АУЫЛ ОҢАЛМАЙ, ҚАЛА ТОЙЫНБАЙДЫ
АУЫЛ ОҢАЛМАЙ, ҚАЛА ТОЙЫНБАЙДЫ
Әңгiмемiздiң басында келмеске кеттi деп жүрген Кеңес өкiметi тұсындағы экономикалық жағдайымызды бiр сәт еске түсiрiп көрейiкшi. Осы кезде Қазақстан мал шаруашылығы дамыған миллиондаған, мыңдаған қойы қыстаулары мен жайлауларына симай жататын, сонымен қатар 32 млн. тоннаға дейiн астық өндiрген алып республика болатын. Одақты қала бердi туыстас шет елдердi де асыраған ел едiк.
Базарды айтпағанда, кез-келген дүкендерде азық-түлiк өнiмдерiнiң барлық түрi, әсiресе жас отбасылар көбiрек пайдаланатын тұздалған қияр, қызанақ, капуста неше түрлi жемiс-жидек тораптары шыны ыдыстарда сiресiп тұратын.
Өзi арзан, өзi сапалы, жесең бармағыңды жалайтынсың. Әрбiр iрi шаруашылықтарда мал бордақылау кешендерi, iрi тауарлы сүт фермалары тек ауылды ғана емес, қала тұрғындарын да етпен, сүтпен қамтамасыз еткенiне өзiмiз де кезiнде куә болдық. Тiптен кейбiр мейрамханалар мен асханаларда келушiлерге нан, шекер, шай тағамдары тегiн берiлетiн. Оның рахатын бiз студент кезiмiзде бастан кешiрдiк. “Ауыл еңбеккерлерi осындайда аста-төк молшылықтан неге қол үзiп қалды?” деген сауал кiмнiң болса да ойына оралары сөзсiз. Оған басты себеп – жердiң жеке қолдарға өтiп кетуi, онымен тұрмай иелiгiндегi шұрайлы жерлерден алатын өнiмдi алып болған соң қараусыз, тоздырып жiбередi. Бүгiнгi таңда республика көлемiнде 200 мың гектарға жуық жер сортаң тартып жарамсыз болып қалған. Ауыл тұрғындары көктем басталысымен канал, арықтарды тазартып, оның жағалауларына ұжым-ұжым болып саялы ағаштар отырғызып, оны күтiмге алатын едi. Осы жақсы үрдiсiмiзден де айырылып қалдық. Кейiнгi жылдары, ауыл көктем-жаз айларында ауыз-су түгiлi, аяқ суға да жарымай қалатын болды. Осыдан барып, есiк алдындағы нәпақа көрiп отырған жемiс ағаштары, көкөнiстерi ендi пiсiп жетiлiп келе жатқанда каналдар мен арықтардағы ағын су тартылып қалуы жиi болып тұрады. Суармалы жерлердiң гидромелиоративтiк жүйесiн жөндеу, қайта құру жұмыстары да ұмыт қалған. Осының салдарынан есiк алдындағы жер телiмдерiнен егiн алатын қауын, қарбыз, картоп, пияз, сәбiз дақылдарынан керектi өнiмiн ала алмай қиналып қалады. Ал ендi су тапшылығы болмаған жылдары егiп алған өнiмдерiн өңдеу, сақтау, арадағы алыпсатар делдалдарсыз керектi жерiне жеткiзу мәселесi де шешiмiн таппай отыр. Бұл туралы аудан, облыс әкiмдерiне қанша рет айтқанымызбен ескерiп, шара қолдану жағы жеткiлiксiз. Бәсекеге қабiлеттi елу елдiң қатарына кiру үшiн әрбiр мемлекет кем дегенде 30-40 пайыз өнiмдi өзiнен шығару керек деген қағидаға жоғары билiк құлақ асар емес.
Ауыл қазақтың түп қазығы, тiршiлiк көзi. Ауыл оңалмай, қаладағылар да азық-түлiк өнiмдерiне жарымайтынын Елбасы Н.Назарбаев өз сөзiнде “Қазiр жұмысты қаладан емес, ауылдан iздеу керек, қазiргi дағдарыс жағдайында бiздi асырайтын – ауыл”, – деп ашық айтқан болатын. Расында ауылды қолдау тек ауыл шаруашылығын қолдау емес, мемлекетiмiздiң 90 пайыздан астам территориясын қамтып жатқан, республика халқының 47 пайызын құрайтын еңбек адамдарына жақсы өмiр сүру үшiн барынша қолайлы жағдай жасау керек екендiгiн ескерген жөн. Шындығында елдi киiндiрiп, iшiндiрiп ел шетiнде, жер өтiнде аянбай еңбек етiп жүрген шаруаларға, орта шағын кәсiпкерлерге үкiмет сылтау айта алмайтындай жағдай туғызуы тиiс. Бүгiнгi базарға немесе iрi сауда орындарына бара қалсаң, сөреде тұрған тауарлардың көбi шетелдiкi, яғни 60-70 – пайызы өзге жұрттың өнiмi. Бұл бiздiң әбден дайын өнiмге бейiмделiп алғандығымызды көрсетедi. Жеңiл өнеркәсiбiмiз тоқырауда, шикiзат өңдейтiн өндiрiсiмiз жоқтың қасы. Ал, азын-аулақ жұмыс iстеп тұрғандарының қожайыны, түгелге жуық шетел компаниялары. Олардың түпкi мақсаттары – тездетiп пайда табу, ал Қазақстанда жаңадан кәсiпорын ашу олардың ойларына кiрiп те шықпайды. Ал, оларға қозғау салып, талап етiп отырған үкiмет жоқ. Қысқасы бұл – “Жаны ашымастың қасында басы ауырмастың” кейпi ме деген ойға қаласың.
Елiмiздегi ауыл шаруашылығын тығырықтан шығарудың амалы, кәсiби мамандардың айтуы бойынша төмендегi пiкiрге тоғысады. Бiрiншiден – ауылдағы шаруалардың мүддесiн қорғайтын арнайы заң керек. Екiншiден, ауыл еңбеккерлерiне жеңiлдетiлген ұзақ мерзiмдi несие берудi iске асыру, үшiншiден – ұсақ шаруа қожалықтарын шоғырланған iрi шаруашылықтарға бiрiктiру, төртiншiден – ауылдық елдi мекендерде қала типтес инфрақұрылымы дамыған поселкалар салуды тездету керек. Бесiншiден – әр жерде жылыжайды (теплица) көбейтiп, оған мемлекеттiк қолдауды күшейтiп, жемiс-жидек, жүзiм, көкөнiс егетiн плантацияларды қалпына келтiру қажет, алтыншыдан – мемлекеттiк және жекеменшiк машина-трактор станцияларын (МТС) ашу, техниканы шарауаларға лизинг арқылы сатуды ұйымдастыру, жетiншiден – iрi қалалар маңында көкөнiс белдеулерiн құруды сөз жүзiнде емес нақты iске асыру, сегiзiншiден – негiзгi энергия көздерiн уақыт алдыртпай мемлекет меншiгiне қайтару, шешушi шаруалардың ең маңыздысы деп қарастыру, тоғызыншы – жергiлiктi өндiрiстiк комбинаттардың жұмысын қайта қалпына келтiру, оныншы – ауыл шаруашылық өнiмдерiн тұрақты сатып алатын сауда-дайындау кооперативтерiн қайта құру керек. Сонда елiмiздi арзан әрi сапалы, экологиялық таза азық-түлiкпен қамтамасыз ету мүмкiндiгi туары сөзсiз.
Аталған iс-шаралар түгел iске асырылса, “Дүниежүзiндегi азық-түлiк тауарларына деген сұраныстың өсуiн бағаның артуын ескере отырып, елiмiздiң аграрлық секторын кең ауқымды дамыту үшiн технологиялық жағынан қайтадан жасақтауға бағдарлану қажет, бұл үшiн бiзде барлық жағдай бар”, – деп атап көрсеткен Елбасы Н.Назарбаевтың сөзi орындалатынына сенiм мол.
Кәрiм ЖҰМАБАЙҰЛЫ