“БТА БАНКIНЕ” ҚАТЫСТЫ ТЕРГЕУ АЯҚТАЛДЫ

“БТА БАНКIНЕ” ҚАТЫСТЫ ТЕРГЕУ АЯҚТАЛДЫ

“БТА БАНКIНЕ” ҚАТЫСТЫ ТЕРГЕУ АЯҚТАЛДЫ
ашық дереккөзі
229

Елiмiздiң қаржы саласы аумалы-төкпелi кезеңдi бастан кешiп отыр. Экономикалық дағдарыстың әуелгiде қаржы рыногына салқынын тигiзетiнiн ескерсек, қазiргi таңда iрi-iрi банктердiң дағдарып қалғаны анық. Ең сорақысы, осындай қиын-қыстау уақытта үкiметтiң, халықтың ақшасын оп-оңай ғана қымқырып, өз жеке басының қамын күйттеп кеткен қаржыгерлердiң көбейiп кеткендiгi “қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кететiнiн” дәлелдеп отырған жоқ па?

Естерiңiзде болса, бас прокуратура “БТА банкi” директорлар кеңесiнiң бұрынғы төрағасы Мұхтар Әбiлязов, басқарма төрағасының бiрiншi орынбасары Жақсылық Жәрiмбетов және олардың сыбайластарының үстiнен қылмыстық iс қозғаған болатын. Себебi, Әбiлязов бастаған қылмыстық топ Қылмыстық кодекстiң 176-бабының 3-тармағында қарастырылғандай, бөтеннiң мүлкiн иемденiп, “БТА банкi” мен оның еншiлесi “Темiрбанктен” ұзын-ырғасы 83 миллиард теңгенi заңсыз жолмен олжалаған. Ұрланған қаржыны заңдастыру мақсатында олар 9 заңсыз фирма құрып, алаяқтық әрекеттерiн iске асырып келген. “Әбiлязов банк жетекшiсi болып тұрғанда, жер учаскелерi кепiлдiкке қойылып, жалған фирмаларға несиелер бөлiнген. Бұл әрекетке араласқан тұлғалардың барлығының да қылмыстық iске қатысы бар”, – деген бас прокурордың орынбасары Рақымбек Мамырбаев iстiң мән-жайын тергеу анықтайтынын айтқан едi. Ендi, мiне, жақында Алматы қалалық прокуратурасы алты ай бойы “БТА банкi” төңiрегiндегi қаржылық қылмыс фактiсiн тексерудi аяқтағанын мәлiмдедi. Тергеу нәтижесiне сүйенсек, “Митра” атты компания “БТА банкiнен” 17 млрд. 400 млн. теңгеге жуық несиеге алынған заңсыз қаржыға “Каменское плато” ЖШС-iндегi Әбiлязовтың үлесiн сатып алып, арнайы келiсiм-шарт жасасқан. Бұл қомақты сома директорлар кеңесiнiң бұрынғы төрағасының есепшотына түсiп отырған. Алматы қаласының прокуроры Әмiрхан Естаевтың айтуынша, бұрын бұл серiктестiк бар болғаны 100 мың теңгеге бағаланса, кейiн Әбiлязов өз үлесiн 17 мың есе қымбат бағаға сатып жiберген.

Тергеушiлердiң айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топ алаяқтық жасаумен 2005 жылдан бастап айналысып келген екен. Әбiлязовқа тиесiлi 136 жер телiмiн, 924 пәтер мен 12 коттедж, 3 ұшақ пен 80 автокөлiк, банктердiң есеп-шотындағы қыруар қаржы тәркiлендi. Келтiрiлген шығын осы мүлiктер есебiмен өтелмек. Қылмыстық iс бойынша, айыпталушы ретiнде 12 адам жауапқа тартылды. Солардың алтауы “БТА” мен “Темiрбанктiң” бұрынғы басқарма қызметiнде және несие комитетiнiң мүшелерi болса, қалған алтауы қаражат ұрлау үшiн заңсыз құрылған компаниялардың басшылары. Ал қылмыстық топтың жетекшiлерi Әбiлязов, Жәрiмбетов, Солодченкоға халықаралық iздеу жарияланды.

“БТА” мен “Темiрбанктегi” қаржылық алаяқтықты тексеру мақсатында екi ведомствоаралық тергеу тобы құрылған болатын. Бұл – қаржылық қылмыс тек қана Қазақстанда ғана емес, елiмiзден тыс аумақтарда да жасалғандығымен түсiндiрiледi. Осы себептi отандық тергеушiлерге шет елдiк әрiптестерi де көмек көрсетiп отыр. Алматы қаласының прокуроры Әмiрхан Естаев қазiр Әбiлязов пен Жәрiмбетовке қатысты қылмыстық iстiң Ресей мен Украинада да қозғалып жатқандығын жеткiздi. Ал, Ведомствоаралық тергеу тобының жетекшiсi Александр Байков: “Қазiр осы қылмыстық iс бойынша, кейбiр айыпталушылардың қайда тұрып жатқандығын бiлу үшiн шара қолданып жатырмыз. Бiз осы мәселе төңiрегiнде ТМД және алыс шет ел құқық қорғау органдары қызметкерлерiмен бiрiгiп жұмыс iстеудемiз. Интерпол көмектесiп отыр. Жұмысымызда белгiлi бiр нәтиже де жоқ емес. Ұлттық және шет елдiк қылмыстық заңдарға сәйкес, қылмыскерлердi елге қайтару бойынша өзара келiсiм бар” дегендi айтты.

Алматы қалалық прокуратурасы қылмыстық iстiң сотта ашық түрде қаралуы үшiн өтiнiш бiлдiрдi. Тергеу мен сот органдарынан бой тасалап жүрген айыпталушыларға қатысты қылмыстық iс жеке өндiрiске берiлiп, тергеу жұмыстары тергеу органымен жалғасады. Сонымен, алты айда егжей-тегжейлi тергелiп-тексерiлген қылмыстық iс прокурорлардың қарауынан өтiп, Алмалы аудандық сотына жiберiлдi. Бұл iске қатысты соңғы шешiм де көп ұзамай айқын болмақ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары