«УНИВЕРСИТЕТIМIЗДI ӨЗ ҚОЛЫМЫЗБЕН САЛАМЫЗ!»

«УНИВЕРСИТЕТIМIЗДI ӨЗ ҚОЛЫМЫЗБЕН САЛАМЫЗ!»

«УНИВЕРСИТЕТIМIЗДI ӨЗ ҚОЛЫМЫЗБЕН САЛАМЫЗ!»
ашық дереккөзі
250

Биыл студенттер құрылыс жасағының (СҚЖ) құрылғанына 60 жыл толады. 90-жылдары студенттер қозғалысы ұмыт қалған-ды. Былтыр ҚазҰУ-дың басшылығы бұрынғы дәстүрдi қайта жаңғыртып, студенттер арасында кеңiнен таратты. Осылайша бiр жарым ай бұрын ҚазҰУ алаңында университеттiң 75 жылдығына арналған СҚЖ-ның мерейтойлық еңбек семестрi басталған болатын.

Содан берi студенттер талай жұмысты атқарып тастады. Алматының қорық белдеуiне айналған КазГУград саябағын көркейтуде 150 сарбазды қамтитын 13 жасақтың еңбегi зор. Студенттер жұмыс барысында университет қалашығының аумағындағы жаңа көрiктi жерлердi тауып, ашқан жаңалықтарына өздерi де аң-таң болды.

Мәселен, студенттер кезектi еңбек семестрiнде сутоғаны бар жаңа орманды жердi тауып алған болатын. Осы қорықта үш алаң жасақтап, шағын ойын-сауық демалыс кешенiне айналдырды. Аталған кешен аумағында студенттiк жасақтың кезектi жиынын өткiзiп, атқарылған жұмыстың қорытындысын алдымызға тартты. 4000 дана ағаш әктелiп, түптелдi, 2000 қураған ағаш кесiлдi, 400 дана ағаштарды таспен қоршады, 618 машина қоқыс шығарылды, 3000 метр арық тазаланды, 2700 м2 жер тырмаланып, аударылды, 58 526 м2 жердiң шөбi шабылды, 35002 газон егiлдi, 2670 м2 топырақ жайылып, 50 м2 плита түзетiлдi, 70 м2 асфальт төселдi, кiшi футбол, баскетбол, волейболлға арналған 3 спорт алаңы салынды.

Студенттер құрылыс жасағының қорытынды есеп беру шарасы әнмен әрленген, бимен безендiрiлген, күймен көмкерiлген керемет мерекеге ұласты. Салтанатты түрде “Жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар” шыққан “Үздiк жасақ”, “Үздiк командир”, “Үздiк жауынгер” номинацияларының жеңiмпаздарын марапаттап, Ыстық көлге жолдамалар табыстады. Олар:

1. “Ең үздiк жасақ” номинациясы бойынша Халықаралық қатынастар факультетiнiң жасағы (командирi — Қартаева Сандуғаш).

2. “Үздiк командир” номинациясы бойынша Журналистика факультетiнiң студентi Тұралиев Азамат.

3. “ҚазҰУ жасағының үздiк сарбазы” номинациясы бойынша биология факультетiнiң студентi — Мырзақұлов Әлiшер.

Марапаттау рәсiмiнен кейiн жиналған қауым гуманитарлы және жаратылыстану факультеттерiнiң екi құрылыс жасағы: “физиктер” мен “лириктер” КВН командаларының өнерiн тамашалап, көңiлдерiн көтердi. Сонымен қатар алаңда спорттық жарыстар, ас мәзiрiн дайындау байқаулары өткiзiлiп, өзiнiң заңды кезегiмен жалғасын тауып жатты. Күндiзгi көңiл күй кешкiлiк дискотекадағы ойын-сауыққа ұласты. Жасақ жауынгерлерi келесi жылы да ҚазҰУ қалашығын гүлдендiруге атсалысып, қайта қауышуға серттесiп, қимастықпен тарасты.

«Бiз бiр-бiрiмiзбен қимай қоштасып барамыз. Өйткенi ҚазҰУ қалашығының студенттер жасағының құрамына енген күннен бастап, жақсы достасып кеттiк. Тiптi, араларымызда жарасымды жұптар да пайда болып, күндiзгi қалашықтағы жұмыстан соң, өз қолдарымен жасаған саябақта кешкi серуенге шығатын. Мұндай тамаша естелiктер биылғы жазды мәңгi есiмiзде қалдырады. ҚазҰУ-дың әр тасы мен әр түп ағашы бiз үшiн ыстық. Өйткенi онда бiздiң қолтаңбамыз бар. Бiз мұны мақтан етемiз” — дейдi Халықаралық қатынастар факультетi жасағының командирi Қартаева Сандуғаш.

Жалпы ҚазҰУ-дың студенттер жасағы атқарған iстер мол. Олар Ұлы Отан соғысында опат болған құрбандарды еске алу күнiнде марқұмдар құлпытастары мен ескерткiштер айналасын тазалау жұмыстарын жүргiздi. Сондай-ақ, университет қалашығы алып жатқан кең ауқымды территорияның 100 гектар жерiн қоқыстан тазалап, бiр көркейттi, көгалдандырды. Алайда студенттер үшiн ең маңызды оқиға университетте салынып жатқан жаңа ғимараттардың құрылысына өз үлестерiн қосу едi. Солай болды да.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң баспасөз қызметi

Серіктес жаңалықтары