ЖАНАР-ЖАҒАР МАЙҒА – МОРАТОРИЙ
ЖАНАР-ЖАҒАР МАЙҒА – МОРАТОРИЙ
Министрлер кабинетi көктем мен күзгi егiн орағы қызған шақта iшкi нарықтағы жанар-жағар май тапшылығы мен қымбатшылықты қолдан жасайтындарды ауыздықтау мақсатында, мұнай өнiмдерiн экспорттауға тыйым салатын Қаулыға қол қойды. Осымен екiншi рет енгiзiлген мораторийден қарапайым диқанға келер пайда бар ма?
Дүйсенбi күнi ҚР Премьерi К.Мәсiмов жанар-жағар майды 2009 жылдың 7 қыркүйегiнен 2010 жылдың 1 қаңтарына дейiн, ал жер майды 2009 жылдың 1 қарашасына дейiн Қазақстаннан сыртқа әкетуге тыйым салатын Қаулыға қол қойды. ҚР Сыртқы iстер министрлiгiне Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Бiрлескен комитетiн Қазақстан Республикасында ел аумағынан жанар-жағар май мен жер майды тасымалдауға тайым салынғаны туралы хабардар ету тапсырылды. ҚР қаржы министрлiгiнiң кедендiк бақылау комитетiне Қаулының жүзеге асырылу барысын жiтi бақылауда ұстауға пәрмен берiлдi. Экспорт мәселесiнде мораторий жариялауға iшкi нарықтағы тұтынушылық сұранысты қанағаттандыру әрi баға тұрақтылығын қамтамасыз ету негiз болған едi. Көктем мен күзде күн тәртiбiне шығатын жанар-жағар май тапшылығы көктемгi дала жұмыстары мен күзгi егiн орағына қолбайлау болары белгiлi. Оған алыпсатарлар мен оңай олжаға құмарлардың қымбатшылық пен тапшылықты қолдан жасайтынын қосыңыз. Мысалы, күз түсе сала Аи-80 жанар майы қарапайым егiншiге қат боп шыға келген. Айта кетерлiгi, мұндай тыйымды Үкiмет бiрiншi рет салып отырған жоқ. Былтыр мамыр айында монополияға қарсы агенттiктiң ұсынысымен, Министрлер кабинетi бiрнеше ай бойы көмiрсутегiлердi экспорттауға қатаң тыйым салған болатын. Өйткенi, 2008 жылдың сәуiрiнде Қазақстанда жанар-жағар май – 3 пайызға, ал жер май 6,5 пайызға бiр-ақ шығандаған.Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда сыртқа шығарылатын мұнай өнiмдерiне салынатын кедендiк салық тоннасына – 60 доллар. Сарапшылар қауымы салынатын салық жүгiн өзге елдердегiдей ұлғайту керектiгiн айтады. Мысалы, бiздiң елдегi 1 тонна мұнай шикiзатына салынатын 60 доллар Ресейде – $160. РФ үкiметi бiр ғана экспорттық салық ретiнде (мұнай өнiмдерiнен түскен) компанияның 42 пайызға жуық кiрiсiн қағып алады. Бұл қосымша құн салығы мен атсымалдау тарифтерiнен бөлек. Федералдық монополияға қарсы қызмет өкiлдерi жарты жылдан берi Ресейдегi мұнай компанияларынан 1 жарым миллиард долларды айыппұл ретiнде өндiрiп алу үшiн соттың есiгiн тоздырып жүр. Мұнай шикiзатын өндiрумен бiрге өңдеуге де баса назар аударған орыстар жерiнде жанар май мен жер май тұтынушылық сұраныстан әлдеқайда артық өндiрiледi. Бұл алыпсатарларға қымбатшылықты қолдан жасауға мүмкiндiк бермейтiнi анық. Өткен аптаның соңына қарай елдегi жанар-жағар май бекеттерiнде мұнай өнiмдерi 5 теңгеге қымбаттаған едi. “Гелиос” компаниясы таратқан мәлiметтерде қымбатшылықтың басты себептерiнiң бiрi, iшкi нарықтың 25 пайызын жоғары сапалы мұнай өнiмдерiмен қамтамасыз ететiн ресейлiк жанар-жағар май 30 пайызға қымбаттап келгенiн көлденең тартады. “Өйткенi, халықаралық нарықтағы мұнай бағасының өсуiне байланысты ресейлiктер өз өнiмдерiн алыс шет елдерге экспорттауға мүдделi. Қазақстанға тасымалданатын ресейлiк ең жоғары сұранысқа ие АИ-92/93 маркалы бензиннiң көтерме саудадағы бағасы – 74-76 теңге (1 литрi), ал бөлшек саудадағы баға бұл кезде литрiне 75 теңге болатын”. Баспасөз мәлiмдемесiнде көрсетiлген қымбатшылықтың тағы бiр себебi, “бүгiнде мұнай өнiмдерiн тасымалдаушылардың барлығы бiрдей өз өнiмiн iшкi нарыққа қажеттi деңгейде жеткiзбейдi. Бұл жанар-жағар май тапшылығы мен қымбатшылыққа ықпал етуi әбден мүмкiн”. “Гелиостықтар” Павлодардағы мұнай өңдеу зауытының iстен шығуы iшкi нарықтағы қарбаласқа ұласты деген ақпаратты жоққа шығарады. 11 маусымнан 11 шiлдеге дейiн зауыт жоспарлау-жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтап тұрған едi. “Барлық шара Энергетика министрлiгiмен келiсiмге келе отырып, жүзеге асырылды. Оның үстiне, бiз iшкi нарыққа мұнай өнiмдерiн үздiксiз жеткiзiп тұрдық. Өнiмдерiмiздiң 1 тоннасы да сыртқа шығарылған емес” деп ақталған “Гелиос” басшылығына отандық сарапшылар арасында қарсы уәж айтатындар бар. Өйткенi, үстiмiздегi жылдың басында халықаралық нарықтағы “қара алтын” құны 4 есеге дейiн құнсызданғанда, қазақстандық нарықтағы баға 30-40 пайызға дейiн төмендеген. Әупiрiммен әрең еңсесiн тiктеген мұнай өткен аптада бар болғаны ең төменгi деңгейден екi есеге сәл ғана қымбаттаған. Демек, егiн орағы қызатын шақта “ескi әуенге” басатындардың бар кiнәнi халықаралық нарыққа аударуға тырысуы – қисынсыз.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ