ИЗРАИЛЬГЕ ҚАЗАҚТЫҢ МҰНАЙЫ КЕРЕК

ИЗРАИЛЬГЕ ҚАЗАҚТЫҢ МҰНАЙЫ КЕРЕК

ИЗРАИЛЬГЕ ҚАЗАҚТЫҢ МҰНАЙЫ КЕРЕК
ашық дереккөзі
259

Қазақтар жерiнен мұнай мен мақта, басқа да энергетикалық қорларды импорттайтын еврейлер елi келешекте азиялық-тынықмұхиттық аймақтың нарығына мұнай мен газ тасымалдайтын Жерорта теңiзi – Қызыл теңiз мұнай-газ құбырына операторлық қызметтi иемденгiсi келедi. Ал Орталық Азия елдерi Батыс пен АҚШ-тың, Ресей мен Қытайдың көзқұртына айналған каспийлiк көмiрсутегiлердiң арқасында саяси сахнадағы ықпалын арттыруға мүдделi.

Үстiмiздегi жылдың маусымында қазақ әрiптесi Н.Назарбаевпен кездескен израильдiк президент Шимон Перестiң iссапарынан кейiн арада үш ай салып, Израильдiң сыртқы iстер министрi Авигдор Либерман Астанаға ат басын бұрды. Саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, медицина, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, заманауи технология, биотехнология, мұнай және басқа да табиғи ресурстарды өндiру мен өңдеудi жетiлдiру, туризм мен зергерлiк бұйымдар өндiрiсiн қалыптастыру сияқты басқа да салаларды екiжақты ынтымақтастық орнатуға мүдделi Израиль елiмiз тәуелсiздiгiн ендi алған алғашқы жылдары, анығында, 1992 жылдың 10 сәуiрiнде Қазақстанмен дипломатиялық қатынас орнататынын ресми түрде мәлiмдеген болатын. 2001 жылдың наурызында Қазақстанның израильдiк жоспары клубы, 2004 жылдың қыркүйегiнде Қазақстан-Израиль сауда-өндiрiстiк палатасы құрылды.

Ресми кездесулерде: "Бiз үшiн Қазақстан – толеранттық ел" деп ағынан жарылған А.Либерман қазақтардың ұлтаралық келiсiм мен татулықты сақтауда өзгелерге үлгi болатынын айтты. ҚР Президентi әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi Аслан Мусин, ҚР Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаевпен пiкiр алмасқан А.Либерман Иерусалимнiң екiжақты қарым-қатынасқа көңiлi толатындығын айта келе, "сыйға – сыйдың" салты бойынша, ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев пен ҚР Премьерi Кәрiм Мәсiмовтi Израильге қонаққа шақырды. Негiзi еврейлер елi кешегi UNESCO Директорлар кеңесiне сайлауда да Қазақстан басшылығының кандидатурасын құлшына қолдаған едi. Сонымен қатар Либерман Киоттық хаттама шеңберiндегi қоршаған ортаны қорғау мәселесiнде Қазақстанның мәртебесiн көтеруге ықпал ететiндiгiн жеткiздi. Ал ресми Астана UNESCO жанынан құрылған әйелдер құқығын қорғау жөнiндегi комиссияның екiншi каденциясында израильдiк өкiлдiң кандидатурасын қолдауға уәде бердi. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан мен Израиль арасындағы сауда айналымы 2008 жылы 2 431 млрд. долларға тең болған. Экспорт – 2 226 млрд. доллар, импорт – 205 млрд. доллар. 2007 жылғы есеп бойынша, екi ел арасындағы сауда айналымы 1,2 млрд. доллар едi, демек, былтырғы көрсеткiш 103,8 пайызға артқан. Күнбағыс майынан жасалған өнiмдер, азық-түлiктiң кейбiр түрлерi, химия өнеркәсiбiне тиесiлi өнiмдер, машиналар мен құрал-жабдықтар, пластмасса бұйымдары, қару-жарақ, құрлық пен әуе және су транспорты, оптикалық, фотографиялық құралдар сатып аламыз. Израильге импортталатын тауарлар арасында негiзiнен (90 пайыз) мұнай шикiзаты бар. Бүгiнде Қазақстанда тiркелген израильдiк кәсiпорындар саны – 182. Олардың инвестициясы елiмiздегi мұнай-газ, металлургиялық, тау-кен өндiру және өңдеу, кабельдiк заттар, құрылыс, жылжымайтын мүлiк нарығы (жалға беру, қызмет көрсету т.б.), сауда саласына бағытталған. Demir Bank Kazakhstan банкiне тиесiлi акциялардың бақылау пакетiн сатып алған израильдiк инвесторлар 70 млн. долларын жұмсады. Бiлiм және тәжiрибе алмасу саласында 1993 жылдан берi қазақстандық жастар журналистика, ғылыми технологиялар, ауыл шаруашылығы, шағын кәсiпкерлiк, су ресурстарын басқару т.б. кәсiби бiлiктiлiктерiн жетiлдiрiп келедi. Екiжақты қатынас әсiресе, денсаулық сақтау саласында жақсы дамыған. 2005 жылдан бастап 2008 жылға дейiн елiмiздiң 400-ден астам дәрiгерi Израильдегi емханалар мен ауруханаларда бiлiмдерiн жетiлдiрдi. 2006 жылы қазақ жастары "Болашақ" бағдарламасы бойынша қоғамға аса қажет әрi қат мамандықтар бойынша тәлiм алуда.

Әлемдiк саяси сахнада салмағы басымдардың қатарынан көрiнуге ұмтылатын Израильдiң Қазақстанға жылы қабақ танытуы, ресми тiлмен айтқанда, дипломатиялық қатынастарды нығайтуға құлшынуы тегiн емес. АҚШ пен Батыс, Қытай мен Ресей т.б. мемлекеттердiң көзiн қызықтырған көмiрсутегiлер мәселесi еврейлер елiнiң қазақтар жерiнен халықаралық нарыққа каспийлiк мұнай мен газды тасымалдауда, дәлiрек айтқанда, азиялық-тұнықмұхиттық аймаққа жеткiзетiн Жерорта теңiзi мен Қызыл теңiз аралығында тартылатын құбырға операторлық мiндеттi бөлiскiсi келедi. Бұл қызметтiң қаншалықты пайдалы әрi экономикалық-қаржылық тұрғыда тиiмдi екенiн түсiндiру – артық. Сонымен қатар еврейлер Қытай, Шығыс және Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерiмен сауда қатынасын жасауда Қазақстанның транзиттiк-транспорттық потенциалына иек артуға мүдделi. Олар ендiгi Алматыдағы жүк терминалын жалға алып қойыпты. Израильдiк инвесторлар басқа да жобаларға, мысалы, 2008 жылдың маусымында Маңғыстау облысында осындағы атом-энергетикалық комбинаттың қажетiне керектi тәулiгiне 12 мың текше метр су тұшытатын екi құрылғыны орнатты. Мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, бақша өсiру мен бiрге Қазақстандағы жылыжайларды израильдiк тәсiлмен салу әрi өсiру мәселесi елiмiздiң оңтүстiк аймақтарында кеңiнен пайдаланылып келедi.

Негiзi шетелдiк БАҚ өкiлдерi Либерманның бұл келiсiн әскери қару сатып, түрмеге қамалған Шейнкманның коррупциялық қылмысына қатысты деп ақпарат таратқанмен, осыған қатысты қойылған журналистер сауалына жауап берген Либерман "бәрi де заң шеңберiнде шешiлуi тиiс, екi елдiң елшiлiктерi осы мәселеге қатысты зерттеу жұмыстарын жүргiзiп жатыр, заң процесiне араласу керек деп ойламаймын" деп қысқа қайырды. Оқырмандардың есiне сала кетсек, үстiмiздегi жылдың наурызында қазақстандық қорғаныс министрлiгiнде туындаған Израильден әкелiнген сапасыз қаруларға қатысты даудан кейiн Израиль азаматы Борис Шейнкман мен ҚР Қорғаныс министрiнiң орынбасары Қажымұрат Маерманов тұтқынға алынып, сол кездегi қорғаныс министрi Даниал Ахметов отставкаға жiберiлген болатын. Израильдегi "Маариву" газетiнде Қазақстан қарулы күштерiн қару-жарақпен қамтамасыз етуде израильдiк 4 мекеме – "Солтам", "ТААС", "Элбит", "Аэронотикс" әскери-өндiрiстiк кәсiпорындарының мүддесiн қорғайтын Шейнкманның 2007-2008 жылдар аралығында Қазақстанмен 300 млн. долларға келiсiм-шарт жасасқанын, осының арқасында Қазақстан Ресей мен Америкада жоқ қару-жарақпен қамтамасыз етiлгенiн жариялаған. КСРО кезiнде полковник шенiне дейiн көтерiлген Шейнкман 1991 жылы отбасымен бiрге Қазақстаннан Ата жұрты – Израильге қоныс аударады. Қазiргi таңда аталған қылмыстық iс бойынша, екi елдiң елшiлiктерi жанынан құрылған арнайы комиссия тексеру жұмыстарын жүргiзуде.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары