Қазақбай ҚАСЫМОВ: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КYРЕСТI КYШЕЙТУ — ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТЫ НЫҒАЙТУДЫҢ СЕНIМДI ЖОЛЫ

Қазақбай ҚАСЫМОВ: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КYРЕСТI КYШЕЙТУ — ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТЫ НЫҒАЙТУДЫҢ СЕНIМДI ЖОЛЫ

Қазақбай ҚАСЫМОВ: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН  КYРЕСТI КYШЕЙТУ — ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТЫ НЫҒАЙТУДЫҢ СЕНIМДI ЖОЛЫ
ашық дереккөзі

Қазақстан байтақ өлке оны мекендеген халықтың да құшағы кең, әрi ыстық. Жүз отыз ұлт өкiлiнiң бiр адамның баласындай тату-тәттi өмiр сүрiп келе жатқандығы бұл сөзiмiзге айғақ. Бiз қазақ халқының мұндай мейiрбандығын, қонақжайлылығын кең пейiлдiлiгiн үнемi мақтан етiп келемiз. Осыншама ұлт пен ұлыстың өкiлi бiрге тұрып, бiрге жасап, бiр мақсатқа жұмылып өмiр сүрiп келе жатқандығы Елбасымыздың дана саясатының нәтижесi болса керек. Алматының өзiнде ғана 30-дан астам түрлi ұлттардың мәдени орталықтары бар. Олар Қазақстан халқы ассамблеясының үлкен шаңырағы астына топтасқан. Елiмiздегi әрбiр игi шараларға мұрындық болып отыр. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып келедi.

Алматы қаласындағы “Түркия” қоғамының төрағасы”, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесi, “Нұр Отан” партиясының мүшесi, халықаралық “Қазақ тiлi” қоғамының мүшесi, Ресей Федерациясы Президентiнiң жанындағы геральдикалық кеңесiнiң “Признание” орденiнiң иегерi, Ресейдегi Санкт-Петербург Халықаралық тереңдетiп оқыту университетiнiң қауiпсiздiк саласы бойынша Философия ғылым докторы, “Нұр Отан” ХДП Алматы қаласындағы Медеу аудандық филиалының сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнiндегi қоғамдық кеңесiнiң төрағасы Қазақбай Таштемiрұлы ҚАСЫМОВ мырзаны әңгiмеге тартып, ұлттар достығын нығайту мен сыбайлас жемқорлықпен күрестiң пәрмендiлiгiн арттыру жөнiнде ой бөлiскен едiк. Сараптал саясаткер, ұлтаралық қатынастың тәжiрибелi маманы бұл тұрғыдағы ой-пiкiрiн былайша бiлдiрдi:

— Ұлтаралық қатынастың жақсы жолға қойылуы, халықтар достығының нығаюы, әсiресе, бiздiң Қазақстан сияқты көп ұлттың өкiлi тұратын, демократиялық жолмен дамып келе жатқан республика үшiн өте қажет. Бұл бағытта елiмiз егемендiк алғалы қыруар шаруалар жүзеге асты және асырыла бермекшi. Солардың ең негiзгiсi Қазақстан халқы ассамблеясының құрылуы. Ассамбляның негiзгi бағыты елiмiздiң тарихына терең үңiлiп, ұлттық дәстүр мен мәдениеттi, ана тiлiмiздi сақтау және дамыту және ұлтаралық ынтымақтастық пен сабақтастықты мейлiнше өркендету. Осы орайда Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегi ұшан-теңiз екенiн айтуымыз керек. “2030 Бағдарламасын” жасап әр ұлт өкiлдерiнiң мiндеттерiн айқындап бердi. Ассамблея ұлттар достығының алтын көпiрiне айналып отыр.

Мен жетекшiлiк ететiн Алматы қаласындағы “Түркия” қоғамы жоғарыдағы бағдарламадан туындайтын мiндеттердi жүзеге асырып келедi. Бұл сияқты қоғам мен мәдени орталықтар Алматының өзiнде отыздың үстiнде. Байтақ Қазақстанның әрбiр облыстарында ашылған. Олардың мiндеттерi өз ұлтының тiлiн, мәдениет, тарихын, әдебиетiн, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрiн жаңғырту, кейiнгi жастарға үйрету сол арқылы қалпына келтiру. Мұндай еркiндiк Қазақстаннан басқа қай елде жасалды. Бұл нағыз шынайы демократияның, Елбасымыздың өз мемлекетiнде тұратын ұлттар мен ұлыстардың өкiлдерiн құрметтегенiнiң нәтижесi.

Соңғы жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесi бұрынғыдан да жоғарылады. Қазақстанның ең жоғарғы Заң шығарушы органы Парламентке депутаттар сайлау құқығына ие болды. Ассамблеяның ұсынуымен және оның мүшелерiнiң дауыс беруiмен тоғыз депутат Ассамблеядан сайланады. Бұл елiмiздiң Негiзгi Заңы — Конституция берген мүмкiндiк.

Бiздiң қоғам Қазақстандағы Ахыска түрiктерiнiң диоспорасы болып табылады. Еркiндiк бiздiң диоспораға да берiлiп отыр. Әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрiмiздi және тарихымызды дамытуға, зерттеуге толық мүмкiндiк жасалған. Жексенбiлiк мектептер ашып, ана тiлiмiздi оқытып жүрмiз. Ең бастысы осы мектептердегi оқу мемлекет тарапынан қаржыландырылған. Осы орайда айта кетейiн, бiздер, Қазақстанда мекендеген өзге ұлт өкiлдерi қазақтың тiлiн мiндеттi түрде бiлуiмiз керек. Ол мiндет қана емес, тарихи парыз да. Мен бұл туралы үнемi айтып та, жазып та жүрмiн. Халықаралық “Қазақ тiлi” қоғамының мүшесiмiн. Қиын-қыстау шақтарда басымызға пана болған, халқымызға сая болған қазақ халқының тiлiн бiлу оған деген шексiз құрметiмiздiң бiр белгiсi болса керек. Отбасымда қазақтың ұлттық тағамдарын пайдаланамын. Жан-жарым молдаван қызы Валентина қазақ тағамдарына әбден машықтанған. Үйге қонақ келсе де, жеке өзiмiз болсақ та қазы-қартасын ортаға қойып, қазақтың дастарханын жайып тастайды. Қазақ халқына деген бұл да бiр құрмет емес пе? Менiң есiмiмдi Қазақбай деп қойғанда ата-атанмның көңiлiнде де осы халыққа деген бiр мейрiмдiлiк тұрған болуы керек.

Ендi сыбайлас жемқорлыққа қатысты өзiм басқаратын қоғамдық кеңестiң атқарып жатқан жұмыстарына тоқталайын. Сыбайлас жемқорлықпен күрес Елбасының алға қойған негiзгi және маңызды мiндеттерiнiң бiрi. Аудандық сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнiндегi кеңес 2008 жылдың 15 ақпанында “Нұр Отан” ХДП Медеу аудандық филиалының саяси кеңес бюросының шешiмi бойынша бекiтiлдi. Кеңестiң негiзгi мiндетi — азаматтардың шағым-тiлектерi бойынша жұмыс жүргiзу. Олардың өз құқықтарын бiлуiне және пайдалануына жәрдемдесу. Партияның жергiлiктi халықпен байланысын нығайту. Тұрғындардың арыз-шағымдарын зерттеу, зерделеу және жүйелеу негiзiнде күрмеуi қиын мәселелердiң пайда болу себептерiн анықтап, заң бойынша олардың оң шешiмiн табуға ықпал жасау. Бiз осы талаптар үдесiнен шығуды алдымызға меже етiп қойдық.

“Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының Алматы қалалық филиалы мен Медеу аудандық филиалы бұл тұрғыда бiрқатар игi шараларды жүзеге асырып келедi. Бiр мысал келтiрейiн. “Нұр Отан” ХДП Медеу аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнiндегi қоғамдық кеңесiне Қонаев көшесi 98-шi үйдiң тұрғындарынан “Стар нелз” тырнақ студиясының антисанитарлық жағдайы жөнiнде ұжымдық шағым келiп түстi. Бiз оны комиссияның отырысында арнайы қарадық. Мәжiлiске “Нұр Отан” ХДП Медеу аудандық филиалы Төрағасының бiрiншi орынбасары А. Нұғманов, филиалдың сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнiндегi қоғамдық кеңестiң мүшелерi О.Бейсенбаев, М.Көшiмбай, Медеу ауданы прокурорының орынбасары А.Әлiбеков және Медеу аудандық санитарлық iндет бақылау басқармасының бастығы В.Меркер қатысты. Мәжiлiсте санитарлық iндет басқармасының атына орынды сындар айтылды. Ауданның санитарлық жағдайының жәй-күйi сөз болды. №2 перзентхананың санитарлық жағдайының талап-дәрежесiнде емес екендiгi, мұнда ем қабылдаушылардың қажеттi гигиениалық құрал-жабдықтарды өз ақшаларына сатып алатындығы айтылды. В. Меркер мырза айтылған сындардан тиiстi қорытынды шығаруға уәде бердi. Қажеттi гигиеналық жабдықтарды басқарма қаржысына сатып алатындығын бұл туралы кеңестiң келесi отырысында хабардар ететiнiн айтты. Кеңес мәжiлiсi қараған мәселелер бойынша тиiстi қарар қабылдады. Аудандық кеңестiң мұндай мәжiлiстерi жиi өткiзiлiп тұрады. Онда қаралған мәселелер тиiстi шешiмiн тауып, не болмаса тiкелей жауапты орындарға жiберiлiп жатады. Өткен жылы қоғамдық кеңеске аудан тұрғындарынан 75 арыз-шағым түстi. Таратып айтатын болсақ, олардың 16-сы жер телiмдерiн заңдастыруға, екеуi электр қуатымен қамтамасыз ету қызметiнiң нашарлығына байланысты болды. Үш арызданушы телефон байланысы қызметiнiң өз дәрежесiнде еместiгiн, сапасының нашарлығын, оған “Алматытелеком” тарапынан ешқандай шара қолданылмай отырғандығын жазды. Сол сияқты үш арызданушы “Альянс Банк”-тiң несие беру iсiндегi кемшiлiктi, 58 шағымданушы сот органдарының шешiмдерiне келiспейтiндiктерiн жазған. Келiп түскен арыз-шағымдар қоғамдық кеңестiң отырысында арнайы қаралып, бақылауға алынып, әрқайсысына дер кезiнде жауап берiлiп отырылды. Аудан көлемiндегi сыбайлас жемқорлықтың, халыққа әлеуметтiк, байланыс және тұрмыстық қызметтiң оң дәрежеде өрiс алуына қоғамдық кеңестiң атқарған жұмыстары өз әсерiн тигiзiп отырды. Әсiресе, орта және шағын бизнеске, тұрғын үй коммуналдық қызметтiң жақсаруына және балаларды балалар бақшаларына орналастыруда аудан тұрғындары кеңес жұмысына ризашылығын бiлдiрiп жатты.

Қазiргi таңда аудан аумағында 16 401 орта және шағын кәсiпорын тiркелген. Олардың 10297-сi халыққа қызмет көрсетумен, 9903-i шағын бизнеспен айналысады. 293-i орта кәсiпорындар. Кеңес салық төлеушi кәсiпкерлердiң құқықтарын қорғауға ерекше көңiл бөлiп отыр. Өз қызметi аясында сыбайлас жемқорлық бойынша құқық қорғау органдарымен (сот, прокуратура, iшкi iстер басқармасы), аудандық шағын және орта кәсiпкерлiк қауымдастығымен ақпарат алмасып, бiрлесе жұмыс жүргiзуде. Жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың шағымдарына, ауызша өтiнiштерiне кеңес берiп, тiл жәрдемiн тигiзiп жүр. Сонымен қатар оларды елiмiздiң заңнамаларымен хабардар ету мақсатында жиi-жиi жиналыстар өткiзiп отыруды да үрдiске айналдырдық.

Айына екi рет аудан прокуротурасымен бiрлесе отырып, сыбайлас жемқорлық мәселесiне қатысты қоғамдық қабылдау ұйымдастырамыз. Қоғамдық қабылдау тазалық iндет бақылау, мал дәрiгерлiк қызмет, аудандық iшкi iстер басқармасы, экологиялық инспекция және басқа да мүдделi мекемелермен де бiрлесе жүргiзiлiп отыр. Қабылдаудың ретi, тәртiбi жазылып, iлiнiп қойылған.

Сыбайлас жемқорлық бүгiнгi таңдағы қоғамымызды жегi құрттай жеп отырған iндеттiң бiр түрi. Сондықтан да оған қарсы күрестi батыл да ымырасыз жүргiзу қажеттiлiгiн Елбасымыз әр сөзiнде шегелеп айтып келедi. Лауазымды тұлғалар арасында жең ұшынан жалғасып, пара беру құбылысы орта және жоғары оқу орындарында, денсаулық сақтау саласында, лицензия беру мен жер ресурстарын бөлу кезiнде көптеп кездеседi. Қоғамдық кеңес парақорлықпен күрестiң әдiс-тәсiлдерiн талмай iздену үстiнде. Құқық бұзғандығы үшiн қызметтен босатылған лауазымды тұлғаларды қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Себебi олардың кез-келген уақытта жауапкершiлiктен жалтаруы мүмкiн немесе қылмыстың басқа түрiне ауыса салуы ықтимал. Жоғарыда сөз еткен қоғамдық қабылдау мүшелерiмен яғни, құқықтық мекемелермен бiрлесе жұмыс жүргiзгенде осы мәселеге ерекше мән берiп отырмыз.

Жасыратыны жоқ тұрғындардың көбiсi елiмiздiң заңнамаларынан бейхабар, тiптi өздерiнiң мiндеттерiн, құқығын да бiле бермейдi. Соның салдарынан алданып қалып жатады. Кейбiр сыбайлас жемқорлықтың дәмiн татқан алаяқтар “бармақ басты, көз қысты” тәсiлдерiмен тұрғындарды оп-оңай түсiредi. Сондықтан да бiз, яғни қоғамдық кеңес халықтың алдына жиi шығып, оларға заңдылықтарды өз құқықтарын үйретудi қолға алып отырмыз. Бұл орайда аудандық құқық қорғау органдарының қолғабыс жасап, өз көмектерiн аямай отырғандарын айта кеткен абзал.

С.Абдикаримова

Алматы қаласы