“АРМАН ҚАЛАҒА” ШАҚЫРАМЫЗ ТАҒЫ БIР ТЕЛЕХИКАЯНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСIЛДI

“АРМАН ҚАЛАҒА” ШАҚЫРАМЫЗ ТАҒЫ БIР ТЕЛЕХИКАЯНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСIЛДI

“АРМАН  ҚАЛАҒА” ШАҚЫРАМЫЗ ТАҒЫ БIР ТЕЛЕХИКАЯНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСIЛДI
ашық дереккөзі
234

Қазақ көрермендерi тағы да бiр әдемi, көркем дүниемен кездесетiн секiлдi. Тағы да дейтiнiмiздiң өзiндiк себебi бар. Соңғы жылдары, жеке шығармашылық одақтар болса да, көрермендер сүйсiне әңгiме ететiндей, елдi селт еткiзер кинотуындылар санаулы болса да жаңа қырымен, жаңашылдығымен елең еткiзгенi анық.

Әсiресе, қала көрермендерiн апта бойы көгiлдiр жәшiкке телмiртiп, жан дүниесiн қозғаған дүниенiң бiрi – “Ағайындылар” болды. Ондағы сайдың тасындай iрiктелген актерлердi былай қойғанда, кейiпкерлердiң бiр-бiрiне бауырмалдығы, мейiрiмдiлiгi соншалықты шынайы берiлгенi сондай, шын мәнiндегi ағайындылар екен деп қаласың. Ата-анаға деген перзенттiк махаббат үш ұлдың бойына бiр тазалықты үйiрiп, ал сол ата-анадан көрген тәлiм-тәрбие төңiрегiндегiлерге де оттай ыстық көңiл-пейiлдерiнен көрiнiп тұратын ағайынды үш жiгiттiң көршi, дос-жолдасқа деген ұлы махаббаттарына сүйсiнесiң. Кинолентаның өз басыма әсерi тiптi ерекше болды.

Бұл фильм жайлы үлкен әңгiме алдағы күндердiң еншiсiнде. Олай болса, тағы да деуiмiздiң жөнiне көшейiк.

Қалалықтарды “Арман қалаға” шақырамыз дегендi естiгенде елең еткенiмiз де сондықтан.

Кеше “АLDONGAR Productions/Kazakstan/” кинокомпаниясы “Нұр-Медиа” және “Қазақфильммен” бiрiгiп түсiрiлiп жатқан кинолентаның тұсауын кестi. 12 сериядан тұратын бұл фильм 37-40 минут көрсетiлiммен алдағы қараша айында толық аяқталады екен.

Жобаның жетекшiлерi Ермек Аманшаев, Арманжан Байтасов, Алия Увалжанова, Борис Чердабаевтармен бiрге Ресей мен Украина елдерiнiң телесериалдарын өндiру технологияcының тәжiрибесi зерттелiп, Оңтүстiк Корея, Қытай және Қазақстан продюсер-кеңесшiлердiң пiкiрлерi басшылыққа алынған телесериалға елiмiздiң белгiлi-танымал актерлерi қатысады екен.

Сондай-ақ, жобаның кеңесшiлерi – ҚР Денсаулық министрлiгi, Астана мен Алматы қалаларының учаскелiк дәрiгерлерi, заңгерлер, қаржыгерлер мен бизнесмендер, “Даму” қорымен бiрге шығармашылық топтар, жалпы айтқанда түсiрiлiмге қатысқандардың пiкiрлерi назарда ұсталынған. Негiзгi мақсат – қазақ халқының болмысын, мәдениетiн, әдет-ғұрпын сақтау арқылы отандық киносериал жанрын жандандыру.

“АLDONGAR Productions/Kazakstan/” “ бұдан бұрын да “Сталинге сыйлық”, “Александр-Невская битва”, “Лики Евразии” киножобаларымен жақсы танымал.

Сценарий авторлары – Алия Увалжанова, Газиз Насыров, Александр Кан, Люция Иржановалар, қоюшы режиссер Эрнест Абдыжапаров, режиссерлер Галина Ефимова, Айбек Даирбеков, қоюшы суретшi Шарип Жайлобаев, операторлары Талғат Тайшанов, Әубәкiр Сулеевтер, ал атқарушы продюсер Гүлмира Апрымова болса, сериалдағы әуездi әуендi халыққа жеткiзушi сүйкiмдi әншiмiз Батырхан Шүкенов.

Мелодрама жанрындағы түсiрiлiмде оқиға керемет әрi дәрiгер келiншектiң (Венера Нигматуллина) төңiрегiнде өрбидi де, әр серия сайын сюжетте жаңа проблемалар туындап, сол арқылы келесi серияның тақырыпшалары шығып отырады.

– Қазақстандықтар бұдан бұрын “Тоғысқан тағдырлар”, “Шегiртке” сериалдарымен жақсы таныс. Теледидардан көргенiмде, шын мәнiнде, қатты қызығып көрдiм. Ұнады. Сол кезде iштей “келесi бiр түсiрiлiмге қатыссам” деген үмiт те оянған-ды. Сондықтан қуана келiстiм, оның үстiне өз кейiпкерiм қатты әсер еттi. Халыққа өте жақындығымен, әрбiр отбасындағы қилы тағдырлар, адамдардың әңгiмелесу мәдениетi, тiптi диалогтары жаныңа жақын. Тәрбиелiк мәнi өте жоғары,– дейдi Қазақстанның Халық артiсi Меруерт Өтекешова. – Оның үстiне талғамы, танымы бөлек Асанәлi аға Әшiмов,Венера Нигматуллина, Владимир Толоконников, Лидия Каденова секiлдi актерлермен қоса, театрдың жас актерлерi бар, жалпы шығармашылық топ өте жақсы iрiктелген. Елдiң көңiлiнен шығады ғой деп ойлаймын.

“Отандық телесериалдардың болашағы бар ма” деген сұрақ әлемкино өнерiнiң саңлағы, атақты Асанәлi аға Әшiмовтың жанды жерiне тиiп кетсе керек, жан-жағына таңырқай қарады.

– Айналайын-ау, қазақ өнерiнiң, қазақ мәдениетiнiң болашағы болмаса, елiмiздiң де болашағы жоқ деген сөз емес пе? Әрине, сол үшiн еңбектенiп жүргенiмiз жоқ па? – деп журналистерге бiр түрлi қараған актерден “Арман қала” туралы пiкiрiн сұрадық.– Фильм туралы пәлендей ештеңе айта алмаймын. “Арман қала” дегеннен кейiн Астана туралы бiр-екi ауыз сөз айту мiндетiмiз, жақсы қалаға жақсы қаланың жақсы адамдары туралы болып жатқаннан кейiн, үндемей қала алмаймыз ғой. Ең бастысы, шығармашылық топ ұнады. Өте жоғары дәрежелi бiлiктi топ, содан кейiн келiстiм. Халықаралық кинофестивальдарға қатысып, жүлделi орындар алып жүрген, шығармашылығын өз басым қатты бағалайтын Эрнест деген азамат, соған сенгендiктен ғана келiстiм. Түсiп жатырмыз. Көркемфильмдерге үйренген көрермендерге қысқа мелодрамалық осындай телесериялдар да қажет. Құптаймыз.

Тұсаукесер рәсiмiнен кейiн жиналғандар актерлермен бiрге түсiру алаңында бас қосты. Республика көрермендерi “Арман қаламен” осы жылдың қараша айында жүздесетiн болады.

Таңсұлу Алдабергенқызы

Серіктес жаңалықтары