СТУДЕНТТЕР САУЫҚТЫҢ ДА ТҮБIН ТҮСIРЕДI

СТУДЕНТТЕР САУЫҚТЫҢ ДА ТҮБIН ТҮСIРЕДI

СТУДЕНТТЕР САУЫҚТЫҢ ДА ТҮБIН ТҮСIРЕДI
ашық дереккөзі
451

Жазғы демалыс — көңiл-күйдi бiр сергiтiп, жан рахатын сезiндiрер ерекше сәт. Бұл маусымда әркiм өз бетiнше қыдыруға тырысады. Бiрi Анталия, Туркияға сапар шексе, ендi бiрi Көкшенiң көгiлдiр көлiне асығады. Жазғы маусымның жадыраған күнiнде ҚазҰУ қалашығынан ең белсендi деген 50 студенттен құралған топ Ыстықкөл демалыс аймағындағы бiлiм ордамыздың атындағы Спорттық сауықтыру лагерiнде бес күндiк демалысымызды ойдағыдай атқарып келген жайымыз бар.

Елiмiздiң ертеңi, мемлекетiмiздiң тiрегi болар бүгiнгi болашаққа қанат жайған өркендi жастар екендiгiн баршамыз мойындаймыз. Жас та болса, бас болып, қоғамдық жұмыста болсын, мәдениет жағынан басқамен терезесiн тең ұстаған заман жастары — ол ҚазҰУ-лық қырандарымыз екендiгiн бек сенiммен айта аламыз. Бұл бiздiң асыра сiлтеушiлiгiмiз емес, шындықтың кiлтiн бұрағандығымыз. ҚазҰУ ректоры Б.Т. Жұмағұлов студенттермен кездесуiнде белсендi жастарды қолдап, 100 пайыз жеңiлдiкпен Ыстықкөлге жолдама берiлгендiгiн атап өткен болатын. Ыстықкөлдi елестеткен әр жастың арманы алдамады. Университет үшiн алғы шептен көрiнiп жүрген, ҚазҰУ-дың кiлең белсендi жастары шiлденiң 14 жұлдызында жолға шықтық. Арамызда Астанадан келген, Еуразия Ұлттық университетiнiң белсендi студенттерi де бар. Студенттiк өмiр, қызықты да көңiлдi күндерiмiз Ыстықкөл жағажайында басталып та кеттi. Жанның сарайын жадыратқан, әр күндерi қызық пен күлкiге көмкерiлген, Астанадан ат арылтып келген “Нұр” командасы, өзiмiздiң “ҚазҰУ құрамасы”, “Сенсация” КТК (КВН) командалары, университетiмiздiң тарихында бес жылдық еңбек өтiлi бар “Бақыт” би ансамблi және Жастар ұйымдары комитетiнiң белсендiлерi бас қосқан орта қай кезде де мағыналы дүниенiң байлығын көрсетiп, жыр-думанға бөлеп келетiндiгiн алғашында сезген едiк. Университетiмiздiң 75 жылдық мерейтойы қарсаңында студенттер үшiн жасалған демалыстың әр күнi мерекеге толы болды. Демалысымыздың үшiншi күнi Ыстықкөл жағажайында су патшасы Нептунның құрметiне “Нептун күнi” аталып өтiп, демалушы көрермендерге ертегi желiсiмен үлкен қойылым қойылды. ҚазҰУ студенттерiнiң актерлық шеберлiгiне қырғыз халқы ғана емес, шетелден келген демалушы қонақтар да тәнтi болды. Көрермендерге күлкi сыйлаған қойылым желiсiнде әр жастың өнерлерiн паш ету едi. Су патшасы Нептун мен ректорымыз Б.Жұмағұловтың екiжақты өзара ынтымақтастық келiсiмiн айқара ашып бердi. Оның себебi жыл сайын Ыстықкөлге ҚазҰУ-дан 100-ге тарта студент демалуға барады. Биылғы сапарда нақты 50 студент тегiн жатын орын мен күндiк тамақты қосқанда еркiн демалып қайтты десек болады. Ал тамыз айында еңбекқор жастардан құралған екiншi топ демалуға барады. “Нептун күнiн” қарсы алумен басталған кеш мерекелiк концертке ұласты. Бұл шара игi дәстүрге айналғанына бiраз жылдардың жүзi болыпты. Биыл қайта қолға алған ҚазҰУ басшылығы тарапы, берекелi мерекенiң бастамасымен Ыстықкөлдiң ашылуын жариялап, демалушы қонақтарға әсерлi көңiл-күй сыйлады. Алғыр да талантты, танымал да бiлгiр студент жастар ҚазҰУ-дың мақтаныштары екендiктерiн өнерлерi арқылы-ақ дәлелдеп келген сыңайлы. Қызыл-жасыл киiнген, “Бақыт” би тобының арулары көл бетiнде жүзген аққу тәрiздi мың бұрала билесе, қарашаңырақты ән әлемiмен әрлеп жүрген әншi қыз-жiгiттерiмiз Марал Жанакеева, Ардақ Алтынбекова, Александр Цой, Сардор Тлямов, Меруерт Сахова сынды өнерпаздар қырғыз елiн ерекшелiктерiмен елiтiп келгендiгiн қуанышпен айтамыз. Бес күннiң қызығы мен шыжығын бiрге бөлiскен өршiл студент жастар ҚазҰУ ғана емес, көршiлес жатқан Қырғыз елiн таңғалдырып келуi бiздiң абыройымыздың асқақтағанының белгiсi болса керек.

Жағажайда демалушы қонақтардан әзiлмен әрлеп, күлкiмен көмкерген күннiң ерекше қасиетiн сұраған едiк.

ҚазҰТУ-дың оқытушысы Ақмарал Ысқақ:

— Бүгiнгi күннiң ерекшелiгiн айтар болсам, ҚазҰУ-дың студенттерiнiң өнерiне тәнтi болдым. Нағыз ҚазҰУ қырандары десем жарасатын секiлдi. Бұл күндi мерекеге ұластырған жастарға, университет ұжымына алғысымды жолдаймын.

Нұрлан Өтепов, демалушы:

— Бар қасиет университет табалдырығынан осы жерге жеткiзген жастардың өнерiнде жатса керек. Ұйымдастырып отырған басшылыққа ризамыз. Жастар жасасын!!!

Тамара Шалахметова, ҚазҰУ-дың биология факультетiнiң деканы:

— Бiздiң ҚазҰУ жастары шыға келгенде күнде сондай жадырап кеттi. Мұнда үлкен құпия бар. Себебi ол бiздiң студенттер!!! ҚазҰУ жасасын!!!

Ыстықкөлдiң айнадай көлiне жүзiп, ыстық құмына аунаған қыз-жiгiттер қызықты күндерiн қырғыз жерiмен бөлiсiп, өз жерiмiзге бесiншi күнi табан тiредiк. Биылғы демалыстың қызықты күндерi 75 жыл тарихы бар ҚазҰУ сұлбасын ерен танытып келгендiгiнде жатса керек. Кәсiподақ, Студенттер клубы, “Сұңқар” секiлдi көшбасшы ұйымдардың да ұйымдастырушылық еңбегiн атап, басшылықтың жастарға деген үлкен қамқорына алғыс жүгiн арқалатқымыз келедi.

Жанат ҚАСЫМБЕК,әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң

журналистика факультетiнiң студентi

Серіктес жаңалықтары