БОЙЛДЫҢ “ҚОҚЫСТАН ШЫҚҚАН МИЛЛИОНЕРI”
БОЙЛДЫҢ “ҚОҚЫСТАН ШЫҚҚАН МИЛЛИОНЕРI”
Қызық, “Қоқыстан шыққан миллионер” жарыққа шығуы мұң екен, бұрын-соңды үндi фильмiн көрмегендей, әлем жұртшылығы таң-тамаша қалыссын. Тiптi, бұл фильмде үндi елiнiң нағыз бет-бейнесi көрiндi деп жар салып жатқандар да бар. Кiмдi қалай таңдандырса да, әзiрге “Қоқыстан шыққан миллионердiң” дәуренi жүрiп-ақ тұр. Дәуренi жүрмегенде не, бiр фильм сегiз бiрдей Оскарды иемденсе… “Сөйтiп, ағылшын режиссерi Дэнни Бойл үндi жұртына теңдессiз тарту жасады”. Бұл жерде үндi режиссерi емес, ағылшын режиссерiнiң тарту жасағанын ұмытпағанымыз абзал.
Сонымен, Бойлдың дүниесiнiң әлемдi таң қалдырудағы ұтқан тұсы, оның үндi халқының тұрмыс-тiршiлiгiн айна-қатесiз беруi деп жазып жатыр интернет сайттарда пiкiр бiлдiргендердiң көбi. Демек, боямасыз өмiрдi сол қалпында, айна-қатесiз қайталағанына қарағанда, ол фильмнiң көркемдiк жағынан гөрi, деректiлiгi алдыңғы орында тұр деген сөз. Егер бiз осы кезге дейiн үндi фильмдерi арқылы олардың тек жақсы жақтарын көрiп келсек, ендi оның бәрiн жоққа шығарып, ағылшын режиссерi Дэнни Бойл үндi өмiрiнiң жағымсыз тұстарын көрсету арқылы көзiмiздi ашып отырған сияқты. Жылдар бойы Болливудтың мыңдаған, миллиондаған көрермендерiн үндi режиссерлерi өздерiнiң жасанды, жағымды кейiпкерлерiмен алдап, арбап келгенi ме, сонда?! Мұның бәрiн неге айтып отырмыз?! Бұған себеп, “Жас қазақ” апталығындағы Серiкбол Хасанның “Қоқыстан шыққан миллионерге” деген сүйiспеншiлiгi.
“Қоқыстан шыққан миллионердi” ойламаған жерден тамашаладым. Көрдiм де қуандым. Себебi бұл фильм үндi жерiнде түсiрiлгенiмен, онда “дыш-дыш” етiп төбелесе кететiн үндi жекпе-жегiне де, бүкiл уақытты алатын ән мен биге де жол берiлген жоқ. Керемет!!!” – дейдi автор. Осыған қарағанда, автордың үндi фильмдерiндегi ән мен биге деген өкпесi қара қазандай сияқты.
Рас, сегiз бiрдей Оскарды иемденген фильмдi көруге бiздiң де құмарлығымыз артты. Кинотеатрдан көрмесек те, пираттық жолмен базарларды жаулап алған арзанқол көшiрмелердiң арасынан “Қоқыстан шыққан милилонердi” тауып алдық. Фильм басталғаннан ақ менiң оған деген ынтызарлығым су сепкендей басылды. Бұл фильм бiз сонау бала кезден көрiп, бiлiп өскен үндi фильмдерiнен мүлде бөлек, жат, суық.. Онда бiз көрген үндi биi, үндi аруларының әсем келбетi, көркем Мумбай, үндiлерге тән салт-дәстүр мүлдем атымен жоқ. Онда тек қана қарабайыр тiрлiк пен ұрлық зомбылық, қарақшылық, күл-қоқыс пен күл-қоқыстың арасында тiршiлiк кешкен қарабайыр өмiр бар. Мүмкiн, миллиардқа жуық халқы бар Үндiстанда күл-қоқыстың арасында өмiр кешiп жатқан адамдар да бар шығар. Бiрақ, сол тiршiлiктi, сол күл-қоқыстағы тiрлiктi фильм етiп шығаруда режиссер ненi көздедi, не ұтты?! Дэнни Бойл үшiн өзге елдердiң қарапайым тiрлiгiн фильм етiп шығару басты мақсат шығар, бiрақ, сол елдiң, сол ұлттың да көзқарасымен санасу қажет емес пе?
“Шындық қашан да ащы” дейдi автор. Көркем фильм тек шындыққа ғана негiзделiп құрылатын болса, онда оның несi көркемдiк. Қоспасыз, оқиғаны дәл сол қалпында көрсету қажет болса, онда неге бiз киноны идеологияның басты құралы санаймыз. Онда ешқандай көркемдiксiз, ешқандай боямасыз қарабайыр тiрлiктi сахналай берейiк… Соны тамашалайық, соған сүйсiнейiк, соны өзiмiзге жұбаныш санайық. Бiле бiлсеңiз, кино дегенiмiздiң өзi идеология. Ол өзге елдерге сол елдiң сұлулығын, көркемдiгiн, әсемдiгiн паш ететiн дүние. Егер кино сұлулықты дәрiптемесе, ендеше неге бiздiң санамызда Қыз Жiбек пен Төлегеннiң бейнесi Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова болып қалды. Шын Қыз Жiбек пен Төлегеннiң бейнесiн көрмеген жас ұрпақ ғұмыр бойы қос ғашықты сол күйiнде елестетiп, сол күйiнде санасына қалыптастыратыны анық. Өйткенi, “Қыз Жiбек” фильмiн түсiрген аға-апаларымыз қазақтың әсемдiгiн, қазақтың ұлттық дәстүрi, музыкасын, өнерiн көрсетудi бiрiншi кезекке қойды.
Жаңағы автор айтқан “дыш-дышқа” толы фильмдерде де үндi режиссерлерi соны негiзге алса керек. Әйтпесе, бiз сонау Үндi мұхитының жанындағы үндi актерлерiне, үндiнiң сұлу актрисаларына тамсанып, оларды өзiмiзге кумир етiп өспес едiк ғой. Егер бiз үндi фильмдерiн өтiрiк деп санасақ, үндi фильмдерiне құмартпасақ, ендеше неге бiз Амитабх Баччанды, Митхун Чакрабортидi, Рекханы, Айшварья Райды, Шахрух Ханды жақсы көремiз.
Би демекшi, үндi биiне қатысты “Жас қазақтың” келесi бiр санында Өркен Дархан жақсы пiкiр бiлдiрген екен. Онда: “Қай елдiң болмасын, киноиндустриясы сол жердiң мәдениет мәйегi мен руханиятынан қуат алады. Ал аскеттер мен махараджалар елiнiң мәдениетiнде ән мен бидiң алар орны айрықша. Содан да ықылым заманнан сiңiстi болған ән, би үндi киносына жұғысты болған атрибут. Жаман болсын, жақсы болсын – ол атрибут, онсыз “үндi киносы” деген бiз бiлетiн брэнд қалыптаспас па едi, кiм бiлсiн. Би… үндi биiнен хабары бар адам одан жай эстетикалық ләззат алып қана қоймай, ән мазмұнын оқи алады” дептi. Расында да, үндi фильмдерiнiң өзге елдердiң киноиндустриясынан ерекшелiгi де осында жатқан жоқ па? Ондағы ән мен би тұтас Болливудты әлем халқына паш етiп жүр.
Әрбiр фильмдерiнде “жақсы” мен “жаман” кейiпкерлердiң өзi көрерменнiң бойына жылылық ұялата бiлдi. Бiз сол “өтiрiк” фильмдерге иландық, сол фильмдердi көрiп, жыладық. Кейiпкерлермен бiрге қуанып, бiрге қайғырдық. Фильмнiң де ұтары осы емес пе? Ол көрерменiн сол өтiрiкке иландыру. Киноның идеологиясы да осында жатыр. Тұтас Үндiстанды жақсы көргiзiп, тұтас үндi халқына жақсы жағынан әлем жұртшылығының назарын аударту.
Киноның өзегi екi адамға негiзделiп құрылған, Сәлiм мен Жамалдың аянышты тағдыры. Бiрақ, режиссер сол тағдырларды түбiнде жақсылыққа жетелеп алып шығуы қажет едi. Күл-қоқыстың арасында өскен адамдардың да келешекке деген ынтасы бар, олар да жақсы өмiрдi аңсайды, жақсы өмiрдi сүргiсi келедi. Режиссер осы жағын көбiрек ойлауы керек едi. Бiр-бiрiнен алшақ жатқан оқиғаларды бiр-бiрiмен қабыстырып, көрерменiн сендiргiсi келедi. Ешқандай көркемдiк жоқ, ешқандай бояу жоқ, Бәрi қаз қалпында. Дәл солай болды ма, жоқ па, бiз оны тек кино арқылы көрiп отырмыз. Бойлдың шығармасы көрерменнiң аянышын тудырмаса, ынтызарлығын арттыра қояды дегенге сене алмаймыз. Сосын, өзге ұлт өкiлi бiр елдiң тұтас проблемасының түбiне үңiлiп, сырын аңғара ала ма? Ол өмiрдi сол күйiнде ғана көрiп, сол күйiнде ғана бейнелегiсi келiп тұрады. Оның себебi, ол бұл елдiң өкiлi емес. Ол елдi сол қалпында қабылдай алмайды, әрi оның жан дүниесiне үңiлiп те қарай алмайды. Ұлтты сүю үшiн, сол ұлттың ортасынан шыққан жөн. Алыс Голливудта жүрген ағылшын режиссерi үндi киноиндустриясы туралы қайдан ұғына алады. Сол фильмдi дәл сол күйiнде үндi режиссерi түсiре алар ма едi. Жоқ. Өйткенi, сол ұлттың өкiлi, әрi ұлтын, ұлтының озық дәстүрiн сыйлайды, құрметтейдi. Тағы бiр ұмытылмайтын нәрсе, кинематогроф ғұмыр бойы дамуды қажет ететiн өнер туындысы. Сол тұрғыдан келгенде, Бойлдың туындысы дамыған қоғамды көрсететiн шедеврдiң бiрi деп айта аламыз ба?
Айтпақшы, осы фильмге қатысты, ғаламторды шарлағанымызда, ресейлiк көрерменнiң мына бiр пiкiрiн көзiмiз шалған едi. “И почему-то мне кажетсе, что награды так и будут получать картины, где лишь задеты какие-то социальные, политические или другие проблемы, а картины, которые ставят фиолософские вопросы, проводить тонкие аллегорий, заставлять зрителей думать так и не останутся ни с чем” дептi. Расында да, бiр елдiң құрыған, қираған дүниесiн көрсеткен фильмдердiң көбi кинофестивальдерде сый-сияпатқа бөленiп жататыны несi екен?!
Тағы бiр дүние, Болливудтық ертегiнi Бойл жоққа шығарды дейтiндей, Болливуд киноиндустриясы тоқтап қалған жоқ. Жылына мыңдаған фильм түсiретiн кино өндiрiсi Бойлға дейiн де өмiр сүрген, өмiр сүре бередi. Көрерменiн жақсылыққа жетелейтiн, өмiрге деген құштарлығын арттыратын дүниенiң болашағы да жарқын болары сөзсiз.
Гүлзина Бектасова