ТАЙҚАРТАС ПЕН ТАСЫРҚАЙ АРАСЫНДА

ТАЙҚАРТАС ПЕН ТАСЫРҚАЙ АРАСЫНДА

ТАЙҚАРТАС ПЕН ТАСЫРҚАЙ АРАСЫНДА
ашық дереккөзі
315

(Монғолия жерiндегi ғылыми экспедицияның күнделiгi)

(Басы өткен сандарда)

29.8.08. Баянөлгей – Бес боғда

Ұланбатыр – Баянөлгей.

Ұшақпен Баянөлгейге келдiк. Бiз қайтқанша ұшақтың билетi 550 долларға қымбаттап кетiптi. Оған себепкер – дүниежүзiнiң төрт құбыласынан жиылып, ағылып-төгiлiп келiп жатқан туристер. Сол күндерi күн тұтылады екен. Ол осы Алтай шыңында барынша анық та қанық көрiнедi екен. Соны көрмек үшiн шұбырғандар Баянөлгейдiң шағын аэродромынының iшiнде аяқтарын айқастырып тұрып жерде ұйықтап жатыр. Күндiз бен түннiң айырмасы жоқ сияқты оларға.

Бiздi ежелгi таныс, бұрынғы әскери қызметкер, қазiргi бас бармақтай жазушы Сұраған Рахметұлы қарсы алды. Үйiне түсiрдi. Келiнiмiз Раушан атақты Оспан батырдың немересi екен. Табиғи әдептiлiк бар. Сұраған бiрден көлiк мәселесiне көштi. Өйткенi ендiгi беталысымыз – Алтайдың ең биiк әрi ең киелi саналатын, соны көру үшiн төрткүлдiң толайымы ағылып жатқан әйгiлi Бес Боғда шыңы. Алтайдың басына шығып, дүниенiң төбесiнен қарап, бiр сәт өзiңдi Тәңiрге жақын сезiну аңсарымның iшiндегi аңсауым бөлек аңсар едi. Бауыржан атты iнiмiздi жолсерiктiкке таңдапты. Сұраған табылғанына емес, тура осы жiгiттiң кезiккенiне қуанды. Оның сырын ертеңiнде түсiндiк.

Сол күнi түсте бөгелмей Бес Боғдаға аттандық. Таңғы алакеуiмде шыңға көтерiлмесек, күнi бойы бұлтқа оранып ап, бетiн ашпайды екен. Жыл бойына шаққанда 15-20 күн ғана Боғданың басы ашық тұрады екен. Асуға шығып, атақты мұз өзендi көрiп, Боғданың шыңына көз қырын салсақ, үлкен жұбаныш деп тiледiк. Сонымен, Сұраған, Раушан (молқы), Олжас және Бауыржан бесеумiз өзiмiзге үйреншiктi “Уазикпен” Бес Боғдаға бет алдық. Ұланқұс сияқты былтырдан таныс-бейтаныс жерлерден өтiп келемiз. Бие байлаған ауылды көргенде Сұраған:

– Әзiмбайдың үйi мынау. Бие баудан аттанып кету – ренiш тудырады, – дедi.

Бұлақты кешiп өтiп барып сусындадық. Содан ұланқұс – Соғақ сайы арқылы өрледiк (Соғақты – Сарбөктер дейдi екен шопандар). Мiне, Көкмойнақ асуы. Әне, Көкмойнақ ауылы. Жердiң атының өзi-ақ оның мазмұнын аңғартады. Көкмойнақ арқылы Алтайдың биiгiне бiр баспалдақ көтерiлесiң. Содан өрлей бересiң. Соғақ өзенiне Жирен деген азамат Ресейде орыстардың қолынан мерт болған баласына арнап “Дәурен көпiр” деген көпiр салыпты. Ал мынау Сарымсақты асуы. Кезеңге шыққанда алдымыздан Бесбоғда жарқ ете қалды. Аспанға iлiнiп тұр. Таңданысып суретке түсiрдiк.

Оған жеткенше әлi де 50-60 шақырым, бiрнеше бұрма мен белең бар. Мен мұны “Айғай кезең” деп қойдым. Алдыңдағы көкбұйратты жасаңға түскенше де жаныңды шүберекке түйiп отырасың. Бiр тұмсыққа жете бергенде Сұраған “Бүркiт!, – деп дауыстап жiбердi, – Тоқтай қал, ұстап алайық”, – дейдi тағы. Бауыржан тоқтай қалды. Қияға қонақтап отырған бүркiттi Сұраған қуа жөнелдi. Сасқалақтаған бүркiт мұның өзiне қарай далбалақтап жүгiрiп, тақап қалғанда жер бауырлай әзер ұшып үлгердi. Қалжыңы емес, Сұрағанның шыны екен. Сөйтсем, тояттаған бүркiт жазықта бiрден ұша алмайды екен. Балапан бүркiт көрiнедi. Әуелде өрге қарай далбақтап барып, биiкке шыққан соң екпiн алып барып бауырын жерден көтерiптi. Әйтпесе, бұл бүркiт бiздiң олжамыз болмақ екен.

Шыңда шаңқылдап, қасқырды қағатын қайран бүркiт! «Борсықшылап, суыршылап кеткенiң бе?» – деген ой жылт ете қалды. Әр нәрсе заманына қарай емес пе? Бұл ойымыз асылық, әрине.

Бесбоғдадан басталатын Ақсу өзенiне бет шайдық. Сұраған өзен көрсе тоқтамай, ауыз шаймай өтпейдi екен. Бұл дәстүр ме, салт па, әлде әдет пе? Батырдың тұқымы Раушан келiн әзiлдеп: “– Сiздi сынаймыз! Егерде анау-мынау кесiрiңiз, қиянатыңыз болса, Бес Боғда көрiнбейдi”, – дедi. Күнәсiзбiн деп кiм сенiп айта алсын. Iштей сынға түскенiмдi бiлдiм. Бiрақ ар ұялар iс қылмағаным өзiме анық. Дегенмен де бiр қылпыл бар…

Сатылап, ұтылап, Ақсуды жағалап Бесбоғдаға жақындап келемiз. Сұрағаннан жердiң жайын сұрадым. Есiл-дертiм Қазақстанның шекарасына жету. Сөйтсем… шекара бөлiсi тұсында ресейлiктер Мұзтауды түгелдей өздерiне қаратып алыпты. Қазақстанға тура шығатын пұшпақ та бұйырмапты. Ресей шекарашылары Монғолияның шекарасына өтiп, шыр айналып келiп бұрынғы Қазақстанның шекарасын күзетедi екен. Алтайдың арғы бетi мен бергi бетiндегi қазақтарды ығыр ғып отырған осы жай көрiнедi.

Мұзтау мен Жазатырға Iлбiстi тауы жалғасады. Қазiр бұлар да Ресейге қарап кеткен. Сол тұста қой айдайтын Көкiрге атты асу бар, бұл Қазақстандағы Көккезең болуы керек. Қандығай арқылы Өрелге, Берелге түседi. Ал бұған бастап апаратын аңғар Усай деп аталады. Онда вольфрам, мырыш шығады. Ұланқұс – Соғақ – Қаражаматы арқылы Усайға, одан Көккезеңге – Жазатырға – Өрелге түседi.

VI ғасырда Алтайдың Мұзтауынан қысты күнi асып барып, түркi елiн жаудан құтқарған Тон-Жабғының жолы осы болуы керек. Мен Алтайдың төрт құбыласын түгендеп жүргенде бiр көрейiн деген аңсарлы асу сол едi.

Борсық пен суыр қалың. Қоянның құлағы да анда-санда қылт ете қалады. Ақсу өзенiнiң екi жағасы ақ қайың сияқты үйiрiле қоныстанған ақшаңқан киiз үйлер. Негiзгi көлiк мотоцикл. Бiр жас жiгiт жолықты. Жөн сұрастық. Отызға iлiкпеген. Бетi әжiм-әжiм. Таудың өткiр сәулесi мен салқын ауасы адамның сырт терiсiн қақтап жiберетiнiн содан аңғаруға болады. Бұл жiгiт есiмi елге таныс Мұрат ақынның кiшi iнiсi екен.

Аңғарды өрлей жүрiп, тура Бесбоғданың алқымындағы жол шетiндегi бiр ауылға түн ортасында түстiк. Үш үй қатар тiгiлiптi. Бәрi де бiр бәйтеректiң бұтақтары екен. Бүркiт тектес ақсақалдың аты Рахат. Екi қыз, бiр ұл қарсы алды. Қия жартасты шағылды иықтай қоныстапты. Кермеде бүркiт шаңқылдайды. Сөйтсек, келiнi мен қызы (Жұлдыз бен Пәну) қиядағы бүркiттiң ұясын көрiп, күнi бойы өрмелеп жүрiп, ақыры ұстапты. Келiнi бүркiтшiнiң қызы екен. “Ұяда ненi көрсең, ұшқанда соны аласың”, – деген сол, әне. Рахаңмен рахаттана әңгiмелестiк. Үйдiң бәйбiшесi Дәлелхан Сүгiрбайдың жамағайыны боп шықты. Рахат ақсақал алпысыншы жылдардың басында Ұланбатырда әскерде болыпты. Содан кейiн осы Бесбоғдаға қонақтаған күйi алысқа шықпапты. Жер аттарын сұрастырдым.

– Қарақия, Ұялы қия, Шибетi қайырқан, Құлжа, Үш Ойқыр. Бiз – Үлкен Ойқырдың Боғдаға iлiнер көмейiндемiз, – дедi отағасы.

Бiз Жұмаш пен Жантегiн жанталасып таңбалы тастарды суретке түсiрген Шивэтiнiң желкесiнде отыр екенбiз.

Бағланның басы мүжiлiп болған соң, сол отауға қондық.

30.07. 08. Бесбоғда.

Таңғы 4-те аттанып, шекаралық шеп – Хаалтқа жеттiк. Боғда 18 шақырым. Бұдан әрi көлiкпен жүруге рұқсат жоқ. Алайда Сұраған әскери сақтығына сай шекараға, қорыққа еркiн жүретiн рұқсат қағазын алған. Мұнда 2 қазақ үй тұр. Сұраған iшке кiрiп, тез шықты:

– Басы мен аяғы араласқан адам. Кiлең шетелдiк саяхатшылар. Шишадан бос орын жоқ. Кезекшi ана ауылға кетiптi. Оны күтсек таңғы тынықтан айырылып қаламыз. Қозғалайық. Рұқсатымыздың барын айтып кеттiм, – дедi.

Ендi не тұрыс бар? Бар мәселе – Бауыржанда. Ал ол болса жеткен жерiмде тоқтаймын деп өзi тiленiп тұр.

Жүрiп кеттiк. Шымды шоқалақты, теңкиген тастарды, қар суының саздауытын, шұңғыма суды, су орған жарлауытты, қайқаң мен құлдиды көмейлеп өрлеп келемiз. Сарқабақты жантая өттiк. Аспанға қараған күйi асуға арындап шықтық. Неғыласың, Бауыржан жiгiт екен. Кешегi Сұрағанның қуанғанының астарын ендi түсiндiк. Себебi, бұл биiкке осыдан алты ай бұрын Монғолияның президентiнiң жойқын көлiктерi бiр рет шыққан екен. Әйтпесе, жаяу, не атпен шығады екенбiз. Қаржаубайдың “Ойбай, жүре алмайсың”, – деп ойбайлаған асуына көлiкпен шығып келемiз. Көлiктiң де мүмкiндiгi жетпейтiн жерге келдiк.

Таңғы сағат 6.30-7-нiң мөлшерiнде Ақсайдың күңгейiнде тұрып, төрт мың метрлiк биiктен Күн мен Айдың шағылысқанын көрдiм. Кеше Ұланбатырдан Күн мен Айдың қатар келiп, тұтылуын көремiз – десiп ағылған саяхатшыларды жеткiзу үшiн Баянөлгейге күнiне 5-6, ал Алтай қаласына сағат сайын самолет ұшып жатқан. Соның себебiн ендi түсiндiм. Тiршiлiк иесiне бұл да бiр көретiн құбылыс екен. Бала күнiмiзде қариялар: “Ай менен Күн шағылысса – заманақыр орнайды”, – деп үрейлендiрушi едi. Ендi, мiне, алпысты алқымдап қалғанда оны да көрдiк. Табиғаттың құбылысы. Бiрақ соның өзiнде де Тәңiрлiк құдiрет пен мыс бар екен. Аспан мен жердiң арасындағы кеңiстiкте қалқып қалғандай сезiндiм. Әйтеуiр, қасымда етбауырларым бар. Соларды медет тұтып iшкi буырқанысымды iшiме бұғып қалдым.

Ендi Бес Боғдаға алып баратын анау асуға дейiнгi 3 шақырымды жаяу жүруге тиiстi екенбiз. Осы араға жеткенiнен де шүкiрлiк етiп отырғамыз. Жоқ, Бауыржаның атына заты сай жiгiт екен, орта жолда қалдырмай, тура Бесбоғда шыңының алдынан бiр-ақ шығарды. Қыза-қыза асудан асып, оған да аялдамай Бауыржан бiздi Ақкөлдiң терiскейiне әкелiп бiр-ақ тоқтады. Егер осы бетiмен тарта берсе, көлiктiң тұмсығы “Потаниннiң мұз өзенiне” тұмсығын тiреп тоқтайтын түрi бар. Асудың бел ортасына дейiн құлдилаған соң Бес Боғданың айнадан бетiмiз көрiнiп тұрғандай болған мына көрiнiсiн қимадық.

Бұл ертегi ме, түс пе, бiлмей қалдық. Алдымыз айнадай ашылып сала бердi. Ендi Бес боғдаға төменнен емес, иықтасып қарап тұрмыз. Бағанағы алыстан тамсанғанымыз шың емес, шыңның бұлыңғыр елесi екен. Бес сала боп Бес Боғданың бес шыңына маңдайымызды төсегендей әсерде қалдық. Мына ғажапты қараңыз! Ғажап деймiз ғой, әй, ол әсердi ғажайып деген сөздiң өзi де жеткiзе алмайтын сияқты. Елестетiп көрiңiзшi теңiз деңгейiнен 4 375 метр биiктемiз. Әлем аяғымыздың астында. Кеудең керiлiп, санаң аударылып, төңкерiлiп түскендей. Әйгiлi мұз өзен сонау-сонау төменде, сонау төменде жатыр! Күн мен Ай иықтасып қатар тұр. Аспан да, Бес боғда да, мұз өзен де тұп-тұнық.

Төрт мемлекеттiң – Қазақстанның, Ресейдiң, Монғолияның, Қытайдың шекарасының түйiскен жерi. Мен мұндай кереметтi өмiрi көргемiн жоқ. Бұл ғажайыптың бағасын бiлетiн Әлiбек пен Дидахмет ойыма оралып “Олар да мұндай қызықты көрген жоқ. Қатындарының шылауышына байланып, үйiнде қалған өздерiнен көрсiн”, – дедiм дауыстап. Сұраған сөздi ымнан түсiнетiн жiгiт қой: “Мұз тау ана Мұзарт шыңының қалтарысында”, – деп Қазақстанды нұсқады. Егер қанатым болса шыңның басынан Өрел мен Берлге қарай ұша жөнелер едiм. Амал қанша? Отанға деген сағыныш сондай-ақ болар. “Ұшарға қанатым жоқ, неғылайын!” – деген осы екен ғой!

Тура сәске кезi сияқты күн сәулесi маужырай қыздырып тұр. Таңғы сағат 7 екен. Шыңдардың балағы сусап, тереңдiгi 456 метр келетiн мұз өзенi бусана тепшидi. Дүниенiң алақанындағы тiршiлiкке, аспандағы күннiң жолына қарап, мен мына Монғолияның аңырақай өңiрi, Қаңғай үстiртi, Монғол Алтайы неге тасырқай, ормансыз, жалаңаш қалғанының себебiн түсiндiм. Қыста – таңғы сағат жетiден, кешкi жетiге дейiн, жазда – таңғы сағат 4-тен кешкi 10-ға дейiн көкке көтерiлген күн күңгей беттегi алып аймақты алақанындағы табадай қақтайды екен, яғни, күннiң сәулесi жылдың төрт мезгiлiнде күнгейге тiк түседi. Сондықтан да қыста қар жатпайды. Қар болмаған соң өсiмдiк те тамыр тарта алмайды. Миллиондаған жылдар бойы солай. Тек тебiндетiп мал жаятын қазақ пен монғолға ғана қолайлы. Ал терiскей бетi, мысалы Қатынқарағай сыңсыған орман. Жемiс-жидек. Таң қалысып, мынау кең әлемдi қалай кеудемiзге сиғызып, жанарымызға сурет қып түсiрiп аламыз деп тамсана таңғы ауаны жұтумен, таңданумен бiраз уақыт өткiзiп алыппыз. Раушанның:

– Сыннан өттiңiз, жездеке. Апайымыздың бағы бар екен. Үш сынақтан өттiңiз. Қыран кездестi. Обалы ұстай алмаған жiгiтте болмаса, Сiздiң жолыңыздың жорасындай боп кездестi. Түналқада түн ортасында алдыңыздан дайын үйтiлген бастан сыбағаға тартылды. Мiне, монғолдың президентi ғана көлiкпен көтерiлген шыңға бiз де көлiкпен көтерiлдiк. Әйтпесе екiнтi ауа жететiн едiк бұл араға. Ең бастысы, Бес Боғда шыңы бетiн жуған айнадай боп ажарын ашып қарсы алды. Сыннан өттiңiз, – дедi.

Қанша айтқанмен өмiрi жорықта өткен тау батырының тұқымы емес пе, қазан-ошағын дайындап, сыбағамызды салып, отты тұтата жүрiп айтты бұл сөздi. Iле өзi тезек теруге кеттi. Сұрағанның айтуынша, жиырма жылдың iшiнде жылына бес-он реттен келгенде, сол келiстiң үш-төртеуiнде ғана Бес Боғда дәл осындай бауырын жазып ашыпты.

Әрине, жасаған тегiн жаратпаған пенде екенiмiздi бiлетiнбiз, бiрақ мына қолпаштың жөнi бөлек.

Сұрағанның ұлы Олжас екеумiз аңғарға құлдиладық. Жұқа жасыл шымды, алшынды қияң. Тасырқай шымды қуалап отырып тура мұз өзенге саусағымыздың ұшын тигiзе тоқтады. Тамшылар мөл-мөлт тамады. Көк аспан. Мұзы жылтыраған көк шың. Көк жартас. Көк өзен. Көк көк мұз Көк жасаң. Көк су. Бәрi де көкпең көк. Тек ұлы гүрiлi аралас сарын естiледi. Бес Боғда – Бес әулие терең тыныстап, күрсiне дем алғандай. Бес шың – қамшы тастам жерде. Төрт жүз метрлiк мұзарттың арасында әңгек шыңыраулар орсиып-орсиып тұр. Оған кетсең бiткенiң, жердiң жiгiнен бiр-ақ шықтым дей бер.

Сол кезде алыстан, тура Мұзарттың түбiнде тiгулi тұрған ақ боз үйдi көрдiк. Қазақы үй. Шаңырағы биiк. Әлден соң тiзiлiп шыққан адамдарды көрдiк. Жолдарын қия жолықтық. Қазақша судай тоба – көкмоншақ жiгiтi мына кексе келiншектерi жапон мен француздың саяхатшылары екенiн айтты. Суретке түстiк.

Олардың соңын ала бiр қазақ жiгiтi келдi. Аты – Серiк. Метеоролог. Ана қазақ үй осылардыкi екен. Төрт жылдан берi әлемдiк жылынуды бақылайтын халықаралық мекеменiң тапсырысымен мұзарттың еруiн бақылап келедi екен. Сұраған да сол кезде қасымызға келдi. Серiктiң айтқан жөнi бiздi алаңдатып-ақ тастады. Мұз өзеннiң қалыңдығы 456 метр, ал аңғар жақ шетi 46 метр. Соншама қалың мұз жылына 5 метрден шегiне ерiп барады екен. Соңғы 5 жылда 25 метрге кемiптi. Мұздың үстiмен жүруге альпинистерге ғана рұқсат етiледi. Соның өзiнде былтыр француз альпинисi әңгектiң жарығына құлапты. Бүкiл монғол боп жүрiп 46 метр тереңдiктен тiкұшақпен тартып алыпты. Тек Монғолияның президентi Намбар Энхбаяр ғана мұзарттың басына түнеп шығыпты. Тәңiр мен пұт дiнiндегiлер үшiн бұл ең әулие тау екен. Бес Боғданың бес шыңының аты – Бүркiтшi, Мұзарт, Көксеңгiр, Их монғол (Монғолдың әулие шыңы), Ұялы қия.

Терең аңғарға қалай түскенiмiздi аңғармаппыз.

Ал қайтарда Ақкөлдiң терiскей асуына алқынып-ақ жеттiк. Тау басындағы ошақ қасында қалған Раушан мен Бауыржан аспанда ұшып жүрген құс сияқты төбемiзде қалықтап тұрды. Жеттiк-ау. Биiк тауда су алпыс-жетпiс градуста қайнай бередi. Сондықтан еттiң пiсуi де неғайбыл. Алтайлық ағайындардың еттi шикiлi-пiсiлi қарбытатыны да содан қалыптасқан. Күн тас төбеден инедей шаншылып тұр. Алғашқы аптығымыз басылып, таспаны тауыса суретке түсiргемiз… Бiр кезде асудың шоқысындағы президент Энхбаяр үйген қос тасобаның үстiнде бiрiнен-бiрiне секiрiп екi адам жүрген сияқты көрiндi. Сұраған етпетiнен жата ғап тәу еткендей болды. Сөйтсек екi көкжал қасқыр! Бiзге атой сап, бой көрсеттi де кезең асып кеттi. Раушан мен Бауыржанның, Сұрағанның бағанағы марапаты – марапат па, бұл жолы тiптi әулие екенсiз деген де сөз шығып кеттi. Сөйтсек, монғолдар да көкбөрiнi қасиет тұтады екен. Бөрi кезiксе етпетiнен түсе қап тәу етедi. Мұндай сапарда кезiксе, өзiн-өзi әулие сезiнiп, тәңiрдiң сүйiспеншiлiгiне бөлендiм деп есептейдi екен. Алланың бұл бұйрығына не деуге болады? Олжас оғланның жолашары ғой – деген уәж бiлдiрдiк.

Екiнтi ауа асудан керi қайттық. Бiз етекке түскенде түндегi саяхатшылар ендi ғана кезеңге көтерiлiптi. Бауыржан болмаса бiз де солардың қатарында келе жататынымыз анық едi. Тағы да Рахат қарияның үйiне түстенiп, төмен қарай – Жұмаш пен Жантегiн 15 күн жүрiп ежелгi замандағы таңбаларды тапқан Шиветi – Сiлетi – Селеулi атты қара жотаны жағалай құлдиладық. Құлдиладық деген жай теңеу, 60-70 шақырым бойы өрлетiп, еңiстетiп, қиялатып, қайқаңдатып жүрдiк. Рахаттың үлкен қызы Пәну қарындас жер аттарын жақсы бiледi екен. Сарбөктердегi балбал тасқа соқтық. Ескi жазудың бетiн сызып, өзiнiң аттарын ойып жазыпты бiреулер. Әй, надандық-ай. Мүмкiн, қастаншықпағырлық шығар. Түнделетiп Баянөлгейге келдiк.

Таң атқанша ертегiден келген Ертөстiк сияқты сезiндiм өзiмдi.

1.08.08.

Өскемен арқылы түнгi 11.45-те Алматыға келдiк. Назым қарсы алды.

Ұшақтан Бесбоғдамен иықтасқан Мұзтауды көрдiм. Ақбас шыңдар аққапталдана шоғырланып жатыр.

Мұзтау – Бесбоғданың батысында ұмтылып барып тоқтап қалыпты.

Ей, Алла! Бiр бетi тақыр, бiр бетi орман. Тумысы бiр түркi жұрты тұтас Алтайды ұрпақтары төртке бөлiп мекендейдi, төрт жұрт оған төрелiк етедi деп ойлады деймiсiң.

Сөйтiп, бұл сапар да тәмәт-тәмәм болды.

Бес Боғда осы күнге дейiн түсiме кiредi.

Серіктес жаңалықтары