РЕСПУБЛИКА АЛАҢЫНА АЛАҢДАМАУҒА БОЛАДЫ
РЕСПУБЛИКА АЛАҢЫНА АЛАҢДАМАУҒА БОЛАДЫ
Дағдарыс дертi қаладағы барлық құрылыс нысандарының жұмысын тоқтатып тастады. Құрылыс компанияларының қарқыны бiршама уақытқа тоқырап қалғаны рас. Құрылыс нысандары ендi ғана қолға алынып, компаниялар ес жия бастаған шақта да Сәтбаев көшесiнiң қалалық әкiмшiлiк орналасқан тұсының ойраны шығып жатты.
Алматының жүрегiне айналған Республика Алаңының шулы тағдыры талайды алаңдатқаны анық. Бiр жылдан астам уақыт бойы жерасты сауда кешенiнiң жобасы ретке келмей-ақ қойды. “Базис А” компаниясы алаңды бiр қазып, бiр көмiп, жерасты сауда кешенiн салмақ болып бiраз әурелендi. Халықтың наразылығына қарамастан, бiр жыл бойы бекiтiлiп тұрған жерасты құрылысының жобасы келесi жылдың аяғында салынып бiтпекшi. Бұл жерге аумағы 15 мың шаршы метрдi құрайтын жерасты сауда кешенi мен 10 мың шаршы метрлiк көлiктұрақ орналасатын болды. Бұл туралы Алматы қаласы әкiмiнiң бiрiншi орынбасары В.Долженков мырза мәлiмдедi.
Алматы қаласының әкiмшiлiгi мәселе оң шешiмiн табу үшiн құрылыс компаниясын ауыстыруды жөн көрiптi. “Базис А” компаниясының басшысы А.Беловичтiң мәлiмдеуiнше “Алмалы” сауда кешенiнiң құрылысын “Алматытрейд” компаниясы өз қолына алды.
— Құрылысты жүргiзетiн бұл инвесторды “Базис А” компаниясының басшысы өзi тапқан. Алайда құрылыс нысандарының белгiлi бiр бөлiгi “Базис А” компаниясының еншiсiнде. Нысанның аумағы бес есеге қысқартылып, жоспарланған 127 мың шаршы метр аумақ 25 мың шаршы метрге азайтылды. Бұл соңғы, әрi тоқетер жоба. Құрылыс нысанына ендi еш өзгерiс енгiзiлмейдi, — дедi В.Долженков мырза.
Құрылыс нысанын қабылдап алған инвестордың қалтасы қалың. Себебi көптен қазылып жатқан Республика Алаңының алдында жұмыс басталып та кеттi. Қазылған жердiң тереңдiгi 10 метрге жетiптi. “Алмалы” сауда кешенiнiң басшылығын қолына алған құрылыс компаниясы қазылған жер көлемiн қысқарту үшiн соңғы екi айда аумақты қайта көмумен айналысқан. Құрылыс бiткен соң Республика Алаңы алғашқы кейпiне келтiрiледi. Тек бұрынғы мiнбердiң орнына үлкен фонтан орнатылмақшы. Жер астында үлкен құрылыс бары осындай жолмен жасырылмақ.
“Алматытрейд” компаниясының бас инженерi Ж.Махановтың айтуынша, құрылысшылар қоғамдық, әмбебап сауда орталығын өңдеу жұмыстарына кiрiсiп кеткен. Сондай-ақ, бұл құрылысқа жұмылдырылған инвесторлардың сенiмдi екенiн қайталап айтып, қаржы жағынан қиындықтардың тумайтынын ескерттi. “Базис А” компаниясына күнi түскен алаңның тағдыры “Алматытрейдтiң” қолында. “Бiтер iстiң басына, жақсы келер қасына” демекшi, “Алматытрейдке” үмiтiмiз зор…
Жоспар бойынша алдымыздағы жылдың қысында жерасты сауда кешенi мен көлiктұрақ қолдануға берiледi.
Ақниет ОСПАНБАЙ