ҚҰДАЙДАН БАЛА СҰРАҒАНДА...

ҚҰДАЙДАН БАЛА СҰРАҒАНДА...

ҚҰДАЙДАН БАЛА СҰРАҒАНДА...
ашық дереккөзі
307

Ел қатарлы жоғарғы бiлiм алған, ел қатарлы ұлық-кiшiк қызметтерде тәжiрибе жинақтаған қайбiр жандардың өз бойына сабырлылықтың сары алтынындай сырбаздығын сақтай жүрiп, қарбалас өмiрдiң қанатымен хат жазғандай орынды ой-түйiндерiне де куә болғандай бiр сырға қанықтық. Соған куә бола отырып, бойына да, ойына да қылаудай кiнәрат жуытпаған азаматтың мына өмiрге деген көзқарасының қанатты ой ұшқындары бiздi бiр сiлкiндiрiп тастады. Мұндай құнды ой түгiл, жайылма жапырақтай жалпақ сөзiн жалпылдатып, жалаулатып жүрген талай жазушысымақтарды көргенде, бұл сынды ой түйiндерiне де шүкiрлiк жасаймыз. Және халық даналығының әлi де өшiп кетпегендiгiне куә боламыз. Соның бiрi, кеше ғана сатириктер қатарында өзiнiң қалам қуатын әлсiретпей дүниеден озған Сақтапберген Әлжiков ағамыздың iнiсi Орынбасар Әлжiк iнiмiз едi. Және бұл жазғандарын жарияға жар салмай құпия сыр құндағына жасырып келген жанның “Өрелi ойлар өлкесiн” өздерiңiзге ұсынып отырмыз, ағайын. Қабыл алыңыздар.

Оспан СЕЙФОЛЛА

Зейнетке өзiңмен бiрге телефоның да шығады.

* * *

Киiктiң мүйiзiн сатып мүйiзi шыққан пенденi көрмедiм.

* * *

Шалбарының қыры жоқтың, өмiр сүруге де қыры жоқ.

* * *

Ыңылдап ән айта жүрiп үй жинайтын әйел — бақытты.

* * *

Сағат пен әйелдiң бiрқалыпты жүргенi дұрыс.

* * *

Қателеспеймiн деу — қателесу.

* * *

Жапония — озық техниканың разведчигi.

* * *

Есектердiң iшiнде де өз сұлтаны, өз бұлбұлы болады.

* * *

Ең өлмейтiн тақырып — өсек.

* * *

Этаждағы адам — клеткiдегi аң.

* * *

Ұмытшақтың ұмытшағы да тамақты ұмытпайды.

* * *

Жаңа жұмыс та жаңа әйел сияқты. Өз қыры, қылығы, қуанышы, құқайы болады.

* * *

Желкемде майым жоқ, қолымда малым жоқ. Не iстейiн, нағашы?

* * *

Бұрынғылар: “Сырдың суын екi жыл iшсең, iшiңе алтын байланады” дейдi екен. Бүгiнде, Сырдың суын екi ай iшсең, iшiңе екi елi тұз байланады.

* * *

Құшақтасқандардан да пышақтасқандар шығады.

* * *

Коррупция туралы жазылып жатыр. Бiрақ ашынып, ышқынып жазу, жантөзбестей қуыра жазу жоқ. Мысалға, Балқы Базарша:

«Түзелер едi бұл заман

Пейiлi бұзық пенденi,

Кетсе астына жер тартып»,

немесе Сұлтанмахмұтша (Торайғыров):

«Ғадiлет орнамасқа көзiм жеттi

Бұл дүниеден ет жейтiн ауыз құрымай», — дегендей.

* * *

Нарықтың креслосы да адамдары секiлдi. Айналмалы, тұрақсыз.

* * *

Халықты мойындатқандардың кейбiрiн отбасылары мойындамайды.

* * *

Бала да бiр, баға да бiр. Бiлгенiн iстеп жатыр.

* * *

Қарияға үш жылы керек: сөз, тамақ, төсек.

* * *

Пәлегi таза қауынның түйнегi де таза болады.

* * *

Ақиқат – қалтқы секiлдi, батпайды.

* * *

Бастықтар кешiгу арқылы бедел жинайды.

* * *

Елу жiгiттi екi ауыз сөзбен етпетiнен түсiретiн, алпыс жiгiттi алты ауыз сөзбен айдап шығатын айыр тiлдi азаматтар бүгiнде жоқ.

* * *

Мағжан Жұмабаев Сiбiрге айдалғанда әйелi Зылиха соңынан iздеп он төрт рет барған екен. Бүгiнде өзiң ауруханаға түссең әйелiң бара ма?

* * *

Қасиеттi данышпандардың қасиетсiз қырлары көп болады.

* * *

“Үкiмет” деген сөздi бас әрiппен жазғым келмей жүр.

* * *

Бiр-бiрiнен темекi көп сұрайтын жердiң — тұрмысы төмен.

* * *

Елуден соң-ақ еңкейе бересiң.

* * *

Сыйластықты асқазанның ауқымымен өлшейтiндер әлi көп.

* * *

Ақылды бала ақылы оқуға түспес болар.

* * *

Ауа райы құбылмалы жердiң адамдарының денсаулығы да құбылмалы келедi.

* * *

Дарабозым да, паровозым да — ауыл.

* * *

Азаптың азабы — көре, бiле тұра айта алмау.

* * *

Ана тiлiмдi бiлмегеннiң бетi тiлiнсiн.

* * *

Мыж-мыж болған беттiң “өтегi” — жүз грамм.

* * *

Рас, өлiм — Алладан. Әйтсе де Қызылордадағы көп өлiм — ракетадан.

* * *

Екеуi жиналып, үш партия құратын халықпыз.

* * *

Сыпайы сызып айтады, шешен қызып айтады, ақылсыз бұзып айтады.

* * *

Жүректiң егесi — жастық, ақылдың егесi — қарттық.

* * *

Отбасында береке болмай, мемлекетте береке болмайды.

* * *

Балаға қауын берме, кетпен бер.

* * *

Үйi суық адамның түсi суық.

* * *

Қаншама “сотовый” дегенмен, қазақтың “ұзынқұлағынан” жылдам емес.

* * *

Шын сатира — атан түйенi иесiмен қоса құлатады.

* * *

Бүгiнде табиғатпен қоса махаббат та экологияға ұшырады.

* * *

Кеп қалғанда — деп қал.

* * *

Тал түсте адамдары сатылатын қоғамның, тал түсте адамдары атылатын да болады.

* * *

Жақсылыққа асық, арасына жамандық кiредi,

Жамандыққа асықпа, арасына жақсылық кiредi.

* * *

Нарық өңешке “учетчик” қойды.

* * *

Пiспеген ой — қайнамаған қазан.

* * *

Өтiрiкшiнiң мойындауы: өтiрiк айтпаймын деуi — өтiрiк.

* * *

Бұлбұлсың деп мақтама

Есексiң деп даттама

Алла солай жаратқан.

* * *

Әркiм өз ойлау орбитасында айналады.

* * *

Iрi шенеунiк орнынан түссе болды, газеттер “талай” бастайды. Ондайларға айтарым — құлағанды теппес болар.

* * *

Мәселе – бақшада емес, мәселе — ақшада.

* * *

Бүгiнде сөздiң парқынан гөрi, тауардың нарқын бiлгiштер көбейдi.

* * *

Қарт коммунистiң айтқаны: — шырақтарым осы дүниенi қасықтап жинап едiк, сендер шөмiштеп шашып тауыса алмай жатырсыңдар-ау.

* * *

Аурумен де ақылмен күресу керек.

* * *

Кетiп бара жатқан Үкiмет басшысының орынтағына үмiткерге жазып қалдырған бiр ауыз сөзi: «Мен де сендей болғанмын, сен де мендей боларсың…»

* * *

Жаның — Құдайдiкi,

Денең — жердiкi.

* * *

Алматыға барған абитуриенттердiң бiразы институтқа, бiразы суретке түсiп қайтады.

* * *

Әлем — жаһанданып жатыр, қазақ — шаманданып жатыр.

* * *

Әйел де үйге қажет дүние секiлдi. Түбi алуың керек.

* * *

Жебiрлер: “жеме” дейдi. Қызық…

* * *

Сабырлы — шыдар, сабырсыз — сынар.

* * *

Ереженi сақтауға болады, бiрақ онымен өмiр сүруге болмайды.

* * *

Батып бара жатқан күндi бақан тiреп тоқтатпақшы болып жүрген жандар бар.

* * *

Өзбекстанның экономикасы нашар. Өзбек тiлi нашар ма? Қазақстанның экономикасы мықты. Қазақ тiлi мықты ма?

* * *

Орысша сөйлемейтiн бiр орыс жоқ. Қазақша сөйлемейтiн қазақ жыртылып айрылады.

* * *

Ерекшеленгiң келсе — жұрт ойламағанды ойла.

* * *

Көктем келсе де қыс артын “қыспай” отыр. Қайтсiн-ай, жан беру оңай ма.

* * *

Өмiр — рельс емес.

* * *

Алдағыны Алла ғана бiледi.

* * *

Бүгiнде құдалардың рөлiнiң артқандығы сондай, “Құдай қаласа” деген сөздi — “құда қаласа” деп айтатын болдық.

* * *

Тiл жайында тiл күрмелгенше, һәм байланғанша айтуға болады.

* * *

Ерiккен еркектiң сөзi: «Әппақ кiсiнiң қолынан қара шай iшкiм келедi».

* * *

Оның сараңдығы сондай, алдырған шашын өзiмен бiрге алып кететiн. Жүнге өткiзуге…

* * *

Уақытты алып-алып, «уақыттарыңызды алмайын» дейтiн лекторлар бар.

* * *

Басы бос бойжеткеннiң, қолы да бос болады.

* * *

Мұнайлы ел болғанша, құдайлы ел болған жөн. Құдайлы елдi түбi Алла мұнайлыға айналдырады.

* * *

Қазақстанның гүлденуi — шығар күндей шындық.

* * *

Жердi жауға амалсыз берiп, кейiн қайтарып алуға болады. Тiлден бiр айрылсаң, мәңгiлiк қайтара алмайсың.

* * *

Тiл — бiреуге уақытша берiп, кейiн қайтарып алатын қарыз емес.

* * *

Бүгiнде ауа райы мен адамдар тез өзгеретiн болып кеттi.

* * *

Бiзде бiр қырым артық етi жоқ жаратылған аттай, жаратылған сөздер жетiспейдi.

* * *

Бұрындары түйенi түгiмен жұтатындар бар едi. Бүгiнде поезды жүгiмен жұтатындар шықты.

* * *

Терiс қоғамда түзу өмiр сүру мүмкiн емес.

* * *

Соңғы уақытта Сыр диқандары күрiштi сумен емес, маңдай терiмен суарып өсiрiп жүр.

* * *

Оқығаны көп, тоқығаны жоқтан сақта.

* * *

Қазiргi халық эксперименттi көтермейдi.

* * *

Қызылорданың үстi – тақыр, асты — көл.

* * *

Өмiр — поезд, адам — жолаушы, ажал — жолсерiк. Алла кесiп берген билетiне қарай жолсерiк жолаушыны кез келген стансадан түсiрiп кете алады.

* * *

Терең батырмай, көп қорқытпай, талант табындырмай қоймайды.

* * *

Кеңес үкiметiн орнатуда “Аврора” үнi қандай роль атқарса, Кеңес Одағын ыдыратуда Желтоқсан оқиғасы сондай роль атқарды.

* * *

Қиындықты жеңудiң төте жолы — тынбау. Тынсаң — тынасың.

* * *

Алла тағала жердi емес, сананы сiлкiнтсе…

* * *

Аптасына — монша, жылына — курорт. Денсаулық деген сол.

* * *

Сәби кезiнде көтерген балаң, қартайғанда сенi де көтерсе ғой.

* * *

Мың сөзiң — еш, бiр сөзбен кес.

* * *

Көп балалы аналар, көп аналы балаларды тәрбиелейдi.

* * *

Тосын келген байлық — ауыр сын.

* * *

Жаман қатыннан өлiп құтыласың.

* * *

Бүгiнгi өнершiлердiң сөзi: — Әнi менiкi, сөзi менiкi, орындайтын мен.

* * *

Нарықтың светi де адамдары секiлдi — әлсiз.

* * *

Қазақтар төсек жаңғырту арқылы тiрлiктi жаңғыртқан.

* * *

Сау кезiнде адамға жүрек икемделедi. Ауырған соң адам жүрекке икемделедi. Түбi жеңiс — жүректiкi.

* * *

Тележурналистке: Сюжетiңе сай сөз сайла.

* * *

Мектептiң баласы көздi емес, есептi шығаруы керек.

* * *

Жастың да данасы бар.

Шалдың да шаласы бар.

* * *

Қожанасырдың моласына күлкi туғызу үшiн, тiреу терiс жағынан қойылған екен.

Бұдан күлкi құдiретiн, оның ажалға да бас имейтiнiн аңғарамыз.

* * *

Бiз кей кездерi айтып отырған мақалымыздың мағынасын түптеп тереңдеп бiле бермеймiз.

Мысалыға, “Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар” деген мақал бар. Бiр қарағанда түсiнiктi. Әйтседе, ойланып көрелiкшi. Қарағай — ең биiк өсетiн ағаш. Шортан — ең тереңде жүзетiн балық. Бұл сонда “күндердiң күнi болғанда, қарағай теңiз түбiнде қалып, оның басын шортан шалады” деген сөз. Яғни, бұл бiз айтып жүрген “жүз жылдағы қазанның да қазаны” деген мағынаны бiлдiредi.

“Қысқасы жiп байлауға келсе де, күрмеуге келмейдi” деген мақал жөнiнде де осыны айтуға болады.

* * *

Мақалдар — уақыт сұрыптауынан өткен сөздердiң “берiшi”.

* * *

Нарық кезiнде ең дефицит болып бiр ғана нәрсе қалды. Ол — ұят.

* * *

Кезiнде қаралы соғыс жылдары бiздiң шешелерiмiз “майдан үшiн” деп алтын, күмiс бiлезiктерiн ортаға салған екен. Қазiргi шешелер сүйтер ме едi?

* * *

Дүниенiң құны қанша өссе, адамның құны сонша төмендейдi.

* * *

Дәл қазiр үлк-е-е-н Ресейге, кiшкентай Сталин керек.

* * *

Қазiргi заманның бетi жаман, ыңғайына қарай адамдары да сондай. Бұл — әкiм-қаралардың кемшiлiгi. Себебi заманды билейтiн де, илейтiн де солар.

* * *

Құдайдан бала сұрағанда, ақылын қоса сұрау абзал.

* * *

Бұрын “оян қазақ” деушi едiк, ендi “ойлан, қазақ” деуiмiз керек шығар.

* * *

Өлiмнен өлiп құтыласың.

* * *

Үлкеннiң ақылы ақыл-ақ,

Ақылды алмаған ақымақ.

* * *

Бүгiнде оқуға түсiру үшiн бала жетектеу шарт емес. Мал жетектеу шарт.

* * *

Мәселе жаста емес, баста.

* * *

Өмiр атты композитор маңдайыма нота сызықтарын сызып жатыр. Ол нотаға түсер ән көңiлдi бола ма, көңiлсiз бола ма, ол да сол композитор — өмiрге байланысты.

* * *

Халық — тамыры тереңге кеткен бәйтерек секiлдi. Анау-мынау соққан дауыл оны шайқауы мүмкiн, бiрақ жұлып ала алмайды.

* * *

Дүние – бiрде күлдiредi, бiрде бүлдiредi.

* * *

Бұзылған елдi би жөндер, бұзылған бидi кiм жөндер.

* * *

“Айда аяқ, жылда жiлiк жоқ” дегендей желдей есiп жыл, жұлдыздай ағып күндер өтуде”.

* * *

Мас адам — нас адам.

* * *

Оспанхан – отауызды, оспатiлдi, ошаған сөздi, “острый” сатирик.

ОРЫНБАСАР Әлжiк

Серіктес жаңалықтары