ТАЙҚАРТАС ПЕН ТАСЫРҚАЙ АРАСЫНДА

ТАЙҚАРТАС ПЕН ТАСЫРҚАЙ АРАСЫНДА

ТАЙҚАРТАС ПЕН ТАСЫРҚАЙ АРАСЫНДА
ашық дереккөзі
257

(Монғолия жерiндегi ғылыми экспедицияның күнделiгi)

24.07.2008. Зах — Бәйтерек — Баяноба

Таңғы 6-да тұрып Iзгiлiк Шордың керегетастарындағы оюларының көшiрмесiн түсiрдiк. Шарбақтастарды қайтадан орнына көмдiк. Өкiнiшсiз болған жоқ, әрине.

Содан Қаңғайдың көмейiне кiрiп, Зах сұмының Байдарақ — Бәйтерек өзенiнiң басындағы Күреңсал жазығының төрiндегi көлденең белдiң ортасындағы бiрiншi түркi қағанаты кезiндегi балбалға бардық. Зах сұмына қарасты Бомбыты деген жерде. Байдерек — Бәйтерек өзенiнiң жағасындағы қысаңның алқымында екен. Бiр ерекшелiгi — Монғолиядағы балбалдардың iшiндегi басы сақталған аз ескерткiштiң бiрi осы көрiнедi. Тағы бiр өзгешелiгi, ер жiгiттiң құлағында сырғасы бар. Бас киiмi де өзгеше. Сол жазықтағы екiншi бiр мүсiндi де көрдiк. Бұл да үшке бөлiнiптi. Құрастырдық. Салыстырып қарасақ, бiрiнiң айбаты бiрiнен өткен өжет бейнелер болып шықты. Суретке, бейнетаспаға түсiрiлдi, бойы, бiтiмi өлшендi.

Осымен бүгiнгi жұмыс аяқталып, бұл арадан 350 шақырым кейiн қалған Байқоңырға қайыра бет түзедiк.

Бұл өзi қорғандар жотасы екен. Жолай тағы да үш-төрт қорған көрдiк. Тағы да бiр мүсiн кездестi. Жерде ұзыннан сұлап етпетiнен жатыр екен. Бұл да бастан, белден үшке бөлiнген. Иә, түркiлердiң басын кесiп, белiн үзген. Бiр қызығы, мына мүсiн менен айнымайды. Әркiм өзiн таниды ғой. Жауқабақ. Қиық көз. Бетсүйектi. Көзiн төмен салған. Мұртты. Қолында көзе. Белiндегi белбеуiне саусағының ұшын сұғып, қайратын жиып, қанжарын қынап тұр. Қоршалған шарбақ тасы бар. Бiз де етпетiнен жатқызып кеттiк. Тым құрпығанда құс саңғып, ит сарымасын дедiк. Амандығына да сеп.

Қайтар жолдағы ойдың салмағы да ауырлай бердi.

Қой мен ешкiнiң тұяғы астында, сарлық сауған елде шашылып жатқан бабалардың мүсiнi-ай!

Байхонгорға тақағанда Баян-оба деген ауылдан 4-5 шақырым батысқа қарай тастақ жерде қалың ескi төбенiң ортасында 4 жағында шарбақ тасы бар бiр мүсiн көрдiк. Тұрқы өзгелерден мүлдем бөлек. Қалың қасты. Сұсты. Сақал-мұрты бар. Жағалы шапан. Бiр қолында тостаған. Белiнде кiсенiң төртбұрышталып ойылған көздерi бар, қанжары соған iлiнген. Ал сол қолы шолақ!

Талайды көрген Қаржаубай да таң қалды. Ал одан да таңқаларлығы, тура жон арқасында найманның Ү таңбасы бар.

Арқасына елiнiң таңбасы басылған ескерткiштi Қаржаубайымыз да алғаш рет аңғарып отыр екен. Асылық демеңiз, тура осы арадан 100 шақырым жерде “Найманның кiндiк көлi” (Хуйсин найман нұұр), батысында Қазақтың қасиеттi тауы (Хасагт қайырқан) бар екен. Картаға тағы да қарадық. Солтүстiкте найман бегi Құлашордың тас жазуы, сәл шығыс солтүстiкте түркi астанасы Ордабалық, соған қатар Күлтегiн мен Бiлге қаған ескерткiшi орналасыпты. Ал сол бойлықта екiншi түркi қағанатын құрған 56 ұлыстың таңбасын бастырған Ел-Етмыш қағанның көктасында бас таңба боп бiрiккен сегiз таңбалы найманның ұ таңбасы тұр. Демек, еш күмәнсiз найман руын түркi қағанатын құрған және сол территориядағы заттай айғақтары мен жер аттарын сақтап қалған қазақ елiнiң өкiлеттi өкiлi деп тануға толық негiз бар. Суретке түсiрдiк. Ал кескiнiн Қаржаубай сызды. Керегетастарының оюы да ерекше, сырты үш сызықпен қоршалған. Әттең, күннiң шағырмақ сәулесi фотоға анық түсiруге мүмкiндiк бермедi. Кештi күтуге тағы болмайды, ұшаққа үлгеруiмiз керек….

Бұл бiр тағы да таң қаларлық оқиға болды. Олжаң құтты болсын, Қаржау! — дестiк.

Әттең, бiр өкiнiштiсi, ескерткiштердiң бәрi де тозып, аяқасты болып жатыр. Бұл үлкен мәселе.

Ұшақ жерден көтерiлгенде Баянхонғордан Кұба Алтайдың Боғда биiгiн тағы көрiп қалдым. Өткен жылғы шөлейт сапар еске түсiп, ернiм кеберзiп сала бердi.

Кешкi сағат 10.00-де Ұланбатырға ұштық.

Сөйтiп, 5-10 күнге жоспарланған сапар 2 күнде игiлiктi аяқталды. Жуынып, шайынып осы жолдарды қағазға түсiрдiм.

Ендi шiлденiң 29-на дейiн не iстеу керек? Қаражат көтерсе Кентайға барып, Шыңғыс ханды хан көтерген жердi көрiп келу керек пе?

Оны Қаржау бiледi. Ең бастысы қаражат бiледi. Оның аржағында Мұзтау тұр. Оны ойлау керек. Жаңалық табылған өңiрдi қалай көрмеске?

26-27.07.08. Ұланбатыр

Ұланбатырға келдiк. Бiр күн еру болдық. Сiлемiз қатып-ақ қалыпты. Қаржау дүниеден қайтқан ағайын-туыстарына бата жасады. Отағасы марқұм Мәскеуден бiтiрген геолог, жамағаты Жайнакүл телекоммуникация инженерi екен. Ол да Мәскеуде оқыпты. Аман-саулықтан соң Қазақстанның iшкi-сыртқы саясатын, экономикасын, ең бастысы елдiң жағдайын сұрастырып, танымызға жанын сала жақсылық тiледi. Өздерiнде де партократия демократия бiр сүзiсiп, “құрбандықтарын шалып” алған. Қазiр ел ағалары да, президент те соларды дәнекерлеп, елдiң екi жарылып кетпеуi үшiн арағайын мiндетiн атқарып жүр екен. Бәрiнiң пiкiрi: “оқ атқан әскер мен сақшы емес” — дегенге саяды. Сонда ол арандатушы күш қайдан келдi? Америка мен Ресейдi ауыздарына алмайды. Не де болса күдiгi мен күмәнi iштерiнде сияқты. Қалайда бұл мәселенi прокуратура қатаң тергеуге алыпты. Оның шындығы ашылмай iшке түскен ыза айықпайтын сияқты. Жалпы бұл ұлт өте кеңқолтық, есiгiн жаппайтын, дүкенiн кiлттемейтiн халық. Ал бiр көтерiлсе, ызасы басылмай тоқтамайды екен. Демек, демократия да сол өзектi өртеген ерiксiздiктен, бiр адамның билiгiнен зәтте болған, тарихи шаршаған жүйкенiң бұлқынысы болса керек.

Мен осы Жайнакүл апайдың көзiне тұнған тамшыдан қазақ елiне деген ұлы махаббаты, қыз баланың әкесiне деген сағынышы сияқты тарихи отанына деген нәзiк те азаматқа тән адал сезiмдi аңғардым.

Шыңғыс ханның туған және хан көтерiлген Кентай жотасын, Онон мен Керулен өзенiн, Бурхан Халдун тауын көру ес бiлгеннен бергi аңсарым едi. Былтыр да қисыны келмеген. Биыл ерте бастан ойластырып-ақ қойғандай болғам. Қаржаубай осындағы сүйiктi қызы Бегiмнiң үйiне әлi бас сұқпаған, жиендерiн иiскеп, мұрнының жыбырын бассын деп “жүгенiн сыпырып” қоя бердiм. Оператор, Малаизиядан мамандық алған Еркебұлан жеңiл көлiкке сөйлесiптi, ол жүре алмайды екен. Ал “Джип” пен “Ниссандардың” жолшылары (монғолдар жүргiзушiнi солай атайды) кiлең қалтасы қалың шетелдiктердiң “жомарттығына” мойынсалданып, бағаны “ұшырып” жiберiптi. “Мың доллар”, — деп “мың-мыңдап” жотасын берiп тұрып алды. Нарық та, нарықтың “қарық қылатын” сатымсақтығы да былтырға қарағанда аңғал монғолды биыл алыпсатарға айналдырыпты. Аңсар — биiк, қалта — таяз. Ерiксiз томсырая сапардан бас тартып, Қаржауға шайтанқұлақпен сөйлесiп, былтырғы бойымыз үйренген, жұпыны да жайлы “Өргө” қонақүйiне бет алдық…

Кезекшiлерi былтырғы қыз-келiншектер екен: “Сiздердi ұмытқамыз жоқ. Сол бөлмеңiздi беремiз”, — деп № 10 бөлмеге орналастырды.

Сол қалпы. Ең аяғы жартылай жұлынған ток тетiгi де өзгермеген. Өз үйiме келгендей ыстық көрiнiп, еркiнсiп қалдым. Бойым байсал тартып сала бердi. Жалпы әшекей-үшекейi көп, сықиған қонақжайлар менiң еңсемдi басады. Онда өзiмдi ебедейсiз сезiнемiн. Ең бастысы шеттеу болса да бұл ара бiз сияқты жортайы пендеге қолайлы. Әсiресе, дәмханасы… Монғолдар етсiз тамақ iстемейдi, тiптi үстемелеп қосады. Дегенмен де сорпа-су, кеспе, құймақ, қаймақ, нан (нан мәзiрге қосыла бермейдi), шөпкөже, тұшпара сияқты асты осы дәмханадан табасың. Бағасы да жөндемi. Даяшы қыздар да: “Сiз былтыр келгенсiз. Өте қуаныштымыз”, — десiп жатыр. Ал менiң аңсарым — кеспе. Мәзiрдi атап, қою шай сұрағанымда, бәрi де күлiп жiбердi… Зады “Қазiр мына кiсi анадай мәзiр бередi”, — деп өзара жорамал жасап қойған сияқты.

Шаршағанда, оның iшiнде әбден қалжырап, жұмыс бiткен соң ғана иектейтiн бiр буын ұстамам бар едi. Сол қыстамалай қамап барып тарқады.

Түнде жалғыз жаттым. Еркебұлан сыныптастарымен түнгi көшенi кезiп кеттi. Әртүрлi ой мазалағанымен, байыздап қонақтаған жүйе болмады. Тек “Шолақ найман” ескерткiшi ғана елестей кескестедi. Теркен көлiнде Елбасы түсiме кiрiп, шеру алдында қарыма қолын iлiп, саптан өткiзiп едi. Бүгiн Нұрғиса Тiлендиев марқұмның үйiнде жүрмiн, жаңа ғана дүниеден өткен екен деймiн. Соңында он үштер мөлшерiндегi ұлы қалған екен. Сол ұл “Мен жас болсам да әкемнiң барлық сырын түсiнемiн. Ұмытпаймын”, — деп сөйлеп жылап тұр.

О, Алла! Пекинде алты ай тұрғанда қазақтың бақиға аттанған үлкендi-кiшiсi түгел түсiме кiрiп шығып едi. Оралхан мен Жарасқан әлдененi меңзегендей кейiпте жиi кiрген. Тура сол кезде жар дегендегi жалғыз апайым Айымханға айықпас дерт iлiнiп, бөрте бастапты. Ақыры алып тынды… Ал мына түстердiң жолы да, жорасы да басқа. Бүгiн Қаржаубай монғолдың көрiпкелiне көрсетем деген. Ол дуана бiр жаққа кетiптi. Тәмсiл үшiн де көрген дұрыс едi. Баласын ламалық жолға берiптi.

27.07.08. Налайх — Толы

Бүгiнгi күн — қазақы күн болды. Таңертең ерте келген Қаржаубай: “Тә! (Иә), жалғыз жатып, екi иығыңды жұлып жеп, менi дымдап жатырсың ба? Тә! (монғолша — жә деген сөз. Қаржау мұнда келгелi менiмен монғолша сөйлесiп, монғолдарға — қазақша сөйлейтiн әдет тапқан). Сенi Налайыққа алып барайын. Уақыт жоқ. Тез қамдан. Ондағы қазақтарды көр”, — дедi. Сыртта қызы Бегiм екi баласын — Елубегiм мен Хантегiндi коңкенiң (машинаның) артқы орындығына құндақтап отырғызып, өзi “жолшының” тiзгiнiн ұстапты.

Баяғы қазақи қалжың араластырып, сол баяғы “шолақ найман батырдың” жырына көштiк. Құлашор аздық етiп, оған Тоныкөк пен Елетмiш қағанды “қосақтап” алдық. Қаржаудың да құрыс-тырысы жазылып қалды.

Налайық — Ұланбатырдан 45 шақырым. Көмiр шығады. Өндiрiстi қала. Қазақтың ең шоғырланған жерi екен. Бұрын төртiншi сыныпқа дейiн қазақ бастауыш мектебi болыпты. Қазiр жабылған. Әйтеуiр мешiт сақталыпты. Қазақтар биiк төбенi жаба шоғырлана орналасыпты. Бiз құран бағыштай барған Абылай Төленұлы осы қаладағы автобазаның бастығы болыпты. Кейiн әкiмдiкке сайланыпты. Сол баяғы қазақы мiнезбен: “Абылайдың үйi қайсы?”, — деп Қаржаубай қазақша “жөн сұрауға” көштi. Жастары ұяла монғолша жауаптасты. Әйтеуiр сөзiңдi түсiнедi. Ересектерi мақалдап тақылдайды. Монғол ұлтының бiр мiнезi — әруақ сыйлайды. Абылай марқұм 4 жылға әкiмдiкке сайланыпты. “Әкесiнiң мерзiмi өткенше мiндетiн журналист қызы Назгүл атқарсын”, — деп сайлау өткiздiрмептi.

Жазда бұл елде там үйде отыру мiн саналады. Үй-iшi Толының жағасындағы ауылда — саяжайда екен. Сол үйдiң кiшiсi Алмасбек ертiп барды. Тоныкөк пен Шыңғыс ханның ескерткiшiнiң бағытында. Жазғы саяжай. Бiр топ бала жарыса асыр салып жүр. Қаржаубай жамағат (шөберелес) Манат жеңгесiне көңiл айтты. Отағасы Абылайды көргенiм жоқ. Бiрақ бұл үйдiң ұл-қыздарының мұрны орақтанып бiткен ақсары жүздерiнен-ақ нағашысына тартқандығы бiрден бiлiнедi. Үлкен қызы — Ақмоланың медицина институтын, екiншi қызы — Назгүл Ұланбатыр университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрiптi, кенже қызы да журналистиканың екiншi курсында оқиды екен. Бастапқыда көңiл бiлдiрген көңiлсiз сөздер айтылғандықтан ба, томсарыңқырап отырдық. Жоғарыдағы қыздар да, ес бiлген балалар да өзара монғолша сөйлесiп жатты. Ақмоладан оқыған, бала емiзiп отырған дәрiгер де сәбиiмен монғолша тiл қатты. Жамғат Манат әпкемiз де (менен бiр жас үлкен екен) қысылып, ақталыңқырады.

Жалпы бұл томсарыс тұсында ескерте кетерiм, монғолдар өзiне қарап сөйлеп, тоқтатпасаң, амандаспай өте бередi, қоштаспай бетiн бұрып жүре бередi екен. Олардың осы “қасиетi” қазақтарға да сiңiптi. “Шетелден ағалары бата оқи келгенде амандық неге сұраспады. Сәлем неге бермедi?”, — деп әр нәрсенi көңiлiме алып отырдым. Қазақстандағы “тiлi мүкiстердiң” түрi анау, Монғолиядағы шүлдiр мынау. Өз отанындағылардың кесiрлi тамыры түбi кесiледi. Ал мыналарда қандай келешек бар? Әнеукүнi Тоныкөктiң тұғыртасынан қайтып келе жатқанда бiр киiз үйге тоқтадық. Қаржау монғолша жөн сұрасып, жол сұрап далаға шыққанда әлгi монғол келiншек: “Кемi жоқ. Мен қазақымын. Сөз бiлемiн. Айта алмаймын. Атым — Бижамал. Күйеуiм де қазақ”, — деп бiздi қазақ ғұрпымен шығарып салғаны еске оралды.

Қаржаудың “меншiктi молдасы” құран қайырды. Иманымыз бойға үйiрiлдi ме, тiлiмiз ашыла бастады. Қаржау осы үйдiң ата шежiресiн сұрағаны сол едi, әлгi томсарған қыздар қазақша жамырай “керейлесiп”, жетi атасын жарыса “Жантекей… Ханкелдi, Сүйiнiш, Құмырсқа, Жанкiсi, Тапай, Төлек, Абылай…” — деп таласа жөнелдi. Тiлдерiнiң түйiншегi де жазылып, қазақша суылдап сала бердi. М.Әуезов айтқандай, қазақтың рулап әруақ шақыруында бiр кие бар. Атасын аузына салсаң болды, атойлап шыға келедi. “Бүгiнгi күн қазақы күн болды”, — деп бастағаным да сондықтан.

Жөн сұрасқаннан кейiн әңгiме емiн-еркiн әзiлге, жөн-жобаға көштi. Тiптi жамағат Манат әпке менiмен қандас болып шыққаннан кейiн бәрiнiң, әсiресе, журналист — әкiм Назгүл жиенiм өзiмсiп, нағашы-жиеннiң жортағына салды. Мен де аттың басын еркiн жiберiп, Қаржаубайды қоса қабат түйреп, екпiндей жауап қаттым. Қанша айтқанмен қара сөздiң маманы емеспiн бе, оның үстiне Абай мен Құнанбайдың бап-байламын бiлемiн және Несiпбекпен, Жүрсiнмен, Қаржаубаймен 30 жылдан астам қаржыласып жинаған тәжiрибем де бар, әлгi журналист жиенiм: “Сонда бiз өзi жеңiлiп қалдық па, Қаржаубай аға?”, — дегенде, Қаржаубай ағасы қасарысып “бiр байтал” (онысы бiр тай дегенi) деуден қайтпады. Мұның барлығы “Найманның кiндiк көлi” мен “Найманның Шолақ қол батырынан” шықты. Ақыры Таянханның бiтiкшiсi Татағұнғаны Тоныкөктiң тұқымы етiп шығарып бiр-ақ тындым. Сонда да Қаржаубай “бiр байталынан” жаңылмады.

Ендi ашығына көшсек, әңгiменiң мұнша емiн-еркiн өрбуiне, осы үйдегi қыздар мен жiгiттердiң қазақтық рухы себепкер болды. Шыңғыс ханның алып та ажарлы ескерткiшiнiң маңынан әлдебiр абыр-сабыр аңғарып ек. Осы арада қазаққа қатысты бiр дүбiрдi сезгемiз. Бiз оны Ұланбатырға келетiн Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарымен байланыстырғанбыз. Үкiмет көлiктерi де тiзiлiп өткен. Соның айыбын ақсарының өңдiсi Манат әпкемiз:

— Мына қыздың күнi-түнi мазасы жоқ. Әкесiнiң орнына аманат-әкiм қойған соң, жаны қалмай жанығып жүр. Желтоқсанда сайланбалы мерзiмi бiтiп, журналистiк кәсiбiне қайта оралуды арман етiп жүр. Тамыздың бiрi мен үшi арасында осы Монғолияның орталық аймағындағы туған жерi мен тiлдiк ортадан алыс қалған, ата дәстүрден қалыс өскен қазақ қауымдастығының бас қосуына тура сол Шыңғыс ханның ескерткiшiн таңдап алды. Бәйге, көкпар, қыз қуу, ән-күй салтанатын, ұлттық бұйымдардың көрмесiн өткiзбек. Қазақтың киiз үйiн тiкпек. Ойын-сауық үш күнге созылады. Сiздерден көрi, тiптi Баянөлгейден де, орталық Монғолиядағы өнеркәсiпте iстейтiн қазақтар үшiн бұл мәселе өте күрделi де қауiптi. Әсiресе, жас балалар үшiн қиын. Монғолияға сiңiп, олардың санын көбейте қоймаспыз. Өзiмiз үшiн, рухымыз үшiн намыстымыз. Былтырдан бастап сондай бас қосуды бастады. Бұрын Абылай марқұм ұйытқы болушы едi. Ендi соның тiзгiнiн iнiс яки мен мына Назгүл ұстап қалды. Әлгi мазасыздық та содан туып отыр. Әйтеуiр, бүгiн демалыс болғандықтан да бiр күн тыныс алып отыр. Мен осылардың балаларының күзетшiсiмiн, — дегенде, бiртүрлi мақтанышпен Назгүл жиенiме: “Е, бұл жағың нағашыңа тартқан екен”, — дедiм шын көңiлмен.

Шынымен де, әкенiң де, ананың да, елiнiң де қамын ойлаған мұндай қыздар ұлттың көркi емес пе! Мұндай жиенге риза болмаған нағашы — нағашылықтан садаға кетпей ме?!

Емiн-жарқын әзiлдесе қоштасып тұрғанда Қаржаубайдың шөберелес iнiсi, Налайықтың жылу жүйесiнiң бастығы Энкiтөр мырза да келiп, бiрден мақалдап сөйлеп, жөн бiлiскен соң, ол мәймөңкенi қойып “керей жапырақ, әлем тапыраққа” көштi. Аз әзiлдiң соңын Алшынбай, Құнанбай, Отыншы бидiң Қарабұлақ төселi кезiндегi бопсалаумен аяқтадым.

Күлiп олар қалды, риза болып бiз кеттiк.

Қаржаубай қазақ қауымдастығының үш күндiк салтанатын таспаға түсiрiп алмақ болды.

Шашырап кеткен тарыны жиып, егiн егiп, өнiм алуға ұмтылған мұндай шаңырақтан айналмайсың ба? Ел осылай, осындай ұл-қыздың пейiлiнен құралады.

Сол үмiттiң бәрiне сәуле құйып, жылу берiп тұрған — бiздiң отанымыз, тәуелсiз қазақ елi!

Сол салтанатты, екi жүз үйден ел құрған азаматтардың елдiк тойын: “Елбасы көрсе екен!”, — деген ақ тiлекпен осы жолдарды аяқтаймын.

(Жалғасы бар)

Серіктес жаңалықтары