ҚАЗАҚ ҒАЛЫМДАРЫ ЛОНДОНДА

ҚАЗАҚ ҒАЛЫМДАРЫ ЛОНДОНДА

ҚАЗАҚ ҒАЛЫМДАРЫ ЛОНДОНДА
ашық дереккөзі
226

2008 жылдың 21-сәуiрiнде елiмiздiң Президентi Ұлттық университеттер мен академиялардың ректорларымен кездесуiнде маңызды тетiк шетелдiк Жоғарғы оқу орындарымен (ЖОО) және оқытушы-профессорлар құрамымен өзара алмасу, батыстық бiлiм беру жүйесi жетiстiгiнiң тиiмдi импорты болуы қажет деп атап өттi.

Осындай стратегиялық мiндеттi шешу барысында қазiргi таңдағы халықаралық талаптарға сәйкес елiмiзде жоғары бiлiм беру жүйесiн дамытудың көшбастаушысы ғана емес, сондай-ақ қоғамның, бiлiмнiң, мәдениеттiң, әлеуметтiк саланың, экономикалық инновациялардың дамуына елеулi үлес қосатын республикадағы жетекшi әрi iрi ЖОО — әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi оқытушы-профессорлардың бiлiктiлiгiн жетiлдiруге университеттiң оқу-әдiстемелiк бiрлестiк жөнiндегi проректоры Гүлнас Кенжетайқызы Ахметованың ұйымдастырумен ҚазҰУ-тiнiң “Жоғары оқу орнының үздiк оқытушысы” атағын жеңiп алған профессор-оқытушыларды Лондонға аттандырған едi. Бұл сапардың негiзгi мақсаты әлемде бiлiм сапасынан алдыңғы қатардағы Лондон университетiнен (UCL) оқу-әдiстемелiк үрдiстерiне жаңа инновациялық технологияны үйрену және ғылым саласын өркендету, келешек PhD докторанттарын даярлауда ғылыми жетекшiлердi қарастыру болды. Бiздiң бұл Лондонға келген әрбiр минутымыз маңызды өттi десек, қате болмайды. UCL-дегi оқу үрдiстерiне қолданылатын аппаратуралар, аудиториялардың лекцияға дайындығы мен тартымдылығы, микроклиматтың өзi адамға оқуға деген көңiл күй берсе, оқытушылардың студенттерге деген кiшiпейiлдiлiгi адамзат арасындағы қарым-қатынастың жоғары көрсеткiшi болып отыр. Бұл университеттегi студенттердiң оқуға деген сүйiспеншiлiгiн университет ауласында Notbook-терiн жайып қойып, жасыл жайсаңда оқып жатқан студенттерден-ақ байқауға болады. Олардың жайдарлы жүзiнен ешбiр ренiш, жат жұрттан келдi деп жатырқаған мiнез құлық байқамайсың. Бiрде оқыту аудиторияларының бiрiнен 19 ғасырдағы қазақтың түскиiзiн көрiп, ағылшындардың басқа елдiң де мәдениетiн өте жоғары бағалайтынын және оған үлкен мәнмен қарайтынын байқадым. Мұның бiр дәлелi Жаһандану дәуiрi кезiндегi оқу үрдiсi туралы профессордың лекциясында әрбiр ұлттың әдет-ғұрпы мен мәдениетiне мән бере отырып, сол негiзде оқу-әдiстемелiк бағдарламаларды жасау қажет екенiн бiзге өзiнiң лекция материалдарында тоқетерiн айтып бердi. Бiз өз халқымыздың ешбiр елде кездеспейтiн әдет-ғұрып, мәдениетiмiздi мақтан етiп әлем халқына таныту арқылы өзi орнымызды солардың iшiнен таба алатындығымызға масайдық.

Лондон нағыз дүниежүзi халықтарының бiлiммен сусындайтын әлемнiң үлгiлi отаны екенiне ешкiм күмән келтiрмейдi. Президентiмiздiң шетелдiк ЖОО-лармен ынтымақтастық және оқытушы-профессорлар құрамымен өзара алмасу, батыстық бiлiм беру жүйесi жетiстiгiнiң тиiмдi болуы қажет деген қағидасын нағыз iске асыратын университеттiң бiрi — Лондон университетi (UCL) екенi сөзсiз. Бұл жайында университетiмiздiң ректоры Бақытжан Тұрсынұлы үлкен жұмыстар жасап жатқаны баршаға мәлiм.

Лондон университетiндегi (UCL) бiздi қабылдаған Тiл орталығының мамандарының ұйымдастыру iскерлiгi бiздiң профессорлардың келешек ғылыми жұмыстарына үлкен үлес қосқанын айта кеткен жөн.

Бiздiң ұсынысымыз бойынша биология факультетiнен барған профессор Сапаров Қ.А. екеумiзге арнайы UCL -дiң биология және медицина факультетiнiң деканы, доктор Хилари Ричардпен кездесу ұйымдастырғаны өте бiр тамаша оқиға болды. Хилари ханым бiздi өте бiр жылы қарсы алып, өзi факульетiндегi негiзгi лабораториялар мен аудиториялармен таныстыра келе, келешекте бiрге ғылыми жұмыстар жасауға дайын екенiн жасырмады. Бұл факультетте өзiмiздiң қазақтың қара көз балалары да биотехнология, микробиология мамандарында оқып дәрiс алып жатқандары бiздi бiр қуантарлық жай болды. Мұндағы бiздi қызықтырған — жай факультетте медициналық мамандарды басым дайындайтыны, iсiк аурулары дәрiлерiн даярлайтын үлкен госпиталь құрылысының iске асуға таяп қалғанын көрсеттi.

Бiз де ректорымыз Б.Т. Жұмағұлов мырзаның Қазақ Ұлттық университетiнiң жанынан медицина факультетiн ашпақ ниетi барын айтып үлгердiк. Хилари ханым мұндай факультет ашуға материалдық және мамандық жағынан UCL-дiң тәжiрибесi мен базасының жоғары екенiн жеткiздi. Қуандық Әбенұлы маған қарап: “Iздегенiң алдыңнан тiлемей-ақ табылар” деген осы екен ғой” деп жымыңдады. Яғни, бiздiң Лондоннан алған бiлiк-тәжiрибемiз де, материалдық-техникалық база тұрғысынан көрiп-бiлгенiмiз де ұшан-теңiз.

Өткен аптада оқу-әдiстемелiк бiрлестiк жөнiндегi проректоры Гүлнас Кенжетайқызы Лондонға бiлiм алған профессор-оқытушылармен кездесу жасап: “Оқу сапарларыңыз туралы университетте есеп бересiздер” деп профессор Қ.Ә.Сапаров екеумiздi ректорға кездесесiздер” деп бiр үмiттендiрiп қойды.

Жалпы, Мен жолым болғыш азаматпын. Хилари ханымға “Сiздерде микробалдырлармен жұмыс жасайтын ғалымдар бар ма екен, мен интернеттен көрiп едiм бiрақ есiмдерi еске түспей тұр” дегенiм сол болсын, алдындағы телефон трубкасын алды да, бiреумен сөйлесе бастады да, маған қарап: “Сiз Saul-ды танисыз ба?” дегенде қалай аузыма түскенiн: “Chlamydomonas reinhardtii-мен жұмыс iстей ме?” деп ем, “Дәл өзi, бiрақ қазiр лабораторияда жоқ. Сiз өзi резюмеңiздi қалдырыңыз жақын арада доктор Saul Purtonмен кездесу ұйыдастырамын” дедi. Ертеңiнде факультет деканының көмекшiсi телефон соғып: “Сiздi доктор Saul Purton сәрсенбi күнi сағат 14-те университет кафесiнде қабылдайтын болды” деп хабар бердi. Ол университеттiң алдынан менi күтiп алып: “Жүр кофе iшейiк” дедi, мен де қарсы болмадым. “Сiздiң резюмеңiзбен таныстым Пекин және Ресей журналдарына жазған Микробалдыр Chlamydomonas reinhardtii гербицидке төзiмдi мутанттар алып, олардың генетикалық негiзiн зерттегендiгiңiз жайлы мақалаларыңызбен таныспын, қазiр немен шұғылданып жүрсiз?” деп сұрақ қойды. “Микробалдырлардан экологиялық таза жанар май алайын деп өзi коллекциямдағы микробалдырлар штамдарына мутагенез көмегiмен селекция жүргiзiп жатырмын, бiрақ балдыр клетка құрамындағы майдың мөлшерi 20 пайыздан аспайды жұмыс әлi де 2-3 жылға жалғасады” дей келе, Ұлттық биотехнологиялық орталықтан грант алғанымды да жеткiздiм. “Бiлесiз ғой қазiр 21-ғасырда экологиялық таза және экономикалық арзан жанар май алу әлем биологтарының арманы ғой. Ол маған қарап бiр жымиып: “Қалай қызық бiз де сол микробалдырлардан жанар май алуға бағытталған жұмыстарды бастап кеттiк, жүрiңiз лабораторияға барайық сонда әңгiмемiздi жалғастырамыз” дегенде қуанып та кеттiм. Сонымен доктор Saul-дың басқаруымен құрылған фототрофты микроорганизмдердiң молекулалық зерттеу лабораториясымен танысып кейiнен доктор Saul-дың кабинетiнде жалғасқан ғылыми талқылау әңгiмелерiмiз кешкi 18 сағатқа дейiн жалғасқанын өзiмiз де байқамадық. Ақыры бiр-бiрiмiзбен көптен танитын достардай құшақ алысып қоштасып айырылстық. Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнiн айтсам. Менiң мутагенездiк селекция арқылы алған микробалдыр мутанттарымның биохимиялық және молекулалық биологиялық зерттеулердi доктор Saul-дiң лабораториясында жасауға келiсiмге келдiм. ҚазҰУ мен Лондон университетiндегi (UCL) арасынан PhD докторанттарын дайындауда ғылыми жетекшiлiк жасауға келiсiм бердiк. Қазақстанның экстрамальды орталарынан микробалдырлардың термофильдi, галофильдi штамдарын бөлiп алуға бiрiккен жобалар жазуға уәделестiк. Өзi басым Лондон университетiндегi (UCL) алған бiлiмiм мен танысқан оқу құрал-жабдықтары, биотехнологиялық, микробиологиялық лабораториялар, ғалымдардың әңгiмесiмен өмiрiме жаңа бiр есiктiң ашылғанындай сезiндiм.

Бiрге барған ҚазҰУ профессор-оқытушыларының бәрi көктен iздегендерiн жерден тапқандай жан-жақты ақпараттарға мәз-мейрам, қоржындары кiтаптарға толы оралды. Соның iшiнде 70 жасқа келсе де жастардан қалыспай, Еуропа бiлiмiмен сусындауға келген профессор Нұрахметов Немеребай ағам да “Ей, балалар! “Көп естiгенше, бiр рет те болса көзбен көр!” деген ата бабаларымның сөзiнен айналайын” деп ағынан жарылып ақыл айтудан тынбады. “Болатхан балам, Москва, Санкт-Петерборда қанша жыл ғылыммен сусындадық ғой десе де, Оксфорт, Кембридж және Лондон (UCL) университеттерiндегi Батыс оқу жүйелерiмен танысқанымыз бiр үлкен есте қаларлықтай оқиға болды-ау” деп бiр жымиып, бiзге қарағаны көңiлдi күйге толтырады. Аз уақыт жүрсек те әркiмнiң өзi келген мақсат жоспарларын орындап қайтқанына күмән келтiрмейдi.

Осы ретте бiзге осындай мүмкiндiк жасап берген, Қазақ Ұлттық университетiнiң ректоры Бақытжан Тұрсынұлына алғысымды да айтып өткiм келедi. Ол кiсiнiң шетелдiк ЖОО-лармен ынтымақтастық және оқытушы-профессорлар құрамымен өзара алмасудағы көрегендiк саясатыңыздың аясында бiздi Лондон универистетiне бiлiктiлiк арттыруға рұқсат етiп жiбергенiңiз үшiн өз атымнан және Лондонда болған профессор-оқытушылардың атынан көптен көп рахмет айтпақпын.

Болатхан Заядан

Серіктес жаңалықтары