«ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ» ЖОЛЫ НЕГЕ БОЛМАЙ ОТЫР?

«ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ» ЖОЛЫ НЕГЕ БОЛМАЙ ОТЫР?

«ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ» ЖОЛЫ НЕГЕ БОЛМАЙ ОТЫР?
ашық дереккөзі
390

Үкiмет жұмыссыздықпен күресiп әлек. Алайда, жұмыссыздық деңгейi соңғы кездерi өсiп кеткен. Отандастарды “Жол картасы” бойынша жұмыспен қамтуға жергiлiктi атқарушы билiк өкiлдерi белсендiлiк танытпай отыр.

2009 жылдың бiрiншi тоқсанында елiмiзде жұмыссыздықтың деңгейi 6,6 пайыздан 6,9 пайызға өскен. Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi 2009 жылдың күзiне қарай, анығында, қыркүйек айында халықты жұмыспен қамтудың жаңа тұжырымдамасын көпшiлiк талқысына ұсынбақ. Бұл туралы вице-министр Бiржан Нұрымбетов мәлiмдедi. Оның айтуынша, қазiргi таңда заңдық күшi бар құжат – халықты еңбекпен қамту жөнiндегi заңға бiрқатар өзгертулер мен толықтырулар енгiзудi және жетiлдiрудi қажет етедi. Министрлiктiң еңбек нарығын зерттеудiң халықаралық тәжiрибеде қолданатын тәсiлiне, ғылыми негiзделген экономикалық-математикалық болжау үлгiсiне иек артуы сондықтан. Сонымен қатар министрлiктiң ықпалымен құрылған сарапшылар тобы ұлттық және шетелдiк еңбекпен қамту туралы заңнамаларын зерттеуге, сондай-ақ, оны отандық жүйеге бейiмдеуге күш салуда. Ал апта басында ҚР Парламентi Мәжлiсiнде өткен ҚР Үкiметiнiң дағдарысқа қарсы бағдарламасы мен “Жол картасын” iске асыруға арналған алқалы жиында Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов “Жол картасына” бөлiнген қаражаттың 2009 жылға тиесiлi бөлiгi 191 млрд. теңгеден асып түскенiн айтты. Оның 140 млрд. теңгесi – республикалық бюджеттен, 51 млрд. теңгесi жергiлiктi бюджеттерден бөлiнбек. Жұмыссыздық деңгейiн төмендету мақсатында жастар саясаты бағдарламасы мен халықтың белгiлi бiр тобын жұмыспен қамту көзделген. Мысалы, 254 мың жұмыс орны мен 96 мыңға жуық уақытша жұмыс орнының ашылуы – осының айғағы. Мәсiмов: “Үстiмiздегi жылдың алғашқы 5 айында жұмыспен қамтамасыз ету органдарына өтiнiш бiлдiрген 164 мың адамның 81 мыңы тұрақты және маусымдық жұмыстарға, 58 мыңы қоғамдық жұмыстарға тартылды” дедi. Ресми деректерге сүйенсек, биыл ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiру қарқыны 2009 жылдың алғашқы 5 айында 3 пайызға артуының арқасында еңбек нарығындағы ахуал жақсарған. Елiмiздегi жалдамалы жұмысшылар саны 3,4 пайызға өсiп, 100 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. Мәсiмовтiң баяндамасынан кейiн кәдiмгiдей көтерiлiп қалған көпшiлiктiң көңiлiн келесi күнгi селекторлық кеңесте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова су сепкендей басты. Дүйсенова ханым “Жол картасы” бойынша елiмiздiң бiрқатар өңiрлерiнде, атап айтқанда, Оңтүстiк Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Солтүстiк Қазақстан, Алматы, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында жол жөндеу нысандары бойынша құрылған жаңа жұмыс орындарының саны 30 пайызға да жетпегенiн атап өттi. Ал әлеуметтiк инфрақұрылымдар бойынша құрылған жұмыс орындарының көрсеткiшi Маңғыстау, Қызылорда, Солтүстiк Қазақстан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Алматы қаласында өте төмен көрiнедi. Ауыл нысандары бойынша Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан облыстарында құрылған жұмыс орындары ширек көрсеткiшке де жетпеген. Дүйсенова ханымның мәлiмдеуiнше, “Жол картасын” жүзеге асыру барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша жаңадан құрылған жұмыс орындарының саны жоспарланған көлемнiң 46,9 пайызын, жол жөндеу жұмыстары бойынша – 37,8 пайызды, әлеуметтiк инфрақұрылым бойынша – 64,2 пайызды, ауыл нысандары бойынша – 65,1 пайызды құрайды. Сондай-ақ, “Жол картасының” 4 инвестициялық жобасына 163 млрд. теңге қарастырылған. Маусымның 17-сiндегi көрсеткiштер бойынша, жергiлiктi атқарушы органдардың деректерiне сәйкес, 38 млрд. теңге игерiлiптi. Оның iшiнде 24 млрд. теңге – республикалық бюджеттен, 14 млрд. теңге – жергiлiктi бюджеттен. Ал 2009 жылғы мамыр айындағы қазақстандық еңбек нарығындағы ахуалды сараптаған ҚР Статистика жөнiндегi агенттiк мамандары республика экономикасына үстiмiздегi жылдың алғашқы 5 айында (бағалау бойынша) 7,8 млн. адам тер төккенiн, бұл өткен жылғы 5 айлық көрсеткiшпен салыстырғанда, 62,7 мың адамға немесе 0,8%-ға қысқарғанын көлденең тартты. Жалдамалы қызметкерлердiң саны аталған кезеңде 5,2 млн. адамды (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 66,7%-ы) құраған. 2009 жылғы мамырда, бағалау бойынша, жұмыссыздар саны 626,5 мың адамды, жұмыссыздық деңгейi 7,4% құрады. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретiнде 102,4 мың адам тiркелiптi. Жұмыссыздар ретiнде тiркелгендердiң үлесi экономикалық тұрғыдан белсендi халықтың 1,2%-ына тең. Бұл өткен жылғы көрсеткiшпен салыстырғанда 0,4 пайызға артық. 2009 жылғы мамырдағы бағалау бойынша жасырын жұмыссыздық деңгейi экономикалық тұрғыдан белсендi халықтың 1,3%-ын құрады.

Жұмыссыздар (ХЕҰ стандарттарына сәйкес) – бұл кәсiбi (жұмысы) жоқ, оны белсендi iздеген және жұмысқа кiрiсуге дайын тұлғалар. Жасырын жұмыссыздық (мәжбүрлiктен толық емес жұмыспен қамтылғандар) – қысқартылған жұмыс аптасы немесе толық жұмыс күнi режимiнде жұмыс iстейтiн қызметкерлердiң, сондай-ақ жалақысы сақталмайтын немесе еңбекақысы жартылай төленген әкiмшiлiк демалыстарда болған қызметкерлердiң санын көрсетедi. Жасырын жұмыссыздық деңгейi – толық емес (жартылай) жұмыспен қамтылған және мәжбүрлi түрде демалыста болған қызметкерлердiң экономикалық тұрғыдан белсендi халықтың санындағы пайызбен өлшенетiн үлесi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары