ОЙ МЕН IСТIҢ АДАМЫ

ОЙ МЕН IСТIҢ АДАМЫ

ОЙ МЕН IСТIҢ АДАМЫ
ашық дереккөзі

Белгiлi қоғам қайраткерi, философ, ғалым Әбдеш Қалмырзаев хақында

Адамзат жайлы ең әдiл баға беретiн — тарих, уақыт. Тарих ерте ме, кеш пе әркiмдi өз орнына қояды. Кез келген дәуiрдiң ерекшелiгi де, мәнi де жеке тұлғалар арқылы анықталады. Әркiм өз кезiндегi қоғамға, оның идеясына, қоғамдағы үстем саясатқа қызмет етедi. Бiз де солай болдық. Бiздiң замандастарымыз өз заманының перзенттерi болды. Солардың бiрi — Әбдеш Сәрсенұлы Қалмырзаев. Ол екi дәуiр мiндетiн де абыроймен атқарған азамат. Ол кәсiпқой журналист, ғылым төресi атанған философия iлiмiн игерген белгiлi ғалым. Ендi тәуелсiздiк алдық, ел тiзгiнi өз қолымызға тидi, демократия, сөз бостандығы кеңiнен өрiс алуда. Әбдеш тәуелсiздiк жаршыларының, тәуелсiздiк идеологтарының бiрi. Әйтеке би “Жақсыны ұлықтай бiлу, жайсаңды қызықтай бiлу — ақылдың iсi” деген екен. Бiз де ретi келгенде Әбдеш жайлы ой бөлiсудi жөн көрдiк

Өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдары белгiлi журналист, қаламгерлер Шериаздан Елеукенов, Камал Смайылов, Сапар Байжанов, Кәкiмжан Қазыбаев, Әбдеш Қалмырзаев және мен Орталық партия комитетiнiң аппаратында насихат және үгiт бөлiмiнде меңгерушiнiң қызметiн атқардық. Коммунистiк, тоталитарлық идеология мен қызыл цензура үстемдiк құрған кезеңде, сол идеологияның насихатшысы болдық.

Арамыздағы жасы кiшiмiз Әбдеш едi. Орта бойлы, бұйра шашты, аққұба, ажарлы жiгiт болатын. Кейiн Кәкiмжан Орталық Комитетке хатшы, Шериаздан мен Камал министр дәрежесiне жоғарылатылды, Сапар “Социалистiк Қазақстан” газетiне редактор, Әбдеш Көкшетау облыстық, ал мен Қызылорда облыстық партия комитетiне хатшы болып ауыстық.

Әбдеш кейiн жоғары партия мектебiн, республикалық “Мысль” журналын басқарды. Ғылым жолына түсiп, өзi өмiр сүрген заманы мен қоғамын жете зерттеудiң нәтижесiнде философия ғылымдарының докторы, профессор дәрежесiне жеттi. Қазiр ғалым, белгiлi қоғам қайраткерi, көрнектi публицист. Шаршап-шалдықпай, асығып-аптықпай ғылымға да, қоғамға да өнiмдi еңбек етiп, үлес қосып, көптiң көз алдында абыроймен жүрген iнiмiз. Өмiрлiк позициясы айқын да берiк жанға қашан да ықылас пен құрмет аз болмайды ғой. Ол талай толағай тұлғалармен кездесiп, өмiр талқысынан сабақта алған, ретiн тауып кейбiреулерге қолұшын да бере бiлген жiгiт.

Қазақ “дау қума, ой қу” дейдi. Ой байлығы, ойлы сөз, ойлы пiкiр әркез керек. Жұртшылық ғалымнан, ақын-жазушыдан, билiктен жүйелi сөз, қисынды ой күтедi. Ой тұңғиық, түпсiз — бойлай алмайсың. Аз сөзге көп ой сыйғызу қиын. Аталы сөз жазылмаған заң десiп, ақылды, ойлы сөзге құлақ асады. Ақыл айту бар, оған құлақ асу бар. Ойлай берсе — ой түпсiз, жүре берсе — жер шексiз. Белгiлi қайраткер, жазушы Жәрдем Кейкiннiң мына жолдары еске түседi:

Көз шеберлiгi — сыншылдық,

Сөз шеберлiгi — шешендiк.

Қол шеберлiгi — iсмерлiк,

Ой шеберлiгi — даналық.

Менiң айтайын дегенiм, Әбдеш — ойдың адамы. Азаттық, тәуелсiздiк деген, ең алдымен, ой еркiндiгi. Әбдештiң көсемсөздерi заман талабын дәлелдеп ұғындыруға, егемендiктi баянды етуге бағытталған. Ол заман сырын жүрегiмен сезiнiп ұнамсыздықтың, келеңсiздiктiң “неге осылай” екенiне көз жiбередi.

Адамды заман тудырып, дәуiрi тәрбиелейдi, өсiредi. Адамға сол заман, дәуiр талаптары дәрежесiндегi интеллект керек. Әбдеште бұл қасиет жеткiлiктi. Мен өмiр жолын баяндап, жазған еңбектерiн талдап жатпаймын. Саясаттанушы (политолог), публицист-жазушы Әбдеш Қалмырзаевтың еңбектерi ойлана отырып оқитын дүниелер. Екi кiтабын ғана атап өтетiн болсам, “Бiз, қазақ, ежелден еркiндiк аңсаған” және “Заман және бiз” атты публицистикалық ой-толғауларында Қазақстанның егемендi ел болуы, демократияның, тәуелсiздiктiң жасампаз iстерi, заман мен адамдардың ара-қатынасы, рухани болмысы, олардың iс-қимыл, мiнез-құлықтары сөз болады.

Әбдеш көтеретiн проблемалар саналуан. Олар өмiршең, терең, әрi ойға қонымды, жатық келедi. Мен Әбдеш дайындап ұсынған, газет-журнал беттерiнде жарияланған бiр еңбегiн атап өткiм келедi. Ол “Жаһандану және ұлт мәселесi” (“Егемен Қазақстан”, 28 мамыр, 2008 жыл) атты мақала. Автор “Соңғы жылдары ұлт мәселесi деген тiркестi аз қолданатын болдық. Сонда бұл ұлт мәселесi бүтiндей шешiлдi деген сөз бе?” деген сұрақ қояды. Бұл үлкен теориялық әрi өмiрлiк мәселе.

Бұдан әрi автор ұлт мәселесiнiң бүгiнi мен ертеңiне болжам жасайды. Ұлт — тарихи құбылыс. Ол адамзаттың өркендеуiнiң белгiлi кезеңiнiң жемiсi. Ұлт феноменi — өзгерiске тез көнбейдi, консервативтiк құбылыс. Ұлт саясаты – мемлекет саясатының күрделi әрi маңызды құрамдас бөлiгi. Ұлт саясаты бiз үшiн тәуелсiздiктi баянды етудiң басты кепiлi. Әзiрше бiз бiртұтас қазақстандық ұлтты емес, бiртұтас Қазақстан халқын қалыптастыруды алға мақсат етiп қоюымыз керек.

Әбдеш ұлт және демократия, ұлт және ұлттық идея мәселелерiн де орынды қозғайды. Демократия мен ұлт бiр деңгейдегi ұғым емес. Демократия автоматты түрде ұлт мәселесiн шеше алмайды. Қоғамда ұлт мәселесi толық шешiлмейiнше, демократия түпкiлiктi салтанат құра алмайды. Қысқасы, ұлт мәселесi, дәлiрек айтқанда қазақ мәселесi шешiлмей тұрғанда, Қазақстанда толыққанды демократия да қалыптаспайды. Ұлт даму үшiн оның ұлттық идеясы болуға тиiс. Өйткенi ол үздiксiз даму үстiнде болады. Әр халық әртүрлi кезеңде белгiлi бiр ұранды өзiне бағыт-бағдар етiп ұстанады. Соны жүзеге асыруға бүкiл ұлт болып жұмылады. Мақсатына да жетедi.

Қазақ тiлiнiң түсiндiрме сөздiгiнде “Зиялы, iзеттi, әдептi, сыпайы, оқыған, сауатты азамат, интеллигент” делiнген. Бұлар өмiрдiң барлық салаларын дамытуда ерен еңбек еткен жандар. Қалың бұқараға сөзiмен, iсiмен үлгi болар адамдар. Зиялылық дүниетаным кеңдiгiмен, көрегендiгiмен қоғамның кемелденуiне, терiс қадамды түзетуге әсер етер дуалы ауызды ересен күш. Мен Әбдештi осындай зиялылар қатарынан көремiн. Өйткенi ол өз позициясы, өз ойы, айналаға өз көзқарасы бар азамат. Ол еш топта жоқ, келеңсiздiкке көзжұмбайлық жасамайды, зиялы сөзiнiң қадiрiн бiледi. Бiр бiлiмдар айтқандай “зиялылықтың түп тамыры имандылық, тұғыры — ұлттық сана, тiрегi — адамшылық қасиеттерi”.

Әбдеш бүгiн өмiрден бiлгенi мен түйгенi көп, көргенi мол, жаны да, тәнi де таза замандастарымыздың бiрi. Ол ұлтына ұл бола бiлген, ел құрметiне ие болған абзал адамдардың санатынан. Оның саналы өмiрi жақсыға жақын жүрумен, жақсылыққа жақын жүрумен өтiп келедi, жақсыны көре бiледi, артық сөзге бармайды, бiреуге қиянат жасағанын естiмедiк. Барынша кiшiпейiл, барға қанағатшыл, мейiрiмi мол, өмiрде бiрқалыпты. Арнайы бөлiп айтатыным, Әбдеш кейiнгi кезде өндiре ой толғап, өнiмдi пiкiр айтып, өмiр болмысын таразылап жүрген белсендi философтардың бiрi ғана емес бiрегейi дер едiм. Ол үнемi ел өмiрiне араласып, айналадағы құбылыстарға философиялық ой түйiндей бiледi. Азаматтық ұстанымы айқын, ұлтжанды қайраткер.

Дәуiрхан АЙДАРОВ