702
“АСТАНАҒА КӨКТЕМ КЕШ КЕЛЕДI”
“АСТАНАҒА КӨКТЕМ КЕШ КЕЛЕДI”
Өткен аптаның басында Қазақстан халқы Елордамыз – Астананың 11 жылдығын думанды түрде атап өттi. Бұл күнi елiмiздiң бас қаласында түрлi мәдени шаралар мен өнегелi ұрпақ үшiн тәрбиесi мол кештер ұйымдастырылды. Әрине, Астананың 11 жасқа толып отырған торқалы тойын былайғы жұрт көзбен көрмесе де, отандық телеарналар арқылы тiкелей эфирден тамашалай алды. Бiз де бұл күнi мемлекеттiк мереке ретiнде демалысқа шығып, Астананың туған күнiн теледидар алдында тапжылмай отырып өткiздiк.
Бiр қуаныштысы, биыл Астана қаласының әкiмшiлiгi Елорданың туған күнiне мейлiнше күшiн салып, дайындалыпты. Әсiресе, Есiл жағасында әннен шашу шашқан дәстүрлi ән орындаушыларының өнерi талай жанның жүрегiне жылылық септi. Бұл бiр жағынан, сұлу табиғатымызды, есiп аққан Есiлiмiздiң әсемдiгiн аша түссе, екiншiден, ұлттық аспабымыз – қасиеттi қоңыр үндi домбыраны насихаттаудың таптырмас жолы. Қандай әсерлi десеңiзшi. Менiңше, Астананың 11 жасқа толған туған күнi былтырғы дүбiрлi тойынан асып кетпесе, кем болған жоқ. Астананың 10 жылдығында “Астана – ғашықтар мекенi”, “Махаббат жағалауы” сынды фильмдер жарыққа келген едi. Биылғы мереке күнi “Қазақстан” ұлттық телеарнасы және “Жас Ұлан” балалар мен жасөспiрiмдер киностудиясы “Астанаға көктем кеш келедi” көркем фильмiн көрермен назарына ұсынды. Бұған дейiн көпшiлiктiң ықыласына бөленген “Жаралы сезiм”, “Жетiмдер” сияқты фильмдердi түсiрген режиссер Еркiн Рақышев бұл жолғы туындысын елiмiздiң астанасы Алматыдан Астанаға көшкен жылдардан берi бүгiнгi күнге дейiнгi баспалдақтарын көрсеткiсi келiптi. Жаңа астананың туған күнiне тарту жасамақ болған режиссер фильмдi бар-жоғы екi айда түсiрiп үлгерген екен. Фильмнiң сюжетi Астанаға жоғары оқу орнына түсуге келген жас қыздың соңғы 10 жыл өмiрiне негiзделген. Назымның оқуға түсемiн деп алып-ұшқан көңiлi су сепкендей басылып, емтиханнан “құлап” қалады. Үйiне, әке-шешесiне не деп айтарын бiлмей, дағдарып отырғанда, жаңалықтан республика астанасы Ақмолаға көшiрiлетiнiн естидi. Содан, болашағын жаңа Астанадан бастағысы келген Назым құрылыс жұмысына орналасады. Сөйтiп жүрiп, ауылдан келген аңқау, ақкөңiл, жасық мiнездi қыз албырт сезiмге ерiк берiп, от басып қойғанын бiлмей қалады. Бiрге жұмыс iстейтiн жiгiттен екiқабат болып, тұрақсыз махаббаттың құрбанына айналады. Жалындаған жас қыздың басына жазылған тағдыр таяғы маңдайына тисе де, еш мойымастан, ар-намысын аяққа таптатпайтын басты кейiпкер нағыз қазақ қызының образын жан-жақты ашуға тырысқан. Астананың жылдан-жылға құлпыра түсуi мен адал еңбегiмен көзге түскен қаршадай қыздың рухани кемелденуi қатар өрбидi. Бiр мезетте жұмыс iстей жүрiп, оқу да оқып, бала да тәрбиелейдi. Қысқасы, Назым он жылдың iшiнде кәдуiлгi бiлiктi басшы, ұлағатты ана дәрежесiне көтерiлдi. Бұл кезде Астана да елiмiздегi көрсе көз қызықтыратын тамаша, сұлу қалаға айналды. Ақыр соңында, құрылыс саласының арнайы марапаттауларына ие болған жас қыз өзiн бағалай бiлетiн бiлiмдi, өзi секiлдi басшы жiгiтпен көңiл жарастырады. Басты рөлдi сомдаған Арай Орақбаева Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының 1-курсын тәмамдапты. Бұл оның ең алғаш түскен тұсаукесер фильмi екен. Ертеңiнен мол үмiт күттiретiн Арай – Назым сценарийде өзiне жүктелген образды барынша ашуға тырысқаны көрiнiп тұр. Әрине, фильмнiң мақсат тұтып отырған идеясы орынды. Назымның өсiп-жетiлуi арқылы Астананың да көркеюiн көрсете бiлу ұтымды жол. Алайда, ауылдан бiлiм iздеп келген қазақ қызының тағдыр-тәлкегi екiқабат болудан басталатыны әбден жауыр еткен сценарий. Неге бiздiң режиссерлер ауырдың астымен, жеңiлдiң үстiмен жүруге құштар? Астана қаласы туралы, яғни, оның он жылда қол жеткiзген жетiстiктерiн паш ететiн фильм желiсiнде нелiктен қазақ қызын қорғансыз етiп көрсетемiз? Басқа қырынан келуге болмас па едi? Мұндай оқиға талай әдеби шығармалар мен көркем фильмдерге арқау болғанына дау жоқ. Бiрақ, несiне бiз мезi еткен бiр көрiнiстi қайта-қайта қоя беремiз?Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ