ЖЕР ИНСПЕКТОРЫНЫҢ ҚОЛЫ ҚЫСҚА
ЖЕР ИНСПЕКТОРЫНЫҢ ҚОЛЫ ҚЫСҚА
Жердi мақсатсыз пайдалану, тозып кеткен жайылымдар, мемлекеттiк қажеттiлiкке қатысты алынатын жерлер барысында туындайтын дау, Жер кодексiне енгiзiлуi тиiс өзгертулер мен толықтырулар апта басында Мәжiлiстегi үкiметтiк сағатта талқыға салынды.
Сейсенбi күнi Мәжiлiсте вице-спикер Жәнiбек Кәрiбжановтың жетекшiлiгiмен өткен үкiметтiк сағатта ҚР Жер ресурстарын басқару агенттiгiнiң жетекшiсi Өмiрзақ Өзбеков депутаттар сауалдарына жауап бердi. Жердi пайдалануға қатысты заңнамалардың жиi бұзылатыны туралы сұрақ қойған депутат Сансызбай Есiловке берiлген жауап: “Мәселенi жiтi қадағалауға қол қысқа. Өйткенi, республика бойынша бiр инспекторға келетiн жер телiмi – 2 млн. гектар. Техникалық жабдықтау нашар” деген сарындас. Өзбековтiң мәлiмдеуiнше, бүгiнде арнайы құрылған өндiрiстiк-ғылыми орталықтар қоныстандыру мәселелерiмен айналысады. Олар барлық облыстар бойынша қоныстандыру iсiне қатысты жобаларын (жерге қатысты құжаттар әзiрлеу) бәсекелестiк жағдайында жүзеге асырады. Ал құжаттар дайындауда кемшiлiктерге жол берген жағдайлар жиi кездескенмен, негiзiнен бiр айдың iшiнде дайындауға болады.
Қазiргi кезде ауыл шаруашылығына арналған 86,8 млн. гектар жердiң 41 млн. гектары 200 мыңға жуық шаруашылық қожалықтарының үлесi ретiнде берiлген. 40 млн. гектарға жуығы кооперативтер, акционерлiк қоғамдар мен жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктер еншiсiнде. Ал жердi пайдалану мәселесiне келсек, “жердiң басым бөлiгi негiзiнен мемлекет меншiгiнде. 500 мың гектарға жуық жер – жекеменшiк. Ауыл шаруашылығына арналған жердiң басым бөлiгi мемлекеттiң үлесiнде және қожайын ретiнде жергiлiктi билiк өкiлдерi әрекет етедi. Бiрақ ауыл шаруашылығына арналған жердiң 98 пайызы шаруа қожалықтары мен жеке тұлғалардың құзырында. Өздерiнiң жер үлестерiн заңды тұлғаларға өткiзген шаруаларға жергiлiктi билiктер тарапынан қандай өтемақы төленуi керектiгiн Үкiмет айқындау үстiнде. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары, анығында, 1992-1997 жылдар аралығында жер реформасын жүзеге асыру барысында 1,5 мың кеңшар мен 500-ден астам ұжымшардың жерлерi ауыл шаруашылығы саласында тер төгетiн 2,3 млн. жұмысшы мен зейнеткерге, әлеуметтiк сала қызметкерлерiне үлестрiлген болатын. Өкiнiшке қарай, қолда барды ұқсата алмаған ағайынның кесiрiнен, бүгiнде жердi тиiмдi әрi мақсатты пайдалануда кедергiлер мен қиындықтар тууда. Заң бойынша, жердi мақсатсыз пайдалануға қатысты заң бұзушылықтарды анықтау үшiн 2 жыл керек. Егер екi жыл бойы бөлiнген жер өз мақсатына пайдаланылмаса, керi қайтарылып алынады. Мал жайылатын жерлер жекеменшiкте емес, жалпыға ортақ. Қазiр малдың барлығын адамдар тұратын жерлерге жинап алғандықтан, жайылымдардың сапасы өте нашарлаған. КСРО кезiнде малшылар жайлау, қыстауға көшетiн, қазiр жайылымдар қолданылмайды. Оның үстiне, топырақ құнарлылығының табиғи түрде төмендеуiмен бiрге минералдық және органикалық тыңайтқыштардың қолданылмауы, агротехникалық талаптардың сақталмауы, ғылыми негiзделген ауыспалы егiс жүйелерiнiң болмауы да жердiң азып-тозуына себеп.
Халық қалаулылары “мемлекеттiк мұқтаждық үшiн” алынатын жерлер мәселелерiн көтердi. Өзбеков республика бойынша (әсiресе, Алматы қаласында) мемлекет қажеттiлiгi үшiн алынатын жерлердiң, анығында, жолдар, коммуникациялар, әлеуметтiк нысандар мәселесi өте өзектi мәселеге айналғанын айтты. Дау көп жағдайда мемлекет қажеттiлiгiне алынатын бөлiктiң бағасына қатысты туындайды. Осы мәселеге орай, Жер ресурстарын басқару агенттiгi бүгiнде Жер кодексiне үстiмiздегi жылдың қыркүйегiнде енгiзiлуi тиiс толықтыруларды дайындап жатқан көрiнедi.
Қазақстанның сыртқы саясатындағы даулы мәселелердiң бiрi мәртебесiн бекiте алмай жүрген Каспийге қатысты. Ресей, Әзiрбайжанмен бiрге теңiз бөлiсi келiсiлген, ал Түркiменстан мен Иранмен келiсу қиынға түсуде. РФ мен Әзiрбайжан теңiз табанын теңдей бөлiсiп алайық десе, ирандықтар мен түркiмендер бұған қарсы. Олар каспийлiк жағалаудың ұзақтығы бойынша бөлiсейiк дейдi. Өйткенi, олар, әсiресе, Иран табиғи ресурстары мол жерден қағылады. Өзбеков мырзаның мәлiмдеуiнше, “2008 жылы мемлекеттiк топографиялық карталарды жаңарту үшiн 42 мың шақырым ауданда Ақмола облысы мен Астана қаласы бойынша аэротүсiрiлiмдер түсiрiлiп, 997 топографиялық карта парақтары жаңартылды. 1004 карта парақтары қайта басылып шығып, мемлекеттiк тiлде 1024 топографиялық карта жасалды. Сондай-ақ, экономикаға қажеттi түрлi тақырыптық карталар жасалып, 971 мемлекеттiк геодезиялық желiлер тексерiлдi. Елiмiздiң Каспий теңiзi қойнауының қазақстандық бөлiгiнiң iрi масштабымен байланысты теңiз картасын жасау мақсатында 7,5 мың шаршы шақырым ауданда геодезиялық және картографиялық жұмыстар басталды. Алматы, Шiлiк, Жамбыл, Зайсан геодинамикалық полигондарында жоғары дәлдiктi геодезиялық өлшеулер жалғасуда”. Бүгiнде агенттiк сарапшылары географиялық атауларды ұлттық стандарттауға қатысты БҰҰ-ның қарарын жүзеге асыру мақсатында 2002 жылдан берi географиялық атаулардың мемлекеттiк каталогын жасаумен айналысуда. Күнi бүгiнге дейiн 8 облыс бойынша каталог мемлекеттiк тiлде дайындалған.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ