РЕСЕЙДЕ «ДОМ-2»-ҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ ҚАЗАҚСТАН НЕГЕ ҮНСIЗ?

РЕСЕЙДЕ «ДОМ-2»-ҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ ҚАЗАҚСТАН НЕГЕ ҮНСIЗ?

РЕСЕЙДЕ «ДОМ-2»-ҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ  ҚАЗАҚСТАН НЕГЕ ҮНСIЗ?
ашық дереккөзі
258

Мәскеулiк сот ресейлiк арна — ТНТ-ға “Дом-2” тележобасын таңғы сағат 4-тен түнгi 11-ге дейiн көрсетуге тыйым салды. Есесiне, адамгершiлiк қағидаларға жат қылық пен былыққа толы бағдарламаға Қазақстанда ешкiм бөгет бола алмай отыр. Көзi қарақты көрермен дәрменсiз болса, билiк мүдделi емес.

Ақпаратқа иелiк етушi әлемге үстемдiк етедi. Мұны Уинстон Черчилль баяғыда айтып кеткен. Өкiнiшке қарай, бұқаралық ақпарат құралдарының ұлттық қауiпсiздiкке, мемлекеттiк тұтастыққа игi әсерi мен керi әсерiн ажырата алмай қалатын сәттер жиi кездеседi. Мұндайда билiкке өкпелейсiң. Апта басында Мәскеудiң Преснендiк соты “Дом-2” теле жобасын таңғы сағат 4-тен түнгi 23-00-ге дейiн көрсетуге заң жүзiнде тыйым салды. Ресейдегi бағдарламада несi бар демеңiз. Себебi, “Дом-2” бүгiнде қазақстандық телеарналардың бiрi — НТК-дан үзбей көрсетiлiп келе жатқанына бiрақ уақыт болды. Яғни, бұл бағдарламаға қазақстандық құқық қорғау органдары тарапынан тыйым салу ел мен жердiң келешегiне алаңдайтын көзi қарақты қазақ көрерменiне де маңызды. Осы мәселеге орай отандық БАҚ, әсiресе, қазақтiлдi баспасөз өкiлдерi дабыл қағып келе жатқанына бiрнеше жыл. Бiрақ оған селт еткен билiк жоқ. Әйтпесе, қулық-сұмдық, ұрлық-қарлық, екiжүздiлiк, өтiрiк айту, арандату, ең сорақысы, анайылық сияқты басқа да адамгершiлiк қағидаларға қайшы келетiн әдеттердi насихаттайтын “Дом-2” қазақ жерiнде көрсетiлмес едi. Осыдан сәл уақыт бұрын ғана бiздiң “Дом-2”: ұлтсыздану қаупi” атты мақаламызда ресейлiк депутаттар мен РФ Iшкi iстер министрiнiң аталған телебағдарламаны эфирден алып тастау туралы мәселе көтерiп жатқанын, өкiнiшке қарай, қазақ қалаулылары мен қазақ шенеунiктерiнiң қоғамды iштен iрiтетiн, сырттан келетiн бейәдеп, арзанқол дүниелерден арылуға құлшынбайтынына қынжылғанбыз. Осы мәселеге орай пiкiр бiлдiрген халық қалаулысы Уәлихан Қалижан мырза бiрде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгi қазақстандық телеарналардан берiлетiн барлық дүниеге мониторинг жасап отыруы тиiс деген болатын. Көкейге қонымды пiкiр, әрине. Егер тек билiк көңiл бөлсе. Заң жүзiнде эротикалық, порнографиялық сарындағы және зорлық-зомбылықты, қатiгездiктi насихаттайтын, ұлттық қауiпсiздiкке, мемлекеттiк тұтастыққа қатер төндiретiн, бағдарлама, фильмдердi көрсетуге тыйым салынған, әрине. Бiрақ оған барлық телеарна бiрдей құлақ аса ма? Заңды кез келген БАҚ сақтай ма?

Сейсенбi күнi орыс депутаттары өз дегенiне қол жеткiздi, мәскеулiк сот “Дом-2”-ға тыйым салды. Әлбетте, бағдарламадан мол ақша түсiрiп отырған ТНТ арнасы соттың бұл шешiмiмен өлсе келiспейтiнi белгiлi: “майлы жiлiктiң басын” оңайлықпен өзгеге ұстатсын ба?! Бiрақ ол — бөлек әңгiме. Ендi келешек ұрпақтың санасын улайтын БАҚ-қа қарсы шара қолдану туралы қазақ билiгi бас қатырғаны жөн.

Қазiр қазақстандық телеарналарда орыс, кәрiс, түрiктiң телесериалдары қаптап кеттi. Iшкi ақпараттық кеңiстiктi толтыруға отандық бағдарламалар мен фильмдер қауқарсыз. Оның үстiне, қазақстандық телеарналарға Батыс пен АҚШ-тың арзанқол да дайын өнiмдерiн сырттан сатып алу әлдеқайда оңай әрi қаржылық тұрғыда тиiмдi. Одан зиян шегетiн — қазақ көрерменi. Әсiресе, әсiреқызылға тез елiткiш әрi елiктегiш келетiн өскелең ұрпақ. Алты жасар ұлым еркелесе не риза болса, жүгiрiп келiп үлкендердiң қолының сыртынан сүйедi. Түрiк фильмдерiнен көрген түрiктердiң ежелден келе жатқан салты ғой. Ал бүкiл қазақ қызын тәнтi етiп, өзiне ес-түссiз ғашық қылған кешегi Жумоң ханзада қай елдiң, қай ұлттың салт-дәстүрiн насихаттап едi? Қазiргi “Сарай әмiршiсiн” де қазақ көрерменi “көксандықтың” алдында қалқиып отырып, асыға күтедi. Онда кәрiстердiң әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрiн ғана емес, бiр сериясында бүкiл әлем секта деп таныған Мәсiхшiлердi мақтап, насихаттады… Қазақ қоғамына, ұлттың тұтастығына қатер төндiрген секталардың тайраңы аздай, ендi оны бас арна — “Қазақстаннан” әспеттеудемiз. Тiптi, арналардан берiлетiн мультфильмдердi балаларға көрсетпеуге тырысатын болдық. Өйткенi, мультфильмдерде насихатталатыны — зорлық-зомбылық, атыс-шабыс, ұрыс-керiс, қанiпезерлiк, қатiгездiк, өзiмшiлдiк, арсыздық, екiжүздiлiк… Бiрде отандық телеарналардың бiрiнен берiлетiн сансыз мультфильмнiң кiшкентай кейiпкерi жанындағы достарына: “Ата-аналарымыз кез келген жағдайда әдiл әрi адал бола бермейдi. Сондықтан шындыққа өз бетiмiзбен көз жеткiзуiмiз керек” деп кеңес бердi. Сонда мұның астарында не жатыр? Әке мен шешеге баланы айдап салу, үлкендердiң айтқанына мойынсұнбау, дала философиясының қағидаларына сүйенетiн отбасылық дипломатияға кесiрiн тигiзу, шаңырақты iштен iрiту жатқан жоқ па? Кiм кiнәлi?

Осыдан 3-4 жыл бұрын бүкiл қазақ елi демiн iшiне тарта көрген түрiк сериалы — “Асау жүрек” есiңiзде ме? Бiр сериясында Юсуф Мироғлыға оқ тигенде ауылда тұратын бiр апам 7 шелпек таратып жүр дейдi: “Апырай, Юсуфқа оқ тидi, сорлы бала аман қалса екен”… Ақкөңiл апама режиссердiң жоспары мен дiттеген мақсатын айтып түсiндiру артық, әрине. Бiрақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жасалатын жарнама мен насихаттың адам санасына ықпалы, әсер ету күшi жас пен кәрiге бiрдей екендiгi даусыз. Әйтпесе, айдаладағы Юсуфта ауылдағы апамның несi бар?

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары