АЛТАЙ АБАЙДЫ ТҰҒЫРЫНА ҚОНДЫРДЫ

АЛТАЙ АБАЙДЫ ТҰҒЫРЫНА ҚОНДЫРДЫ

АЛТАЙ АБАЙДЫ ТҰҒЫРЫНА ҚОНДЫРДЫ
ашық дереккөзі
241

Конституция мерекесiне Өр Алтай тәп-тәуiр дайындалыпты. Той десе, ысырапқа бейiм қазақ әдетте қаражатты не болса соған жұмсай салушы едi. Жоқ, бұл жолы рухыңды асқақтатын кәделi шаралар басталыпты. Мемлекетiмiздiң “Жол картасы” бағдарламасы аясында үй аулалары абаттандырылып, жүдеу жолдар тегiс жөнделiп жатыр. Облыс, қала тұрғындарының көңiл күйi түзу, облыс әкiмiне де, қала басшысына да дән риза.

Ең бастысы, биiктiгi 13 метр, салмағы 5 тонна тартатын тасмүсiн Абай атамыздың тұғырға қонуы күллi қазақты бiр желпiндiрiп тастады. Осы iске өзi ұйытқы болған облыс басшысы Бердiбек Сапарбаев:

— Абай арқылы қазақты әлем таныды. Сондықтан бiз Абайды мақтан тұтамыз. Елбасы айтқандай Абайдың сөзi — қазақтың бойтұмары болуы тиiс. Абайдың мұрасы — қазақтың ең қасиеттi қазынасы. Замандар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға деген көңiлi айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып жаңа биiктерге, асқар асуларға шақыра бередi.

Еңселi тұғырдағы ұлы Абайға қараймыз. Жанарын болашақтың көкжиегiне қадап, бәрiмiздi бiлiмге, iлiм-ғылымға, әдеп пен әдетке, естiлiк пен еңбекке шақырып тұрғандай.

Ескерткiштiң ашылу рәсiмiне жиналған жұрттың арасында зиялы қауым да жүр. Бiрлi-екiлi лебiзiн шын пейiлмен ақтарып жатыр Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев. Қазақстан халық жазушысы Әзiлхан Нұршайықов, академик Тұрсынбек Кәкiшев, Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстан Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты Қалихан Ысқақ, ғалым Мұрат Әуезов, сыншы Әшiрбек Сығай, Иран мен Қырғызстаннан келген шайырлар Абдолла Сафар мен Ақбай Рысқұловтар ақын рухын асқақтатып тебiренiп, сөз сөйледi, өлеңдерiн оқыды. Ескерткiштiң авторы Ескен Сiргебаевқа ризашылық сезiмдерiн бiлдiрiп жатты.

Сол күнi Өскемендегi Пушкин кiтапханасы алдында тағы бiр ақын, орыстың ақыны А.С.Пушкиннiң де ескерткiшi ашылды. Пушкиндi қазақша сөйлеткен Абай болса, рухы бiр қос ақынның осылай Өскемен көшелерiнде қатар тұра қалуы бiрiн бiрi толықтыра түскендей әсерге бөледi. Бұған да кiсi аз жиналған жоқ. Облыс әкiмi, министр, зиялы қауым, Ресей елшiсiнiң кеңесшiсi, тағы басқалар сөз сөйледi.

Осындай үлкен мәдени-рухани оқиғалармен бiрге қалада бiрнеше әлеуметтiк нысандар iске қосылды, бiрнеше ғимараттың iргетасы қаланды. Тек Өскемен ғана емес, сол Шығыс өңiрiнiң өзi оң өзгерiстерге бет алғанын байқадық.

Ғалымжан Мелдеш

Серіктес жаңалықтары