ЖАҒЫМПАЗДЫҚ ПЕН ЖАСҚАНШАҚТЫҚТЫҢ ДА ШЕГI БАР

ЖАҒЫМПАЗДЫҚ ПЕН ЖАСҚАНШАҚТЫҚТЫҢ ДА ШЕГI БАР

ЖАҒЫМПАЗДЫҚ ПЕН ЖАСҚАНШАҚТЫҚТЫҢ ДА ШЕГI БАР
ашық дереккөзі

Ұлттың жайын, тiлдiң қамын ойласақ…

"Қазақстан халқы" деген сөз тiркесiнен қорқам. Өйткенi бұл жәй айтыла салған сөз емес, мұны ойлап тапқандар осы тiркеске әлдене ұғым беруге тырысқан сияқты. Мен содан қорқам. Неге дейсiз ғой. Бұрын "Қазақ халқы" деген сөз тiркесi болатын. Мағынасы айқын, жүрекке жылы, көңiлге қонымды, табиғи жарасымды. Ал мына "Қазақстан халқы" деген ұлтсыздыққа жетелейтiн жалпылама сөз әлгi "қазақ халқы" деген барынша түсiнiктi, әлемде қазақ ұлты бар екенiн нақтылай айқындап тұратын, сөйтiп мерейiңдi үстем қылатын, мейлiнше орынды ұғымды жоққа шығаратын сияқты. Кейiнгi кезде осы орынды сөз сирек айтылатын болып бара жатқаны соның айғағы болар. "Қазақ халқы", "қазақ елi" дейтiн аталы сөздердiң қолданыстан шығып, елеусiз қалып бара жатқаны жан түршiктiре бастады.

Бiз елiктегiш халықпыз ғой, саққұлақпыз – естiгенiмiздi қағып аламыз да жатпай-тұрмай жарапазанға айналдырамыз. Батыста "Әмерика халқы" деген сөз бар. Көп айтылатын сөз. Iргелi елге байланысты айтылатындықтан жаттанды болып кеткен. Содан да болар естiген құлаққа ерсi де емес, әуездi тiркес сияқтанады. Сол екi сөз арқалаған ұғым өзiне жарасып та тұрады. Өйткенi Әмерикада көп ұлттан құралған халық бар. Солардың бәрiне ортақ тiл де бар. Бiрақ ол Әмериканың жергiлiктi ұлтының тiлi емес. Сырттан келген кiрме тiл.

Әмерика халқы деген қалай пайда болды, ол неге кiрме тiлде сөйлейдi – өз тiлi жоқ па? Иә, өз тiлi жоқ. Жойылған. Өйткенi әмерика халқы аталуға тиiс жергiлiктi ұлт жойылған. Сырттан келген жаугершiлiк шапқыншылықпен күштеп жойылған. Қазiр тек көрмеге қоярлықтай ғана жамаудай жұрнағы қалған. Оның тiлiн кiм тыңдасын? Шауып алып билiк орнатқан жат жұрт өктемдiкпен өз тiлiн жергiлiктi аз ұлтқа мойындатқан.

Мiне, сол аймақта жылдар бойы жай тауып, табан тiреген өзге ұлт өкiлдерiне әлгi шапқыншының тiлi ортақ ұлттық тiл болып қалыптасқан. Сондықтан "Әмерика халқы" деген тiркес "кiрме ұлт өкiлдерiнiң шоғыры" деген ұғымды бiлдiредi. Басқа ештеңе де емес. Әмерика ұлты дейтiн ұлт жоқ, ұлттық тiл жоқ. Ортақ тiл – шеттен келген ағылшын тiлi.

Ал бiзге не жорық? Қазақстанда қашаннан қазақ халқы тұрмаушы ма едi? Жалпақ даланы жырымен жаңғырықтырған Қазақ ұлты, оның әлiмсақтан келе жатқан ана тiлi бар емес пе едi? Қаймағы бұзылмай келе жатқан салт-дәстүрi, әлемдi шарлап, тамсандырып жүрген Қорқыттың қобызы бастаған шашбаулы өнерi, Әуезовтiң "Абайы" бастаған әлемдiк деңгейдегi айдарлы әдебиетi бар емес пе едi? "Екiншi ұстаз" атанған Әбу Насыры бар, Египеттi билеген Бейбарысы бар, талай тартысқа түсiп толарсақтан саз кешiп жүрсе де таласқанға тулақтай да жерiн бермеген, тығырыққа тiрелсе де – тұғырынан таймаған (Қобыланды, Абылай, Сырым, Исатай, Кенесары, Бауыржан сынды тұлымды тұлғалары бар) тағлымды ел емес пе едiк?

Рас, бүгiндерi бiздiң елiмiзде де көп ұлттың өкiлдерi мекен тауып, орнығып жатыр. Бiрақ, сол өзге ұлт өкiлдерi осынау Қазақ халқының құрамына кiрмеушi ме едi? Олардың әрқайсысында өз отандары бар ғой.

Бiзде федерация жоқ. Сондықтан елiмiзден пана тауып бас қосқан жұртты "Қазақстан халықтары" деп те айта алмаймыз ғой. Федеративтi мемлекет – Ресей. Оның құрамындағы Татар, Башқұрт, Шешен, Якут, Дағыстан, Қалмақ сияқты елдерде Ресейден басқа Отан жоқ. Олар әлi орыс халқының қанатының астында, Ресейге тәуелдi. Сондықтан "Ресей халықтары" деген ұғымға негiз болып отыр. Бiзде олай емес қой.

Демек бұл көршiге елiктеу де еш ақылға сыймайды.

Бiз бүгiн тәуелсiз елмiз. Сонда қалай?

Әлде дүлей күшпен жанұшыра ойқастап әлемшарды алаңдатып отырған жаһандану саясатына үн қату ретiнде жасақталған сөз бе "қазақстан халқы"? Жаһандану деген сөз өз болмысыңмен әлемдiк өркениет деңгейiне ұмтыл деген ұғымға меңземей ме? Бұл – өз ұлтыңнан без, өз атыңды жой, өз тiлiңдi ұмыт деген сөз емес қой.

Үш жүз жыл бөгде елдiң боданында болып, жағынуға дағдыланып қалған жұртпыз. Сол мүшкiл қалпымыздың кезектi көрiнiсi ме екен? Iшiнде орысы бар ел жалғыз бiз емес қой. Кiмге жағынайық деп енгiздiк екен "қазақстан халқы" деген жадағай, жабайы сөздi қазақ қауымының сөздiк қорына?!

Болмаса бiздiң тәуелсiздiгiмiздi көре алмайтын, көре тұра көтере алмайтын немесе мойындағысы келмейтiн әлдекiмнiң шашбауын көтерiп, қыр соңымыздан қалмайтын құйтырқы саясаттың құлы болып жүрмiз бе? Жағымпаздық пен жасқаншақтықтың да шегi болу керек емес пе? Прибалтика мен Грузияны былай қойғанда Орта Азия республикалары мен Украинаға неге қарамаймыз? Әлде бiздiң олардан ақылымыз артық па? Неге бiз досымызға күлкi, дұшпанымызға таба болуымыз керек? Түсiнбеймiн. Әлдекiм антынан тайып, қол ұшын бермесе аштан өлiп, көштен қалатын бiз кедей ел емеспiз ғой. Қазыналы жерiмiз бар, еңбек сүйгiш елiмiз бар.

Тiл туралы әйгiлi заң шыққанда әкемiз базардан келгендей, тақиямызды аспанға атып, шаттанғанымызды еске алсақ өзегiмiз өртенiп, аһ ұратын болдық. Айымыз туды, көзiмiз ашылды, армандаған мұратқа жеттiк, ендi бiз де өз билiгiн өз қолына алған әлемнiң басқа жұртындай терезесi тең ел боламыз дедiк-ау сонда. О, пәруәрдiгер тоба!

Содан берi 20 жыл өтiптi. Артынша саяси тәуелсiздiк алғанымызды қайтерсiң. Ақ түйенiң қарны жарылғандай болған. Ойда жоқта құдай жарылқап, тарихи жеңiске ие болдық. Көшiмiз тың жолға түстi. Осы таңғажайып тағдырдың куәсi болғанымызға бақытты едiк.

Бiрақ экономикалық еншiмiз қолға тигенмен рухани тәулсiздiкке әлi қол жеткiзе алмай келемiз. Бұғалық сылынғанмен маңдайымыздың соры кере қарыс күйiнде қалды. Себебi – дiттеген арман алыстап барады. Өзiмiз ресми түрде бостандыққа қол жеткiзгенмен ұлттық мүддемiз бодандықтың тырнағынан шыға алмай қалды. Өйткенi ұлттық тiл тұғырына қона алмай келедi.

Тiлi маталған ел азаттыққа жете ала ма? Өз тiлiн өрiсiне шығара алмаған ел еркiн ел бола ала ма? Алаштың болашағы ана тiлiнде деп Елбасының өзi атап көрсеткен жоқ па? Ендi не күтiп отырмыз осы бiз? Осынау өзектi шаруамен неге көзiн тауып айналыспаймыз? Елiмiздi мекендеген өзге жұрт бiздiң тiлiмiзде сөйлеп, неге бiздiң мерейiмiздi тасытпайды. Бiздiң басқа елден қай жерiмiз кем? Неге бiз өз жерiмiзде отырып өзге жұрттың тiлiнде өмiр кешемiз? Бөтен елде жүрген жоқпыз ғой.

Мына жаңа дәуiрде өткен кезеңге ой жүгiртсек – тiл тағдырын сөз етудiң кемi жоқ. Тамағымыз қарлыққанша зар қақсап жыр ғып келемiз. Алуан шараны қолға аламыз (конференция, кеңес, форум, байқау, көрме, жарыс, сынақ, сыйлық т.б.). Парламентте бiр шақырымда – Шерхан ағамыз, екiншiсiнде – Әбдiжәлел, үшiншiсiнде – Мұхтар, төртiншiсiнде – Айталы, бесiншiсiнде – Бекболат болып шырылдаймыз. Бiрақ нәтиже жоқ. Баяғы кеме әлi сол орнында. Сең қозғалатын түрi жоқ. Мiзбақпайды. Нелiктен?

Ана тiлiн тиiстi тұғырына көтерудiң iске асырылған шаралары күткен нәтиженi бермедi. Сонда шешiлмей жатқан қандай жолдары бар? Ендi соны анығырақ айқындап, соны шешуге бiр кiсiдей жұмылып, бiлек сыбана кiрiсетiн уақыт жеткен жоқ па? Басты бағыт, тегеурiндi нысана қайда өзi? Не iстесек жарасар?

Ол үшiн ең алдымен елiмiздегi орыс тiлiнiң үстемдiгiн бұрынғыдан шектеп қана қоймай, түпкiлiктi жою қажет. Менiң айтып отырғаным орыс тiлiн емес, оның үстемдiгiн жою. Iшiмiзде жанымыз жақсы көретiн ұлы көршiмiздiң үлкен тобы отырғанда оған қалай қол жеткiзуге болады? Оның үстiне осы топ бұрын өзiмiздi билеп-төстеген елдiң өкiлi ғой деймiз бе? Мейлi, солай-ақ болсын. Сонда солардың қабағына қарап, қипақтай беремiз бе?

Ау, бiз егемен ел болған жоқпыз ба? Ендi өз қалауымызша қанат жайып, өз ыңғайымызбен дамуымыз керек емес пе? Оған әлгi жағдай тарихи жағынан да, саяси жағынан да кедергi болуға тиiс емес. Iштегi орыстар бiздiң жауымыз емес, отандас бауырымыз емес пе? Олар неге бiздiң мүддемiзге қарсы шығуы керек? Керiсiнше елiм, жерiм деген соң қазақтың әр мүддесiне қол соғып қолдау көрсетуге тиiс. Жөнi солай ғана. Сондықтан бiз бекер қымсынамыз. (Iшiмiзде жүрiп, ұлтымыздың ұлы мүддесiне қарсы тұрған әр пенде сатқын ретiнде таңбаланып, айыбын арқалап аласталса болмас па?)

Яғни бұл жерде көзге шұқып айтатын кемшiлiк жоқ. Бiз орыс ағайындарға 20 жыл уақыт бердiк. Қазақ тiлiн үйренуге құлқы болса қазақша өлең жазып, ән салып кететiн уақыт бұл. Амал қанша? Өкiнiшке қарай, күткен үмiт ақталмады. Ендi бiзге ешкiмнiң өкпесi болуға тиiс емес.

Кеңес үкiметi құлап, ел жiгi ашыла бастағанда бiздiң елдегi орыстар өз елiне үдере көшкен жоқ па едi? Сонда бiз олардың етегiне жармасып, қал деп жалынбадық па? Өйткенi өндiрiсiмiз тоқтап, тоқырап қаламыз деп қорықтық. Жұмыс қолының қысқарғанынан емес бiлiктi мамандардан қол үзiп қаламыз деп қауiптендiк. Өйткенi ол тұста өндiрiстiң тұтқасы орыстардың қолында болатын. Орыстанған билiктiң құдiретiмен түйiндi нүктелердiң кiлтiн солар ұстаған.

Қазiр, шүкiр кәсiптiң қай саласынан болса да ұлттық маманға бұрынғыдай мұқтаждық жоқ. Өндiрiстi жолға салатын кадр корпусы өзiмiзде қалыптасып қалды. Ендi кiдiрсек, уақыт өзiмiзге қарсы қызмет атқарады. Кешiгiп қалмасақ – ұтылмаспыз, қарымды қимылға көшу керек.

Демек мемлекеттiк статус алған ана тiлiмiздi күнделiктi қолдап, одан әрi дамыту – бiздiң перзенттiк борышымыз. Мұны халықаралық жауапты ұйымдар да дұрыс түсiнедi деп ойлаймын. Өйткенi халықаралық қарым-қатынасқа да оның қайшылығы жоқ.

Сонымен ана тiлiмiздi атқа отырғызбай бiздiң ұлттық мемлекетiмiз қабырғасын қатайта алмайды. Сонда не iстемек керек?

Ана тiлiн атқа отырғызу үшiн әуелi Ата заңға қажеттi өзгерiс енгiзу сұранып тұрғанын бәрiмiз бiлемiз. Онда атышулы "орыс тiлi мемлекеттiк тiлмен тең дәрежеде қолданылады" деген ұғым бар. Осы ұғымнан айрылмай, орыс тiлiнiң үстемдiгiн орға жыға алмайсың. Орыс тiлiн ойсырата ұтпай қазақ тiлiн таққа отырғыза алмайсың. (Бұған бәрiмiздiң де көзiмiз әбден жеттi емес пе?) Парламентте отырған парасатты мырзалар (бүгiнгi Байтұрсынов, Бөкейханов, Дулатовтар) осы мәселенiң басын ашып берсе аржағы билiктiң басқа тармағына жаңа да жарқын жол ашып берер едi. Ол қандай жолдар?

“Баланы бастан” демекшi, ұрпақ тәрбиесi осы тұста жетекшi роль атқарады.

Елiмiзде бұдан былай бала бақша ашылар болса, ол қазақтiлдi бала бақша болуы керек. (Өзге тiлдi бала бақшаның бiзге керегi жоқ.) Елiмiздi мекендеген өзге ұлт өкiлдерi өз ұрпағын қазақтiлдi бала бақшаға беруi тиiс. Өзiн-өзi лайықты бағалап, шын құрметтей алатын әр мемлекет солай iстейдi. Сондықтан бала бақшаның санын пайыздап емес, еселеп арттыру керек. Оған бiзде мүмкiндiк мол. Тек құлық болсын. Бала бақшаның тәрбиешiсi қай ұлттан болса да қазақ мектебiн бiтiрген маман болуы керек екенi өзiнен өзi түсiнiктi.

Елiмiзде жаңа мектеп ашылар болса, ол қазақ мектебi болуы керек. Елiмiздi мекендеген өзге ұлттың өкiлдерi баласын қазақ мектебiне берсiн. Өз тiлiнде оқытқысы келген аз ұлттың өкiлдерi баласын өзiнiң негiзгi отанына жiберiп оқытсын. Жиi шоғырланған саны мол ұлттардың бүгiнгi күнi қолданыста бар мектептерi қызметiн атқара бередi. Оқушы саны азайған жағдайда ондай мектептер өзiнен өзi жабылып жатады. Ал оқушы саны ол мектепте азаймай тұрмайды. Мемлекеттiк тiл үстемдiк алған уақытта басқаша болуы мүмкiн емес.

Тiптi орыс мектептерi де бара-келе әр облыс орталығында бiр-бiрден ғана қалуы мүмкiн, мүлде мұқтаждығы болмай қалған кезге дейiн. Ал оның мұқтаждығы барған сайын кеми беретiнi даусыз. Мемлекеттiк тiл толық үстемдiк алған кезде солай болуы табиғи құбылыс. Сондықтан да әзiр жұмыс iстеп тұрған орыс мектебiн жабу туралы сөз болмауы керек. Онда тек қазақ мектебiне бармаған орыс баласы оқиды. Өзге ұлт баласын қабылдаған орыс мектебi ғана жабылады. Елiмiздегi орыстан басқа ұлт өкiлi өз баласын орыс мектебiне бергiсi келсе – Ресейге жiберсiн.

Қазақ мектебiнде шет тiлiнен әзiрше халықаралық тiл болып табылатын ағылшын тiлi ғана пән ретiнде бастауыш сыныптардан бастап оқытылуы керек. Ал өзге ұлт тiлдерi арнайы жоғарғы оқу орындарында ғана мамандық бағытында оқытылуы тиiс (орыс, ағылшын, қытай, араб, немiс, француз, испан тiлi сияқты әлемдiк тiлдер).

Тiл дамыту саясатында ақпарат құралдарының алатын орны айрықша. Сондықтан елiмiзде қазақ тiлiнен басқа тiлде газет-журнал ашуға жол бермеу керек. Шетелден келетiн газет-журналдарға шек қою лайық. Кiмде-кiм шетелдiң газет-журналын оқығысы келсе жаздырып алсын. Шетелдiк баспасөз құралдары сауда орындарында сатылмайтын болсын.

Кiтап дүкендерiнде, тағы басқа сауда орындарында тек қана қазақ тiлiндегi кiтаптар сатылсын. Әлемнiң танымал жазушыларының құнды көркем шығармалары қазақ тiлiне аударылып, өз елiмiзде басылып шыққаннан кейiн саудаға түссiн. Дарынды аудармашылар бiзде жеткiлiктi. Ғылыми-методикалық әдебиет кiтапханалар арқылы, немесе жеке адамдардың сұранысымен алдырылсын. Қазiр компьютер де толыққанды мағұлмат бере алады. Ал компьютермен елiмiз түгел қамтылған десек қателеспеймiз.

Отандық телеарналар өз хабарын тек қана қазақ тiлiнде жүргiзсiн. Шетелдiк фильмдер ана тiлiмiзге аударылып берiлсiн. Жаппай саудаға түсiп жатқан көшiрме диск, кассеталарға шек қойылсын. Ал Ресей телеканалдарынан бiздiң ұлттық менталитетiмiзге қайшы келмейтiн, танымдық (әдебиет, өнер, ғылым, спорт) бағдаламалы каналдар ғана қалсын.

Әлемнiң өнер жұлдыздары елiмiзге ақпарат және мәдениет институтының шақыруымен ғана келсiн. Халық есебiнен ойда жоқта тоғайып алған байшiкештер ақшасын қайда жұмсарын бiлмей жүрсе бiзде жетiм балалар үйi, мүгедектер үйi, қарттар үйi бар. Олардың бәрi де қалытқыдай қамқорлыққа әрқашан мұқтаж – соларға берсiн, сауабын алады. Бiрақ шеттен артист шақырмасын. Өкiмет өз жобасымен шақырғанда көмек сұраса – жөн басқа.

Жарнамалар тек қана қазақ тiлiнде берiлетiн болсын.

Елдi мекендер мен көше аттары, мекемелер мен кәсiпорын аттары тек қана қазақ тiлiнде жазылатын болсын.

Әуе жолы мен темiржол транспортында, қала көлiгiнде және басқа қызмет көрсету мекемелерiндегi (туризм, банк, байланыс т.б.) қызмет тек қана қазақ тiлiнде жүрсiн.

Мiне, сонда бiз мекемелер мен кәсiпорындарда қазақ тiлiн оқып үйренетiн үйiрмелер ашып әуре болмаймыз. Қазақ тiлiнде сөйлей алатын өзге ұлттың өкiлiне қосымша ақша төлеп шығынданбаймыз. Қазақша жаппай сауаттану күнделiктi мұқтаждыққа айналады. Қазақ тiлi республика көлемiнде барлық азаматтар үшiн қолданыста болатын бiрден бiр ортақ ресми тiл боп қалыптасады. Сөйтiп республика тұрғындары ұлтына қарамай өз ойын ауызша да, жазбаша түрiнде де мемлекеттiк қазақ тiлiнде бiлдiре алатын дәрежеге жетедi. Сол кезден бастап елiмiздi мекендеген барлық ұлт өкiлдерiнiң басын қосып "Қазақстан халқы" деп атаса жарасатын болар. Сонда осы тiркес "қазақ халқы" деген ұғымды да бере алады деп ойлаймын.

Осының бәрi айтуға жеңiл болғанмен орындауға оңай емес. Бiрақ ықылас пен ерiк-жiгер болса бiтпейтiн де шаруа емес. Әрине, бәрiн заңдастыру керек. (Бұрыннан бар кейбiр заңдарға тиiстi өзгерiстер енгiзiп, көптеген жаңа заң жобаларын қарап бекiту керек.) Ол үшiн қайталап айтам, Ата заңға жоғарыда аталған өзгерiстi енгiзу ауадай қажет. Бұл тiрлiктiң басты тиегi сонда.

Осы қадамдар Қазақ елi өз тағдырының iргетасын нығайтып, қабырғасын бекiтiп алу үшiн ғана жасалып отырған шаруа екенiн әрбiр жiбi түзу пенде дұрыс түсiнуi керек. Түсiнбегеннiң обалы Құдайға. Кiм көрiнгеннiң қыңырлығына иiле берудi уақыт көтермейдi. Алла сәтiн салсын! Мүддемiз билiктiң назарын аударып, намысына қан жүгiртiп, құдiретiне қозғау салсын!

Садықбек Хангелдин