ДАЙЫН ДИПЛОМНЫҢ ДӘУРЕНI

ДАЙЫН ДИПЛОМНЫҢ ДӘУРЕНI

ДАЙЫН ДИПЛОМНЫҢ ДӘУРЕНI
ашық дереккөзі
221

Әрбiр пенденiң арманы шексiз болып келедi. Бiреуi орындалса, екiншiсiне жеткiсi келiп тұрады. Әсiресе, жауқазындай өсiп келе жатқан жас буын мектеп қабырғасынан қанаттарын қатайтып, буындарын бекiтiп, болашаққа жылдам қадам басқысы келетiнi сөзсiз. Белгiлi бiр жоғары оқу орнына түсiп, таңдаған мамандығы бойынша ойдағыдай тәмамдап, бiлiктi бiр мамандық иесi болу. Алайда, кейбiреулер сол арманға жете алмай қалады. Себебi жоғары оқу орнына түсу үшiн, ең бастысы Ұлттық Бiрыңғай Тестiлеуден аман өту. “Бақ шаба ма, бап шаба ма” дегендей, ең төменгi балл жинай алмаса, оқуға түспек түгiлi орта мектептiң аттестатын да алмауы мүмкiн. Тест сұрақтарының көпшiлiгi түсiнiксiз болып келетiнi, онда қателердiң көптiгi, кейбiр фактiлердiң сәйкес келмейтiндерi, кей сұрақтардың бiрде-бiр дұрыс жауабының жоқтығы жылма жыл айтылып жүрген әңгiме.

Студенттiк шақ ұмтылмас тәттi күндер екенi баршамызға аян. Жас талапкер ата-ананың аялы алақанынан ұшып, өмiр мектебiнiң әлiппесiнен жоғары оқу орнына түсiп, “университет бiлiмге баулыса, жатақхана өмiрге шыңдайды” деп жатақханаға да үйренедi. Студенттiк өмiр — ұмытылмас тәттi күндер тез өтедi. “Тар жол тайғақ кешу” аталған сессия, II курс студенттерiне арналған МАБ, мемлекеттiк емтихан, ал ең қорқыныштысы — жаныңды жегiдей жейтiн диплом жұмысы. Әрбiр студент өз мамандығы бойынша 1-курстан берi алған бiлiмдерiн таразылайтын тұс та осы диплом жұмысы. Өзiне тақырып таңдап, күндiз-түнi ұйқысын бұзып, кiтапханалардан шықпай тер төгiп жүрген студенттер бар. Алайда студент қауымының кейбiреулерi “көре жатармыз” деп жүре бередi. “Көре жатармыз” дегенi — ақша болса диплом жұмысын бiр-ақ күнде сатып алуға болатыны. “Алматы – студенттердiң қаласы” деп бекер айтылмаған. Мұнда елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен оқуға түсуге келетiн жастар көп болғандықтан ба, жол бойындағы ағаштарда, аялдамаларда, жарнама тақталарда, көшедегi дүңгiршiктерде үлкен әрiптермен “Курсовые, дипломные работы” деп бақырайып жазылып тұрады. Тiптi, көшеде өтiп бара жатсаң, қолыңа кiшкентай ғана қағаз ұстатады. Ол да сол диплом жұмысын қайдан сатып алуға болатынын бiлдiретiн қағаз, мекен-жайы мен телефон нөмiрлерiне дейiн анық жазылып тұрғанын көресiң. Ал осы оңай жолды жатырқамайтын жастар да баршылық. Тек өзiне керек тақырыбын ғана айтса болды, 5-10 минутта дайын қылып бередi. Қарапайым курстық жұмыс 2500 теңге болса, диплом жұмысы 30 мың теңгеден жоғары. Әрине көбiне көлемi мен сапасына байланысты бағасы да әртүрлi. Диплом жұмысының көлемi мен сапасы неғұрлым жақсы болса, соғұрлым қымбаттырақ болады. Ал реферат туралы айтпаса да болады. Дайын дипломның дәуренi жүрiп тұр қазiр.

Төрт жыл алған бiлiмiн текке кетiрiп, диплом жұмысын өзгеге жаздырған студенттен болашақта бiлiктi маман шығады деп кiм айтады?!

Айнаш Мұхамеджанова, ҚазҰПУ студентi

Серіктес жаңалықтары