ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЫҒЫС ҚАҚПАСЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЫҒЫС ҚАҚПАСЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЫҒЫС ҚАҚПАСЫ
ашық дереккөзі
297

Қорғас-Жетiген темiржол құрылысының басым бөлiгi тәмамдалып қалды

Өткен аптада ҚР Көлiк және коммуникация министрлiгiнде өткiзiлген басқосуда жаңа темiржолды қолданысқа беру мәселесi қарастырылды. Аталмыш министрлiктiң мәлiмдеуiнше, Қорғас-Жетiген темiржол құрылысы жобасының 1 фазасы аяқталған. Сонымен қатар бұл басқосуда Қорғас бекетiндегi темiржол схемасының түйiсер нүктесi және шекаралық терминал талқыға салынды. Ағымдағы жылдың тамыз айында жоба бiтедi деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, маңызды мәселелердiң бiрi 1992 жылдың 10 тамызында Қазақстан мен Қытай арасында жасалған келiсiмшарттағы мемлекет шекарасын кесiп өту туралы тарауға толықтырулар енгiзу жұмыстары қаралды. Қаржыландырушы инвесторлармен байланыс пен әлемдiк деңгейдегi жетекшi қаржы институттарымен жобаны қаржыландыру мәселесi жөнiндегi келiссөздер мәресiне жетiп қалды. Бұл мәселенi шешуге байланысты өткен жиналысқа министрлiктiң жауапты хатшысы Ж.Қасымбек, вице министр А.Бектұров мырза келдi, сонымен қатар ТОО “ENRC Logistics”, ТОО “ЖаңаТемiрЖол” және ТОО “ЖолЖөндеушi” компанияларының басшылары қатысты. Айта кетер бiр жайт, темiржол құрылысын жүргiзуге министрлiкпен қатар “Қазақстан Темiр жолы” (КТЖ) ұлттық темiржол компаниясы да ат салысты.

ҚР Көлiк және коммуникация министрлiгi және ҚХР темiржол министрлiктерi “Қорғас (Қазақстан) — Хоргос (Қытай) арқылы Қазақстан мен Қытайды байланыстыратын” Меморандумға қол қойып, жоғарыда аталған құрылыс соның негiзiнде жүзеге асуда. Меморандум келiсiмi Қазақстан мен Қытай арасындағы темiржол көлiгi саласындағы ұзақмерзiмге байланыс орнататын алғашқы қадам. Келiсiмшарт негiзiнде инфрақұрылымның құрылысы екi жақты талданып, қиылысу нүктелерiн бекiту нәтижесiнде екi елдiң аумағындағы темiржол құрылысы бiрдей жүргiзiлiп, бiр күнде түйiсуi тиiс деп белгiленген болатын. Жалпы, бұл қадам меморандум бойынша салынған “Достық — Алашанькоудан” кейiнгi екiншi жоба. Үш бағытта жүргiзiлетiн Қорғас-Сарыөзек (235 м), Қорғас-Құлантөбе (287), Қорғас-Жетiген (290 м) темiржол құрылысы 2007-2009 жылдар iшiнде қарқынды түрде жүзеге асырылады деп жоспарланғын-ды. Жобаға сәйкес құрылыстың басым бөлiгi бiткен Қорғас Жетiген темiржолының толығымен салынып бiтуi алыс емес.

Алғашқы жылдың өзiнде-ақ жүк тасымалының ауқымы 5,6 млн.тоннаға жетедi деп жоспарлануда. Темiржол салынған күнде Қазақстанның оңтүстiк аймақтары мен Орталық Азия арақашықтықтары 440 км-ге қысқарады.

Қорғас кеденi арқылы жеңiл көлiкпен тасымалданатын 450 тонналы жүк темiржолдың мойнына өтпекшi. Аталған жоба Қазақстан Республикасының 2015 жылға жоспарланған көлiк стратегиясының мiндеттерiне сәйкес орындалып жатыр.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары