным сол едi, екi әйел әңгiменiң шетiн ағытты кеп. Бiр кезде әлгi құрбысы бұраң-бұраң билеп тұрып, "Сен "Диско-80" деген клубқа барып көрдiң бе? Ертең сенбi ғой, менi бiреулер шақырған, если что сенi де ерте кетейiк" деп қолқа салды құрбысына. "Жоқ, ол қандай клуб? Кетшi, оған үлкен кiсiлер де бара ма, не?" деп таңқалды дәрiгер. "Ой, сен уақытыңды құр жiберiп алып жүр екенсiң ғой. Маған жақсы болды. Iшiм пысса, сонда тартып кетем. Сол жақтан араласатын кiсiлер де таптым. Әлгi екiншi қызымның баласын бағам деп әбден шаршадым. Ендi қарамаймын, керек болса өздерi бақсын? Баласын мен үшiн туған жоқ қой" деп бiрiнiң үстiнен бiрiн төпелей, судырата жөнелдi. "Бiздiң де уақытымыз өтiп жатыр. Қысқа ғана ғұмырда ойнап-күлiп алайық та" дедi ақылшы адамның кейпiне енiп бiр кезде. Басы жалаңбас, бұтында тырысқан шалбар. Өзi қайта-қайта бұраңдайды билегiсi кеп. "Клубта 8-наурызда күштi мерекелiк би кешi болды. Жарыс ұйымдастырды. Биден бiрiншi орынды ұтып алдым. Сол кезде "партнерiм" болған бiр кiсi әлi күнге дейiн қыр соңымнан қалмай келедi. Сен менiң ең жақын подружкамсың ғой, несiн жасырайын…" деп құрбысын қызықтырудың түрлi амалына көшкен әйел "сенбi күнi дайын отыр" деген сөздi екi-үш мәрте қайталай бердi. "Ой, бiр барып көршi, өкiнбейсiң! Онда баяғы өзiмiз кештерде билейтiн ескi кеңестiк ретро-әндер қойылады" дедi соңғы демiн алып. Тiс дәрiгерi аузынан суы аққанша тыңдады. Сiрә, құрбысы сөзбен арбап алғанға ұқсайды. Арасында, "Ой, сен жындысың, осы…" деп күлiп те қояды. Әдепкiде "Жұмыстан уақытым жоқ, бармайтын шығармын" дедi, бiраздан соң "барсақ, барайық" деп көнгендей болды. Әлгi әйелдiң жағы қалай сендi, дәрiгер де тiсiмдi емдеп бiттi. Тiс емханасынан шығып, үйге жеткенше сол әйелдiң айтқан сөздерi мен жүрiс-тұрысы, өзiн-өзi ұстауы көз алдымнан кетпей қойды. Тiптi, бұраңдап билегенi сұп-суық сұр жыланды елестеткендей. Iле-шала сол әйел шамалас анамның бет-бейнесi де қатар көлбеңдедi. Мүлдем екi бөлек әлем. Ақ жаулық тағынған, кең етектi көйлек киген анам мен мына сып-сида боп, әлем-жәлемдi жабыстырған әйелдi салыстыру мүмкiн емес. Мiне, отбасының ұйытқысы боларлық әженiң бүгiнгi кейпi осы. Ол немересiне ертегi айтып, тәттi ұйқыға батыратын уақытта түнгi клубтың шаңын шығарып, билеп жүр. Жасына лайықты емес әдепке әуестенген қаланың қариялары әрбiрден соң немере тұрмақ, үйдiң бетiн де көрмей сауық қуып кетсе, таңқалмайсыз. Бұл жеңiл-желпi дүниеге елiктiрген қоғамның жастар түгiлi, егде тартқан кiсiлердi де бұзып жатқанын көрсетпей ме?

“ЗАМАНЫҢ ТҮЛКI БОЛСА, ТАЗЫ БОП ШАЛ”

Бiрде түнгi мезгiлде адам тасып, нәпақа тауып жүрген таксист жiгiттiң: "Түнде шықсам, үнемi үлкен кiсiлер такси ұстайды. Шамамен 50-55 жастағы аға-апалар. Сонда баратын жерi — "Диско-80" деген клуб. Дiттеген жерiне апарып тастаймын. Кейбiрi екi-үш сағаттан кейiн қайта келуiмдi сұрайды. Ақшасын жақсы төлесе нем бар, айтқан уақытында келiп, күтемiн. Даңғырлаған музыка, тарсыл-гүрсiл әуен. "Бұл жерде әлгi қария кiсiлер не бiтiрiп жүр?" деген ойға шомдым. Бiр мезетте сап-сау кiрген кiсiлер бiрiн-бiрi сүйрелеп шығады клубтан. Әңгiмесi — "сен менiмен емес, ана бiр шалмен билеп қойдың, ендi сенi әкелмеймiн" деген сарында. Сөйтсем, қаланың кемпiр-шалы зейнетақысы мен тапқан-таянғанын қайда құртарын бiлмей клубқа жұмсайды екен ғой. Одан да немересiне қарап, үйде отырмай ма?" деп күйiп-пiскенi есiмде.

Рас, клубқа кiру аз ақша емес, 2 мың теңгенiң көлемiнде. Әр аптаның сенбiсi сайын клубқа барса, 8 мың теңге кеттi дей бер. Одан бөлек соның iшiнен сатып алатын тамағы, iшiмдiгi бар. Сонда бiр айда кемiнде 10-12 мың теңге клубтың өзiне құйылып тұр. Одан да осы ақшаны баланың тамағына, оқу-құралдарына, киiм-кешегiне жұмсаса ғой дейсiң. Бiрақ, мына жасынан ұят қашқан, қартынан қазына кеткен заманда өнегелi тәрбиенiң ауылы алыстап бара жатқандай ма, қалай?

Бүгiнде "Диско-80" деген клуб қаланың әр бұрышынан ашылып жатыр. Тiптi, қызыл жалауға түскен орақ бен балғаның суретi көзге "мен мұндалап" түседi. Кеңестiк кезеңнiң ретро-әндерiн қоғамның санасынан жоғалтпауды мансұқ ететiн мұндай клубқа баратындар да сол кеңестiк кезеңде өмiр сүрiп, тәрбиеленгендер. Елiмiз тәуелсiздiгiн алып, елдiгiмiздi ұлықтаймыз деп жүргенде кеңестiк идеологияны аңсап, есесiне ұлттық тәрбиенi ысырып қойған ақ шашты апа-ағаларымыздың бұл қылығына не жорық?

Таяуда ғана Төле би мен Н.Тiлендиев көшесiнен тағы бiр "Диско-80" клубы тұсауын кесiптi. Клуб иелерiнiң айтуынша, бұл клубтан түсетiн пайда шаш-етектен көрiнедi. "Қазiр дағдарыс заманы. Адамдар бұл қиыншылықтан күлiп-ойнап өткiсi келедi. Сондықтан да олар бiздiң клубта көңiл көтерiп, би билейдi", — дейдi "заманың түлкi болса, тазы боп шал" деген қағиданы ұстанған кәсiпкер. Себебi де түсiнiктi ғой, бүгiн бұл клубтарға сұраныс артып отыр деген сөз. Iлкiде үлкен кiсiлер тарсыл-гүрсiл музыка шығып жатқан жердi "жын ойнақтың ордасы" деушi едi. Сол жын-ойнаққа жастарды былай қойып, қариялардың бас сұғып жатқанын көрiп қалай жаның ауырмайды, айтыңызшы?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ