КӨҢIЛ СЕРГIТЕР РАДИО
КӨҢIЛ СЕРГIТЕР РАДИО
Осыдан бiршама жыл бұрын елiмiздегi радиостанциялар саны саусақпен санарлықтай едi. Бүгiнде естiр құлақ болса, радиостанциялар жетерлiк. Кез келген радионың құлағын бұрай отырып, жаныңыз қалаған музыканы тыңдап, қажет ақпаратты лезде таба аласыз. 1992 жылдан бастап елiмiзде коммерциялық радиостанциялар саны күрт өсе бастады да, бiршама бәсекелестiк туындады. Сөйтiп тыңдарман қауымға сапалы қызмет көрсететiн радиостанциялар пайда болды.
Қазiргi таңда көлiкте де, үйдегi магнитофонда да, тiптi ұялы телефонда да радио бар. Шаршаған сәтте, жабыққан кезде музыка тыңдау арқылы бәрiн де ұмытуға болады. Бұрын-соңды радионы ден қойып тыңдамайтын қауым радиоқабылдағышты қосып, құлағын арлы-берлi бұрауды әдетке айналдырды. Құлақтан кiрiп, бойды алар әсем әуен радиодан тынымсыз берiледi. Радиостанциялар әсiресе таңғы уақытта көңiлсергiтер радиобағдарламаларды жиi бередi. Мәселен, “Русккое радионың” “Русские перцы” бағдарламасы қызықты. Дегенмен бұл аталмыш радионың мәскеулiк студиясының туындысы. Ал “Қазақ радиосы” әрқашанда тiл, дiн, рухани тәрбие мәселесiн көтерiп, жастарды тыңғылықты әңгiмеге шақырады. “Авто радио” көлiктi жанындай жақсы көретiн ханымдар мен мырзаларға арналған. Әрине кемшiлiксiз дүние болмас, десек те бүгiнгi радионы жалықпай тыңдауға болады.
Қазiргi радиотолқындар көбiне қоғамның ең белсендi мүшелерi жастарға бағытталған. Шетелдiк музыка, әлемдiк шоу-бизнес жаңалықтары, спорт әлемiне саяхат жастарды қызықтыратыны әрi ерiксiз баурайтыны сөзсiз. Осы тұрғыда бүгiнгi радиостанциялар iшiнен “Radio NS”-ты ерекше атап өтуге болады. 24 сағат бойы әрбiр музыкаға әуес тыңдарман көңiлқошы қалаған әндi тыңдай алады. Бұл радиостанция НАТ-тың яғни, Телерадиотаратушылардың Ұлттық ассоциациясының “Время новостей-2004” (“Жаңалықтар кезеңi-2004”) алғашқы байқауының “Ең үздiк күнделiктi ақпараттық радиобағдарлама” аталымында үздiк деп танылды. Содан болар, аталмыш радиостанцияның тыңдармандар қауымы да көп. Сондай-ақ, елiмiздегi шоу-бизнес өкiлдерiне танымал музыка сыншысы, диджей және “Super star kz” телевизиялық байқауының әдiл-қазылар алқасының ең қатал мүшесi Роман Райфельд “Gazeta kz” интернет газетiне берген сұхбатында бүгiнгi радиотолқындағы мәселелер мен түйткiлдер жайында сөз қозғай отырып, елiмiздегi сапалы әрi локальдi жаңалықтар топтамасын жасайтын радиостанциялар қатарына “Radio NS”, “Радио 31”, және “Energy” радиостанцияларын жатқызып, жоғары баға бердi.
Жабырқаулы көңiлдi сергiтер радиостанциялар қатары көбейiп келедi. Олардың бәрi отандық радиобизнеске өзiндiк үлесiн қосатыны сөзсiз.
Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ