КIТАПТЫҢ БАС КЕЙIПКЕРI – ҰЛТ ЛИДЕРI

КIТАПТЫҢ БАС КЕЙIПКЕРI – ҰЛТ ЛИДЕРI

КIТАПТЫҢ БАС КЕЙIПКЕРI – ҰЛТ ЛИДЕРI
ашық дереккөзі

Астана қаласының «Pixos» қонақ үйiнде жаңа бiр кiтаптың тұсаукесерi өттi. «Казахстан – страна, устремленная в будущее. ФАКТОР Национального лидера» деп аталатын кiтапты «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, саясаттану ғылымдарының докторы Дархан Қалетаев жазып шыққан екен. Тұсаукесерге Қазақстан Республикасы Қауiпсiздiк кеңесiнiң хатшысы Марат Тәжин, сенатор Қуаныш Сұлтанов, жетекшi БАҚ өкiлдерi, саясаткерлер мен сарапшылар қатысып, жаңа туынды туралы өз ойларын ортаға салды.

Кiтаптың аты айтып тұрғаннындай, автор Қазақстанның кемел болашаққа ұмтылған бағдарын айшықтағысы келедi, аяғынан нық тұрып келе жатқан жас мемлекеттiң кезектi асуы не, ненi үйренуiмiз керек, неден жиренуiмiз керек, осы тақiлеттес сауалдарға жауап iздейдi. Ең бастысы, осынау жүктi иығына артып, ел-жұртын белестен белеске бастап бара жатқан ұлт жетекшiсiнiң саяси бағдарлама жасай бiлуi, әсiресе оны жүзеге асыра алуындағы қабiлет-қарымына айрықша сипаттама, баға бередi. Осы жөнiнде сөз саптаған Марат Тәжин 1992 жылы қабылдаған Қазақстанның қалыптасуы стратегиясын келтiрiп, оны ТМД кеңiстiгiндегi жас мемлекет пен қоғамның дамуындағы тұңғыш стратегиялық құжат екенiн еске алады, 1993 жылы Қазақстан қоғамының нығаюы идеясының белгiленгенiн тiлге тиек етедi.

– Қысқа да нұсқа жазылған кiтаптың бас кейiпкерi Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық және саяси лидер ретiндегi рөлi Қалетаев шығармашылығының түп қазығы. Елбасы қызметiндегi ең басты нәрсе ХХ-ХХI ғасырлар терминiнде жаңа қазақстандық мемлекеттiлiктi қалыптастыру болып табылады. Кiтапта саяси лидерлiктiң құбылысы өткен күн, қазiргi шақ, болашақ секiлдi үш өлшеммен қаралады. Автордың бұл талпынысы тек Елбасының еңбегiн екшеу ғана емес, оның ұлт көшбасшысы ретiнде бәрiмiздiң, Сiз бен бiздiң тағдырымызға тiкелей қатысы бар құбылыс деп қабылдаған жөн, – дейдi Қауiпсiздiк кеңесiнiң хатшысы.

Көптi көзбен көрiп, Қазақстанның қалыптасуы жылдарында президенттiң қолқанаты болған кiсiнiң бiрi – сенатор Қуаныш Сұлтанов.

– Тәуелсiздiктiң таңы атқан кезде елдiң сыртқы саяси қызметi бiзге беймәлiм тұғын. Алайда, бiз өзiмiздi әлемдiк қауымдастықтың толыққанды мүшесi ретiнде жарияладық. Сол бiр сәттен, Қазақстанды әлемдiк аренаға мейлiнше таныту үшiн, Президент осы мәселемен кәнiгi саясаткер ретiнде тиянақты айналысты. Республикамыздың әу бастағы бастамаларына бәзбiр ел қырын қарағанымен, бертiн келе қолдау таба бастады, ал қазiр қазақстандық үлгiнi айна-қатесiз көшiре бастағандар бар. Мұның бәрi мемлекет басшысының iскерлiгi, екi адым алда жүре бiлуi, деп түсiнсек, кiтап авторы ұлт лидерiнiң көшбасшылық факторын жан-жақты қамтып, ұғынықты тiлмен жеткiзе бiлген деп ойлаймын, – дедi сенатор.

Кiтап турасында «Абай kz» интернет порталының бас редакторы Айдос Сарым, «Центр Азии» журналының бас редакторы Сұлтан Ақымбеков, «Арна Медиа» холдингi басқармасының төрағасы Ерлан Байжанов та өз ойларын ортаға салды.

Тың туынды турасында басқа да жылы лебiздер айтылды. Ал тұсаукесердi қорытындылаған Дархан Қалетаев мырза жиналған қауымға алғысын айтып, әлi де шығармашылықпен айналысып жатқанын, ендiгi еңбегi қазақ тiлiнде жария болатынын сөз еттi.

Ғалымжан Мелдеш