БАЛАҢЫЗ ҚАЙДА ДЕМАЛАДЫ?
БАЛАҢЫЗ ҚАЙДА ДЕМАЛАДЫ?
Қазiргi кезде балалардың жазғы каникул кезiндегi демалысын ұйымдастыру түрлерi сан алуан болып келедi. Мысалы, қала шетiндегi лагерьлермен қатар, туристiк лагерьлер, сауықтыру лагерьлер, мектеп жанындағы күндiзгi лагерьлер, палаткалық лагерьлер сияқты көптеген түрлерi бар.
Сондай-ақ, балалар мен жасөспiрiмдердiң бос уақытын қамтамасыз ететiн шаралар: еңбек пен демалыс лагерьлерi, көгалдандыру бригадалары, мектеп орманшылығы, экскурсиялар мен экспедициялар болып табылады. Бiрақ осының барлығына бiрдей қол жетiмдi ме? Елiмiздiң барлық жерлерiн тұтас қамтымай-ақ, өзiмiздiң Алматы облысына қарасты жазғы демалыс орындарын алайықшы. Лагерьлердiң қазiргi жағдайы қандай?
Алматы облысында балалардың жазғы демалысы кезең-кезеңге бөлiнiп, онда үздiк оқушылар, жетiм және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған отбасылардың балалары демалуда. Барлық зерделенген лагерьлердiң әр кезеңдерiнде алдын-ала қауiпсiздiк шаралары ұйымдастырылып, көрнектi жерлерде судағы, жорықтардағы, отты пайдаланудағы, жол жүрудегi т.с.с. ережелерi iлiнген.
М. Базарбаев атындағы №138 гимназияның мектеп жанындағы “Айгөлек” лагерi бiрнеше жылдан берi балалар үшiн жұмыс iстеп келе жатқан үлгiлi лагерьлерiмiздiн бiрi. Қазiргi таңда лагерьде 1-4 сыныптар аралығы бойынша 61 оқушы демалуда.
– Бiз маусымның бiрiнен бастап 1-4 сыныптар аралығы бойынша бiрiншi ауысымда таңертеңгi сағат 8.30-дан, 15.30-ға дейiнгi уақытта балалармен жұмыс iстеп жатырмыз. Лагерiмiздiң жағдайы жақсы, барлық бала тегiн демалуда.
Мектеп жанындағы “Айгөлек” лагерi үш ауысым бойынша жұмыс атқарады. Қазiргi жүрiп жатқан бiрiншi ауысым маусымның жиырма алтысы күнi аяқталып, шiлде айынан бастап екiншi ауысым өз жұмысын бастайды. “Лагерiмiздегi барлық мұғалiмдер өз қызметтерiн жақсы атқарады. Мысалға, денешынықтыру пәнi бойынша Айгүл Максимқызы күнде таңертеңгiсiн оқушыларды сапқа тұрғызып, түрлi жаттығулар жасатып, ойындар ойнатады. Сонымен қатар, ән сабағының да ұстаздары бар. Балаларымыз ән айтып, би билеумен де шұғылданады. Ал лагерьдiң жетекшiсi – Шаулиева Нұрғайша Тұрарбекқызы.
“Айгөлек” – мектеп жанындағы күндiзгi лагерь болғандықтан, түстен кейiнгi уақытта бiз оқушыларымызды әр түрлi қала iшiнде болып жатқан мерекелiк шараларға апарып, қатыстырамыз. Осыдан бiрнеше күн бұрын балаларымыз Оқушылар сарайында өткен “Мен өмiрдi қалай танимын?!” атты нашақорлыққа байланысты сурет көрмесiне қатысып, жеңiмпаз атанды.
Қалалық бiлiм басқармасының бөлiнген қаржысы бойынша көп балалы отбасынан шыққан және де отбасылық тұрмыс-жағдайы нашар алты оқушымыз қазiргi уақытта қала сыртындағы “Огонек” және “Спутник” лагерьлерiнде демалуда,” – дейдi директордың тәрбие жұмысы жөнiндегi орынбасары – Божанова Ақмарал Мелиянқызы.
Ал төртiншi сынып оқушысы Ханиза болса, осы лагерьде демалып жатқаны үшiн ата-анасына рахметiн айтып, өзiн бақытты санайды.
– Мен мектеп жанындағы “Айгөлек” лагерiнде осымен төрт жыл қатарынан демалудамын. Апайларымыз бен ағаларымыз бiзге жыл өткен сайын тың дүниелердi үйретуде. Ылғи да бiр қызықты кештерге, түрлi сауықтыру орындарына барып тұрамыз. Кинотеатрларға, парктерге, елiмiзге белгiлi ата-апаларымыздың кештерiне, қаланың көрiктi жерлерiне барып демаламыз. Ал күн тәртiбiнiң белгiленген жоспары бойынша мектебiмiздiң ауласында өсiп тұратын ағаштар мен гүлдердi суғарып, баптаймыз. Маған мұнда демалған өте қатты ұнайды. Себебi, достарым да, сыныптастарым да қасымда.
Статистикалық мәлiметтерге жүгiнетiн болсақ, қала шетiндегi лагерьлерден гөрi мектеп жанындағы лагерьлерде оқушылар көп демалуда. Мұндай жағдай әсiресе, ата-ана үшiн дәл қазiргi уақытта өте тиiмдi болып тұр. Әлемдiк қаржы дағдарысына байланысты ата-аналар мұндай жағдайларды құптап отыр. Олар үшiн бұл бiр жағынан тиiмдi болса, ал екiншiден өте қауiпсiз.
– Менiң балам мектеп жанындағы лагерьде демалуда. Бiз үшiн бұл өте тиiмдi әрi алаңсыз. Қала шетiндегi түрлi лагерьлерге баламызды жiберуге жағдайымыз келмейдi. Оның үстiне баламның денсаулығы төмен. Кiшкене салқын болса тұмауратып ауырып қалады. Ал шеттегi лагерьлердiң көбiсi таулы жерлерде орналасқан, – дейдi Анар есiмдi ата-ана.
Мадина ЖЕҢIСОВА, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi,
журналистика факультетiнiң 2-курс студентi.