ТАМШЫ СУҒА ТАҒЗЫМ
ТАМШЫ СУҒА ТАҒЗЫМ
“Су — сенiң дәмiң де, иiсiң де жоқ, сенi суреттеу де қиын. Қалай екенiңдi бiлмей сенен адамзат ләззат алады.
Сен өмiрге қажетсiң деп айтпай-ақ, сен өмiрдiң өзiсiң. Сен жарық дүниедегi байлықтың ең зорысың!”
Бiздер, суармалы егiншiлiкпен айналысатын Сыр бойының халқы “су — өмiр” деймiз.
1993 жылы Қызылордада Қазақстан Президентiнiң бастамашылығымен Орта Азия президенттерi мен Ресей үкiметiнiң басшылығы бiрiншi Қызылорда конференциясында бас қосып, Арал теңiзiнiң тағдыры жайлы келелi кеңес өткiзiп, “Арал тағдыры — адам тағдыры” деген ортақ түсiнiкке келдi. Бiрiккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзiлiк банкке арнайы хат жолданды. Нәтижесiнде Арал проблемасы әлемдiк дәрежеге көтерiлдi, халықаралық Аралды құтқару қоры құрылды. Кейiн осындай мәртебелi мәслихат Қарақалпақстанда, Ташауызда өттi.
Кiм судың зәрулiгiн, зардабын, қайғы-қасiретiн көп шексе, сол судың қадiр-қасиетiн, қажеттiгiн, құндылығын терең түсiнерi сөзсiз.
Сондықтан да халық: “Адамның сусыз күнi жоқ, судың оны айтатын, тiлi жоқ”, “Судың да сұрауы бар”, “Судың тiлiн бiлген ұтады, судың тiлiн бiлмеген құртады”, “Сулы жер — нулы жер”, “Елдiң ағасы болғанша, судың сағасы бол”, “Сағадағы су iшедi, аяқтағы у iшедi”, “Әкең мұрап болса да судың сағасында орналас”, “Күз суар, күз суармасаң жүз суар”, “Егiндi күндiз егiп, түн суар”, “Күндiзгi су — бу, түнгi су — ну”, “Ел тағдырын жер шешедi, жер тағдырын су шешедi”, “Таза су — тiрi қан, тамшы су — түйiр нан” дейдi. Өзбек халқында: “Судың басында кiм отырса, сол ие” деген мәтел бар.
Мiне, қазақ халқы — өзiнiң арманын, мақсатын, жауапкершiлiгiн, өзiн де осылай су арқылы өрнектейдi. Иә, сусыз өмiр жоқ. Әлемнiң 3/4 бөлiгi — 75 пайызы су.
Планетамыздағы жалпы судың көлемi 360 миллион текше шақырымды, айдыны 1 миллиард 370 миллион текше шақырымды құрайды. Елiмiзге танымал журналист, қоғам қайраткерi марқұм Камал Смайылов ағамыз: “Егер сол суды жердегi құрлықтар үстiне жайып жiберсе, онда жер бетiн қалыңдығы 2700 метр болатын топан су басар едi. Әлемдегi бар су 20 миллиард адамға еркiн жетедi. Бiрақ су iздеп, су аңсап шөлдеген адамдар мен оны қажет ететiн өндiрiс, егiншiлiк күн санап қарқынды өсiп келедi”, — деген едi. Адамзат қажетiне жарайтын 30 миллион текше шақырым судың 25 миллион текше шақырымға жуығы Арктика мен Антарктиданың мәңгi мұздарында жатыр.
Адамның 4/5 бөлiгi — 80 пайызы судан тұрады.
Адам өз өмiрiнде орта есеппен 22 тонна тамақ, 33 тонна су iшедi делiнсе, биолог П.В.Гофман-Кадашниковтың есебi бойынша, 70-ке келген адам 75 тонна су iшедi екен.
Адам тамақсыз бiр ай, сусыз бiр апта ғана өмiр сүре алады.
Организмнен су құрыды дегенше, өмiр қиылды дей бер. Табиғатта сусыз ештеңе өспейдi, ештеңе өнбейдi, ештеңе көктемейдi, ештеңе көгермейдi.
Бидайды өсiрiп, одан ұн жасап, пiсiрiп, 100 грамм нанды алдыңа әкелiп қойғанша 150 литр су жұмсалады.
Бiр алманы өсiру үшiн 120 литр су керек.
Бiр тонна астық өндiру үшiн 1000 тонна, бiр тонна сиыр етiн өндiру үшiн 7 мың тонна, бiр тонна қант өндiру үшiн 1000 тонна, бiр тонна күрiшке 5000 тонна, бiр тонна мақтаға 10000 тонна су керек.
Бiр тонна болат қорыту үшiн 300 тонна, бiр тонна қағаз өндiру үшiн 700 тонна су жұмсалады. (Журнал “Науки о земле” №1 1982 г.)
Кейбiр деректерге қарағанда, әлемде теңiз бен мұхиттардан жылына 449 мың текше шақырым су буға айналып, ауаның дымқылдығын арттырғанымен, одан 412 мың текше шақырым су жауын ретiнде қайтадан теңiз — мұхиттарға құйып, небәрi 37 текше шақырым (бұл дегенiңiз барлық буға айналған судың 8 пайызы ғана) құрлыққа жауын болып жауады екен.
Жер шарындағы осынау ұланғайыр судың тек 1-2 пайызы ғана iшуге жарайтын тұщы су, оның да 20 пайзы бiр ғана Байкал көлiне шоғырланған.
Түптiң түбiнде, болашақта бүкiл адамзат су тапшылығын көретiн түрi бар. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мәлiметiне қарағанда, қазiрдiң өзiнде әлемде 2 миллиард адамға таза су жетпей отыр. Дүниежүзiнде ХХ ғасырда халық саны үш есе өстi, ал су пайдалану жетi есе өстi. Халық өсе бередi, ал су өспейдi.
Бүгiнгi таңда халықтың жылына орташа әлемдiк өсу қарқыны 2 пайызға, әр секунд сайын үш адамға көбейiп, 6 миллиардқа жеттi. Бұл көрсеткiш 2025 жылы 8, ал 2050 жылда 9 миллиард болмақшы.
ХХI ғасырда су проблемасы ғаламдық проблемалардың алғашқы орындарының бiрiне шығып отыр. Соңғы жылдары дүниежүзi ғалымдары адамзаттың таза ауыз судан тапшылық көретiнiн жаппай айта бастады. Сондықтан да Бiрiккен Ұлттар Ұйымы 2003 жылды ауыз су жылы деп жариялады. Өткен жылы әлемдегi ең беделдi көрменiң “ЭКПО — 2008-дiң” “Су және тұрақты даму” деп аталуы тегiннен тегiн емес.
ХХ ғасырдың басты тауары мұнай болса, ХХI ғасырдың басты тауары су мен одан алынатын негiзгi қуат көзi — сутегi болады десек, артық айтқандық болмас. Су — ең қажет, ең құнды, ең қымбат стратегиялық тауарға айналады.
Су мұнайдан да қымбат болады. Адамзат тарихында жер үшiн, билiк үшiн, байлық үшiн, мұнай үшiн 1500 рет iрiлi-ұсақты соғыстар болған болса, келешекте су үшiн де қақтығыстар, соғыстар болуы әбден мүмкiн.
Қазiрдiң өзiнде әлемде су ресурстарының зәрулiгi халықаралық қақтығыс (экономикалық соғыс) туғызуда және бұған су көздерiнiң орналасу жағдайы да ықпал етуде. Атап айтсақ, дүниежүзiнде 200-ден астам өзендер жүйесi ұлттық шекараларды басып өтсе, 13 ең iрi деген өзендер мен көлдер 100 елдiң аумағында орналасқан.
Бұл ретте басқа мемлекеттердi былай қойғанда, түбiмiз бiр, туысқан көршi мемлекеттермен ортақ өзендердi пайдалануда тiл табыса алмауымыз әбден өкiнiштi-ақ.
Елiмiзде 39 мың өзендер мен су арналары, 48 мыңдай көлдер бар. Су сырт көзбен қарағанда, көп сияқты көрiнедi. Шындап келгенде аз, жетпейтiн табиғи байлық.
Мұхиттардан жырақта, Еуразия құрлығының бел ортасында өмiр кешiп жатқан қазақ халқы үшiн су мәселесiн ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан аса маңызды, тағдырлы мәселе деп айтуға болады. Қазақстанға келетiн барлық судың 44 пайызы басқа мемлекеттерден келедi. Олар оңай мемлекеттер емес. Қытай, Ресей, Өзбекстан. Бiзбен көршi мемлекеттерде халық бiзден 95 есе артық.
Мамандардың есебiне қарағанда, кейiнгi елу жылдың бедерiнде Қазақстандағы су ресурстары 15-20 милиард текше метрге азайған көрiнедi.
Бүгiнгi таңда ол 100 миллиард текше метрдiң шамасында. Оның объективтi, субъективтi түрлi себептерi баршылық. Қазақтың кең даласын қақ жарып ағатын өзендердiң көпшiлiгiнiң бастауы өзге елдердiң еншiсiнде.
Су проблемасының асқына түсуiне тiкелей әсер етiп отырған негiзгi жағдай — Орталық Азия халқының 1960 жылғы 14 миллион адамнан қазiр 50 миллион адамға жетуi. Осының салдарынан ауыз суға деген сұраныс жылына 60 текше шақырымнан 120 текше шақырымға дейiн жетiп отыр.
Кеңес Одағының ыдырауына байланысты Орталық Азия өңiрiнде су проблемасы бұрынғыдан да асқына түстi. Себебi, Кеңес Одағы қалыптастырған судың өңiрлiк реттеу жүйесi жойылды. Ал жаңа жүйе тәуелсiз мемлекеттер арасында әлi қалыптасқан жоқ. Қазiргi Орталық Азияда бiр тұрғынға есептегенде жылына 2600 текше метрден су келедi.
Егер осы көрсеткiш Египетте 1200 текше метр, Суданда — 1160, Қытай, Сирия, Израйльде шамамен 450 текше метр екендiгiн ескерсек, бұл жаман көрсеткiш емес.
Бiздегi ең үлкен кемшiлiк, ең үлкен проблема осы судың ысыраппен пайдаланатындығы. Мысалы, Өзбекстанда су ресурстарының 90 пайызы егiншiлiкке жұмсалғанмен, соның өзi жетпей жатыр.
Өйткенi, оның 40 пайызы ғана өсiмдiкке жетiп, 60 пайызы босқа шығын болады. Бiзде де судың ысырабы осы дәрежеде.
Қырғызстан суға бай елдердiң қатарына қосылғанымен, оның басым көпшiлiгi қыс айларында электр қуатын өндiру мақсатында жұмсайтындықтан көп су босқа кеткенiмен қоймай, Қазақстанның оңтүстiгiне су басу қаупiн төндiруде.
Қазақстанның су жағдайында үлкен ықпал ететiн елдердiң бiрi — көршiмiз Қытай.
Дүниежүзiнде су ресурстарының көлемi жағынан бесiншi орын алғанмен, бұл елдiң де проблемасы жеткiлiктi. Бүгiн Қытайдың 32 iрi мегаполисiнiң 30-ы су тапшылығына ұшырап отыр.
Қытайда 2015 жылға таман үлкен су дағдарысы болуы мүмкiн. 2030 жылдары Қытай ауыз суды сырттан тасымалдауға мәжбүр болады.
Қытайдың батысын сумен қамтамасыз ету мәселесiн шешу үшiн Қытай жағы осы елдiң аумағынан бастау алып, Қазақстанға ағып келетiн Iле, Ертiс өзендерiне реттегiш тоспа салуға мәжбүр болады.
Құрлықта орналасқан су бассейндерiнiң iшiнде үшiншi орын алатын Балқашқа жылына 23,81 текше шақырым су ағып келiп жатқан болса, мұның 17,4 текше шақырымы Iле өзенi арқылы құйылады екен, оның 12,7 текше шақырымы өз бастауын Қытайдан алып жатыр. Ал, қара Ертiс арқылы Қазақстанға жылма-жыл келiп жатқан су көлемi 5 текше шақырымды құрайды (бұрын 7,8 текше шақырым болған). СУАР жағы Қарамай қаласына Ертiстен тартылып жатқан каналға су ала бастаса, Қазақстанға келетiн су мөлшерi тағы да 20 пайызға азаяды. Осыларың нәтижесiнде Балқаш, Зайсан көлдерiнiң жағдайы нашарлайды. Қазақстандағы су проблемасы одан әрi асқына түседi.
Кеше ғана жағасына бара қалған бұзау-торпақты құйрығымен қағып алып, тереңге шым батып кететiн жайыны жайылып жүретiн, жағасы жар, ортасы ой телегей теңiз су едi.
Ендi ол дария емес, өзен болды. Ат кешiп өтетiндей жағдайға жеттi. Дария деген кiшi теңiз. Бiрнеше өзендi өзiне қосып алып, талай елдi, талай жердi қақ жарып, талай халықты асырап жатқан өткел бермес, арынды, асау суды дария дейдi.
Совет дәуiрiнде Сырдарияның су қоры 37,9 миллиард текше метр болатын: оның 42 пайызы — Қазақстанға, 0,5 пайызы — Қырғызстанға, 7 пайызы — Тәжiкстанға, 50,5 пайызы — Өзбекстанға тиiстi болатын.
Шардара су қоймасынан жыл сайын 10,19 миллиард текше метр су Қызылордаға бөлiнетiн. Қазiрде трансшекаралық өзендердi ортақ пайдалану жөнiнде мемлекетаралық келiсiмдер жасалған. Алайда бұл маңызды мәселеде тиiстi тәртiп қалыптаспай, жиi проблемалар туындап жататын жасырын жағдай емес. Осындай олқылықтар Сырдарияны пайдалануға байланысты да жиi қайталанады.
Қырғыз және тәжiк ағайындардың су- энергетикалық менмендiгi Қазақстанға, Орта Азиядағы өзге мемлекеттерге бiршама қиындықтар туындатып жүр. Оны түбегейлi шешудiң түрлi жолдары қарастырылып келедi. Алайда түптеп келгенде әркiм өз мүддесiн қорғайды. Қырғыздар қыс айларында Тоқтағұл су қоймасы арқылы электр қуатын өндiру iсiн қолға алғалы берi төтенше қиындықтар туындауда. Бұл дарияның төменгi бойында орналасқан Қызылорда облысының тiршiлiгiне елеулi мөлшерде нұқсан келтiруде. Жазда судың жетiспеушiлiгi орын алады. Қыста мол судан аз зардап шекпеймiз.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға, Ресейге, Орта Азия өңiрлерiне жасаған сапарларында трансшекаралық өзендер суын реттеу мәселесi тұрақты көтерiлiп жүргендiгi белгiлi. Мәселен, 2007 жылдың маусым айында Санкт — Петербург қаласында болған сапарында Каспий мен Қара теңiз арасында канал тарту, бұрыннан келе жатқан жарқын, жасампаз идея — Сiбiр өзендерiнiң суын Қазақстан арқылы Орталық Азияға бұру мәселесi қайта көтерiлдi. Орталық Азия елдерi басшыларымен болған кездесулерге осы мемлекеттермен бiрiгiп су-энергетикалық Консорциум құруды ұсынды.
Мiне, осы орынды ұсыныстардың астарында ел болашағын ойлаған үлкен бiр алаңдаушылық жатыр. Мамандар елiмiздiң су проблемасын шешудiң үлкен көзi ретiнде Ресейдi де қарастырады.
Себебi, Сiбiр өзендерiн Қазақстан мен Орталық Азияға бұрудың идеясы соңғы кездердегi бiрақтар жағдайларға байланысты қайта жандана түскендей. 1948 жылы академик Обручев осы идеяны қолдап, Сталинге хат жазды. 1968 жылы КОКП Орталық комитетi пленумының шешiмiне сәйкес КСРО Жоспарлау комитетi мен ғылым академиясы идеяны жүзеге асырудың жобасын жасауға кiрiседi.
20 жылға жуық уақытты қамтыған жобаны әзiрлеу жұмысына 112 ғылыми-зерттеу институттары қатысты. Жоба бойынша каналдың ұзындығы — 2250 шақырым, енi 150 — 300 метр, тереңдiгi — 15 метр. Одан секундына 1150 текше метр су ағатын болады. Жобаның жалпы құны 32 миллиард 800 миллион кеңестiк рубльге бағаланды. Ол жүзеге асқан жағдайда жылма — жыл беретiн таза пайдасы 7 миллиард 600 миллион рубль болады деп жоспарланды. Сонда бұл жоба өзiне кеткен шығынды аздаған жылдардың шiнде ақтап шығатын болады. Алайда, бұл жобаны жүзеге асыру Ресейдегi бiрқатар беделдi ғалымдар мен жазушылардың, әсiресе, Сiбiр жазушыларының қарсы болуымен тоқтап қалды. Дегенмен идея жыл өткен сайын өз өмiршеңдiгiн таныта түскендей. Өйткенi, Сiбiр суларының 90 пайызға жуығы Ресей жерiн басып өтiп, Солтүстiк Мұзды мұхитқа барып құйып жатыр. Ал одан Қазақстан мен Орталық Азияға бөлiнедi деп жоспарлаған су көлемi 6-7 пайыз шамасында ғана. Оның үстiне бiрқатар бiлiктi саясаткерлер мен ғалымдар осы жоба жүзеге асқан жағдайда Ресейдiң Қазақстан мен Орталық Азия елдерiне ықпалы арта түседi. Жоба осының өзiмен ғана Ресейге үлкен саяси тиiмдiлiк бере алады деп тұжырымдайды.
Ал кезiнде жобаны жүзеге асыруға қарсы болған жазушылар мен ғалымдар сөзiне келетiн болсақ, олардың “табиғатқа экологиялық зияны тиедi” деген пiкiрлерiн әлi де зерттей түсу қажет. Осы айтылғандардан төмендегiдей қорытынды жасауға болады: Қазақстандағы су ресурстарының, әсiресе трансшекаралық өзендердiң проблемасын елiмiздiң болашағын аса зор ықпалы бар маңызды мәселе ретiнде тек қана мемлекеттiк деңгейде қарастыруымыз қажет. Бұл мәселеде iшкi аймақтардың тартыс — таласына жол беруге болмайды. Ол үшiн су ресурстарын реттейтiн неғұрлым жан — жақты және айқын қарастырған мемлекеттiк стратегияны әзiрлеу керек. Алдымызда болуы әбден мүмкiн су тапшылығына әзiрлiктi нығайту мақсатында тiршiлiк пен тұрмысқа су үнемдегiш технологияларды енгiзу мәселесiн қолға алғанымыз жөн. “Ысырап — шайтанның iсi” деп Пайғамбарымыздың хадистерiнде бекер айтылмаған. Сыр бойы диқандары үнемi су тапшылығын сезiнгенмен оны үнемдеу мәселесiне жеткiлiктi дәрежеде мән бермей келедi. Су жетпей жатқанда 1993 жылдан берi елдi мекендердi су алып кетедi деп 30 миллиард текше метр суды Арнасайға жiберткен де Қызылорда облысы емес пе! Осы ретте Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң елiмiздiң егiншiлiк жүйесiне израильдiк тамашылап суару технологиясын енгiзу мақсатында атқарып жатқан жұмыстары мейлiнше қолдауға лайықты.
Осы мақсатта Еуразиялық су орталығы құрылуда. Тек Қазақстандағы емес, Орталық Азиядағы, қала бердi бүкiл құрлықтағы су проблемасын зерттеп, оны тиiмдi жағдайда шешудiң жолдарын қарастыру — осы орталыққа жүктелетiн абыройлы мiндеттердiң бiрi. Сондықтан бiз бүкiл әлемдiк қауымдастықтың алдында тұрған үлкен мәселе — су ресурстарын реттеу мен тиiмдi пайдалну iсiне деген ынта-ықылас, су үнемдейтiн технологияларды кеңiнен енгiзу iсi елiмiзде жылдан-жылға арта түсетiн болады.
Қызылорда облысы суармалы егiншiлiкпен күн көрiп отырған, Сырдарияның төменгi жағына орналасқан ел. Облыста 2 млн. гектардың үстiнде жер бар. Оның 200 мың гектары инженерлiк жүйеге келтiрiп, тегiстелген жер. Бұрын оны елiмiздiң алтын қоры деп атайтын едi. Қазiр осы жердiң жартысына жуығы батпақтанып, сорланып, тұзданып, жабайыланып егiс айналымынан шығып қалды. 1980 жылы облыста 1326 көл болса, қазiр 320 көл ғана қалды. Қаншама мемлекет қаржысы, халық байлығы желге ұшты десеңiзшi. Облыста 2500 шақырым магистральдық каналдар, 11900 шақырым iшкi шаруашылық каналдары, 19200 шақырым iшкi қашыртқылар, 24 мың iрiлi-ұсақты гидротехникалық инженерлiк құрылыстар бар едi.
Осыншама байлық көп жылдан берi күтiмсiздiкке, берекесiздiкке ұшырап, азып-тозып iстен шығуда. Өйткенi, оған егелiк жасайтын құрылымдар майдаланып, ұсақтанып, шашырап кеткен. Айналып келгенде, ол “Сен салар да мен салар, атқа жемдi кiм салардың” күйiн кешiп отыр. Бiздiңше,”Сырдария өзенiнiң арнасын реттеу және Арал теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiн сақтап қалу” жобасының екiншi кезеңiнiң аясында iстен шыққан барлық инженерлiк жүйеге сай жерлер қайта тегiстелiп, каналдар, қашыртқылар, гидротехникалық құрылыстар алғашқы жобалық қалпына келтiрiлуi керек.
Сондай-ақ, магистральдi каналдар мен қашыртқыларды мемлекет балансына алу, қалғандарына егелiк жасау үшiн су пайдалану кооперативтерi құрылу керек деп ойлаймыз.
Сырдария өзенiнiң ұзындығы — 2337 шақырым, оның 1247 шақырымы облыс территориясынан өтедi.
Сырдарияға 43 қашыртқы өндiрiс қалдықтары мен мақталық жерлердi шаюдан шыққан уланған, лас сулар келiп құяды, оның үшеуi ғана бiздiң облыс аумағында. Облыс халқы “Сағадағы су iшедi, аяқтағы у iшедiнiң” нағыз күйiн кешiп отыр. Осы күнге дейiн Сырдария өзенiнiң бойында 17 су қоймалары мен тоспалары салынды. Сырдарияның жоғарғы жағында орналасқан 5 су қоймасының (Тоқтағұл, Әндiжан, Қайраққұн, Шарвақ, Шардара) сыйымдылығы 33 млрд. текше метр.
Сыр өлкесiнiң табиғи су айналымында жүрген 15 млрд. текше метр су қоймалардың түбiнде (мертвый объем) болып қалса, қанша жер су астында қалды десеңiзшi. Осыдан кейiн “Көксарай” су қоймасын салу идеясы әлi де тереңiрек зерттей, тиянақтай түсудi қажет етедi. Бiрiншiден, ол шартты түрде тек су реттегiш ретiнде ғана жұмыс iстеуi керек. Екiншiден, бүкiл Арал өңiрi халқының сенiмi мен үмiтiне айналып келе жатқан, адамзат тарихында бiрiншi рет қолдан жасалған теңiз — кiшi Аралға Көксарайдың көлеңкесi түспеуi керек. Үшiншiден, Көксарай iргелес отырған екi облыс халқы арасындағы болуы мүмкiн кикiлжiңнiң себепкерi болмауын тереңiрек ойластырған жөн. Өйткенi, бүгiнгi судың өзi қазiргi мақта мен күрiш көлемiне жетпей отырғанда бiрнеше мың гектар суармалы егiстiк iске қосылады деудiң өзi қисынсыз қиял емес пе?
Адамзат тарихында суландыру жүйесiн бiрiншi болып енгiзiп, жердi ырыс-берекеге айналдыра бiлгендер египеттiктер. Египет жерiнiң 96 пайызы шөл, құм. Нiл өзенiнiң бойына жылына екi рет егiн егiп, халқын асырыап отырған төрт құбыласы сай, қуатты мемлекет. Африкадағы Нiл өзенi төрт мемлекеттiң территориясын басып өтедi. Соның iшiнде 68 млн. халқы бар Египет елi осы өзеннiң тасуын асыға күтедi екен. Нiл неғұрлым кең тасыса, сол жылы халық үшiн құт-береке болады. Өзен барлық көлдердi, сай-салаларды суға толтырып, ауыл шаруашылығының дамуына оң ықпал етедi. Ал, бiздер Сырдария өзенiндегi кейбiр жылдары ғана болатын мол суға қуанудың орнына, барлық өзендер мен көлдерге баратын су жолдарын жауып, бөгет тұрғызамыз, ретсiз айқай-шу көтерiп, байбалам саламыз.
Егер өңiрдегi су пайдалану тәртiбiне заңдылық, әдiлеттiлiк, реттiлiк, имандылық, дiни қағидалар тұрғысынан қарасаңыз орасан кемшiлiктердiң орын алып отырғанын байқамау мүмкiн емес.
Аралды бұрынғы деңгейiне келтiру үшiн жылына 65 мың текше шақырым су керек. Қазiр Әмудариядан Аралға бiр тамшы су тамбайды. Ұзындығы 1000 шақырым Қарақұм каналы сағасын Тақияташтан алады. Барлық су құмға сiңiп, нәтижесiнде ұзындығы 70 шақырым, көлденеңi — 40 шақырым Сарықамыс көлi пайда болды. Ашхабад қаласын ыза су басып, айнала 52 насос құрып, ыза суды сыртқа шығаруда.
Бүгiнгi су жерасты, жерүстi табиғи ресурстарының барынша бағалы түрiне айналып отыр. Бұл орайда жерасты суларының орны бөлек. Елiмiздегi жерасты ауыз суының қоры 50 млрд. текше метр деп бағалануда. Түптiң түбiнде осы байлық кәдеге жарайды. Осы суды сақтай, қорғай, тиiмдi, үнемдi пайдалана бiлуiмiз керек.
Сондықтан да халық “Судың тiлiн бiлген ұтады, судың тiлiн бiлмеген құртады” деп бекер айтпаған. Ертеден жердiң, судың тiлiн бiлетiн адамдарды Мұраб деп атаған. Мұраб — халықтың асыраушысы. Мұраб судың қалай қарай, қандай мөлшерде ағатынын, қандай деңгейде ағатынын бiледi.
Ол осының бәрiн Алла берген ерекше қасиетi, табиғи, дарыны арқасында бiледi, болжай алады. Осындай су мамандарын ұлықтау, марапаттау, ынталандыру дәстүрi сонау НиколайII патшаның заманында да болған. Ол 1896 жылы “Мұраб” атты медаль шығарып, суармалы егiншiлiкке айрықша еңбегi сiңген мұрабтарға шен берiп, шекпен жауып, медаль тапсырған. Осындай марапаттың иегерi, Сыр мұрабтарының атасы Қасымбет ахунның ұлы Нұртаза ақсақал болған. Құдайға шүкiр, осы дәстүр өзiнiң жарасымды жалғасын тауып, Кеңес дәуiрiнде Қазақстанда Нұртаза атамыздың жаңа деңгейдегi бiр шоғыр, бiлiмдi мұрагерлерi мен шәкiрттерi өсiп шықты. Олар Сыр бойында, Қазақстанда суармалы егiн шаруашылығын қалыптастырды, суармалы жерлердi инженерлiк жүйеге келтiруде ерекше еңбек еттi.
Осы азаматтардың еңбегiнiң арқасында Қазақстанда 1,5 млн. гектар суармалы жерлер игерiлдi. Жүз мың шақырым каналдар мен қашыртқылар қазылып, 500 мың гидротехникалық инженерлiк нысандар соғылды. Соның нәтижесiнде республикада мақта, күрiш, қант қызылшасы түгелдей, көкөнiстiк, жемiс-жидек, бау-бақша, картоптың, техникалық дақылдардың 80 пайызы осы суармалы жерлерге орналасты.
Сейiлбек Шаухаманов,