ЖАҢА ӘН ҚАНАТ ҚАҚТЫ
ЖАҢА ӘН ҚАНАТ ҚАҚТЫ
Ұлтжанды азамат, бiлiм беру саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған Айтқазы Орынбайұлы Шарықбаев көп қырлы жан. Сонау бiр жылдары қазақтың айтулы азаматы Нұрғиса Тiлендиев ағамыз басқарған Қазақ Ұлттық университетiнiң ұлттық аспаптар оркестрiнде үздiк өнер көрсетiп, кейiн өзi де айтулы ұжымды басқарған дәулескер күйшi, халық музыка өнерiн тынбай насихаттаушы. Демалыс сәттерiнде өзi ән шығаратын әуестiгi бар. Оның туған жер туарлы жазған “Алакөлiм” әнiн оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн санадық.
Алакөлiм, Айдын көлiм саған құмар бар адам,
Толқындарың тербетiлiп, қалықтаған шағалаң.
Бар аймаққа көрiк болған, қандай ғажап көл едiң,
Талай-талай жырларменен арналды — ғой саған ән.
Қайырмасы:
Тұмардайсың тағып қойған жерiне бар қазақтың,
Алакөлiм, Ару көлiм қандай сұлу ғажапсың.
Самал соғар жанға жайлы ар жағынан аралдың,
Алакөлiм мөлдiреген көзiндейсiң маралдың.
Жұлдыз барған космонавтар келiп сәлем беретiн,
Қасиеттi сендей көлдi iздеп қайдан табармын?
Қайырмасы
Кiм келсе де жеңiлдетер қиналғанын, зар мұңын,
Сүңгiп шыққан ұмытады бұл өмiрдiң тарлығын.
Қайнап шыққан жер астынан суы шипа ем болар,
Жарасып тұр қол ұстасқан Арасаның Барлығың.
Қайырмасы
Қазағымның құт мекенi ата қоныс сен едiң,
Аңсағанда Алакөлiм түсiмде ылғи көремiн.
Қайтқан құстай мекенiне тез жетуге асығып,
Сағыныштан қанат байлап жылда ұшып келемiн.
Қайырмасы