“АРҚАНЫ КЕҢГЕ САЛУҒА ӘЛI ЕРТЕ” ДЕЙДI МӘСIМОВ

“АРҚАНЫ КЕҢГЕ САЛУҒА ӘЛI ЕРТЕ” ДЕЙДI МӘСIМОВ

“АРҚАНЫ КЕҢГЕ САЛУҒА ӘЛI ЕРТЕ” ДЕЙДI МӘСIМОВ
ашық дереккөзі
688

Осы аптада Үкiмет мүшелерi 2009 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық даму барысын қорытындылады. Премьер-министрдiң айтуынша, көптеген сарапшылар болжаған құлдыраудан аманбыз, керiсiнше, Қазақтан экономикасы бiртiндеп сауығып келедi. Үкiмет отырысында баяндама жасаған экономика және бюджеттi жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов мәлiмдегендей, өнеркәсiптiк өндiрiстегi құлдырау саябырсып, ауыл шарушылығында алға жылжу байқалған, негiзгi капиталға құйылған инвестициялар көлемi артып келедi.

Екi жылға созылған дағдарысты кезеңдi бастан өткергеннен кейiн, экономистердiң айтуынша, ең қиын-қыстау шақ 2009 жылға дөп келген екен. Биылғы жылдың алғашқы үш айында экономиканың барлық салаларында күрт құлдырау байқалған едi, тiптi жеке сауда көлемi азайған болатын.

Дегенмен, экономикадағы жағымды жаңалықтар әлемдiк экономикадағы мұнайдың бағасының қайта өсуiне де байланысты. Министр бұл жөнiнде үндемей қала алмады. “Екiншi тоқсанның соңында қолға алынған дағдарысқа қарсы шаралармен бiр мезгiлде әлемдiк нарықтағы бағалардың бiршама жақсаруы мен сұраныстың өсуi өндiрiстегi құлдырауды саябырсытты, сонымен, шiлдеде экономикада 1,4 пайыздық өсiм байқалды” дедi Бақыт Сұлтанов.

«Өнеркәсiптегi жағдай сәуiр айында аздап тәуiрлене бастады. Осы өзгерiстердi пайдаланып, Үкiмет дер кезiнде индустриалды-инновациялық дамуға бағыт алды. Тiптi, ақпан айында жасалған “бiр күндiк” девальвацияның өзi осы жағымды жаңалықтардың алғышарты едi, – дейдi Григорий Марченко. – Ресей мен Украина секiлдi мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстан бiртiндеп жасалған девальвациядан бiрден жасалған девальвацияның артықшылығын көрсетiп отыр. Қазақстанда инфляцияның деңгейi анағұрлым төмен, бұл елдермен салыстырғанда қор көлемi көбiрек және жалпылама алғанда банктердегi депозиттер өсiп жатыр, ал Ресей мен Украинада ақшаның сыртқа ағылуы байқалады» дедi Ұлттық банк төрағасы.

Қазiр Ұлттық қор көлемi 3 998,2 млрд. теңгенi құрайды. Алты айдағы инфляцияның ресми көрсеткiшi – 8,7 пайыз. “Жол картасы” арқылы 180 мың қазақстандық жұмыспен қамтылған. Дегенмен, Кәрiм Мәсiмов өз командасын алдағы қиындықтарға тас-түйiн дайын болуға шақырды. Экономикалық саясат жөнiндегi кеңестiң Мәсiмов командасымен бiрге қоян-қолтық жұмыс iстеп жатқаны мәлiм. Бұл кеңес те осы аптада 2010-2012 жылдарға арналған әлеуметтiк-экономикалық даму мүмкiндiктерiн талқылады. “… Арқаны кеңге салуға әлi ерте, әлi де алға жылжу үшiн бар күштi сарқып қимылдау керек” дедi премьер.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары