АҚШ-тың энергетика министрiнiң орынбасары Даниэль Понеман: МҰНАЙ ӨНДIРIСIН ДАМЫТУ – ҚАЗАҚСТАН МЕН АҚШ-ТЫҢ ОРТАҚ МҮДДЕСI

АҚШ-тың энергетика министрiнiң орынбасары Даниэль Понеман: МҰНАЙ ӨНДIРIСIН ДАМЫТУ – ҚАЗАҚСТАН МЕН АҚШ-ТЫҢ ОРТАҚ МҮДДЕСI

АҚШ-тың энергетика министрiнiң орынбасары Даниэль Понеман:  МҰНАЙ ӨНДIРIСIН ДАМЫТУ – ҚАЗАҚСТАН МЕН АҚШ-ТЫҢ ОРТАҚ МҮДДЕСI
ашық дереккөзі
228

Әлемдегi мұнай қорының 3 пайыздан астамын Қазақстан мұнайы құрайды. Мұншалық көлемдегi мұнай көзi бiздiң елдiң мұнай нарығындағы орнының қандай екенiн анықтап тұрса керек. Мол мұнайды өңдеу мен өндiруде елiмiз неше жылдан берi түрлi қарекет жасап келедi. Осы мақсатта тиiмдi экспорт пен инвестиция мәселелерiн қамтитын KIOGE мұнай газ конференциясы биыл 17 рет осы саланың мамандарын күтiп алды. Конференция барысында АҚШ-тың энергетика министрiнiң орынбасары Даниэль Понеман келдi.

Осы сапар қарсаңында Д.Понеман бiрнеше қазақ басылымдарымен Қазақстанның энергетикасының негiзгi проблемалары жайында дөңгелек үстел өткiздi. Мәселенiң басы ел экономикасының бастауы КСРО-ның тарауынан басталды. Дәл сол тұста Қазақстанда инвестиция мәселесi оңай шешiмiн тауып жатты. Өзге елдердiң инвесторлары бiздiң мұнайға шүйлiккен кезде АҚШ та құрқол қарап отырмады. Осы жайтты еске түсiре келе Д.Понеман: «АҚШ-тың Қазақстанмен өзара қарым-қатынасы тәуелсiздiк алуымен байланысты. Сол кезде КСРО-ның бұрынғы аумағынан, яғни Қазақстан, Белорусь, Украина елдерiнен ядролық қаруды аластату турасында келiссөздер жүргiзiлген, бұл өз кезегiнде сәттi қадам болды. Мұнай нарығындағы қалыптасқан инвестициялық тұрақтылық қазiр ұтымды климатты қалыптастырып отыр,» – дедi.

Ал қазiр жаңа қарым-қатынас түрi орныққаны рас. Инвестициялық климаттың қалыпты сақталуы бұрын-соңды жасалған келiсiмшарттардың өзгермеуiне байланысты. Әсiлi бүкiл әлем инвесторлары да осыны қажет етедi. Ал Қазақстан мұндай климаттың ауытқымауын қамтамасыз етiп келе жатқаны белгiлi. Оған дәлел, батыстағы iрi компаниялардың қоластындағыларға көрсеткен өктемдiктерiнiң әрқашан да ескерусiз қалуы. Сонымен қоса шетелден келген әр компанияның экологиялық программасы болуы шарт. Бұл жерде елге әкелетiн зиян мен қауiп алдын-ала қарастырылып, мүмкiндiгiнше аластатылуы тиiс. Алайда, бұл программа қоғам азаматтарының сұрауына iлiгiп жатса да, ешқашан халыққа, иә тиiстi орындардың қолына тиген емес. Мiне, бұдан да басқа дәлелдердi келтiрсек, инвестициялық климатты қалыпты сақтау үшiн елiмiздiң көп нәрсеге көзiн жұма қарап отырғанын көру қиын емес. Осы жиында Д.Понеман тағы бiр мәселенiң шетiн шығарып өттi, ол – келiсiмшарттардың ашық та жариялы болуы. Қазақстан шикiзатын өндiруге құйылған шетелдiк қаржының бiрi жария болса, бiрi жабық өтедi. Әлбетте, Қазақстан инвесторлардан кенде емес. АҚШ-пен арадағы инвестициялық қарым-қатынас олардың елге бастапқы келiсiнен тұрақты. Соның дәлелi ретiнде, Д.Понеман бiздiң экономикаға салған 40 миллиард долларды атап өткен болатын. Бiр ескеретiнi халықаралық стандарт бойынша инвесторлардың жалпы табыс көзi 40%-дан аспауы керек. Сонда мемлекеттiң қоржыны 60%-ды олжалауы тиiс.

Дөңгелек үстел барысында талқыланған мәселелердiң бiрi атом энергетикасы. Шикiзатқа бай мемлекетiмiзде уран өндiрiсi де артта емес. Мәселен, уран өндiрiсi бойынша елiмiз әлемде үшiншi орынға ие. Оның үстiне Қазақстанда әлемдiк сұранысқа ие табиғи уранның үлкен қоры бар. Елiмiздiң ядролық технология және осы бағыттағы ынтымақтастық жағынан үлкен тәжiрибесi де бар. Мұндай ынтымақтастықтың АҚШ-пен де жасалған. "Ядролық қаруды таратпау жөнiндегi келiсiмнiң мүшесi және МАГАТЭ-нiң халықаралық қауiпсiздiк кепiлi туралы мәселенi талқылауларының қатысушысы ретiнде Қазақстан осы бағытта жұмыс iстеуде алда келедi, – дедi Д.Понеман. Оның айтуынша коммерциялық және азаматтық атом энергетикасы бағытындағы жұмыстарға баса назар аударылатын болады.

Журналистердiң сұрақтарына жауап берген Д.Понеман елдегi мұнай өндiрiсiн дамыту Қазақстан мен АҚШ-тың ортақ мақсаты деп атап өттi. Жақында бiрталай мұнай ошақтары АҚШ-тың қоластына өткенi белгiлi. Осыған дейiн америкалық компанияларға Қашаған кенiшiнiң 32%-ы, Теңiз кенiшiнiң 75%-ы тиесiлi болатын. Әңгiменiң мәнiсi мұнда да емес, болашақта игерiлетiн Каспий мұнайын тасымалдаудың тиiмдi жолын ойластыру АҚШ-тың басты мақсаты. Бұл дегенiмiз мұнай тасымалдау жолдарын қысқарту, белгiлi Ресей құбыры арқылы АҚШ-тың тасымалдамасы анық. Ендеше басқа жол – Оңтүстiк бағыт салынбақшы. Бүгiнде Транскаспий жобасы мен Баку-Жейһан құбырына қосылу үшiн Каспий теңiзiнде арнайы құбырлар құрылысы басталып та кеттi.

«Қазақстан 2020 жылға дейiн ОПЕК-ке мүше емес мемлекеттер арасында алдыңғы орынға шығады,» деп болжады Д.Понеман. Сiрә, бұл көрсеткiштiң де ауылы алыс емес шығар. Себебi биыл 70 млн.-нан астам мұнай өндiрiлсе, басқа да мұнай өндiру және өңдеумен айналысатын компаниялар жылдық мұнай мөлшерiн екi есеге көтермек.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары