ЖАСТАРДЫҢ ЖАҢА БАСЫЛЫМЫ ЖАРЫҚ КӨРДI
ЖАСТАРДЫҢ ЖАҢА БАСЫЛЫМЫ ЖАРЫҚ КӨРДI
Алматы қаласы әкiмдiгi Iшкi саясат департаментiнiң, Мемлекеттiк жастар саясатын қолдау қорының және “Жас Отан” жастар қанатының қолдауымен “ГҮЛДӘУРЕН” газетiнiң тұңғыш саны жарыққа шығып отыр. Қос тiлде шығатын жастар басылымының құралтайшысы – “БАЛАЛАР КIТАБЫ” қоғамдық қоры болып табылады.
“Время молодых и дерзких” деп аталатын редакциялық мақала қазiргi жастарды түрлi қырынан сипаттай отырып, оларды алғыр, бiлгiр һәм бiлiктi болуға үндейдi. Соны қоштағандай, өзiнiң берген сұхбатында “Жас Отан” жастар қанаты Алматы қалалық бөлiмшесiнiң атқарушы хатшысы Бақытжан Нарымбетов жастардың белсендiлiк танытуы заман талабы екенiн айта отырып, жастардың шешiлмеген мәселелерi ретiнде экономикалық дағдарыс жағдайындағы жұмыссыздықты, бiлiм алу және жоғары оқу орындары түлектерiнiң жұмысқа орналасу қиындықтарын атап өтедi. Ал, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Болат Жүнiсбеков шағын сұхбатында “Жастар практикасының” мән-мақсаты мен маңызы туралы қысқаша түсiнiк берген. Айқара бетте Еуразия нарық институтының ректоры Айтқали Нұрсейiт дағдарыс жағдайындағы бiлiм алу мәселелерiн қозғай отырып, ұлттық бiрегей тестiлеу және грантпен оқытуға қатысты өз ойларын ортаға салады. Жастар басылымының басты бағытының өзi — әлемдiк экономикалық дағдарыс кезiндегi жастардың бiлiм алуы мен жұмысқа орналасуы тәрiздi өзектi мәселелер.
Әзiрге айына бiр рет шығатын басылым алдағы уақытта таралымын көбейтiп, жастардың биiк мiнберiне айналуды көздеп отыр.
Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ