Ғалия ЫБЫРАЕВА: БIЗДIҢ МАҚСАТЫМЫЗ – ТЕОРИЯ МЕН ТӘЖIРИБЕНI ҰШТАСТЫРУ

Ғалия ЫБЫРАЕВА: БIЗДIҢ МАҚСАТЫМЫЗ – ТЕОРИЯ МЕН ТӘЖIРИБЕНI ҰШТАСТЫРУ

Ғалия ЫБЫРАЕВА:  БIЗДIҢ МАҚСАТЫМЫЗ – ТЕОРИЯ МЕН ТӘЖIРИБЕНI ҰШТАСТЫРУ
ашық дереккөзі
273

Журналистердiң кәсiби мейрамында журналистердi дайындайтын қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң журналистика факультетiнiң деканы Ғалия Ыбыраеваны да әңгiмеге тартуды жөн көрдiк.

Бiздiң әңгiмемiз журналист мамандарын даярлаудың проблемалары және факультеттегi жаңа инновациялық технологиялар тұрғысынан өрбiдi.

— Ғалия Жүнiсқызы, биыл Ұлттық университеттiң журналистика факультетiне 75 жыл толады екен. Ақпарат тасқыны адам айтса нанғысыз жаңалықтарын ала келдi. Заманның, ақпарат алу мен берудiң өзгеруi, әрине, журналист мамандарын даярлайтын факультеттiң жұмыс қарқынына да өзгерiстер ала келген болуы керек. Осы жайында не айтасыз?

— Жаңа технология оқытудың мазмұнын да өзгертiп жiберетiнi айқын. Қазiр факультеттiң әрбiр аудиториясында интернет, проектор, компьютер және веб камералар орналасқан. Бұл құрал-жабдықтар Куала-Лумпур немесе АҚШ университетiмен интерактивтi түрде лекция өткiзуге мүмкiндiктер бередi. Ал, интернетке ену арқылы студент әрбiр елдiң жетекшi ақпарат құралдарымен танысу мүмкiндiгiне ие болады. Бұл, әрине, студенттiң бiлiм көкжиегiн дамытып, қаламын ұштауға да септiгiн тигiзедi деп ойлаймын. Сондай-ақ, www.youtube әлем университеттерiндегi телерадио оқыту студияларының жұмысымен танысуына мүмкiндiк бермек. Мысалы, бiздiң I курстың студенттерi www.kaztube сайтына университеттiң биология және археологиялық мұражайы және өздерiнiң студенттiк өмiрлерi туралы қысқа сюжеттердi орналастырды.

Бiздiң факультет, университетiмiз секiлдi жаңа технологияларды меңгеруде, ең соңғы кездегi құрал-жабдықтармен қамтамасыз етiлуде ерен табыстарға қол жеткiздi.

Биылғы жылдың мамырынан бастап, ҚазҰУ қалашығының 100 шаршы метр аумағында сымсыз-интернет жүйесi iске қосылды.

Келесi оқу жылынан бастап, үздiк электронды технологиялармен жабдықталған санды кiтапхана пайдаға аспақ. Бұл Орталық Азияда жетекшi ғылыми орталық болады. Қазiр университетте Elsevier бағдарламасы бойынша, әлемнiң жетекшi оқу орындарының 2000-ға жуық ғылыми журналын жаздырып алудың мүмкiндiгi iске қосылды. Әрi биыл жазда 300 орындық интернет-кафе iске қосылмақ.

Университет ректораты 2009 жылғы I курс студенттерiне ноутбук сыйлауды жоспарлап отыр. Әсiресе, ауылдан, интернеттiң не екенiн бiлмей келетiн студенттерге бұл үлкен сыбаға. Әрине, бұл ауылдық жерде интернет жоқ деген ұғымды бiлдiрмесе керек. Қазiр Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң жалпы мемлекеттiк бағдарламасы бойынша, барлық ауыл және қала мектептерi интернет жүйесiне қосылғаны мәлiм.

Жақында журналистика факультетiнде жаңа санды телерадио студия ашылды. Оны жабдықтау үшiн ректорат 40 миллион теңге немесе 260 мың доллар қаржы бөлдi.

— Бәрекелдi. Факультет құрал-жабдықтармен жарақталған екен. Ендеше, оқыту технологиясында да өзгерiстер енгiзiлген болар. Студенттер ақпарат құралдарының жаңа түрлерiн ұйымдастыруға ат- салыса ма?

— Әрине, факультет жаңа әдiс-тәсiлдермен жұмыс iстейтiн мамандарды даярлап шығуға ден қоюда. Бұрын “веб-сайттарды қалай жасаймыз?” арнаулы курсы бойынша тек қана “Телерадиожурналистика” кафедрасы айналысып келген болса, қазiр барлық оқытушылар веб-сайттардың қалай жасалатындығын үйренiп жатыр. Әрбiр кафедраның студенттерi университет теледидарына жаңалықтар дайындайтын болады. Бұл университет радиосында таралып, веб-сайтқа қойылады. Ал, апта соңында “Журналист” атты факультет газетiне басылып шығады.

Биылғы оқу жылында II курс студенттерi Орта Азия елдерiнiң жас журналистерiнiң қашықтан оқыту бағдарламасы бойынша TOL (Чехия) “Жаңа БАҚ-қа кiрiспе” атты курсқа қатысты. Бағдарлама үш бөлiмнен тұрады: 1. Блогтардың негiзi және оған кiрiспе; 2. Блогосфера; 3. Ақпараттар тасқынымен жұмыс iстеуге қажеттi тәжiрибелер. Бұл курс 6 аптаға созылды. Студенттерге Би-би-си оқыту орталығының оқытушылары дәрiс оқыды. Олар әрбiр сөйлемдi қалай бастап, қалай аяқтауға болатындығын үйрендi. Бұл олардың кәсiби деңгейiне кәдiмгiдей әсер еттi. Әрi студенттер мен оқытушылар Пойнтер институтының журналистерге арналған News Unibersity www.newsu.org қашықтықтан оқытатын тренингтерiне қатысады.

— Айтып отырғандарыңыздың бәрi өте тамаша. Алайда, ағылшын тiлiн бiлмей, бұндай бағдарламаларға қатысу мүмкiн емес қой. Жалпы, шет тiлдерiн үйрету мәселесi қалай?

— Студенттер шет тiлдерiн оқу бағдарламасы негiзiнде оқиды. Алайда, бiз бұл бағдарламаны түбегейлi өзгертейiк деп отырмыз. Ең басты өзгерiстер, әрине, шет тiлiн оқуға арналған сағат санына байланысты енгiзiлмек.

Халықаралық журналистика кафедрасы жыл сайын студенттерге шетел журналистикасының теориясы және тәжiрибесiне арналған курстарды ұсынады. “Шетел басылымдарындағы журналистiк мәтiн”, “Халықаралық журналистика стандарттары”, “Шетел журналистикасының түрлi нұсқалары мен трансформациясы”, “Шетел БАҚ-тары үшiн қалай жазу керек?” т.т. — бұл тақырыптарды студенттер келесi жылғы оқу бағдарламасы үшiн таңдап алды. Бұған дейiн “Шетел БАҚ-тары үшiн экологиялық тақырыптарды қалай жазуға болады?” атты курс оқытылды. Оны “Science” журналының редакторы Ричард Стоун жүргiздi. Келесi оқу жылында “Шетел БАҚ-тары үшiн қалай жазуға болады?” атты курс енгiзгелi отырмыз. Оны Солтүстiк Каролиналық профессор Хал Фостер оқиды. Ол Алматыдағы ағылшын тiлiнде шығатын “Фокус” газетiнiң редакторы қызметiн қоса атқарады.

Сондай-ақ, Оклахома университетiнiң профессоры Джеми Фуллертонмен бiрге қазақ, орыс, ағылшын тiлдерiнде “Журналистика бойынша 100 тапсырма және жаттығу” атты оқу құралын дайындадық.

— Әңгiмемiзге онлайн журналистика өзек болып отыр ғой. Болашақ журналистер компьютерлiк бағдарламамен қамтамасыз ету iсiмен қандай дәрежеде таныса алады?

— Мен Reuters ақпараттық агенттiгi Nokia Research Center-мен бiрге арнайы бағдарламамен қамтамасыз ету жүйесi мен журналистерге арналған сервис жасап шығарғандығы жайында естiп бiлдiм. Бұның бiрнеше эксперименттерi бiраз университеттердiң базасында өткiзiле бастапты. Бұл эксперименттi алғашқылардың бiрi болып енгiзуге мүдделiмiз.

2009 жылдың сәуiр айында бiзге АҚШ-тың Оклахома университетiнiң журналистика профессоры Маурин Немечек келдi. Ол “Конвергенттi журналистика” курсынан лекция оқыды. Оның нәтижесi бойынша, бiздiң докторанттар ағылшын тiлiнде www.convergent.ucoz.ru сайтын ашып, оған бiраз материалдар енгiздi. Студенттер, сондай-ақ, қазақ тiлiнде де веб-сайттар аша бастады.

— Халықаралық журналистика кафедрасының ұсынған тақырыптары жайында айтып отырсыз. Жалпы, бұл кафедраның өзi жақында ғана ашылыпты. Оны ашудағы мақсат не?

— 1993 жылы халықаралық журналистика мамандығы ашылды. Алайда, 2000 жылы белгiсiз себептермен оны қайтадан жауып тастаған едi. Биылғы оқу жылында бiз бұл мамандықтың қажеттiгiн дәлелдей алдық, сөйтiп Бiлiм және ғылым министрлiгi бiздiң келтiрген дәйектерiмiзбен келiсiп, оны қайтадан ашуға келiстi. Бұл кафедраның түлектерi Ресей, Қырғызстан және Канаданың ақпарат құралдарында жұмыс iстеп жатыр.

Қазақстан үшiн халықаралық журналист — әуелi мемлекет мүддесiне сай қызмет етушi. Биылғы жылдың ақпан айында факультетте “Қазақстан имиджiн жасаудағы шетел және отандық БАҚ-тың рөлi” атты ғылыми-практикалық конференция болып өттi.

Факультетiмiзде PhD докторанттарына арналған “Саяси коммуникация, журналистика” атты бағдарламаның жұмыс iстеп келе жатқанына 4 жыл болды. Олар үшiн Бiлiм және ғылым министрлiгi шетелдiң үздiк оқытушыларын шақыруға және үздiк оқу орындарында тәжiрибеден өтуге жылына миллион доллар бөлiп келедi. Докторанттар диссертацияларын ағылшын тiлiнде жазады. Қазiр бiзде олардың саны екеу. Бiрiншiсi, сайлау кезiндегi БАҚ-тың рөлi жайында зерттеу жүргiзiп, қазiр халықаралық бақылаушы ретiнде жұмыс жасап жүр. Екiншiсi — ақпаратты беруге қатысты зерттеу жүргiзiп, бiздiң телеарналарға жаңалықтарды берудiң тиiмдi және жаңа әдiс-тәсiлдерiн ұсынуда.

— Ал, интернеттiң халықаралық журналистика мамандығын өрiстетудегi рөлi жайында айтсаңыз.

— Бiздiң студенттер биылғы жылдың 15-сәуiрiнде Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiнiң студенттерiмен бiрлесе отырып, “Журналист” атты газет шығарды. Газет баспа түрiнде және онлайн форматта жарық көрдi. Келешекте бiздiң студенттер мен Оклахома университетiнiң студенттерi бiрлесiп онлайн газет пен видео-роликтер дайындау жоспарлануда. Демек, интернеттiң мүмкiндiктерiн пайдалану арқылы бiз шетелдiк әрiптестерiмiзбен өзара тәжiрибе алмаса аламыз. Бұл тек халықаралық журналистер үшiн жасалып жатқан мүмкiндiк емес, сондай-ақ, өзге журналист мамандары үшiн қажет дүние. Барлық болашақ журналистер жаңа технологияны меңгерiп, шет тiлдерiн үйренуi тиiс. Сондай-ақ, журналист болуға талпынған адам ең әуелi ұлттық тарих пен мәдениеттi әрi әлемдiк бай тәжiрибенi меңгергенi жөн деп көрiп отырмыз.

— Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары