ЗАМАНЫНА ҚАРАЙ – КIТАБЫ
ЗАМАНЫНА ҚАРАЙ – КIТАБЫ
Бұдан ширек ғасыр бұрын елiмiзде санаулы ғана баспа бар болатын. Олардың әрқайсысы белгiлi бiр салаға маманданған едi. “Мектеп” баспасы, аты айтып тұрғандай, мектеп оқулықтарын шығаратын болса, “Жазушы” қазақ қаламгерлерiнiң туындыларын жарыққа шығаратын. “Дәуiр” газет-журналдарды басып шығарумен ғана айналысатын. Ал қазiргi жағдай мүлдем бөлек. Қазiргi кезде баспалардың саны да көп, сапасы да бiршама өскен. Қызмет ауқымы тереңдеген. Баяғыдай қорғасынмен құятын кезең артта қалды. Қазiр iрiлi-ұсақты баспалар жүздеп саналады. Дегенмен, баспа iсiнiң өзiне тән проблемалары да аз емес.
Мәселен, iрi баспалардың қырық пайызға жуығы жылдам басып шығара алмайды. Құрал-жабдықтар ескi. Осыдан үш-төрт жылғы мәлiмет бойынша баспаханалардағы құрал-жабдықтардың сексен пайызға жуығы ескiрiп, тозығы жетiп тұрған болатын. Ал бұл бiрiншi кезекте газет-журналдардың немесе өзге де баспа өнiмдерiнiң сапасына әсер ететiнi айтпасақ та түсiнiктi.
Бұрын баспагер мамандығына сұраныс аса көп болмайтын. Мұны көпшiлiк қара жұмыс деп қараушы едi. Қазiр олай емес. Баспа iсi өте тиiмдi әрi ұтымды бизнеске айналды. Полиграфияның сан саласына қызығатын жастардың қатары да жыл санап артып келедi. Полиграфия саласының мамандарын негiзiнен Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетi дайындайтыны белгiлi. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң журналистика факультетiнiң құрамында да баспагерлердi дайындайтын арнайы кафедра бар.
Дағдарысқа, өзге де аумалы-төкпелi жағдаяттарға қарамастан, Қазақстанда кiтап үлкен сұранысқа ие. Мемлекеттiк тапсырыспен шығып жатқан кiтаптарды, ғылыми еңбектер мен оқу-методикалық нұсқаулықтарды, әдеби шығармалар мен жинақтарды былай қойғанда, естелiктер мен мемуарлар да, салалық кiтаптар мен анықтамалықтар да көптеп шығуда. Әрине, шығаратын кiтаптарының мазмұнына қарай баспаларды сан түрлi топқа жiктеуге болады. Бiрiншiден, баспалар меншiк иесiне қарау жiктеледi. Екiншiден, шығаратын өнiмiне қарай кiтап баспалары, кiтап-журнал баспалары және көркемөнер туындыларын шығаратын баспалар болып бөлiнедi. Аумағына қарай республикалық, облыстық деп жiктелетiн болса, оқырманына қарай тағы да бiрнеше топқа бөлiнедi. Баспа iсi мамандығына қызығушы жастарға мұның барлығы жiк-жiгiмен оқытылады.
Кiтап басу iсi интеллектуалдық iске жатады. Ал кiтап дүкенi әлеуметтiк институт iспеттi. Бүгiнгiдей ғылым мен техниканың дамыған заманында кiтапты интернет сайттар тықсырып тастайды деген де пiкiр айтылады. Алайда, кiтап бәрiбiр кiтап болып қалады. Электронды маркетинг дамып, өркендеген күннiң өзiнде де баспадан басылып шығып, сөреде тұратын кiтаптың дәуренi өтпейдi. Шағын дискiлерге жазылатын электронды басылымдар да, интернет сайттар да кiтапты алмастыра алмайды.
Барлық дүние жекешеленiп жатқанда мемлекеттiң қарауындағы баспалардың жеке қолға өтiп кетпегенi қуантады. Мемлекеттiк баспалар негiзiнен сала-салаға бөлiнедi. Олардың жұмысын қазiргi кезде Мәдениет және ақпарат министрлiгi реттейдi. Дегенмен, орта және шағын бизнестi дамыту шеңберiнде дүниеге келiп, табысты жұмыс iстеп жатқан баспалар да аз емес. Тоқсаныншы жылдардың бас кезiнде елiмiзде он шақты мемлекеттiк баспа жұмыс iстеп тұрған екен. Ал жекеменшiк баспа деген атымен болмапты. Ал арада он жыл өткенде жағдай мүлдем өзгерiп кеткен. 2001 жылдың басында елiмiзде тек қана мемлекеттiк 22 баспа жұмыс iстеп тұрыпты. Жоғары оқу орындары мен түрлi ұйымдардың жанындағы баспаханаларды былай қойғанда, жекеменшiк баспалардың өзiнiң саны елуге жуықтаған екен.
Мәлiметтерге қарағанда, 1991 жылдан 2001 жылға дейiн 12432 аталым баспа өнiмi шыққан екен. Ал олардың тиражы 159410,34 мың дана. Қазiргi жағдай мүлдем басқа. Ол кездiң өзiнде де мемлекеттiк тапсырыс басым болатын. Ал қазiр баспахана маркетингi деген ұғым бар. Баспалар кез келген кiтапты шығара бермейдi. Алдымен нарыққа не керектiгiн зерттеп алады. Сұраныс болғанда ғана пайда көруге болатынын олар да бiледi. Қазiргi кiтап дүкендерiнiң сәнi де, салтанаты да басқа. Барлығы бөлiм-бөлiмге бөлiнген. Кiтаптардың мұқабасы, безендiрiлуi әсем. Орналасуы да реттi. Тiптi, қажеттi кiтабыңызды үйде отырып, тапсырыспен-ақ алдыра беруiңiзге болады.
Кiтап iсi, жалпы баспа және полиграфия тақырыбы — сан салалы тақырып. Қызығы да, қиыншылығы да мол. Оны баспагерлер жақсы бiледi. Бiр қуанатынымыз, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң журналистика факультетi құрамындағы баспа iсi мамандығына қызығушылық танытушылар жылдан-жылға артып келедi.
Бақыт АСЫЛБЕКОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы