ӘСКЕРИ ШЕРУ ӘСЕРЛI ӨТТI

ӘСКЕРИ ШЕРУ ӘСЕРЛI ӨТТI

ӘСКЕРИ ШЕРУ ӘСЕРЛI ӨТТI
ашық дереккөзі
276

Қазақстан халқы Конституция күнiн үлкен дайындықпен қарсы алды. Астана қаласында айтулы мерекеге арналып, тұңғыш рет әскери шеру өткiзiлдi. Елiмiздiң Қарулы Күштерiнiң таңдаулы бөлiмдерiнен сұрыпталып алынған сардарлар мен сарбаздар “Қазақ елi” монументi алаңында сап түзеп, жиналған жұрттың жүрегiнде патриоттық сезiм отын тұтандырды.

30-тамыз күнi алаңға жиналған халықта есеп жоқ. Олардың тұңғыш рет өткелi отырған әскери шерудi өз көздерiмен тамашалауға асыққаны көрiнiп тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзiнен соң, әскердiң шеру жасауға дайын екендiгi баяндалды. Сөйтiп, екi мыңнан астам сардарлар мен сарбаздар, жүзден астам әскери қарулар мен техникалар, қырықтан астам әскери-әуе күштерiнiң бiрлiктерi қатысқан шеру тәуелсiздiгiмiздiң туы берiк қолда әрi қорғаныста екендiгiн дәлелдедi. Шеруде бiрiншi болып — Қазақстан әскерiнiң кәсiби сержанттар құрамын дайындайтын Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусының сарбаздары жүрiп өттi. Оны полковник Жәнiбек Шәрiпов бастап жүрдi. Екiншi кезекте Құрлық әскерлерiнiң Алматыдағы әскери институтының курсанттары шерудiң көркiн қыздырды. Ал Радиоэлектроника мен байланыстың әскери-инженерлiк институтының курсанттары көздiң жауын аларлық көрiктi әрi үлгiлi киiмдерiмен баурап алды. Институттың әскери туын осы оқу орнын үздiк бiтiрген лейтенант Қайрат Ахмет көтердi. Бiрнеше әскери оқу орындарының курсанттары сап түзеп, елiмiзде ержүрек, айбынды батыр ұлдарымыздың барын паш еттi. Бiр айта кетерлiгi, шеруде әр топты бастап жүргендер анау-мынау қарапайым адамдар емес, әскери-қорғаныс саласына еңбегi сiңген, майталман тұлғалар болды.

Бұдан соң алаңда әскери-әуе техникаларының шеруi басталды. Алаңда механикаландырылған колоннаның алдында құрғақтағы әскер, әскери-теңiз күштерi және әуе қорғанысы әскерлерiнiң туын аспанда желбiреткен әскери көлiктер жүрiп өттi. Оның iшiнде Талдықорған қаласындағы десанттық-шабуылдаушы бригаданың туын көтерген “Лэнд-Ровер” автокөлiгi болды. Iле-шала БТР — 80 техникасына мiнген мото-атқыштар бөлiмiнiң жауынгерлерi жүрдi. Тағы бiр әдемi көрiнiс — “Лэнд Ровер” техникасына мiнген зымыранды-артиллериялық бiрлескен полктың жауынгерлерi 36803 әскери бөлiмiнiң туын көтерiп өткеннен соң, 122 мм. Д-30 гаубицасын артқан техникалар минутына 6-8 снаряд атып, 15 шақырым қашықтықтағы нысананы жоя алатынын көрсеттi. Ал, 152 мм-лiк “Мста-Б” гаубицасы минутына 7 снаряд ұшыра алады екен. “Град” артиллериялық зымыранының бiр мезетте 56 гектар аймақтағы жауды жiбере алатынын бiлесiз бе? “Ураган” атты дүрсiлдете ату кешенi болса, 20 секундта 30 шақырым қашықтықтағы жауды 100 гектар аумақта жойып жiбере алады екен. Жиналған қауым одан әрi әуе шабуылына қарсы әскери техникалар шеруiн тамашалады. Зениттi-зымыранды С-125 кешенi қарсы жаудың ұшақтары мен қанатты зымырандарын бiр мезетте қағып түсiре алады. С-75, С-300 зениттiк-зымыранды кешендерi де өз қуаттылығын дәлелдедi.

Шерудiң әсерлi де әдемi тұсы — әскери-әуе күштерi арқылы көрiндi. Көк аспанға Мемлекеттiк ту мен Әуе-қорғаныс күштерiнiң жауынгерлiк туларын желбiреткен 4 Ми-17 тiкұшақтары шықты. Әскери техникаларды таситын Ми-26 және техникаларды жедел түрде алысқа тасымалдайтын АН-26 әскери-көлiгi, бомбылаушы Миг-17 истребительдерiнiң 8 данасы бiр сәтте әуеге көтерiлдi.

Тұңғыш өткен әскери шеруде Астана аспанын жаңғыртқан командирлердiң қазақ тiлiнде саңқылдаған бұйрығы жиналған жұрттың құлақ құрышын қандырды. Ал қолдарына көк туды ұстаған жас бүлдiршiндерiмiз Қазақстанның болашағы жарқын екенiн жан-жүрегiмен сезгендей болды. Әсiресе, алаңда Әнұран шырқалғанда кiшкентай қолдарын жүрек тұсына тақап, салтанатты әуенге қосыла шырқағаны кiм-кiмдi де әдемi әсерге бөлегенi анық.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары