“ҰЛЫТАУ” ЖӘНЕ “МОНОВАР”

“ҰЛЫТАУ” ЖӘНЕ “МОНОВАР”

“ҰЛЫТАУ” ЖӘНЕ “МОНОВАР”
ашық дереккөзі
363

Шiлде айында продюсер Қыдырәлi Болман БАҚ өкiлдерiн жинап, елiмiздегi бiрден-бiр этно-рок тобы — “Ұлытаудың” Еуропаға аттанғалы отырғанын хабарлаған болатын. Дүйсенбi күнi тағы бiр баспасөз-мәслихаты өттi.

Бұл жолы продюсер топтың Еуропадағы концерттерi туралы баяндады. “Ұлытау” екi ай бойы әлемге әйгiлi “Моновар” рок-тобымен бiрге гастрольдiк сапарға шықты. Еуропаның Германия, Ресей, Румыния сияқты мемлекеттерiнде “Ұлытауды” рок жанкүйерлерi ыстық ықыласпен қарсы алыпты. Топ жетекшiсi Қыдырәлi Болман: “Еуропаға аттанар алдында әлемдегi рок жанкүйерлерi бiздi қалай қарсы алады деп қобалжығанымыз рас. “Моновар” тобы әлемдiк рокта орны ерекше топ. Бiр жағынан тәуекелге бел будық. Бiрақ алғашқы концерттен кейiн-ақ Еуропа бiздi жылы қабылдады. Жалпы рок музыкасының ерекшелiгi, оның фонаттар армиясының көптiгiнде. Рок жанрының жанкүйерлерi таза, боямасыз музыканы қалайды. Ұлттық аспабымыз-домбыраның күмбiрлеген үнiн естiп, қошеметiн бiлдiрген көрермендер көп болды. Алғашқы қадамымыз сәттi болғанына қуаныштымын” десе, осыдан екi жыл бұрын топпен келiсiм-шартқа отырып, топтың Еуропадағы гастрольдiк сапарларын ұйымдастырған “i Music” компаниясының директоры Дмитрий Закон “Ұлытаудың” жаңа күйтабағы Еуропада үлкен жетiстiкпен сатылғанын тiлге тиек ете келе, “Ұлытауға” қазақ ұлтын әлемге танытқан бiрден-бiр топ деп баға бердi. Сондай-ақ, Дмитрий Закон қазақтың брендiне айналар топқа, дәлiрегiнде ұлттық жобаға мемлекет тарапынан да қаржылай көмек қажеттiгiн ерекше атап өттi. “i Music” компаниясының шоу-бизнес әлемiнде еңбек етiп келе жатқанына 5 жыл болыпты. Осы уақыт iшiнде компания “Ru.tv” телеарнасының жарыққа шығуына атсалысып, күйтабақ жазумен айналысқан.

Баспасөз-мәслихатында топ жетекшiсi “Ұлытаудың” алдағы мақсаттарын да атап өттi. Продюсердiң айтуына қарағанда, жақын арада топтың кейбiр номерлерiне Германияның атақты әншiсi солист ретiнде қатысуы мүмкiн. Бұған қарамастан топ имиджi мен бағыты өзгермейдi. Қыдырәлi Болманның бұл сөзiн Дмитрий Закон да растады. Дегенмен әзiрге атақты әншiнiң аты құпия. Сонымен қатар топ алда “Моновар” тобымен бiрге әлемдiк турнеге шығуды жоспарлауда. “Моновар” тiптi топтың жарты шығынын өз мойындарына алуды да ұсынған екен. “Ұлытаудың” отандық “Прыжок Аффолины” кинотуындысына арнап жазған “Ақ желен” туындысының бейнебаяны топ күйтабағын насихаттау мақсатында әлемдiк ротацияға шығады.

Ел мен елдi байланыстырып, кез келген ұлтты бөгде ұлтқа тiлсiз-ақ таныстыратын өнер мен музыка екенi айтпаса да белгiлi. Тек өнер мен музыка ғана ұлттың шынайы кескiн-келбетiн бейнелейдi. Америкалық актер Саша Коэнның қазақ деген атымызға кiр келтiрiп, елiмiзге жағымсыз пиар жасаған “Борат” фильмi қай-қайсымыздың да намысымыз бен арымызға дақ келтiргенi жасырын емес. “Ұлытау” этно-рок тобы әлемнiң аталмыш фильмнен кейiн алған жағымсыз әсерiн, бiз жайындағы тұманды ойларын қазақта ғана бар қос iшектi домбырасы мен күмбiрлеген күйi арқылы сейiлтерiне бек сенiмдiмiз.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары