ҚЫТАЙ ҚҰЛАШЫН ӘЛЕМГЕ ЖАЮДЫ КӨЗДЕЙДI

ҚЫТАЙ ҚҰЛАШЫН ӘЛЕМГЕ ЖАЮДЫ КӨЗДЕЙДI

ҚЫТАЙ ҚҰЛАШЫН ӘЛЕМГЕ ЖАЮДЫ КӨЗДЕЙДI
ашық дереккөзі
208

Ол үшiн әуелi Орта Азияны, Қазақстанды “бауырына баспақ”

Өткен аптада Екатеринбургте өткен Шанхай Ынтымақтастығы елдерiнiң кезектi саммитiнде Еуразия аймағының екi азулысы тағы да тiстерiн көрсетiп қалуға тырысты. Бүкiл әлемдi дүр сiлкiндiрген КСРО-ның тiкелей мұрагерi Ресей Федерациясының президентi Дмитрий Медведев доллардың өз миссиясын орындағанын тақымдап айтып, рубльдi аймақтық валюта ретiнде тықпаласа, бүкiл әлемге иелiк етудi сонау Конфуций заманынан арман етiп келе жатқан Қытай Ресейдiң амбициясына жауап ретiнде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерге 10 миллиард доллардан қарыз үлестiретiндiгiн жайып салды.

Ресейдiң аймақтық валюта ретiнде рубльдi ұсынғанын қолдамайтындығын осылай бiлдiрген алып мемлекеттiң көздегенi не? Бiрiншiден, Қытай өзге көршiлерiне қарызды уыстап шашу арқылы, экономикасының мығым екендiгiн танытып отыр. Екiншiден, табиғи ресурстары бай елдердi экономикалық тұрғыдан тәуелдi етудi көздеуде. Үшiншiден, шынында әлемдiк валюта қоры мiндетiн атқарып болған доллардың құнсыздануынан қорқып, одан құтылудың жолын қарастыруда. Әрине, Қытай бұл жолда доллардан оңай құтыла салуды қарастырып отырған жоқ. Экономикасы тұралаған мемлекеттерге қарыз үлестiру арқылы ол елдердегi iрi кен орындарына қол жеткiзiп алды. Айталық, биылғы жылдың 15-сәуiрiндегi Бейжiңге ресми сапарында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 10 миллиард доллар қарызға қол жеткiзуiнiң нәтижесi Қытайдың CNPC компаниясының “Маңғыстаумұнайгаздың” 49% акциясын иеленуiмен аяқталғаны мәлiм. Бұл оқиға тек қазақстандық сарапшыларды ғана емес, сондай-ақ ресейлiк сарапшыларды да үрейлендiруге негiз болған едi. Өйткенi, “Маңғыстаумұнайгаздан” үлес алып қалуға Ресейдiң “Газпром-нефти” компаниясы да мүдделi болғаны белгiлi. Алайда, Қытайдың 10 миллиард долларының салмағы басым түстi. Сөйтiп, мысықтабандап ғана алға жылжитын алып көршiмiз Қазақстанның экономикасына дендеп ене бастады.

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙ-ГАЗ СЕКТОРЫНДА ЖЕТЕКШI ИНВЕСТОРҒА АЙНАЛДЫ

Қытайдың Қазақстан экономикасына ауыз салуы 2002 жылғы Қытай мен Қазақстан арасындағы тату көршi, достық және өзара қарым-қатынас туралы келiсiмiнен басталады. Кейбiр ақпарат көздерi Қазақстандағы Қытай компанияларының санын 300-ге жеткiзсе, ендi бiр ақпарат 20 iрi және 100-ден аса бiрлескен компаниялардың жұмыс iстей бастағандығы жайында мәлiмет бередi.

Қазақстанның мұнай саласындағы ең iрi үлесi бүгiнде қытайлық CNPC компаниясына тиесiлi. “Маңғыстаумұнайгаздың” 49% акциясына иелiк ету арқылы, қытай компанияларының мұнай өндiру саласындағы үлесi ұлттық “Қазмұнайгаз” компаниясымен теңестi. CNPC бұдан сәл бұрынырақ Ақтөбе облысындағы ең iрi компания болып саналатын “Ақтөбемұнайгазды” сатып алған болатын. Бұл компанияның 85,32% акциясы мен 130 миллион тонна мұнай қоры бар кен орны қытай корпорациясының иелiгiне өткен. 2006 жылы CNPC “Қаражамбасмұнай” компаниясының акциясына да иелiк етiптi. Ал, Sinopec және CNOOC атты екi Қытай компаниясы Каспийдiң Қазақстан жағындағы iрi қорларға ауыз сала бастаған.

Сондай-ақ, сарапшылардың айтуына қарағанда, Қытай Қазақстандағы Ресейдiң ықпалындағы кен орындары мен компанияларды иелiк етiп отыр. “Маңғыстаумұнайгаздың” Ресейге емес, Қытайға берiлуiнiң өзi осының айғағы.

— CNPC-тiң Қазақстан мұнайындағы жетекшi компанияларға иелiк етуi, Орталық Азиядағы Қытайдың ықпалын күшейтiп, Ресейдiң ықпалын әлсiретедi, – дейдi сарапшылар.

Сондай-ақ, әлемдi шарпыған дағдарыс “Қазақстан-Қытай” құбырының құрылысының тоқтауына бөгет бола алған жоқ. 2006 жылы 988 шақырымға созылатын, өткiзгiш мүмкiндiгi 10 миллион тоннаға дейiн жеткен “Атасу-Алашаңқай” бөлiгi пайдаға берiлсе, биылғы жылдың қазан айында 761 шақырымға созылатын Кеңқияқ – Құмкөл бөлiгiн пайдаға беру жоспарланған. Құбырлың қуаты 20 миллион тоннаға жетедi. Бұл құбырмен айдалатын шикiзаты да Батыс Қазақстандағы Қытай компаниялары өндiредi. Демек, Қытай Қазақстанның бүкiл жер асты байлығын сорып алатын мүмкiндiкке ие болды.

Әрi Бейжiң Қазақстанның бай уран кенiштерiне де мүдделiлiк танытып отырғандығы байқалады. Қытай АЭС салу жөнiнде мемлекеттiк бағдарлама қабылдады. Иiркөл және Семiзбай кенiштерiнен жылына 1250 тонна уран өндiру жоспарланған.

ЮАНЬ АЙМАҚТЫҚ ВАЛЮТАҒА АЙНАЛА МА?

Екатеринбургтегi саммитте Қазақстан Президентi Ресей президентiнiң аймақтық валюта туралы ұсынысына қарсы пiкiр айтқан бiрден-бiр адам. ШЫҰ-ға мүше елдердiң өзгесi рубльдiң аймақтық валюта болуын құптамайтындығын үнсiздiгiмен жеткiздi. Қызығы, 15-сәуiрдегi Нұрсұлтан Назарбаевтың Бейжiңге сапары барысында Қаржы министрi Болат Жәмiшев “Қазақстан юаньдi резервтiк валюта ретiнде пайдалануы мүмкiн” деп жайып салғаны мәлiм. Юань — өз кезегiнде аса тұрақты ұлттық валюталардың қатарынан орын алады. Ол аса дамушы мемлекеттiң бiрi Жапонияның иенiн де басып озып, келер жылы халықаралық валюталық қордың есеп бiрлiгiн құрайтын валюталар қатарына енедi деп жоспарлануда. Қолда бар мәлiметтерге қарағанда Қытай Оңтүстiк Шығыс Азияның кейбiр мемлекеттерiмен юань арқылы сауда жасасуға келiсiмшартқа отыра бастаған. Ал, Гонконгпен арадағы сауда қатынасы юаньге көшкелi бiраз уақыт.

Демек, Қаржы министрiнiң болашақта Қазақстанның Қытай юанiн резервтiк валюта ретiнде пайдалануы мүмкiндiгi жайындағы мәлiмдемесi алаңдаушылықтың басы болуға тиiс едi. Ол жай адамның емес, ресми билiк иесiнiң, лауазымды тұлғаның аузымен айтылып отырған пiкiр. Яғни, доллар құнсызданатын болса, Қазақстанның болашақта Қытай юанiне иек артуы бек мүмкiн.

Қытай, юанiн резервтiк валютаға айналдырудың алғышарттарына кiрiсiп те кеттi. Демек, елдегi доллар қорын азайту және юаньның бағамын бекемдеу әрi тұрақтау iсi қолға алынғалы бiраз уақыт. Сондай-ақ, алдағы жылғы сауда айналымының 50%-ын қытай юаны арқылы жүзеге асыру көзделiп отыр. Демек, Азиядағы жаңа валюта қорын жасақтау туралы идея мен Болат Жәмiшевтiң юаньды доллардың орнына қолдану туралы мәлiмдемесiнiң бiр кезге сәйкес келуi кездейсоқтық емес секiлдi.

ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ТАСҚЫН НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАНДА ЧАЙНАТАУН ЖАСАҚТАЛА МА?

Қазақстанның тағы бiр қауiптенетiнi – қара қытайдың алып территориясына сыналай енуi. Қытай шетте жүрген диаспорасының негiзiнде экономикасын бекемдеп алған мемлекет. Бүгiнгi жалпақ статистика шетте 80 миллион қытайдың жүргендiгiн айтады. Ал қытай диаспорасының жылдық кiрiсi 1 трилиион долларға дейiн жететiндiгi жайында мәлiметтер кездеседi. Бейжiң қытайлардың бүкiл әлемге таралуына мүдделi. Қытай шетке шығатын валютаға қатаң шек қойса, елге кiретiн валютаны шектемеу жайында заң қабылдаған.

Шеттегi қытайлар өздерi тұратын мемлекеттегi капиталдың басым көпшiлiгiне ие. Мысалы, Филиппиндегi қытайлар жеке меншiктiң 50%-ын, Индонезияда – 70%-ын, Тайланд пен Малайзияда – 80%-ын бақылайды. Ал, Қытайға келетiн шетелдiк инвестицияның басым көпшiлiгi осы “хуацяо” немесе этникалық қытайлар арқылы енуде. Демек, Қытайдың өзге елдердегi диаспорасына иек артуы – Қазақстанның да ұйқыдан оянуына түрткi болуы тиiс едi.

Алайда, Қазақстан бұл тұрғыдан жағасы жайлау, етегi қыстау қалпынан айныр емес. Кейбiр құжат көздерi Қазақстанда бүгiнде 300 мыңнан астам қытайдың бар екендiгiн паш етедi. Көбi әртүрлi жолдармен (үйлену арқылы, еңбек мигранты ретiнде квота алу арқылы) бiрнеше жылдан кейiн Қазақстан азаматтығына қол жеткiзiп те үлгерген көрiнедi. Бiрақ, бұл жөнiнде нақты статистика жоқ. Әрi iшкi iстер органдары Қазақстандағы қытайлардың саны туралы нақты ақпарат беруден жалтарады.

Тағы бiр деректерге сүйенсек, Қазақстандағы қытай диаспорасы Қытай елiнiң қолдауымен, Қазақстан үкiметiнiң жақтауымен газет шығара бастаған көрiнедi. Сондай-ақ, Қазақстанда Конфуциан университетiнiң қаптап бара жатқандығына алаңдаушылығын бiлдiрген Парламент мәжiлiсiнiң депутаты Уәлихан Қалижан Үкiметке бұл жөнiнде депутаттық сауал да жолдады. Бiрақ, ешқандай нәтиже байқалмайды.

Түйiн: Бүгiнде Қазақстанның жетекшi экономикалық секторы мұнай-газдағы Қытай компанияларының үлес салмағы 20%-ға жетiптi. Бәлкiм, таяу жылдарда Қазақстандағы қытайлар да қазақ экономикасының 50%-ын өз уысына ұстамасына кiм кепiл. Оның үстiне рухани және демографиялық тұрғыдан жасалып жатқан шабуылы өз алдына. Рухы кембағал елдiң 5000 жылдық тарихы бар алып аждаһаға оңай жұтылып кетпеуiн күнi бұрын ескерген абзал секiлдi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары