Қаһарлы қағандар өлімінің ұқсастықтары

Қаһарлы қағандар өлімінің ұқсастықтары

Қаһарлы қағандар өлімінің ұқсастықтары
ашық дереккөзі
742

Тарих бетінде өзіндік ізін қалдырған, елі мен жері үшін қасық қаны қалғанша аянбай күресіп, туған елінің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруын басты мұрат тұтқан қайраткерлердің ерен еңбектері келер ұрпақ жадында мәңгілікке жатталмақ. Білге Бұдын, Атилла, Шыңғыс хан тәрізді ел билеушілері туралы бізге жеткен мәліметтерді қарай отырып, олардың жеке және жауынгерлік ғұмырында өзара, өзіне дейінгі және өздерінен кейінгі ел билеген, қол бастаған қайраткерлермен өзара ұқсастықтарының бар екендігіне көз жеткіздік. Бұл олардың көрегендіктерін, көсем де шешен, батыр да батыл тұлғаларын аша түседі. Қайраткерлер ғұмырындағы типологиялық  ұқсастықты екі топқа жіктеуге болады.

Біріншісі, тарихи шығармалар мен аңыз-әңгімелердегі, зерттеу еңбектер зерделеуіндегі, әр жылдарда сақталған жазба мәліметтер негізінде  көрініс берген ұқсастықтар;

Екіншісі, әдеби, көркем шығармалардағы белгілі қайраткерлер бейнесінің берілуіндегі ұқсастықтар.

Әсіресе ғұн империясының билеушілері болған Білге Бұдын Тәңірқұт, Атилла және Шыңғыс хан бейнелері ерекше қызғушылық туғызатыны заңды. Аталмыш тұлғалардың өмірі мен ел басқару өнерінде көңіл аударарлық ұқсастықтар жетіп артылады. Зерттеушілер еңбектері мен сақталған аңыз-әңгімелер, мәліметтер негізіне сүйенсек, олардың үшеуі де өз кезінде ғұн империясының ерекше қанат жаюына үлес қосқан ел   билеушілері. Үшеуінің де туған жылдары белгісіз, ал қайтыс болған жылдары белгілі. Атилла тәрізді Шыңғысхан да әкесінен ерте айырылады. Атилла билік басына 40 жас шамасында келсе, Шыңғыс хан 41 жасында моңғол халқын билеп, 45 жасында Ұлы хан дәрежесіне жетеді. Атилла шамамен 62 жыл өмір сүрсе, Шыңғысхан 66 жасқа жеткен. Екеуінің де ұланғайыр атырапқа билік еткені мәлім.

Қаһарлы қағандардың жеке өміріндегі ұқсастықтың бірі – олардың өлімі мен жерленуіне байланысты. Мәселен, Атилла туралы аңыздың бірінде: «Ол үш табытқа бөленді, біріншісі алтыннан, екіншісі күмістен, үшіншісі берік темірден шыңдалды», – деп, оны жерлеу рәсімінің құпия түрде өткізілгендігін, ал оған куә болған адамдардың барлығының өлтірілгендігін айтады. Сондай-ақ: «Атилла дүниеден өткенде сол маңдағы өзенді  тоқтатып, көсемдерін  жерлегеннен кейін, үстінен әлгі өзен суын ағызып жіберген. Сондықтан әйгілі қолбасшының  денесі қайда жатқанын ешкім білмейді», – деген аңыз бар. Азияда ең алғаш біртұтас мемлекет құрушы, аса ірі мемлекет қайраткері Шыңғыс ханның  жерлену рәсімінде де дәл осы сияқты аңыздар сақталған. Шыңғыс хан да өте құпия түрде жерленген. Оның денесі Онон өзенінің астында жатқан көрінеді. Өзен арнасын бұрып, ханды жерлеп болғаннан кейін ғана оны қайта өз арнасына жіберген. «Моңғолдың құпия шежіресінде» Шыңғыс ханның өлімі құпия түрде қалдырылады. Онда: «... қайта соғысуға аттанып, таңғыт елін күйреткен соң, доңыз жылы (1227 жылы 7-айдың он екісінде Дөрмегей кентінде) Шыңғыс қаған көкке ғайып болады... Иесінің алтын табытын қазақ арбаға тиеп, бірақ денесін ғайып болдырып келгенде, Сөнідтің Гилігетей батыры былайша жоқтап жыр айтады», – деген жолдарды кездестіреміз.

«Атилла» атты кітаптың авторы Еренғайып Омаров Жүсіпбек Қорғасбекке берген сұхбатында «Атилла қайтыс болғанда жоқтау айтылған екен. Сол жоқтауды Қалқаман Жұмағұлов деген тарихшымыз Германиядан тауып алып, кезінде газет бетінде жариялады. Жоқтау айтып қоштасу қазақтарға, сосын түріктерге, одан ары ғұндарға ғана тән болған», – дейді. Бұл да әр кезеңде өмір сүрген олардың өміріндегі бір типологиялық ұқсастықтың негізі бола алады. Атиллаға арналған жоқтау жыры кейіннен зерттеу еңбекке енгізілген.

Шыңғыс хан өліміне қатысты аңыздың бірінде былай делінген: «Ежелгі моңғолдардан сақталған аңыз бойынша, Шыңғыс хан таңғұттарды тас-талқан етіп жеңгеннен кейін, таңғұт патшасының Күрбелчин атты сұлу әйелін алған көрінеді. Кек алу мақсатында ол қағанды тістеп алып, жарасы асқынып, іріңдеп, содан қайтыс болыпты дейді. Содан кейін Күрбелчиннің өзі сол маңдағы өзенге суға батып жоқ болады». Дәл осындай аңыз Атиллада да кездеседі.  Ильдикоға үйленген Атилла алғашқы неке түнінде қайтыс болған делінеді. Әрине, бұл аңыздардың қайсысының шындыққа жақын, болмаса ақиқаттан алшақ екендігінің жігін тарихшы ғалымдарымыз зерделеуде, ал біздің айтпағымыз, ел аузында сақталған аңыздар дерегі бойынша олардың ғұмырларында белгілі бір ұқсастықтың бар екендігі. Еуропалық деректерде Атилланы «Тәңірдің қамшысы», «Құдайдың қаһары» деп атаған екен. Ал Шыңғысханның дәл осы мәндегі мына сөздері сақталған: «Мен – Құдайдың қарғысымын. Егер сендер ажалға татырлық күнә жасамасаңдар, Құдай менің кейпімдегі жазасын жібермейді». Шыңғыс ханның да өте қатал болғандығы жайлы сақталған мәліметтер жетерлік. Ол әскери өмірде қорқақтық көрсеткен адамдарды өлім жазасына кесіп отырған. Билік басына келген Шыңғыс хан қолына билік алған сәттен бастап, барлық елге ортақ қатаң заң қалыптастырып, бұл заңдардың сөзсіз орындалуын талап етеді, ал ол заңнан сәл қиыс кеткен адамдарды өлімге кесуді бұйырады. Соның нәтижесі де болар,  моңғол әскерінде ерекше қатаң тәртіп орнап, асқан ұйымшылдық пайда болып, сол арқылы алып аумақтар мен көптеген халықтарды жаулап алады. Шыңғысханның бұл әскери тактикасы Білге Бұдын Тәңірқұттың ұстанымын қайталайды. Білге Бұдын өзінің қол астындағы әскерлерін сан түрлі әдістермен шыңдағаннан кейін, тағы бір мәрте сыннан өткізген. Шыңғыс хан ел ішінде қатаң заң қалыптастырған дедік, ал біздің заманымызға дейінгі 209-104 жылдары билік құрған Білге Бұдын Тәңірқұт ғұн мемлекетінің ішкі өмірін реттейтін ата-бабаның әдет заңы негізінде жаңа заң жобасын жасайды.

Қайраткерлер тұлғасын типологиялық тұрғыдан қарастыра келгенде, тағы бір ортақ мәселеге көз жеткіздік. Мәселен, отыз бес жыл ғұн мемлекетін билеген Білге Бұдын Тәңірқұт елшілер арқылы Хань патшайымы Шаш-анаға хат жолдаған. Римдіктер келісімді бұзған сәтте Атилла да Константинопольдегі Шығыс Рим императорына: «Қашқындарды тез арада қайтарып бер, салықты уақытымен төле және алдағы салықтың мәселесін шешуге елшілеріңді жібер», – деген мәнде елшілерден хат жібереді. Бұл сол заманның өзінде эпистолярлық жанрдың қалыптасқандығын көрсетеді.

Атилла мен Шыңғыс хан бейнелерін толықтыратын тағы бір ортақ сипат – соңдарында өсиет сөздерінің қалуы. Бұл аталған өсиет сөздер бір жағынан шешендік сөздер қатарын толықтырса, келесі қырынан терең мазмұнға толы нақыл сөздер болып қалған.

Елдік мұратты биікке қоя білген Атилланың өзінің мазмұнын жоймайтын құндылықтар. Қай қоғамда, қай ғасырда болса да кез келген ел басқарған адамның күн парағындағы құндылық болары  анық.

Атилла, Білге қаған, Күлтегін сынды қайраткерлерден кейін әлемдік тарих сахнасына шыққан Шыңғыс хан да елдік мұраттар мәселесінде аса ірі реформа жасаған тарихи тұлға. Халық игілігін көздеген тұлғаның заңдары, өсиеттері осы мақсаттан туындаған. Шыңғыс ханның ел басқарушылық, қолбасшылық туралы айтқандары да жоғарыда айтқан ойымызды растай түседі.

Еркін Ғалымов, филология магистрі

М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты

Серіктес жаңалықтары