ПИРАМИДАЛАР ЕЛIНДЕ

ПИРАМИДАЛАР ЕЛIНДЕ

ПИРАМИДАЛАР ЕЛIНДЕ
ашық дереккөзі

Көңiлiмнiң көгершiнiн ұшырған,

Дәмiн таттым, тұз бұйырып, Мысырдан.

Мұхамбеттiң үмбетiмiн, иншалла,

Дiнiм – ислам, затым менiң – мұсылман!..

автор.

САПАР АЛДЫНДА

Қақаған күзгi ызғар. Қарашаның құм суырған бiр күнiнде Отырардың орталығы Шәуiлдiрде елең етерлiк бiр жаңалық болды. Сирияның Дамаскi қаласында жерленген ұлы жерлесiмiз Әл-Фарабидiң зираты табылыпты. Табылғаны былай тұрсын, бiр топ қазақ зиялылары тәу етiп барып, қос уыс топырағын тәбәрiк қылып ала келiптi. Қос уыс болатыны – ол жерде батырлығымен, жауынгерлiгiмен әлемге әйгiлi болған – Сұлтан Бейбарыс та жерленген екен, оның зиратынан да топырақ ала келген. Бұл – бiрлiктiң, бiрлiкке бет бұрған тiрлiктiң iзгi үлгiсi екендiгiне дау жоқ!

Аудан әкiмшiлiгiнiң алдындағы алаңқайда митингi болды. Бабалар зиратынан әкелiнген Әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыстың топырағын Арыстанбаб қорымының жанына қойып екi кесене салынбақ. Бұл тарихи мұраға мұрындық болып, ұлағатты iске бас-көз болып жүрген Отырар ауданының сол кездегi әкiмi – Әлiмжан Құртаев.

Жергiлiктi ауыл ақсақалдарымен алақандай ауылдың игi жақсылары қатысқан митингiге облыс орталығы түгелдей көшiп келдi десе де болады. Жиыннан соң көлiктерiне отырған халық нөпiрi Арыстанбаб қорымына қарай қозғалды.

Қазақтан сiрә сөз қалған ба, бiреулер ернi-ернiне жұқпай: “Ойбай, бұл топырақты қайдан алған, екеуiнiң де зираты таспен бастырылған, ол жерден топырақ түгiлi тiс шұқитын шөп таба алмайсың” деп жатты.

Не де болса, елден ел асып, дариядан теңiз асып, туған жерден жырақта жатқан ұлылардың әруағына құран бағыштап, ұрпақтарының атынан бас ие барған жiгiттердiң бұл iсiн ерлiк десек те болады. Ырымшыл, әруақшыл халықтың iлуде бiреуi болмаса, қалғандары сонау Дамаскiге жете алмайтыны белгiлi. Сондықтан оларға тәу етiп тұратын кесене орнатып берсе, одан артығының қажетi жоқ та шығар.

Болашақ кесенелердiң орны белгiленiп, қос алыптың аты-жөнi жазылған мәрмәр тастар қатар тұр. Тастың астындағы ұяшыққа топырақ салу рәсiмi басталып та кеттi.

Ертедегi аңыздарға сенсек, адам баласы “шыр” етiп дүниеге келгенде өлетiн жерiнiң топырағы “бүлк” етiп көтерiледi дейдi. Ұшы-қиыры көрiнбейтiн ұлы қазақ даласының Оңтүстiгi мен Батысынан бастау алған қос арыстың дәм-тұзының таусылып, топырағы бұйырған жерi – осы Дамаскi болса, оған қандай уәж айтарсыз?!.

Мұны мұсылмандар “нәсiп” дейдi. Жаңашалап айтар болсақ – “тағдыр”!

Әлекедей жалаңдап, қуырып бара жатқан қара суықта бүрiскен торғайдай бұйығып, Әселханның (Қалыбекованы айтам) ығын паналап, шеттеу тұрғанмын.

Қытымырлау заманның иiрiмiне iлесе алмаған, арық қойдан бәсi төмен ауыл ақынына ұлылардың топырағына қол ұшын тигiзу қайда? – деген өз ойыма шырмалып тұрғанымда бас муфти Әбсаттар Дербiсәлi қажының:

– Ханбибi, берi жақында, бабаңның басына топырақ сал! – деген жұмсақ үнi естiлдi.

Халық қақ айрылып жол ашты. Әбсаттар қажының алтын өрнектi ақ шапанының мысы басты ма, алақанындағы түюлi кестелi орамалдағы топыраққа уысты молынан салсам керек, айнала тұрғандар “гу” ете қалғанда, менiң бетiм “ду” ете қалды. Себебi топырақ салу рәсiмiнде – бiр шымшым ғана салу керек екен, оны қайдан бiлейiн. Жұртта шаруам жоқ көңiлiм ашылып, арқамнан ауыр жүк түскендей сезiндiм өзiмдi.

Сол сәтте, сол жылы бабалар салған iзбен Мысыр дәмiн татамын, Сұлтан Бейбарыстың мешiтiне барып, құран бағыштармын деген ой үш ұйықтасам түсiме кiрмейтiн. Халық айта беретiн “тұз-нәсiп көтерсе, әруақ айдаса…” деген сөздердiң бекер айтылмайтынына көзiм әбден жеттi.

* * *

2006 жыл. Тамыз айы. Жазғы демалыстан оралғаным жаңа ғана едi.

– Бастық шақырады – дегенге, облыстық мәдениет басқармасының сол кездегi бастығы Күздеубаев Жолдасбекке кiрдiм.

– Апай, Қазақстандағы Араб Әмiрлiктерi Елшiлiгi өз есебiнен музей қызметкерлерiн Египетке бiлiмiн шыңдап қайтуға шақырып жатқан көрiнедi. Соған барып қайтсаңыз!

– Жолдасбек-ау, қазiр шiлде, ол жақта күн күйiп тұрған шығар?

– Ондағы адамдар да өмiр сүрiп жүр ғой, жанып кетпей! – дедi тiкесiнен, өзiне тән мiнезiмен, – Өмiрдiң жартысынан көбiн қызметке арнадыңыз, оны мiндет етiп, еңбегiңiзге қоштап-қолпаштау күтпегенiңiздi де бiлемiн. Сондықтан осы сапарға Сiздi лайықты деп шештiм. Ел көрiп, жер көрiп қайтасыз. Ақын адамға бұл өте қажет, – дедi.

Сонымен, Қазақстан бойынша аптаның жетi күнiндей жетi музей қызметкерi Алматы әуежайында кездестiк.

ЕГИПЕТТЕ ЕРКIН ЖҮРДIК.

– Қайда бара жатырсың?

– Шетелге!

– Қайдан келе жатырсың?

– Шетелден!

…Шет ел қалталылар үшiн көршi колхозға барып келгенмен бiрдей болып қалған заман.

Ежелгi Египетке, көне Мысыр елiне сапар шегудiң ретi келген жұлдызды сәтте қатты толқыдым. Бiлмеген жердiң ой-шұқыры көп екендiгi әу бастан мәлiм; ол жаққа барып келгендерден немесе бiлетiндерден суыртпақтап сыр тарта бастадым.

– Ойбай, – дедi, бiр танысым, – таза мұсылман елiне бара жатыр екенсiң, олардың салт-дәстүрiн ұстануың шарт. Ұзын көйлек киiп, басыңа жаулық саласың! Көзiңнен басқа жерiң көрiнбеуi тиiс!

Апырай, – деймiн iшiмнен – ол жақта аспан айналып жерге түскендей ыстық болады дейдi, мына Шымкенттiң шiлдесiнен кiрерге iн таппай жүрген қайран басым, ол жақта не жаным қалады екен? – деп мұңайдым. – Оның үстiне аузы-басыңды тұмшалап алсаң…

Әлгi танысымның сөзiн әуежай басында бiрге ұшқалы тұрған Бек деген жiгiт одан сайын ұшындырып жiбердi:

– Табаны қалың бәтеңке кидiм, iшiнде киiз ұлтарағы бар. Ол жақтың ыстығы – табаныңнан өтiп миыңа бiр-ақ жетедi, екен. – Көзiнiң қиығымен киiз ұлтарақты бәтеңкесiне қарап қойды.

Алқа-қотан отырған сапарлас қыздарға:

– Анамнан туылғалы аузы-мұрнымды тұмшалап көрмеп едiм, сендер не қылмақсыңдар? – деп сауал тастадым.

– Бiз дiн жолын ұстанып бара жатқан жоқпыз ғой, – дедi Гүлнар есiмдi қыз, – алда-жалда солай ету керек болса Стамбул арқылы ұшады екенбiз, сол арадан бiр нәрсе қылармыз, – деп жұбауратты.

Алматыдан таңғы сағат алтыда ұшатын “Алматы-Стамбул” бағытына үш сағат бұрын барып, сарсылып отырдық. Түнi бойы ұйқы жоқ. Ұшақ Стамбулға келiп қонғанда таң аппақ боп атты. Күн ұзаққа Түркияда содан, түнгi сағат он бiрде Каирға ұшатын болдық.

Тынымсыз тiршiлiк иесi – қарт Стамбул бұл кез оянып, ырғақты қарекетiне көшкен екен. Дүкеншiлер ләпкелерiн ашып, iрiлi-уақ дүңгiршектердiң сатушылары құмырсқа бел түрiк “бардактарындағы” (стақан) қан қызыл шайлары мен қою кофелерiн құшырлана ұрттауда.

Қонақ үйге заттарымызды жайғап, түрiктерден қалыспай бiз де шайлануға кiрiстiк. Бiраз тыныққан соң қала араламақ болған қыздардың ойына қосылмайтындығымды бiлдiрдiм.

– Стамбулда болғам. Одан да ұйықтап, тынығайын.

– Тынығу қашпас, ауылда да демалуға болады. Сапарға шыққан адамның мақсаты – көрiп-бiлу, танысу емес пе? – дедi, Бибiнұр есiмдi әдемi қыз,- бөлiнiп қалмай, бiрге жүрсек қайтедi?

Стамбул көшелерi менi сағынып бара жатпаса да, әрiптестерiмнiң сөзiне көнуге тура келдi.

Бұл қалада тегiс жер жоқтың қасы. Бос жатқан алаңқай көрмейсiң. Ойлы-қырлы, бiрде биiк, бiрде төмен, бiрде кең, бiрде тар көшелерiнде адамдар легi оңды-солды ағылуда. Мұндағы ерекше тәнтi еткен нәрсенiң бiрi – қоғамдық көлiктер мен нән автобус жүргiзушiлерiнiң шеберлiгi. Қуықтай тар көшелерде суда жүзген балықтай еркiн. Жүк артқан ауыр салмақтылары да шабақтай қалқиды.

Осындайда ауылың ерiксiз есiңе түседi. Оқтайдай түзу, кең көшелердiң өзiнде бiр-бiрiмен тұмсық жаласып, машина тұрмақ өздерi опат болып жатқандары қаншама. Қазақ өлiмiнiң көбi – машина апатынан десем, қателесе қоймаспын. “Менiкi жөн” деп, боқтасып, оттасатындығына да көз үйренiп, құлақ қаныққан, көңiл көндiккен.

– Шiркiн-ай! – дейсiң iшiңнен, – иненiң көзiнен жiп өткiзгендей тiрлiк қылатын мына түрiк жүргiзушiлерiнен үйренсе ғой!

Стамбулдың көп қабатты үйлерi де бiр-бiрiмен қанаттасып, қолтықтасып жатады. Жердiң тарлығынан ба, көп қабатты үйлердiң арасына аттылы кiсi әрең сиятындай. Бергi үй терезесiн ашып қойса, арғы үйдегi қайнаған шәйнектiң буы мына үйге келетiндей. Шәй iшiп отырып ас үйдiң терезелерiнен жағдай сұрасуға болатын сияқты. Қарт Стамбул – он жетi миллион тұрғынын бауырына басып, сыртқа сыр бермеген қалып танытады. Айтып отырғаным 1992 жылғы дәйек. Қазiр халық саны одан да өскен шығар-ау.

Қол созым жерде Жерорта теңiзi жатыр алқынып…

Қат-қабат тас үйлерге теңiздiң иiсi жеткенмен, елп еткен салқын лебi жетпейтiндей. Қала тымырсық. Үнсiз…

Күнi бойы Стамбулды араладық. Көңiлге көп нәрсе тоқыдық.

Түнгi сағат он бiрде отырған ұшағымыз Мысырдың орталығы Каирге таңғы сағат үштерде алып келдi. Таң тымырсық. Әуежай iшiне ендiк. Қолдарына шошаңдаған таяқшаларын ұстаған полиция қызметкерлерi өңештерiн жырта айқайлап, алыстан келген туристер мен қонақтарды қой қайырғандай, бiр тобын ана есiкке, екiншi тобын мына есiкке қарай лықсытып айдап жатыр.

Мынадай жабайылыққа аңырып бiраз кiдiрiп қалдық. Ала таяқтан ығып, жан-жағымызға алақтап, күтiп алуға тиiс адамды iздей бастадық. Көп күттiрмей, қоңыр костюмiне сай қоңыр өңдi, кең қолтық, дүрдiк ерiн, нән араб бiзге жақындай түстi:

– “Қазақстан, Қазақстан”.

– Бәрiмiз бiр ауыздан “Иә, иә!” деп жамырастық.

Кедендiк тiркеуден өтiп, тыста күтiп тұрған шағын автобусқа жайғасып, бiр қалыпты ырғақпен түнгi Мысырды тамашалап, қонақ үйге тұмсық тiредiк.

Көлiктегi қолжүктерiмiздi алмаққа ұмтыла бергенiмiзде жолбасшы “тимеңiздер, қалдырыңыздар” дегендi қолын сермеп, ыммен түсiндiрдi.

Қонақ үйдегi тiркеу бөлiмiне қажеттi құжаттарды өткiзiп, арнаулы бөлмемiзге енгенiмiз сол, соңымыздан қолжүктерiмiз де қуып жеттi. Күтушiлердiң әбжiлдiктерiне iштей сүйсiндiк.

Алматыдан бастау алған екi тәулiк ұйқысыздық Каирде де қалпына түскен жоқ. Қонақ үйдiң таза ағаштан өрнектелiп жасалған биiк кереуетiнде кiшкене жан шақырып, мызғып алмақ болып қисайғаным сол екен, телефон шырылынан оянып кеттiм.

Таңғы сағат сегiз. Бөлме iшi ала көлеңке. Терезенi қымтап тұрған, алтын зерлi ауыр перделердi сырғытқанымда, сүттей аппақ күн сәулесi бөлмеге құйылды да кеттi. Бұл – Мысыр таңы.

Ұмытылмас, үн ырғағы, әдемi,

Өзiне тән өрнегi мен мәнерi.

Осы екен ғой, Шығыс елi дегенiң,

Осы екен ғой, шайырлардың әлемi!

Ежелгi Египеттегi алғашқы күн басталып кеттi.

Бiз атбасын тiреген бес жұлдызды қонақ үй-1886 жылдары ағылшын мен немiс қалталыларының қаржысына салдырған “Меna hause” яғни “менiң үйiм” деген мағынаны бiлдiретiн тарихи қонақ үй болып шықты. Бұл жерде шартараптан ағылған түрлi деңгейдегi мемлекет қайраткерлерi мен өнер жұлдыздары, бай-манаптардың демалатындығын кейiнiрек бiлдiк.

Екiншi қабаттағы ресторанға көтерiлiп, ендi жайғаса бергенiмiзде, бiр әрiптесiмiздiң:

– Мынаны қараңыздар! – деген таңданысқа толы даусы бәрiмiздi нұсқаған жаққа мойын бұрғызды.

Қол созым жерде атақты пирамидалар төбесiмен көк тiреп, “сендер де жеттiңдер ме?” дегендей, бар құпиясын iшiне бүгiп үнсiз мүлгiп тұр.

Он жетi миллион халқы бар алып қаланың қантамыры мен жүрегi болған ғажайып Пирамидалардың дәл жанынан орын тепкен тамаша қонақ үйге көңiлiмiз толып, емен-жарқын таңғы шәйiмiздi iштiк.

Тәуелсiз мемлекетiмiздiң үкiметтiк деңгейде қабылданған “Мәдени мұра” бағдарламасының аясында өткiзiлiп отырған бұл сапардағы басты мақсатымыз – ежелгi Египет өңiрiнiң ертедегi және қазiргi тарихымен танысу, семинар-сабақ алу.

Бiздi күтiп алып қызмет көрсетiп жүрген жiгiт – МИД қызметкерi екен. Есiмi – Тори. Кездескен сәтте арғы тегi түрiк екендiгiн жасырмай айтты. Орыс тiлiне шорқақтығы ә дегеннен бiлiне бастады. Езуi жиылмай, не айтсақ та “да,да” деп басын шұлғи бердi.

Ендiгi күнiмiз не болады деген күдiгiмiз көп ұзамай сейiлдi. Өзiн Ахметпiн деп таныстырған әдемiше келген араб жiгiтi Каир университетiнiң орыс тiлi факультетiн бiтiрген екен. Тiлi жатық. Өзi де, сөзi де жылдам елгезек жiгiт бiздiң жолбасшымыз болатын болды.

Шәйдан соң, Каирдегi алғашқы “бiсiмiлләмiздi” Пирамидалармен танысудан бастадық. Төтесiнен жаяулап шықсақ 10-15 минутта жетiп баратын пирамидаларға арнайы бөлiнген салқын автобуспен айналма жол арқылы жарты сағатта жеттiк.

ПИРАМИДАЛАР

“Тiршiлiк уақыттан қорқады, ал уақыт пирамидадан қорқады”.

Наполеон.

Бiздiң сөздiк лексиконымызда – “музейлер”, “музейлер қалашығы”, “музейлер орталығы” деген тiркестер кездеседi. Елiмiзге әйгiлi Түркiстандағы тайқазанның “шапағаты” айналасындағы азғантай топтың нәпақасын айырса, Египет пирамидалары – бүкiл бiр мемлекеттiң ұлығы мен ұлысын асырауға мүмкiндiгi жетiп жатыр.

Көне қаланың әрбiр тасына дейiн – құндылық, құнды тарих. Ендеше Египет – Музейлер мемлекетi.

Мысырдың орталығы Каирдiң түстiк бөлiгi – әйгiлi Гиза алқабы. Жергiлiктi тұрғындар оны “өлi қала” деп атайды. Ежелгi Египет өркениетi дәл осы маңда дамыған. Көптеген тарихи ескерткiштер мен жәдiгерлер табиғат дауылының құрбаны болып, құм астында қалып қойған. Әйгiлi Пирамидалармен бiр ендiкте орналасқан атақты, арыстан бөкселi, адам басты сфинкстiң өзiн бiр кездерi құм жұтып қойыпты. Қазiр ол құм астынан аршылып алынған.

Осы аймақта үлкендi-кiшiлi 110 пирамида қоныс тепкен. Бiз өмiр сүрiп жатқан эраға дейiнгi 7-8 мың жыл бұрын қалыптасқан ежелгi Египет – географиялық тұрғыдан екi аймаққа бөлiнген. Бiрiншiсi – Нiл өзенiнiң жоғарғы жағынан Оңтүстiк Африкаға дейiн созылса, екiншi жағы – Инду өзенiне дейiнгi Месопотамия ойпаты, қазiргi Түркияға дейiнгi ендiктi алып жатыр.

Қауым басқаруды мұрагерлiк жолмен жүргiзудi қолға алған алғашқы Перғауын – Менестiң (Аха) арқасында екiге жарылған қос жағалау бiр ел болып бiрiккен. Ол көшпелi қауымды отырықшылыққа айналдырумен қатар, елдiң әлеуметтiк және технологиялық (темiрдi пайдалану) жетiстiктерге жетуiнде үлкен ұйымдастырушылық қабiлетiмен танылды.

Нiл өзенiнiң бойындағы тұңғыш Мемфис орталығын құрып, жыл сайын тасқыннан зардап шектiретiн Нiл өзенiне құрық салып, басқа арнаға бұрғызғаны жөнiнде тарихта айтылады.

Ғасырлар бойына жалғасып келе жатқан тақ мұрагерлерiнiң IV әулетi тұсында, Египеттi әлемге танытқан жетi кереметтiң бiрi – Пирамидалар салына бастайды. Хеопс, Хефрен, Микерин пирамидалары құрылысы, геометриялық дәлдiгi жөнiнен ел өркениетiн күллi әлемге әйгiлi еттi.

Сондай-ақ, әлемде теңдесi жоқ Фарос маягi, Александрия кiтапханалары, көптеген храмдар мен тас мүсiндер, биiк деңгейде дамыған ғылымның салалары – Шығыс шеберлерiнiң даңқын аспандатты. Дүниежүзiндегi ең өркениеттi ел болып танылған Шығыс өнерi ешбiр кiдiрiссiз дамып жатты.

Алып пирамидалардың iшiндегi ең биiгi – Хеопс пирамидасы. Құрылысы бiздiң ғасырға дейiнгi 2551 – 2528 жылдар аралығында көтерiлген. Биiктiгi 147 метр бұл пирамидаға шамамен әрбiрiнiң салмағы екi жарым тоннадан он үш тоннаға дейiн тартатын екi жарым миллион, қашалған қорымтас жұмсалған.

Геродоттың айтуынша, Пирамиданы салуға үш айлық ауысыммен жұмыс iстеуге 100 000 адам қатысқан. Пирамида 20 жыл iшiнде салынып бiткен. Ал арабтардың түсiндiруiнше құрылысты құлдар емес, жергiлiктi тұрғындар салған дейдi. Нiл өзенi тасығанда алты айға дейiн табаны құрғамай жатады, сол кезде тұрғындар қыратқа шығып, Пирамида құрылысымен айналысып, судың бетi қайтқан кезде, ойпатқа түсiп, егiн шаруашылығымен айналысқан. Құнарлылығы аз, сары шағылдан тұратын жер қыртыстарын, қасиеттi Нiл өзенi тасқынмен алып келген, түрлi биологиялық тыңайтқыштармен өңдеп бередi. Әрекетшiл перғауындар сол кезде өз иелiгiндегi жерлерге арық – атыздар қазып, егiндi суарудың жағдайын жасап алады екен.

Пирамидалар… Алыстан қарағанда сұлулығымен, геометриялық дәлдiгiмен мiнсiз болып көрiнгенiмен қасына бара қалсаңыз, үгiтiлiп бастапқы қалпын жоғалтып жатқан текпiшектердiң куәсi боласыз. Салынғанына төрт жарым – бес мың жылды басынан өткiзген бұл керемет жел мен суға, булы ауаға қашанғы дес берсiн. Алғашқы қалпында жылтыр әктаспен сызат қалдырмай, мүлтiксiз сыланған пирамидалар әппақ болып, көш шақырым жерден көз тартады екен. Зерттеушiлердiң айтуына қарағанда, арабтар келiп қоныстанғаннан кейiн олар құндылық iздеп пирамиданың сыртқы қалпына нұқсан келтiрген, нәтижесiнде, ашық қалған мыңдаған текпiшектерге айналғанын тiлге тиек етедi. Кiм бiледi, бұл пирамидалар кезiнде кiмдi қызықтырмаған, әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен ағылып, асыл бұйымдар мен алтын iздеген дүние қоңыздардың тiрлiгi шығар, бәлкiм!

Менiң ақын жүрегiм де, тыным таппай, мынадай өлең жолдарын жазуға мәжбүр еттi.

Секiлдi Перғауынның жылағаны,

Езiлген насыбайдай Нiл ағады.

Жел жалап, жаңбыр жеген, Пирамида,

Тұрғандай әне-мiне құлағалы!

Бiрақ та, Пирамида құламайды,

Бұлақ қып көздiң жасын бұламайды.

Замана “Нiлдей болып бұзылса” да,

Қол жайып, елден қайыр сұрамайды!

Көрiп пе ең, тас жүректiң жылағанын,

Көрiп пе ең, дүмi мықты құлағанын?

Бiледi, Пирамида, әр тасының,

Салмағы төрт тоннаны құрағанын!

Алғашқы өркендеудiң қасқалдағы,

Жұлдыздар құйылатын аспандағы.

Биiкке көтердi оны миллион тас-

Миллионнан тұрады, баспалдағы!

Нұр болып күн сәулесi шашыраған,

Қарайды,төзiмменен ғасыр оған.

Жетiншi кереметi бұл әлемнiң

Ұлысын Египеттiң асыраған!

Таңдантып, оның қалай салынғанын,

Сандалтты бар әлемнiң ғалымдарын…

Алланың құдiретi шексiздiгiн,

Өзiңнен, Пирамида, қабылдадым!

Менiң бұлай айтып отырғаным, Пирамида тасының бiркелкi еместiгi. Бұл пирамидалардың әлi де сан ғасырдың куәгерi болатынына сенгiм келедi.

АЛЕКСАНДРИЯ НЕМЕСЕ “ОСЫ ЖҰРТ ЕСКЕНДIРДI БIЛЕ МЕ ЕКЕН?”

Бiздiң Каирдегi бiлiм жетiлдiру институтында алған бiлiмiмiз семинар-практикамен сабақтасып жатты.

Ендiгi сапарымыз, өзiмiз көп естiген тарихи мекен, аты шулы – Александрия қаласы. Мысырдың қиыр солтүстiгiндегi Мариут өзенiнен Жерорта теңiзiн бөлiп тұратын торапқа орналасқан, Александрия орталықтан 256 шақырым жерде.

Таңғы сағат бесте жолға жиналдық. Шолпан жұлдызы жарығын молынан төгiп, “ақ жол” тiлегендей.

Бiздiң ғасырымызға дейiнгi 331- 332 жылдары Македонияның ұлы қолбасшысы – Александр салдырған бұл қала – түбiнде Египеттiң орталығы болады деген мақсатты көздеген деседi. Шығыс пен Батысты тоқайластыратын үлкен порт салып, сауда-саттық бизнесiнiң шоғырланған орталығына айналдыруды қиялдаса, тағдыр оған оның алғашқы құрылысын көрудi де жазбапты. Болашақ қаланың жоба-жоспарларын, мақсат-мүдделерiн қоластындағы орындаушыларына мұқият табыстап, өзi Азия елдерiн жаулауға аттанады. Өкiнiшке орай ұлы қолбасшы 33 жасында қаза табады. Оның мүрдесi – өзiнiң атындағы қаладағы қорымға бальзамдалып, перғауындардың салт-дәстүрi бойынша жерленедi.

Жер жүзiндегi Римнен кейiнгi космополиттi iрi мегаполиске айналдыру арманына жетпеген жоспарларын жүзеге асыруды сол жердегi генералдарының бiрi қолына алып, әрi қарай жалғастырады. Александрдiң мұрагерi ретiнде, өзiн сол мемлекеттiң ендiгi билеушiсi екендiгiн жариялайды. Осылайша гректердiң Египеттi билеп – төстеуi 300 жылға жалғасады. Грек өкiлдерiнiң мұрагерлiк билiгi патшайым – Клеопатраның 36 жасында қайтыс болуымен аяқталады.

Грек-египет мәдениетi тоғысқан бұл қала – нағыз өркениеттi мәдениет орталығы болып қалыптасады. Ғылым мен бiлiм ордасына айналады. Геометриялық iлiмнiң классикалық үлгiсiн жасаған Евклидтiң, астроном – Аристархтың, географиялық картографияның авторы – Эратостеннiң, медицинада жүйкелiк және қан айналымының жүйелiлiгi жөнiнде жаңалық ашқан – Эрофильдердiң тарихи отанына айналған Шығыс мемлекетiнiң жұлдызы барған cайын жарқырай түстi.

Тарихтағы антикалық ғасырдың бет ажарына айналған – Александр Македонскийдiң кесенесi мен Юлий Цезарь, Марк Антониомен өткiзген шат-шадыман, той-думанға куә болған Клеопатрианың салтанатты патша сарайы билiк басына Рим императоры Октавиан Августiң келуiне байланысты жермен-жексен болды.

Тарихтың таңбалы қасiретiне ұшыраған көнекөз жәдiгерден – Помпейдiң әйбат архитектуралық колонналарының жұрнағы, Клеопатрияның тапсырмасымен салынған Кайзереум храмы мен әулие Серапистiң ғибадатханасы вандалдар әрекетiнен аман қалыпты.

Иә, тарих көшi керуенiн тоқтатпақ емес. Өзiн тойдырса да, көзiн тойдыра алмаған бұл жалған – жер бетiн түгел жаулап, дүниенi ашса – алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келген, “Хандардың ханы, патшалардың патшасы атанған” Александр Македонскийден де қалды.

Арабтар Александрия қаласын “Эль- Искандер” деп атайды. Бұл қаладағы атақты Фарос маягi мен Александрия кiтапханасын жұрт ұмыта қойған жоқ.

Әлемнiң жетi кереметiнiң бiрi – Фарос маягi, аты айтып тұрғандай Фарос аралында, бiздiң ғасырымызға дейiнгi 285-286 жылдары салынған. Үш қабаттан тұратын Маяктiң бiрiншi қабаты төрт бұрышты болса, екiншi қабаты сегiз қырлы, ал үшiншi қабаты дөңгелек болып салынған. Бiрнеше шақырымнан теңiзшiлерге белгi берiп тұратын бұл маяктiң айналы механизмiн құрастыруда Архимедтiң атқарған ролi зор болған.

Ақ мәрмәрдан салынған биiктiгi жүз қырық метрлiк Фарос маягi ХIV ғасырда болған жер сiлкiнуi апатында теңiз түбiне кеткен.

Ал миллионнан астам қолжазбалар сақталған император кiтапханасы қилы-қилы қиындықтарды бастан кешсе де, бүгiнгi таңда бойын тiктеп, тарих желiсiнде көш бастап тұр.

Кiтапханада бүгiнде бес жүз мыңға тарта әлемдегi ең таңдамалы кiтаптар орын алған. Құран кiтабының әртүрлi нұсқасы – терiден бастап, папирусқа түсiрiлген түп нұсқаларын осы жерден кездестiруге болады. Ғылымның, мәдениеттiң түп қазығы болып саналатын кiтапхана дәуiрдiң өзгеруiне байланысты жаңа технологиялық жолға көшкен. Теңiз жағалауына жапсарлата салынған бұл алып кiтапхананың төбесi түгелдей дерлiк терезелерден құралған. Сондықтан iшi кең, хан сарайындай жарық.

Кiтапхана музейiндегi барлық кiтаптар компьютерге ендiрiлiп, интернет жүйесiне қосылған.

Ханбибi ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ

(Жалғасы келесi санда)