ҚАСИЕТ ТI РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
ҚАСИЕТ ТI РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Мейiрiмдi, рахымды Алланың атымен бастаймын!
Барлық мақтау мен мадақ Әлемдердiң Раббысы Алла Тағалаға болсын! Жыл бойы күткен қасиеттi Рамазан айына жеткенiмiз үшiн жаратқан Иемiзге сансыз шүкiрлiк етемiз.
Құрметтi мұсылман бауырлар, отандастар!
Баршамызды мүбарак Рамазан айының келуiмен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Жаратушының пенделерiне тартқан теңдесiз сыйы – қасиеттi Рамазан – сансыз сезiмдер мен толып тасыған iзгi ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иемiздiң рахымы мен мейiрiмiне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселенiп жазылар айы да – Рамазан.
Ораза адам жанын тазартып, жаман iс-қылықтардан сақтайды. Құранда Алла Тағала: “Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерiң үшiн сендерге бұрынғыларға парыз етiлгендей ораза парыз етiлдi” (“Бақара” сүресi, 183-аят), – дейдi.
Аятта айтылғандай, оразаның мақсаты – мұсылманды рухани тазартып, тақуалыққа жеткiзу. Тақуа – сақтану, қорқу, сыйыну. Ендеше тақуалық – Алла Тағалаға бойұсыну, әмiрлерiне құлдық ұрып, тыйғандарынан тыйылып, иманды, көркем мiнездi, парасатты жан ретiнде, Ұлы Жаратушының сыйлаған сансыз нығметтерiнен айырылып қалудан сақтану. Демек, оразаның мақсаты – жанды рухани тазартып, көркем мiнезге тәрбиелеу, нәпсi тiзгiнiн қолға алу.
Нәпсi – бойдағы пендеге тән құмарлық сезiм. Жалпы адам баласының адамгершiлiк шыңына жетуi мен көркем мiнездi болуының негiзi – нәпсiге ие болуында. Ал, нәпсiнi тежеуде ораза үлкен мәнге ие. Бiрақ, ең бастысы ораза тек Алла Тағала разылығы үшiн болуы ләзiм. Кiсi өздiгiнен тек ашығумен дiттеген мақсатына жете алмайды. Өйткенi, ораза – бiр Алла Тағаланың разылығы үшiн жасалатын ғибадат. Қасиеттi хадисте Алла Тағала: “Аузы берiк адам iшiп-жеуiн мен үшiн доғарды. Ораза – Менi мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берiлетiн сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремiн. Аузы берiк құлымның аштық пен шөлiркегеннен шыққан ауыз исi мен үшiн мисктен де артық”, – дейдi.
Сонымен қатар бұл қасиеттi айда тек қана iшiп-жеуден ғана емес, өсек-ғайбат сынды т.б. жаман әдет-қылықтардан да барынша iргенi аулақ салған мақұл. Өйткенi, ораза тек iшiп-жеуден тыйылу үшiн ғана емес, сондай-ақ құлақ, көз, ауыз күнәларынан да сақтану үшiн ұсталады. Сол үшiн құлшылық амалдарымызды көбейтiп, көбiрек Алланы еске алып, жиiрек Құран оқумен қатар мешiттердегi кешкi тарауих намазына да қатысқан абзал. Алла Елшiсi (с.ғ.с.) рамазан айы туралы: “Рамазан келгенде жәннат есiктерi ашылып, дозақ есiктерi жабылады, шайтандар кiсенделедi”, сондай-ақ, “Шынында жәннатта бiр есiк бар, ол – “Раййан” деп аталады. Ол есiктен тек ораза ұстаушылар ғана кiредi” –деген.
Құрметтi мұсылман қауым! Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Алла Тағала баршамызды шынайы ықыласпен ораза ұстаушылар санатына қосып, жәннаттың Раййан есiгiнен кiруiмiздi нәсiп еткей!
Қасиеттi Рамазан құтты болсын!
Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБIСӘЛI, Қазақстан Мұсылмандары дiни
басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесiнiң төрағасы, Бас мүфти