ҚАЖЫЛЫҚҚА 4 МЫҢ ОРЫН БҰЙЫРДЫ

ҚАЖЫЛЫҚҚА 4 МЫҢ ОРЫН БҰЙЫРДЫ

ҚАЖЫЛЫҚҚА 4 МЫҢ  ОРЫН БҰЙЫРДЫ
ашық дереккөзі
201

Биыл үлкен қажылық 27 қарашада басталады. Сауд Арабиясы Корольдiгiмен жасалған келiсiмшарт бойынша, үш айдан кейiн елiмiзден қасиеттi жерге 4 мыңнан астам мұсылман барады деп жоспарланып отыр. Қазiр Дiни басқарма қазақстандық мұсылмандардың қажылық сапарын ұйымдастырумен айналысатын 20 туристiк фирмаға рұқсат бердi. Бұл фирмалармен Дiни басқарма осыған дейiн 6 рет кездесiп, қызмет көрсетудi жақсы ұйымдастырып, бағаны мейiлiнше төмендетуге ұсыныс жасаған.

Әуелгiде әлем елдерiн дүрлiктiрген шошқа тұмауы бес парыздың бiрi — қажылықты орындауға кедергi келтiредi деген қорқыныш басым болды. Алайда, дер кезiнде қадағалауға алған Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы бұл iндетке қарсы сақтық шараларын күшейтiп отыр. “Сақтықта қорлық жоқ” қағидасын ұстанған Дiни басқарма үлкен қажылыққа баратындарға уақытша шектеулер қоймақ. Бiрiншiден, қажылыққа барушы сапарға шығардан екi апта бұрын құс тұмауына қарсы вакцина жасатқаны жөнiнде анықтама, денсаулығы жайында да денсаулық сақтау мекемесiнен сертификат алуы тиiс. Бұл талапқа ұқыпсыздық танытып, анықтама алуға жүрдiм-бардым қараған азаматтар Сауд Арабиясына кiргiзiлмейдi. Анықтаманың жалған берiлмеуiн Денсаулық сақтау министрлiгi арқылы қатаң бақылау қажет. Сондай-ақ, Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрi Фуад бен Абдуссалам әл-Фарисидiң бiзге жолданған нұсқау хатын басшылыққа ала отырып, қажылық миссиясының құрамында медициналық топ та болады. Ал, қажылыққа баратындар саны шамадан тыс асып жатса, Сауд Арабиясы тағы 1 мың орын бөлуге дайын екен. Бiр айта кетерлiк жайт, былтырғы жылы да 4 мың орын бөлiнгенмен, дағдарысқа байланысты бар-жоғы 2500 мұсылман ғана мiнәжат етiп келдi.

Қазақстан мұсылмандары Дiни басқармасының бас мүфтиi Әбсаттар Дербiсәлi: “A /H1N1 тұмауының таралуына байланысты биылғы жылы мұсылмандар елiне қажылық жасауды 12 жас пенен 65 жас аралығындағы денсаулығы жақсы кiсiлерге ғана рұқсат ету туралы ұсыныс жасап, хат жiберiлдi. Мұның уақытша шектеу екенiн түсiнiңiздер. 65 жастан асқан кiсiлер ауруларға көбiрек бейiм. Жүрегi, бауыр, бүйрек, қант диабетiмен ауыратын кiсiлерге биылша қажылыққа бармау туралы ұсыныс жасадық. Бiзге аман-есен оралғаны керек”– дегендi жеткiздi. Қазақстан арқылы қажылыққа өз азаматтарымыз, Алматы-Жидда-Алматы немесе Алматы-Мәдина-Алматы бағыты бойынша ғана барады. “Қажылыққа баратын азаматтар фирмаларды таңдағанда өзiнiң көңiлiне қолайлысын мұқият қарағаны жөн. Өйткенi барып-келу, жатын орын, тамақ осы фирмалардың мойнында”, – дейдi бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi. Ескерте кетерлiгi, қажылыққа бару қазанның 20-нан бастап қарашаның 21-не дейiн жалғасады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары