АЛМАТЫНЫҢ ЖҰРТЫ АҒЫЛҒАН ЖӘРМЕҢКЕ

АЛМАТЫНЫҢ ЖҰРТЫ АҒЫЛҒАН ЖӘРМЕҢКЕ

АЛМАТЫНЫҢ ЖҰРТЫ АҒЫЛҒАН ЖӘРМЕҢКЕ
ашық дереккөзі

Кешегi аптаның сенбiсiнде Алматы қаласының тұрғындары отандық арзан әрi сапалы тауарға қарық болды. Алматы және Алматы облысы әкiмшiлiгi бiрлесе ұйымдастырған азық-түлiк жәрмеңкесiнде Алматы облысының 7 ауданы өз өнiмдерiн ұсынды. Оның басты мақсаты — республикамыздың ең iрi қаласын басты азық-түлiк тауарларымен нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағамен қамтамасыз ету. Сатуға 37 миллион теңгенiң өнiмi, 60-қа жуық тауар түрi шығарылған.

“Алматы қаласының айналасындағы азық-түлiк белдеуi” аясында өткiзiлген жәрмеңкеде адам азғасына қажеттi дәруменi мол көкөнiс пен жемiс-жидектiң, сүт пен iрiмшiктiң, айран мен құрттың, қымыз бен шұбаттың және еттiң түр-түрi бар. Бағасы да қалта көтерерлiктей. Жәрмеңкенi ұйымдастырудың басты артықшылығы – облыс өндiрушiлерiне өз өнiмдерiн алыпсатарларсыз өздерiне сатуға мүмкiндiк берiледi. Алматы қаласы оларға тегiн сауда орындарын берiп, жұмысқа керектi барлық жағдайлармен қамтамасыз еттi. Орташа есеппен жәрмеңкелердiң күндiк тауар айналымы 15 млн. теңгенi құрады. Естерiңiзге сала кетсек, 2008 жылдың 12 қыркүйегiнде Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылық министрлiгi, Алматы облысы мен Алматы қаласы әкiмдiктерi және “ҚазАгро” АҚ Ұлттық холдингiнiң арасында ұлттық стартегиялық мiндеттердi жүзеге асыру, Алматы қаласы мен Алматы облысы экономикасындағы агро өнеркәсiп саласында инновациялық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы көпжақты меморандум қабылданған болатын. Бұл меморандумды қабылдаудың басты мақсаты – қаланы ауылшаруашылық өнiмдерiмен жыл бойы қолайлы бағамен қамтамасыз ету, тағам өндiру және қайта өңдеу саласын экологиялық таза өнiмдермен дамыту және iшкi нарық сұраныстарын қамтамасыз етiп, сыртқы экспорт потенциалын дамыту. Сол сияқты Алматы қаласының айналасында Азық-түлiк белдеуiн жасап, қаланың азық-түлiк қауiпсiздiгiн арттыру, аймақтың әлеуметтiк-экономикалық жағдайын жақсартып, халықтың әл-аухатын көтеру болып табылады.

Қазақстан Республикасы статистика агенттiгiнiң деректерiне сүйенсек, 2009 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткiштерге сай, Алматы қаласында 1364, 5 мың адам тұрады. Алматы қаласындағы азық-түлiк өндiру ауқымы республикалық ауқымның 20,5 пайызын (141,7 млрд. теңге) құрайды. Бұл өндiрiс 38 қайта өңдеу мекемелерiнде iске асып жатса, олардың 10-ы еттi, 5-i сүттi қайта өңдеу, 5-i көкөнiстi, 3-i өсiмдiк майын қайта өңдеумен айналысады. Сонымен қатар жалпы сыйымдылығы жылына 19, 3 тоннаны құрайтын 5 көкөнiс қоймасы бар. Атап айтқанда, Алматы тұрғындарының көкөнiстi пайдалану ауқымы 167 704 тоннаны құрайды, оның iшiнде ерте көкөнiстердiң көлемi – 13 512 тонна, ет – 90061 тонна, жұмыртқа – 13 646 дана. Осыған байланысты Алматы қаласы тұрғындарының сұраныстары сырттан әкелiнген ауыл-шаруашылық өнiмдерi есебiнен жүзеге асырылып отырады. Алматы облысының қала маңына жақын орналасқан аудандарының потенциалы Алматының көкөнiске, ет пен жұмыртқаға деген сұраныстарын толықтай қамтамасыз етуге жетерлiк. Ол үшiн жылыжай шаруашылықтарының ауқымын үлкейтiп, көкөнiс сақтайтын қоймалар салу басты назарда.

Қазiргi таңда Алматы қаласының әкiмдiгi өндiрiс орындарында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда көптеген жұмыстар атқаруда. Көзделген мақсат – А+” сыныбының азық-түлiк өнiмдерiн Алматы қаласында қайта өңдеп, сақтау логистикалық орталығының құрылысын жүргiзiп, пайдалануға беру. Жобаның ауқымы айыны 600 мың тонна тағам өндiру. Жоба Үкiметтiң “30 корпоративтiк көшбасшысы” жобасы аясында, Global Ecological Group Almaty (GEGA) ЖШС тарапынан жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, Алматы қаласы мен Алматы облысы әкiмдiктерiнiң арасында қаланың әр ауданында қыс-жаз маусымдарында апталық жәрмеңкелер ұйымдастыру жөнiнде де келiсiм жасалған.

Алматы облысының өндiрушiлерiнiң дәстүрлi ауылшаруашылық жәрмеңкесi осымен екiншi мәрте өткiзiлдi. Ауылды аймақтан әкелiнген өнiмнiң бәрi өтiп, сатушылар да дән риза. Алматы қаласының тұрғындары болса, мұндай жәрмеңке аптасына бiр рет өтiп тұрса екен дейдi. Ал, Алматы облысы әкiмiнiң орынбасары Тынышбай Досымбеков: “Қалада алты базар бар. Сол алты базардың бағасы бойынша мониторинг жасалынған. Соның орташа бағасын шығарып, содан 15-60 пайызға дейiн арзан бағаға сатып жатырмыз” дегендi айтады. Қазiргi кезде жылыжайдың 160-ы салынып, 780 тоннаның көлемiнде көкөнiс өндiрiлiптi. Келешекте жылыжайдың көлемiн 40 гектарға жеткiзу жоспарда бар. Сол кезде ғана Алматы қаласына қажеттi 13,5 тонна көкөнiстi көктемнен күзге дейiн жеткiзiп отырмақ. Келесi жәрмеңке 5 қыркүйекте өтпек. Тiптi, мұндай базар аптаның әр сенбiсiнде ұйымдастырылатын болады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ