ҚИҚЫ-ЖИҚЫ КӨШЕЛЕР, НОМЕРСIЗ ҮЙЛЕР

ҚИҚЫ-ЖИҚЫ КӨШЕЛЕР, НОМЕРСIЗ ҮЙЛЕР

ҚИҚЫ-ЖИҚЫ КӨШЕЛЕР, НОМЕРСIЗ ҮЙЛЕР
ашық дереккөзі
301

Ежелден-ақ зәулiм шаһарлар сап түзей салынған сарайларымен, гүлзар бақтарымен және базарларымен көз тартатын. Шалғайдағы халыққа жұмақтай елестеп, бiр көруге көңiлi ауатын. Қазiргi қалалардың бiз елестететiн шаһарлардан еш кемдiгi жоқ.

Айырмашылығы осы көшелердегi үйлердiң реттiк номерi мекенжай көрсетудегi ең маңыздылығы. Менiңше, қазiргiнiң қалалары қатар-қатар тiзiлген көшелер ретiмен сәндi. Әсiресе, Алматының орталық көшелерi. Мұнда жол жиегiне дейiн сүйкiмдi. Құдды Париждiң Лувр ауданы. Ол жақта көше номерлерiн ажырату оңай: Лувр ауданынан басталып, сағат тiлiне спиральдi ретпен орналасқан. Ал Алматыда ше? Бiздiң қалада түсiнiктi болу үшiн қала қолданысында “жоғарғы жақ” және “төменгi жақ” деген ұғым бар. Ал көше номерлерi шығыстан батысқа, төменнен жоғарыға қарай қойылады. Бiрақ мәселе мұнда емес. Әңгiме ауаны басқада, көше бойындағы ғимараттарға түгелдей номер қойылмаған. Қиын емес қой, шығыстан батысқа қарай номерлердi таға бер. Қаланың жоғарғы бөлiгiнде бiршама адаспайсың. Ал қаланың төменгi бөлiгiндегi үйлердiң орналасу ретi мүлдем басқа. Көше мәдениетi мен тәртiбi ретке келтiрiлмеген. Кейбiр тұста тротуар да үзiлiп қалады. Үйлер қиқы-жиқы, бiрiне-бiрi жапсарлас орналасқан. Дәл осы аймақтағы лашықтар қаладағы ең арзан жалдамалы баспана. Қай көшенi айтып отырғанымызды iштей бiлген боларсыздар. Бұл — Т.Рысқұлов көшесi. Елеулi ер есiмiне берiлген көшенiң атына кiр келтiрер жайттар көп. Әлi күнге дейiн бұл көшенiң бойын жұмыс iздеген ер балалар сағалап жүр. Көше бойы құрылыс тауарларын сататын жайма базарға айналғалы қашан?! Осы көшеде тұрғын үйлерге қарағанда қоймалар көп пе деймiн… Бiр жолы шаруаларыммен Рысқұлов №26 деген мекенжайға баруым керек болды. Қандай көшемен қиылысар тұсын сұрап алсам да, түске дейiн таба алмай дал болдым. Неге дейсiздер ғой? Көшенiң осы қатарындағы бiрде-бiр ғимарат номерленбеген. Өткен-кеткеннен сұраймын, өзiмше есептеген болам, әбден әбiгерге түстiм. Бiрақ мәселе мұнда емес қой. Iрi орталық болғандықтан Алматыда көше тәртiбi мен ретi болуы керек емес пе? Бұл тек осы көшеге ғана тән жағдай емес. Жалпы Алматы қаласындағы шет аймақтарда үйлерге номер салынбаған. Аудан әкiмдерiнiң құлағына алтын сырға. Шетелдiк туристер тұрмақ, жергiлiктi халық адаспас үшiн көше бойын жағалай номерлеп қояйықшы. Осыдан бiрнеше жыл бұрын көше аттарын ауыстырғанда, номерлеуде бiрге жүргiзiлген едi. Алайда, номер қоюшылардың қолы тағы да төмен жаққа жетпей қалды.

Әлемнiң көшбасшы елдерiнiң қалалық көше мәдениетi өте жақсы дамыған. Мұны Еуропаға барып қайтқан достарым да растап бердi. Батыс мәдениетiмен таныс болған Ерiк есiмдi досымның айтуынша Лондонда адасу тiптен мүмкiн емес. Көшенiң жоғары жағындағы тақтайшаларда кез келген мекенжай, көше атаулары мен қиылыстары, номерлерi түгел-түгел ап-анық жазылып тұрады. Алматы — қаржы орталығы. Алматы — iрi мегаполис. Айта берсең, даңқы дардай. Бiрақ Алматыны көруге келген адам Көктөбе мен Медеуден төменге түскiсi келмей қала ма деп қорқам…

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары