КIТАПТАН ҚОЛ ҮЗГЕНДЕРДIҢ ҚАЙҒЫСЫ

КIТАПТАН ҚОЛ ҮЗГЕНДЕРДIҢ ҚАЙҒЫСЫ

КIТАПТАН ҚОЛ ҮЗГЕНДЕРДIҢ ҚАЙҒЫСЫ
ашық дереккөзі
213

Құдайға шүкiр, қазiр халқымыз шын байып кетпегенiмен орта күн көрерлiк жағдай бар. Еңбек ете бiлген жұрт жерге қарамайды. Тiптi ауылдың да тыныс-тiршiлiгi жаман дей алмайсың. Баяғыдай жарықсыз тұншығып жатқан қараша ауылды қазiр көру қиын. Деседе қарын тоқ дегенiмiзбен, жанымызды жегiдей жеп, дегбiрiмiздi қашырып жүрген, республикадағы бүкiл ауылға, тiптi қалаға тән бiр үлкен дерт бар. Ол — халықтың рухани жағынан жұтаңданып бара жатқандығы. Бүгiндерi, әсiресе, ұлт тiлiнде шығатын басылымдардың тағдыры толғақты.

Баспасөзге деген адам ынтасының iргетасы газет-журналдар арқылы қаланады. Ал сол рухани құндылықтардың жарық көргенге дейiн қиындықтары бiр бөлек те, оның оқырман қолына қалай жететiнi көбiмiздi ойландыра бермейдi. Әрине белгiлi бiр нүкте арқылы жазылып, күнделiктi газет-жорналдарын қолдарына алып отырған оқырмандарды айтпағанның өзiнде қажет кезiнде арнайы дүңгiршектерден сатып алып оқитын адамдардың өзi оның қандай еңбекпен жеткiзiлетiнiне назар аудара қоймайтындығы анық. Ең бастысы қазақ басылымдарына қарағанда, орыстiлдi басылымдардың құдайы берiп тұр. Осы күнге дейiн қазақ газеттерi орыс газеттерiнiң таралымы мен көлемiне жетпейтiндiгi жанды жабырқатады. Жас та, кәрi де жабысып орыс басылымдарына ұмтылады. Бiздiң рухани байлықтан қашықтап кетуiмiздiң өзi, күнi ертең үлкен орны толмас өкiнiшке айналуы мүмкiн. Тiптi, бүгiнгi таңда кiтап оқымайтындардың саны қарақұрым. Кiтаптың орнын компьютер басса, дүкендердi орыс тiлiндегi кiтаптар басты.

Қаламыздағы студент жастарға айналған жарнамалық дүкендерде “Неге кiтап сөрелерiнде Ресей баспаларының өнiмдерi көп болып тұр?” деген сұрақ мазалаған болатын. Дүкеннiң сырт келбетiнен, “Эврика” деген атауынан, табалдырығынан аттағаннан орысша әдебиеттерге тұнып тұрғанынан-ақ елiмiздегi кiтап саудасын ресейлiк баспалар иеленiп отырғанын оңай аңғаруға болады. Сатушы қыз ойланбастан:

— Бiзде баспа аз ғой. Олар әкелген кiтаптардың көлемiне, оның суреттерiне қарап алып, таңдап сатамыз. Қарапайым балалар кiтаптарын қараңызшы, Ресей кiтаптарының қалыңдығы қандай? — деп жауап қатты.

“Гулянда” кiтап дүкенiне соғып, сыртында “Сүйiктi кiтаптар” — “Любимые книги” деген жазуды көрiп, қазақ кiтаптары толы дүкен шығар деген үмiтпен кiрсем, онда да сол көрiнiс. Бiр ғана сөрелерiнде бiрнеше қазақ кiтаптары жетiмсiреп тұр. Сатушы қазақ қызының:

— Девушка, я на ваш вопрос не буду отвечать — деген сөзiн естiгенде, өз тiлiнде сөйлемей, өзге тiлде жауап қайтарғанына iштей жаным күйзелдi. Мемлекеттiк тiлдегi кiтаптар көбiне мәжбүрлеудiң арқасында ғана сатылып жүр, ал жастарымыз шетел классикасын айтпағанда, өзiмiздiң белгiлi қаламгерлерiмiздiң шығармаларына тiстерi батпай жүргенiн мойындауымыз керек.

Намысты жанитын күн келдi. Бүгiнгi жедел ақпарат толқынының көлеңкесiнде қалып бара жатқан кiтап әлемiн қайтадан биiкке көтеру керек. Ұлттық рухани дүниемiздi қайта түлетуге, қазақ қаламгерлерiнiң шығармаларын халыққа таныстыруға, кiтап шығару iсiн жандандыруға жол әлi ашылады деген үмiт бар. Орталықтандырылған басылымдардың мемлекеттiк баспаханасы болуы шарт секiлдi. Сонда қазақ баспасөзiнiң көзi ашылып, бағы жанатын шығар.

Айнаш Мұхамеджанова, Абай атындағы

ҚазҰПУ-дiң студентi

Серіктес жаңалықтары