БIЗДIҢ МҰНАЙЫМЫЗ ШЕКАРА АСЫП БАРАДЫ...

БIЗДIҢ МҰНАЙЫМЫЗ ШЕКАРА АСЫП БАРАДЫ...

БIЗДIҢ МҰНАЙЫМЫЗ ШЕКАРА АСЫП БАРАДЫ...
ашық дереккөзі
212

Осыдан бiрнеше жыл бұрын шай үстiнде атам ежелгi көрiпкелдердiң жорамалдарын оқып берген-дi. Айтқандары айдай келген болжағыштардың болашаққа қатысты айтқандары бiр нәрсеге кеп саяды: үшiншi мыңжылдықта әлемде қытайлар қаптайды. Бiздiң ауыл қытай шекарасына жақын орналасқандықтан, бiраз уақытқа дейiн қорқып жүргенiмiз рас. Бiр қызығы, дәл сол күнi ауыл сыртынан он шақты әскери жаттығу танкiлерi өттi. Соның дыбысынан "қытай қаптайды" дегендi естiп алған бала-шаға "қытай кеп қалды екен" деп зәре-құты қалмаған.

Бұған тоқталып отырған себебiмiз, өткен аптада "Синьхуа" ақпарат агенттiгiнiң сiлтемесiнде қытайлық China Investment Corporation (CIC) инвестициялық бақылау және өндiру компаниясы ҚазМұнайГаздағы үлесiн кеңейткенi туралы мәлiмет көрсетiлдi. Аталмыш компания JSC KazMunaiGas Exploration Production мемлекеттiк энергетикалық компаниясының қоластында екенi белгiлi. Қытайлардың бұған көз салуының сыры мынада, бiрiншiден елдегi жетекшi мұнай өндiретiн компания. Екiншiден, мұнай өңдейтiн iрi Павлодар мұнайхимия зауытының 58%-дық акциясы да осы басшылықтың иелiгiнде. "ҚазМұнайГаз" барлау және өндiру компаниясының елдегi 36 мұнай орнына лицензиясы тағы бар. Бұрын-соңды сатылған акциясын қоса есептегенде СIС КазМұнайГаздың (барлау және өндiру) 11%-на иелiк ететiн болады. Жалпы сомасы 939 миллион долларға бағаланған үлес қытайдың қанжығасын түгендеп тұр.

"Өзiмiз өз, көйлегiмiз бөз" боп тәуелсiздiк алғаннан кейiн кен орындары мен шикiзат көздерi шетелге сатыла бастады. Игерiлiп үлгермеген пайдалы қазбаға көз тiккен қытайлықтар осы уақытты тиiмдi пайдаланды. Республикамыздың батысына шоғырланған мұнай кендерi акциясының басым бөлiгi осы күнi қытайлықтардың қолында. Солардың бiрi – "CNPC – Актобемунайгаз" компаниясы. Мұнай мен газ өндiретiн аталмыш компания 1997 жылы (60 %-ы – 325 млн.) сатылып, бүгiнге дейiн 85%-дық акцияны алақанында ұстап отыр. 2003 жылы қытайлықтар 25%-дық акциясын 150 млн.долларға алған болатын. Қытайлықтардың қолға түсiрген iрi компаниялардың бiрi PetroKazakhstan. Екi кәсiпорыннан Kumkol Resources және ШНОС-тан тұрады. Алдыңғысы мұнайды өндiрумен айналысса, соңғысы мұнай өнiмдерiн шығарады. Kumkol Resources кәсiпорнының үлесi 100%-ға жетiп қалды. Кейiннен Қазақстан қытайлықтардан компанияның 33%-ын 1,4 млрд. долларға қайтара сатып алуға мүмкiндiк алды. Десе де компанияға бақылау Қытай жақтан жүргiзiледi. Қытай бұл екi компаниямен шектеле қойған жоқ. 2005 жылдың күзiнде Тургай Петролеум және Казгермунайдың 50%-ын (мұнай өндiру) алды. Арада жүргiзiлген келiсiмдердiң нәтижесiнде барлығы 4,18 млрд. доллар қаржы төленетiн болды.

Ол ол ма, 2004 жылдың соңында Sinopec қытай компаниясы First International Oil Company (FIOC) компаниясы құны 160 млн. АҚШ доллар тұратын үлестi сатып алды. Бiр қызығы сатушы "Albatross Trading Limited" (Британияның Виргин аралдары) компаниясын ешкiм бiлмейдi, тiптi қожайынның кiм екенi жасырын қалды. Тек бұл компанияның бұған дейiн мұнай өндiру және бақылаумен айналысып келгенi ғана белгiлi. Әдетте мұндай мұнай компанияларының артында өзiмiздiкiлер тұратыны бар емес пе? Дәл кiмдiкi екенiн бiлу де қиын емес, себебi елдегi олигархтардың саны санаулы ғана.

2005 жылы қытайдың ұлттық CNODC компаниясы "Айдан Мұнай" корпорациясын дәл сол сомаға яғни 160 млн.-ға сатып алды. Қазақстанның батысына шоғырланған қытайлықтардың өз мемлекетiн құрып, құрылыс нысандарын тұрғызуға деген ұмтылысында шек жоқ. Есесiне 1997 жылы "Өзендi" қайтара сатып алынған. Десе де, бiз бiлетiн және бiлмейтiн келiсiмдер қаншама? Акциялардың сатылуы әдетте биржа арқылы алыпсатарлардың көмегiмен жүзеге асады. Мұндай сауда түрi бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланбақ тұрмақ, жаңа қожайынын да бiлдiрмей кетедi.

Қытайдың көздегенi мұнай ғана ма? Бұл аз десеңiз, елiмiзде iрiлi-ұсақты кәсiпорындар мен кәсiпкерлер өрiп жүр. Базарымыз толған қытай тауары мен қытай саудагерлерi. Темiржол магистралi мен құбыр құрылысына араласып жатқан да қытай компаниялары. Оның үстiне Каспий мен Азау теңiзiн жалғастыратын канал жобасы қытайды бей-жай қалдырмасы анық. Бұдан қытайдың үлесi тек арта түспек. Сонда деймiн-ау, елде қытайлар араласпаған не қалды өзi? Қазақ жерiнде қытай компанияларынан басқа тағы не бар едi? Қытайлар! Естуiмше, шетелдiктерге үйленген қытай азаматтарына үкiмет тарапынан жеңiлдiк жасалынатын көрiнедi. Шекара хансу халқына бөгет бола алмайтынына көз жеткiзгелi қашан?

Ақниет ОСПАНБАЙ

Дос Көшiм, саясаттанушы:

Кейбiр мәлiметтерге сүйенер болсақ, Қазақстанның өз еншiсiнде 18% ғана мұнай қалыпты. Жалпы мұнай мәселесiне байланысты пәлендей пiкiр айта қою өте қиын, тек болжамдар ғана жасалады. Себебi мұнай саласында жариялылық жоқ. Бiр ғана Қытайдың өзiне сатылған мұнай ошақтарын көрiп бiлу мүмкiн емес. Ал қаншасы оффшорлық зонаға кеттi, сатылған акциялар мен өндiрiлген және экспортталған мұнайдың есебi мемлекетке қанша пайда әкелдi – мұның бәрi бiзге құпия. Мәселен, шетелдерде бұқаралық ақпарат құралдарында барлығы дерлiк сайрап тұрады.

Еуропаның Венгрия, Исландия сияқты елдерi мұнайын өздерi игерiп отыр. Ал бiз әлi 1991 жылдардағы жағдайдан алысқа кете алған жоқпыз. Дұрыс-ақ, ол кездерi мұнай өндiруге мүмкiндiгiмiз болмады. Мұнайды шетелдiк инвесторлардың қоластына беру әлдеқайда тиiмдi болғаны рас. Алайда, одан берi жағдай түзелдi емес пе? 2000 жылдардан берi қарай мұнай өңдеу мен өндiрудi өз қолымызға алуымыз керек едi. Қазақстан мұнайын игерiп жатқан инвесторлар табысының мемлекеттке беретiн пайызы халықаралық стандарттарға сай келмейдi. Бұл өз алдына жеке мәселе.

Серіктес жаңалықтары