“ӘДЕБИ ДОСТЫҚ — МӘҢГIЛIК ДОСТЫҚ”
“ӘДЕБИ ДОСТЫҚ — МӘҢГIЛIК ДОСТЫҚ”
Қазақтың кең-байтақ жерiнде бiрлiгi жарасқан жүздеген ұлт өкiлдерi тұрса, соның бiрi — ұйғыр халқы. Қазақстан ұйғырларының әдебиетi қандай жағдайда? Жақында осы мәселе тұрғысында Қазақстан Жазушылар одағында Ұйғыр әдебиетi кеңесiнде алқалы жиын болды. Көптеген ақын-жазушылар бас қосқан бұл жиында әрiптестерi,белгiлi жазушы Тұрған Тохматовты еске алды.
Жиналысты жүргiзген жазушы-драматург Ахметжан Ашири өз сөзiнде соңғы кездерi жарық көрген ұйғыр қаламгерлерiнiң шығармаларына кеңiнен тоқталып, олардың өз оқырманын тапқанына ризашылығын бiлдiрдi.
Абдумажит Дулятов атындағы “Құтадғу бiлiк” әдеби бiрлестiгiнiң төрағасы Авут Мәсiмов жастар мәселесiн кеңiнен сөз еттi. Ол жиырма мен отыз жас аралығындағы жастардың әдебиет майданына сирек келiп жүргенiн өкiнiшпен айта отырып, жас қаламгерлердi барынша әдеби ортаға тарту мақсатында мектептердегi тiл және әдебиет пәнiнiң мұғалiмдерiне үндеу жолдауды лайық деп тапты. Жиналыста сөз сөйлеген жазушылар А.Дулятов атындағы әдеби бiрлестiк тек қана жастармен жұмыс iстеп қоймай, елге танымал шығармышылық адамдарымен жұмысты жандандыру керек екенiн ескерттi.
Жиын қорытындысында ұйғыр әдебиетi кеңесi жақын арада “Әдеби достық — мәңгiлiк достық” атты қазақ-ұйғыр-орыс тiлдерiнде мүшәйра өткiзудi жоспарлап, бiрнеше ақын-жазушыларды Қазақстан Жазушылар одағына мүшелiкке қабылдау жөнiнде Жазушылар одағының басқармасына ұсынуды жөн деп тапты.