БОКСТАН ӨТКIЗIЛГЕН ТУРНИР
БОКСТАН ӨТКIЗIЛГЕН ТУРНИР
Өткен аптада Алматыдағы Республикалық спорт колледжiнде Қазақстанның еңбек сiңiрген жаттықтырушысы Кеңес Омаровты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өткiзiлдi. Турнирдi өткiзуге Республикалық спорт колледжiмен қатар Қалалық бокс федерациясы, Республикалық бокс федерациясы, Олимпиадаға дайындау орталығы, Мәдениет және ақпарат министрлiгiне қарасты Спорт комитетi де мұрындық болған.
Бес күндiк турнирге Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркiменстан мемлекеттерiнiң сексен бес боксшысы қатысты. Бүкiләлемдiк чемпионат алдындағы тағы бiр сынақ ретiнде қабылдаған бiздiң боксшылардың мерейi осы жолы да үстем болғанын бапкерлер заңдылықтай қабылдады. Өйткенi, көршi елдермен салыстырғанда, Қазақстандағы бокс мектебi жақсы дамыған. Белгiлi боксшы Ермахан Ыбырайымовтың айтуынша, бұл салада, әсiресе, жамбылдық мектептiң тәжiрибесi ерекше атап өтуге лайықты.
Олимпиада чемпионы, қазылар алқасының төрағасы Ермахан ЫБЫРАЙЫМОВ:
— Кеңес Омаров ағамызды бiз бала кезiмiзде көргенбiз. Ол кiсi Жамбыл облысы боксының мектебiнiң негiзiн қалады. Қазiргi таңда, өзiңiз бiлесiз, Жамбыл облысының бокс мектебi қаншама олимпиада жүлдегерлерiн дайындап шығарды. Атап айтар болсақ, олар — Болат Жұмадiлов, Болат Ниязымбетов, Бақтияр Артаев, Серiк Қонақбаев — бәрi де Жамбыл облысы мектебiнiң түлектерi. Амалбек Тшанов ағамыз да ол кiсiнiң алғашқы шәкiрттерiнiң бiрi. Спорт шеберi атағын алған. Ал ол кезде спорт шеберi атағын алу өте қиын едi. Амалбек аға республикалық спорт колледжiнiң директоры болып тұрғанда осындай жағдай жасап, шетелдерден боксшыларды шақырып, осы жарысты ұймыдастырып отыр.
Олимпиада жүлдегерi, колледжде аға бапкер Болат НИЯЗЫМБЕТОВ:
— Турнирге Қазақстанның құрама командасынан әлемдiк чемпионатқа iрiктеу сындарынан сүрiнбей өткен боксшылар да қатысып отыр. Кеңес Омаров ағамызды еске алуға республиканың түкпiр-түкпiрiнен, көршi елдерден сексен бес боксшы келдi. Алла бұйыртса, бұл турнирдi жылда өткiзетiн ойымыз бар. Боксшылардың үнемi шынығып, ширығып жүруi үшiн де осындай жарыстар ұйымдастырудың маңызы зор. Болашақ олимпиада чемпиондарын да осы жерден көрiп қаларсыздар.
Ересектер арасындағы бес күндiк турнирдiң қорытындысында 48 келi салмақ бойынша Берiкбаев Мардан (Алматы), 51 келi салмақта Әбдiрайымов Ерлан (Алматы), 54 келi салмақта Алимбеков Бағдат (Алматы), 57 келi салмақта Шуланов Мәди (Ақтөбе), 60 келi салмақта Мамытжанов Б. (Өзбекстан), 64 келi салмақта Рахмонов У. (Өзбекстан), 69 келi салмақта Бердiбеков Шыңғыс (Алматы), 75 келi салмақта Құралбаев Марат (Тараз), 81 келi салмақта Қиясов Марат (Алматы), 91 келi салмаққа дейiн Мамедов Т. (Өзбекстан), 91 келiден жоғары салмақта Мырсатаев Руслан (Алматы) бiрiншi орынды иеленген.
Г.ЖЕҢIСБЕКҚЫЗЫ