Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: “ҚОҒАМДА АЙТУЛЫ ӨЗГЕРIСТЕР БАР”
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: “ҚОҒАМДА АЙТУЛЫ ӨЗГЕРIСТЕР БАР”
“Ел ерге қарайды” деген сөз рас. Жылда Ел болып жиналып, Елбасының аузына қарайтын екi күннiң бiрi — дәстүрлi Жолдау жарияланатын күн болса, екiншiсi — Парламенттiң қос палатасының кезектi сессиясының ашылу күнi.
Президент халықпен бұдан басқа күндерi де жүздесiп, тiлдесе бередi, әрине. Дегенмен, саяси маңызы зор осы екi оқиға үстiнде Президенттiң лебiзiнен iшкi және сыртқы саясаттағы басым бағыттарды, ел тiршiлiгiндегi өзгешелiктердi, алдағы жоспарлар туралы мәлiметке қанығамыз. Бұл жолы да Президент төртiншi шақырылым Парламентiнiң үшiншi сессиясы ашық деп жариялап, бiр жылдық емес, елдiң бес-жиырма жылдық даму жоспарына шолу жасады.
2009 жылдың бiрiншi жарты жылдығының қорытындысына сәйкес, Қазақстан дағдарыс құрсауынан бiртiндеп арылып келедi. Халықаралық сарапшылар да ТМД елдерi iшiнде дағдарысқа қарсы бағдарламасының тиiмдiлiгi жөнiнде Қазақстан алдыңғы орында деседi. Осы уақытқа дейiн Үкiмет экономикалық дағдарыс салдарларын жою мақсатында 19 млрд. доллар жұмсады. Оның iшiнде шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдауға 134 млрд. теңге бөлiнген. Екi жарым мыңдай кәсiпкерлiк қожалықтар Үкiметтiң қолдауына жүгiндi. Бес мыңнан астам инвестициялық жобалар қолға алынды, 393 мыңдай жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ Елбасы қырық мыңнан астам үлескерлердiң үйсiз қалмайтынын айтып сендiрдi.
Елбасы жыл басында өткiзiлген халық санағының кейбiр қорытындыларын да айрықша серпiнмен айтып өттi. “Халық санағының алдын ала қорытындылары бiздiң қоғамда айтулы өзгерiстер болып өткенiн көрсеттi” дедi Нұрсұлтан Назарбаев. Соңғы он жылда қазақстандықтардың табысы орта есеппен алғанда бес есе өскен. Елде өсiм бар, қазақтардың саны осы уақыт iшiнде 53 пайыздан 65 пайызға көбейген. Оның iшiнде 650 мыңнан астам адам — тарихи отанына қайта қоныс аударған оралмандар. Жүзден астам ұлт өкiлдерi тұрады дейтiн елiмiзде халықтың 70 пайызы ислам дiнiн ұстанады. Ең бастысы, осы уақыт аралығында ауыл халқының саны өсiптi: 44 пайыздан 46 пайызға жеткен.
Он жылда әлеуметтiк төлемақылар 3 есе, шәкiртақы 6 есе өскен. Он жылда 616 жаңа мектеп, 125 емхана ашылған. 29 мың шақырымдық жол жөнделген.
Осының бәрiн тiзбелеп келiп Елбасы “Бiз бәрiн дұрыс жасадық” дедi тағы да. Осы сөздi “Нұр Отан” партиясының кезектен тыс съезiнде сөйлеген сөзiнде айтқан болатын.
Елбасы ендi дағдарыстан кейiнгi кезеңге тас-түйiн дайын болуға үндедi. Осыған байланысты Үкiметке ағымдағы жылдың соңына дейiн елiмiздi индустриализациялауды ынталандырудың бесжылдық жоспарын әзiрлеудi, 2010-2015 жылдарға арналған индустриализациялау Картасын және 2020 жылға дейiнгi өндiрiстiк қуаттылықты ұтымды орналастыру Схемасын аяқтау мiндеттерi жүктелдi. Президент Парламент депутаттарының назарын Қазақстан экономикасын дамыту мен индустриализациялау жөнiндегi барлық iс-шаралар мықты заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етiлуi қажеттiгiне аударды.
Президент алдағы онжылдықта мемлекет пен қоғамның күш-жiгерi негiзгi бес бағытқа негiзделуi қажет екенiн атап өттi: дағдарыстан кейiнгi экономиканы қалпына келтiру, оның орнықтылығын қамтамасыз ету, адам капиталының бәсекелестiгiн құру, халықты базалық әлеуметтiк және тұрғын үй-коммуналдық қызметпен қамту, сондай-ақ ұлтаралық келiсiмдi, халықаралық қатынастардың тұрақтылығын қолдау.
Президент сондай-ақ 2010 жыл — Қазақстанның Еуропадағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету жылы екенiне тоқталды.
— Бұл құрметтi миссия бiзге зор жауапкершiлiк жүктейдi және бiзге мол мүмкiндiктер ұсынады. Бiздiң ортақ мiндетiмiз — Қазақстан осы мiндетiн абыройлы атқарып шығу үшiн, халықаралық саясатта беделi мен ықпалын нығайту үшiн қолдан келгеннiң бәрiн жасауымыз керек,— дедi Нұрсұлтан Назарбаев.
– Жалпы, алдағы сессиядағы негiзгi мiндетi елiмiз дамуының жаңа кезеңiн заңнамалық қамтамасыз етуге дайындық жасау болып табылады. Осы iстiң басында “Нұр Отан” Халықтық-демократиялық партиясының фракциясы жүруi қажет, – дейдi Елбасы.
Гүлбиғаш Омарова